Қашықтықтан білім беру технологиялар бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 137 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 22 сәуірде № 10768 тіркелді.

Жаңартылған

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 5 бабының 25) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім, халықаралық ынтымақтастық департаменті (Ж.Қ. Шаймарданов):

      1) осы бұйрықтың белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;

      2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықты ресми жариялауды қамтамасыз етсін;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау білім және ғылым вице-министрі Т.О. Балықбаевқа жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр А. Сәрінжіпов

  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2015 жылғы 20 наурыздағы
№ 137 бұйрығымен бекітілген

Қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 28.08.2020 № 374 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 25) тармақшасына сәйкес әзірленген және меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан білім беру ұйымдарында қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқу процесін ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

      2. Қашықтықтан білім беру технологиясын (бұдан әрі – ҚБТ) пайдалану арқылы оқу процесін ұйымдастыру Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 604 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17669 болып тіркелген) тиісті білім беру деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары (бұдан әрі - МЖМБС) және білім беру бағдарламалары негізінде жүзеге асырылады.

      3. ҚБТ-ны іске асыру теледидарлық, желілік және кейс-технология бойынша жүзеге асырылады.

      4. ҚБТ-ны пайдалана отырып, оқу процесін жоспарлау мен ұйымдастыру да оқу түрлері бойынша уақыт нормаларын білім беру ұйымдары өз бетінше белгілейді.

      5. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) білім беру порталы – ҚБТ бойынша білім беру процесін ұйымдастыруға мүмкіндік беретін әкімшілік-академиялық және оқу-әдістемелік ақпараты бар ақпараттық ресурстар мен Интернет сервистерінің желілік-ұйымдастыру өзара байланысқан жиынтығы;

      2) DBA бағдарламасы – DBA бағдарламасы басқарушы кадрларды, практикалық тәжірибесі бар, сондай-ақ менеджменттің заманауи тұжырымдамалары мен модельдерін меңгеру және дамыту үшін қолданбалы зерттеулер жүргізуге мүдделі жоғары буын менеджерлерін бейіні бойынша доктор дәрежесін бере отырып даярлауға арналған бағдарлама;

      3) executive MBA бағдарламасы (бұдан әрі – ЕМВА (экзекютив ЭмБиЭй)) – бұл мақсатты аудиторияның ерекшеліктерін ескере отырып, топ-менеджерлерді даярлауға бағдарланған МВА бағдарламасы;

      4) жаппай ашық онлайн-курс (бұдан әрі – ЖАОК) – электронды оқыту технологиялары қолданылатын, жаппай интерактивті қатысуға және Интернет арқылы ашық қол жеткізуге болатын оқыту курсы;

      5) МВА бағдарламасы – бизнес саласындағы заманауи білімдер мен дағдыларды меңгерген, процестер мен кадрлық активтерді басқаруға, компанияның стратегиясын жасауға, стратегиялық және оперативті міндеттерді анықтай білуге және ғылыми аспаптарды қолдана отырып, оларға қол жеткізе білуге қабілетті басқарушы кадрлар даярлау бағдарламасы;

      6) мультимедиа – пайдаланушыға әртекті деректермен (графика, мәтін, дауыс, бейне) жұмыс істеуге мүмкіндік беретін аппараттық және бағдарламалық құралдар кешені;

      7) оқу нәтижелері – білім алушының білім беру бағдарламаларын және қалыптасқан құндылықтар мен қатынастарды меңгергендігін көрсететін алған білімі, білігі, дағдылары көлемін дәлелді бағалау;

      8) онлайн прокторинг – тұлғаны верификациялау және ойлайн-емтихандардан өту нәтижелерін растайтын жүйе;

      9) сандық білім беру ресурстары (бұдан әрі - СБР) - бұл интербелсенді түрде оқытуды қамтамасыз ететін, оқу пәні және (немесе) модульдер бойынша дидактикалық материалдар: фотосуреттер, бейнефрагменттер, статистикалық және динамикалық үлгілер, виртуалды шынайылық пен интерактивті модельдеу нысандары, дыбыстық жазбалар мен өзге де цифрлық оқу материалдары;

      10) тьютор – студентке нақты пәнді және (немесе) модульді игеруге көмектесетін академиялық консультант рөлін атқарушы оқытушы;

      11) формальды емес білім беру – оқу мерзімі мен нысанын ескерместен, оқу нәтижелерін растайтын құжат беретін білім беру қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың білім беру түрі;

      12) цифрлық контент – цифрлық оқу материалдарын ақпараттық (мәтіндер, графикалар, мультимедиалар және өзге де маңызды толықтырулар) толықтыру;

      13) желілік технология - оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз етуді, білім алушылардың оқытушылармен және бір-бірімен интерактивтік өзара іс-қимыл нысандарын, сондай-ақ Интернет желісін пайдалану негізінде оқу процесін әкімшілендіруді қамтитын технология;

      14) кейс-технология - қағаз, электронды және өзге де тасымалдағыштарда оқу-әдістемелік материалдар жиынтығына (кейстерге) және оларды өз бетінше зерделеу үшін білім алушыларға жеткізуге негізделген технология;

      15) аралас оқыту – бұл білім беру ұйымының білім беру порталында орналастырылған арнайы электрондық оқу материалдарын пайдаланатын дәстүрлі күндізгі оқытуды онлайн оқытумен ұштастыру негізінде білім беру процесін ұйымдастыру.

      6. ҚБТ мыналарға:

      1) білім берудің барлық деңгейлерінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар, оның ішінде мүгедек балалар, бала кезінен мүгедектер, I және II топтағы мүгедектер болып табылатын тұлғаларға;

      2) денсаулық мүмкіндіктері уақытша шектелген және білім беру ұйымдарына тұрақты баруға мүмкіндігі жоқ тұлғаларға;

      3) мекемеде тиісті техникалық жағдайлар болған кезде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын және бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаларға сотталғандарға;

      4) техникалық және кәсіптік білім алумен жұмысты қоса атқаратын кәмелет жасындағы тұлғаларға (білімі жұмыс бейініне сәйкес келген жағдайда);

      5) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру базасындағы қысқартылған білім беру бағдарламалары және MBA (ЕМВА) және DBA бағдарламалары бойынша білім алушыларға;

      6) аралас оқытуды қосатын жоғары немесе жоғары білім беруден кейінгі білім бағдарламалары бойынша білім алушыларға;

      7) жоғары және (немесе) жоғары білім беруден кейінгі білім бағдарламалары бойынша білім алушылардың алмасу бағдарламалары бойынша мемлекеттен тыс жерлерге шыққан, "Болашақ" стипендиаттарынан бөлек білім алушыларға;

      8) жоғары білім берудің білім беру бағдарламалары бойынша ұзақ мерзімді шетелдік іссапардағы (2 айдан астам уақыт) білім алушыларға;

      9) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім бағдарламалары бойынша академиялық ұтқырлық бағдарламалары шеңберінде білім алушыларға;

      10) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқитын және мемлекеттен тыс жерлерде жүрген шетелдіктерге, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын, ұлты қазақ тұлғаларға;

      11) тиісті мемлекеттік органдардың шектеу шаралары, оның ішінде карантин, әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар жағдайларында білім беру саласындағы уәкілетті органның ұсынымы негізінде қосымша білім берудің, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беру бағдарламалары бойынша білім алушыларға қатысты қолданылады.

      7. ҚБТ осы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген барлық білім алу нысандары кезінде, оның ішінде формальды емес, қосымша білім беру, қайта даярлау және біліктілігін арттыру, оның ішінде шет тілдеріне қатысты пайдаланылады.

      2-тарау. ҚБТ бойынша оқу процесін ұйымдастыру тәртібі

      8. Осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген ҚБТ-ны пайдалана отырып оқуға ниет білдірген тұлғалар (6-тармақтың 11) тармақшасында көрсетілген тұлғаларды қоспағанда) ҚБТ-ны пайдалана отырып оқуға рұқсат беру туралы білім беру ұйымы басшысының атына еркін нысанда өтініш береді, оның негізінде білім беру ұйымы басшысының бұйрығы шығарылады. Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымы басшысының бұйрығы педагогикалық кеңестің шешімі негізінде шығарылады.

      9. Білім беру ұйымы білім алушыны (6-тармақтың 11) тармақшасында көрсетілген тұлғаларды қоспағанда) жеке оқу жоспарымен, білім беру бағдарламасын меңгеру кестесімен қамтамасыз етеді.

      Білім беру бағдарламасын меңгерудің жеке кестесі білім беру ұйымының оқу жоспары негізінде әзірленеді.

      ҚБТ-ны пайдалана отырып, білім беру бағдарламаларын немесе олардың бөліктерін іске асыру кезінде білім беру ұйымы дербес:

      1) білім алушылардың орналасқан жеріне қарамастан білім беру бағдарламаларын немесе олардың бөліктерін толық көлемде игеруін қамтамасыз ететін ақпараттық-білім беру ортасының білім беру интернет-порталының жұмыс істеуі үшін жағдай жасайды;

      2) оқу процесін оқу-әдістемелік сүйемелдеуді, оның ішінде ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды пайдалана отырып қашықтықтан көрсетілетін жеке консультациялар нысанында көрсету тәртібін айқындайды;

      3) педагогтің білім алушымен тікелей өзара іс-қимылы арқылы өткізілетін сабақтар көлемінің және ҚБТ-ны қолдана отырып өткізілетін сабақтар көлемінің арақатынасын айқындайды;

      4) білім алушылардың барлық оқу, анықтамалық және әдістемелік материалдар, тестілеу жүйесі орналасқан ақпараттық жүйеге, электрондық ресурстар мен дереккөздерге қол жеткізуін қамтамасыз етеді;

      5) білім беру процесіне қатысушылардың іс-әрекетіне байланысты емес жағдайлар туындаған кезде, басқарушылық немесе өзге де шешімдер қабылдайды.

      Шектеу шаралары, оның ішінде карантин, әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар жағдайларында оқыту кезінде білім беру саласындағы уәкілетті органның ұсынымы бойынша оқыту кезінде:

      1) аудиторияда педагогтың білім алушылармен тікелей өзара іс-қимылы арқылы өткізілетін оқу сабақтарының болмауы;

      2) мамандықтардың ерекшелігіне байланысты практика жетекшілерімен жанама (қашықтықта) өзара әрекет жасау арқылы өндірістік оқытуды және (немесе) кәсіптік практиканы толық немесе ішінара қашықтықтан ұйымдастыру қарастырылады.

      Бұл ретте білім алушыларға кәсіби құзыреттерді игеруге мүмкіндік беретін виртуалды зертханаларды, симуляторларды, тренажерлерді пайдалану қарастырылады.

      Білім беру ұйымы оқу жоспарында белгіленген сағаттардың жалпы көлемін сақтай отырып, өндірістік оқыту, оқу және өндірістік практикадан өту мерзімін анықтау бөлігінде оқу процесінің кестесіне өзгерістер енгізеді.

      Консультациялар жеке және топтық сабақтар түрінде жүзеге асырылады.

      ҚБТ ерекше білім беру қажеттіліктері бар тұлғаларды оқыту кезінде оларға қол жетімді нысандарда ақпаратты қабылдау-беру жүзеге асырылады.

      10. ҚБТ бойынша оқу процесін ұйымдастыру үшін білім беру ұйымдарында:

      1) білім алушылар үшін оқу-әдістемелік және ұйымдастыру-әкімшілік ақпаратты қамтитын беттері бар білім беру порталы және/немесе ақпараттық жүйе;

      2) Интернет желісіне қосылуды қамтамасыз ететін коммуникациялық байланыс арналары;

      3) сандық білім беру ресурстары;

      4) бұлтты есептеулер арқылы оқытуды немесе сервисті басқарудың желілік жүйелері;

      5) білім алушылар мен тыңдаушылардың жеке басын сәйкестендіруге арналған аутентификация жүйелері;

      6) ЖЖОКБҰ-да ҚБТ бойынша оқу процесін ұйымдастыруға жауапты құрылымдық бөлімшенің болуы қамтамасыз етіледі.

      11. ҚБТ бойынша оқу процесін жүзеге асыру үшін білім беру ұйымдары:

      1) педагогтарды, тьюторлар мен қызметтерді қашықтықтан білім беру технологияларын іске асыру, ЦОР мен цифрлық контенттерді әзірлеу және жаңарту үшін жағдай жасайды;

      2) ҚБТ (форум, чат, бейне және аудио - конференциялар) бойынша оқу процесіне қатысушылар арасындағы өзара іс - қимылды қамтамасыз етеді);

      3) білім алушылар мен тыңдаушылардың білім беру ұйымдарының және серіктестердің электрондық ресурстарына, кітапханаларына қол жеткізуін қамтамасыз етеді;

      4) білім алушыларды оқытудың цифрлық ізінің мониторингін (онлайн және офлайн сабақтарға қатысу, тапсырмалардың орындалуы, кері байланыс) жүзеге асырады.

      12. СБР дайындау білім беру бағдарламаларына сәйкес оларды әзірлеушілер арқылы жүзеге асырылады. СБР-дің құрылымы мен мазмұнын білім беру ұйымдары дербес айқындайды.

      13. ҚБТ қашықтықтан оқыту сабақтарын онлайн режимінде, офлайн және білім алушылардың өзіндік жұмыстарын өткізумен іске асырылады.

      14. Онлайн режиміндегі оқу сабақтары цифрлық технологияларды (вебинарлар, бейнеконференция, интернет желісі бойынша хабарламалар алмасу арқылы) қолдана отырып, нақты уақыт режиміндегі оқудың өзара іс-әрекеті процесін қарастырады.

      Бұл ретте бұрын жазылған бейне лекцияларды пайдалану қарастырылады.

      15. Офлайн режиміндегі оқу сабақтары оқытушы мен білім алушының қарым-қатынасы асинхронды өтетін (білім алушыға оқу материалын өзіне ыңғайлы кез келген уақытта игеру мүмкіндігін және педагогтармен байланыс құралдарын пайдалана отырып қарым-қатынас жасауды қамтамасыз етеді) оқудың өзара іс-әрекеті процесін көздейді.

      16. Білім алушылардың үлгерімін ағымдық бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы № 125 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5191 болып тіркелген) Орта,техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, оларды аралық және қорытынды аттестаттауды өткізудің үлгілік қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау МЖМБС, оқу жұмыс жоспары мен бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      Білім алушылардың үлгерімін ағымдық бақылау және аралық аттестаттау ҚР Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы № 595 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17657 болып тіркелген) бекітілген Тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларына сәйкес ЖОО-ның өз бетінше әзірлеген қағидаларына сай жүзеге асырылады.

      17. ҚБТ-ны пайдалана отырып, білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау жүргізу үшін:

      1) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары тәсілін ұйым дербес таңдайтын білім алушының жеке басын сәйкестендіруді және оларды өткізу шарттарының сақталуын бақылауды;

      2) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары (бұдан әрі - ЖЖОКБҰ) білім алушыны верификациялауға, білім алушының тәртібін экранмен бақылауға, сондай-ақ бүкіл емтиханды бейнетаспаға жазуға мүмкіндік беретін технологияларды, оның ішінде онлайн прокторинг технологияларын пайдалануды қамтамасыз етеді.

      18. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2010 жылғы 8 ақпандағы № 40 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6111 болып тіркелген) бекітілген сырттай және кешкі оқыту, сондай-ақ мәдениет және өнер, дене шынықтыру және спорт мамандықтары бойынша экстернат нысандарында білім алуға жол берілмейтін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру мамандықтары мен біліктіліктерінің тізбесіне сәйкес кадрлар даярлау кезінде білім беру ұйымы ҚБТ-ны жалпы білім беретін, жалпы гуманитарлық, жалпы кәсіптік пәндерді оқыту кезінде қолданады.

      Бұл ретте ҚБТ-ны пайдалана отырып өткізілетін сабақтардың көлемін білім беру ұйымы дербес айқындайды.

      19. ЖЖОКБҰ-да академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алатын білім алушылардан және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқитын және мемлекеттен тыс жерлерде жүрген шетелдіктерден, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын, ұлты қазақ адамдардан басқа жалпы орта білім бағдарламасының базасында ҚБТ-ны қолдану арқылы оқытуға рұқсат берілмейді.

      20. Техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының бітірушілерне егер жоғары білім беру бағдарламасының бейініне сәйкес келген жағдайда ҚБТ-ны қолдану арқылы оқытуды ЖЖОКБҰ өз бетінше айқындайды.

      21. МВА бағдарламалары бойынша кадрларды даярлау үшін пәндерді оқу кезінде ҚБТ-ны пайдалануға оқудың барлық кезеңінде жалпы көлемі 30 академиялық кредиттен аспайтын және EMBA және DBA бағдарламалары бойынша оқудың барлық кезеңінде 15 академиялық кредиттен аспайтын жалпы көлем қарастырылады.

      22. ЖЖОКБҰ-да ЖЖОКБҰ бекіткен жеке немесе басқа онлайн-платформаларда ЖОКБ іске асырылады.

      23. ЖЖОКБҰ MOON онлайн-платформасына орналастырылғанға дейін курстардың оқу-әдістемелік сараптамасын ұйымдастырады және сынақтан өткізеді.

      24. Білім беру ұйымдары ЖАОК онлайн-платформаға әзірленген курсты орналастыруды қамтамасыз етеді және оқу процесіне жауап береді, сондай-ақ тыңдаушыға ЖЖОКБҰ атауын, тұлғаның аты-жөнін, курстың атауы мен кредиттер көлемін еркін түрде көрсетіп, сертификат береді.

      25. Хореография, аспаптық орындау, авиациялық техника мен технологиялар, құрылыс, теңіз техникасы мен технологиялары, денсаулық сақтау, әскери іс, ветеринария саласындағы кадрларды даярлау үшін ҚБТ-ны қолдана отырып пәндерді оқу кезінде жоғары білім базасында оқытудың барлық кезеңінде жалпы көлемі 30-дан аспайтын академиялық кредит көзделеді.

      26. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша білім алушыларға академиялық ұтқырлық бағдарламалары үшін пәндерді оқу кезінде жалпы көлемде оқудың барлық кезеңінде 60 академиялық кредиттен аспайтын ҚБТ қолданылады.

      27. Қос дипломды білім бағдарламасын және білім алушылардың алмасу бағдарламаларын іске асыру кезінде жоғары білім беру бағдарламасы бойынша білім алушылар үшін пәндерді оқу кезінде жалпы көлемде 120 академиялық кредиттен аспайтын және магистратура білім бағдарламасы бойынша 60 академиялық кредиттен аспайтын ҚБТ қолданылады.

      28. Халықтың ауруларының алдын алу мен емдеуді, санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды қамтитын әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар болған жағдайда білім алушыларға академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша және қос дипломды және (немесе) бірлескен білім бағдарламаларын іске асыру кезінде академиялық кредиттердің үлкен көлемін ҚБТ-ны қолдана отырып оқуға жол беріледі.

      29. Білім беру саласындағы халықаралық шарттар (келісімдер) шеңберінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша ҚБТ-ны қолдана отырып, оқытуға рұқсат беру және ұйымдастыру тәртібін ЖЖОКБҰ өз бетінше айқындайды.