Қашықтықтан білім беру технологиялар бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 137 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 22 сәуірде № 10768 тіркелді.

Жаңартылған

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 5 бабының 25) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім, халықаралық ынтымақтастық департаменті (Ж.Қ. Шаймарданов):

      1) осы бұйрықтың белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;

      2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықты ресми жариялауды қамтамасыз етсін;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау білім және ғылым вице-министрі Т.О. Балықбаевқа жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр А. Сәрінжіпов

  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2015 жылғы 20 наурыздағы
№ 137 бұйрығымен бекітілген

Қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 05.06.2019 № 259 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 25) тармақшасына сәйкес әзірленген және қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқу процесін ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

      2. Қашықтықтан білім беру технологияларын (бұдан әрі – ҚБТ)пайдалану арқылы оқу процесін ұйымдастыру білім алушыларға білім беру бағдарламаларын академиялық күнтізбелікке сәйкес меңгеру үшін жүзеге асырылады.

      3. ҚБТ-ны іске асыру теледидарлық, желілік және кейс-технология бойынша жүзеге асырылады.

      4. ҚБТ-ны пайдалана отырып, оқу процесін жоспарлау мен ұйымдастыру да оқу түрлері бойынша уақыт нормаларын білім беру ұйымдары өз бетінше белгілейді.

      Бұл ретте білім беру ұйымдары (әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар болған жағдайда, халықтың ауруларының алдын алу мен емдеуді, санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды қамтитын) білім беру саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша білім алушылар үшін ҚБТ-ны пайдалана отырып оқытуды қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 13.04.2020 № 141 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) білім беру порталы – ҚБТ бойынша білім беру процесін ұйымдастыруға мүмкіндік беретін әкімшілік-академиялық және оқу-әдістемелік ақпараты бар ақпараттық ресурстар мен Интернет сервистерінің желілік-ұйымдастыру өзара байланысқан жиынтығы;

      2) DBA бағдарламасы – DBA бағдарламасы басқарушы кадрларды, практикалық тәжірибесі бар, сондай-ақ менеджменттің заманауи тұжырымдамалары мен модельдерін меңгеру және дамыту үшін қолданбалы зерттеулер жүргізуге мүдделі жоғары буын менеджерлерін бейіні бойынша доктор дәрежесін бере отырып даярлауға арналған бағдарлама;

      3) executive MBA бағдарламасы (бұдан әрі – ЕМВА (экзекютив ЭмБиЭй)) – бұл мақсатты аудиторияның ерекшеліктерін ескере отырып, топ-менеджерлерді даярлауға бағдарланған МВА бағдарламасы;

      4) жаппай ашық онлайн-курс (бұдан әрі – ЖАОК) – электронды оқыту технологиялары қолданылатын, жаппай интерактивті қатысуға және Интернет арқылы ашық қол жеткізуге болатын оқыту курсы;

      5) МВА бағдарламасы – бизнес саласындағы заманауи білімдер мен дағдыларды меңгерген, процестер мен кадрлық активтерді басқаруға, компанияның стратегиясын жасауға, стратегиялық және оперативті міндеттерді анықтай білуге және ғылыми аспаптарды қолдана отырып, оларға қол жеткізе білуге қабілетті басқарушы кадрлар даярлау бағдарламасы;

      6) мультимедиа – пайдаланушыға әртекті деректермен (графика, мәтін, дауыс, бейне) жұмыс істеуге мүмкіндік беретін аппараттық және бағдарламалық құралдар кешені;

      7) оқу нәтижелері – білім алушының білім беру бағдарламаларын және қалыптасқан құндылықтар мен қатынастарды меңгергендігін көрсететін алған білімі, білігі, дағдылары көлемін дәлелді бағалау;

      8) онлайн прокторинг – тұлғаны верификациялау және ойлайн-емтихандардан өту нәтижелерін растайтын жүйе;

      9) сандық білім беру ресурстары (бұдан әрі - СБР) - бұл интербелсенді түрде оқытуды қамтамасыз ететін, оқу пәні және (немесе) модульдер бойынша дидактикалық материалдар: фотосуреттер, бейнефрагменттер, статистикалық және динамикалық үлгілер, виртуалды шынайылық пен интерактивті модельдеу нысандары, дыбыстық жазбалар мен өзге де цифрлық оқу материалдары;

      10) тьютор – студентке нақты пәнді және (немесе) модульді игеруге көмектесетін академиялық консультант рөлін атқарушы оқытушы;

      11) формальды емес білім беру – оқу мерзімі мен нысанын ескерместен, оқу нәтижелерін растайтын құжат беретін білім беру қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың білім беру түрі;

      12) цифрлық контент – цифрлық оқу материалдарын ақпараттық (мәтіндер, графикалар, мультимедиалар және өзге де маңызды толықтырулар) толықтыру;

      13) желілік технология - оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз етуді, білім алушылардың оқытушылармен және бір-бірімен интерактивтік өзара іс-қимыл нысандарын, сондай-ақ Интернет желісін пайдалану негізінде оқу процесін әкімшілендіруді қамтитын технология;

      14) кейс-технология - қағаз, электронды және өзге де тасымалдағыштарда оқу-әдістемелік материалдар жиынтығына (кейстерге) және оларды өз бетінше зерделеу үшін білім алушыларға жеткізуге негізделген технология.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Білім және ғылым министрінің 13.04.2020 № 141 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. ҚБТ келесі қатынастарда пайдаланылады:

      1) қосымша білімнің (жеке бағыттары бойынша), орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білімнің білім беру бағдарламалары және MBA (ЕМВА) және DBA бағдарламалары бойынша білім алушыларға;

      2) ерекше білім беруді қажет ететін тұлғаларға, оның ішінде мүгедек балаларға, бала кезінен мүгедектерге, I және II топтағы мүгедектерге барлық білім беру деңгейлеріндегі топтарға;

      3) жоғары және (немесе) жоғары білім беруден кейінгі білім бағдарламалары бойынша білім алушылардың алмасу бағдарламалары бойынша мемлекеттен тыс жерлерге шыққан, "Болашақ" стипендиаттарынан бөлек білім алушыларға;

      4) жоғары білім берудің білім беру бағдарламалары бойынша ұзақ мерзімді шетелдік іссапардағы (2 айдан астам уақыт) білім алушыларға;

      5) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім бағдарламалары бойынша академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алушыларға;

      6) қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын және бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларға сотталғандарға қатысты.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Білім және ғылым министрінің 13.04.2020 № 141 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. ҚБТ формальды емес, қосымша білім беру, қайта даярлау және біліктілігін арттыру, оның ішінде шет тілдеріне қатысты пайдаланылады.

2-тарау. ҚБТ бойынша оқу процесін ұйымдастыру тәртібі

      8. ҚБТ бойынша оқуға ниет білдірген тұлғалар осы қағидалардың 6-тармағында көрсетілген білім беру ұйымы басшысының атына оқуда ҚБТ-ны пайдалануға рұқсат беру туралы еркін нысанда өтініш жазады, оның негізінде білім беру ұйымының басшысы бұйрық шығарады.

      9. Бұйрыққа:

      1) білім алушының өтініші;

      2) білім алушының жеке оқу жоспары қоса беріледі.

      10. Білім беру ұйымы білім алушыны білім беру бағдарламасын меңгерудің жеке кестесімен қамтамасыз етеді.

      11. СБР дайындау білім беру бағдарламаларына сәйкес оларды әзірлеушілер арқылы жүзеге асырылады. СБР-дің құрылымы мен мазмұнын білім беру ұйымдары дербес айқындайды.

      12. ҚБТ "on-line", "off-line" режиміндегі қашықтықтан оқыту сабақтарын жүргізу арқылы іске асырылады.

      13. "Оn-line" режиміндегі оқу сабақтары цифрлық технологияларды (вебинарлар, бейнеконференция, Интернет желісі бойынша хабарламалар алмасу арқылы) нақты қолдану уақытымен байланысын қарастырады.

      14. "Off-line" режиміндегі оқу сабақтары оқытушы мен білім алушы арасындағы қатынас бірдей жүзеге асырылатын (электронды пошта, кейіннен аралық және (немесе) қорытынды бақылау тапсыруымен оқытушының тапсырмасы бойынша білім алушының оқулықпен жұмысы) оқудың өзара іс-әрекеті процесін қарастырады.

      15. Білім алушылардың үлгерімін ағымдық бақылау және аралық аттестаттау ҚР Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы № 595 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17657 болып тіркелген) бекітілген Тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларына сәйкес ЖОО-ның өз бетінше әзірлеген қағидаларына сай жүзеге асырылады.

      Білім алушылардың үлгерімін ағымдық бақылау және аралық аттестаттау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы № 125 бұйрығымен бекітілген (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5191 болып тіркелген) Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, оларды аралық және қорытынды аттестаттауды өткізудің үлгілік қағидаларына сәйкес орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының өз бетінше әзірлеген қағидаларына сай жүзеге асырылады.

      Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау оқу жұмыс жоспары мен оқу бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      ҚБТ бойынша білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау және аралық аттестаттау мыналар:

      - телекоммуникация құралдарын қолдана отырып, "on-line" режимінде білім алушы мен оқытушының тікелей байланысы;

      - автоматтандырылған тестілеу жүйелері;

      - жазбаша жеке тапсырмаларды тексеру арқылы жүргізіледі.

      ҚБT қолдана отырып білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау және аралық аттестаттау түрлі оқу жұмыстары түрінде (тесттер, практикалық тапсырмалар және т.б.) ұсынылуы мүмкін. Бұл жағдайда оқу жұмысының түрін оқытушы анықтайды.

      Білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау және аралық аттестаттау тапсырмаларының қиындық деңгейі өткен материалға сәйкес келуі және білім алушыларға қолжетімді болуы қажет.

      Аралық аттестаттауға арналған тестілік тапсырмаларды әзірлеуге пәнді (модульді) жүргізетін педагог жауапты болып табылады.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 13.04.2020 № 141 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      16. Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары (бұдан әрі - ЖЖОКБҰ) ҚБТ негізінде білім алушылардың үлгерімін ағымдық бақылауды және аралық аттестаттауды жүргізу үшін білім алушыны верификациялауға, білім алушының тәртібін экранмен бақылауға, сондай-ақ бүкіл емтиханды бейнетаспаға жазуға мүмкіндік беретін онлайн прокторинг технологияларын пайдалануды қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 13.04.2020 № 141 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      17. ЖЖОКБҰ-да академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алатын білім алушылардан басқа жалпы орта білім бағдарламасының базасында ҚБТ-ны қолдану арқылы оқытуға рұқсат берілмейді.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 13.04.2020 № 141 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      18. Техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының бітірушілерне егер жоғары білім беру бағдарламасының бейініне сәйкес келген жағдайда ҚБТ-ны қолдану арқылы оқытуды ЖЖОКБҰ өз бетінше айқындайды.

      19. Хореография, аспапта орындаушылық, авиациялық техника және технологиялар, құрылыс, теңіз техникасы мен технологиясы, денсаулық сақтау, әскери іс, ветеринария салалары үшін кадрлар даярлау білім беру бағдарламалары бойынша жоғары білім беру базасында пәндерді оқу кезінде жалпы көлемде оқудың барлық кезеңінде 30 академиялық кредиттен аспайтын ҚБТ-ны қолдануға рұқсат етіледі.

      20. MBA бағдарламасы бойынша кадрлар даярлау үшін пәндерді оқу кезінде жалпы көлемде оқудың барлық кезеңінде 30 академиялық кредиттен аспайтын, (ЕМВА) және DBA бағдарламасы бойынша сәйкесінше оқудың барлық кезеңінде 15 кредиттен аспайтын ҚБТ-ны қолдануға рұқсат етіледі.

      21. Білім беру ұйымдарында ЖАОК білім беру ұйымымен бекітілген өзінің немесе басқа да онлайн-платформалары арқылы іске асырылады.

      22. Білім беру ұйымдары ЖАОК-ты онлайн-платформаға орналастырғанға дейін курстарды оқу-әдістемелік сараптау және апробациялауды ұйымдастырады.

      23. Білім беру ұйымдары ЖАОК онлайн-платформаға әзірленген курсты орналастыруды қамтамасыз етеді және оқу процесіне жауап береді, сондай-ақ тыңдаушыға ЖЖОКБҰ атауын, тұлғаның аты-жөнін, курстың атауы мен кредиттер көлемін еркін түрде көрсетіп, сертификат береді.

1-параграф. Білім беру ұйымдары мен ҚБТ бойынша оқу процесіне қатысушыға қойылатын талаптар

      24. ҚБТ бойынша оқу процесін ұйымдастыру үшін ЖЖОКБҰ-да мыналар:

      1) білім алушылар үшін оқу-әдістемелік және ұйымдастыру-әкімшілендіру ақпараттарынан тұратын беттері бар білім беру порталы және/немесе ақпараттық жүйе;

      2) телекоммуникациялық желілерге шығатын жабдықтар (Интернет, спутниктік теледидар);

      3) цифрлық білім беру ресурстары;

      4) оқытуды басқарудың желілік жүйесі (Learning Management System) (ЛҰнинг Менежемент Систем) немесе бұлттық есептеу арқылы сервис ("қызмет көрсету ретінде бағдарламалық қамтамасыз ету");

      5) ҚБТ бойынша оқу процесін ұйымдастыруға жауапты құрылымдық бөлімше болуы тиіс.

      ҚБТ бойынша оқу процесін ұйымдастыру үшін орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында мыналар:

      1) білім алушылар үшін оқу-әдістемелік және ұйымдастыру-әкімшілендіру ақпараттарынан тұратын беттері бар білім беру порталы және/немесе ақпараттық жүйенің;

      2) интернет желісіне қосылуды қамтамасыз ететін коммуникативтік байланыс арналарының;

      3) цифрлық білім беру ресурстарының;

      4) оқытуды, оқу контентін басқарудың желілік жүйесінің немесе сервистің;

      5) сынақ кешендерінің;

      6) тиісті даярлықтан өткен педагогтердің болуы тиіс.

      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 13.04.2020 № 141 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      25. Білім беру ұйымы ҚБТ бойынша оқу процесін жүзеге асыру үшін:

      1) қашықтықтан білім беру технологияларын іске асыру бойынша оқытушыларды, тьютерлерді және қызметтерді оқытуды ұйымдастырады;

      2) педагог қызметкерлерге, профессор-оқытушылар құрамына СБР және цифрлық контенттерді әзірлеу және жаңарту үшін жағдай жасайды;

      3) аутентификация жүйесі арқылы білім алушылар мен тыңдаушылар тұлғасын идентификациялайды;

      4) ҚБТ бойынша оқу процесіне қатысушылар арасында өзара байланысты (форум, чат, бейне және аудиоконференциялар) қамтамасыз етеді;

      5) білім беру ұйымдары мен әріптестердің электронды кітапханаларына білім алушылар мен тыңдаушылардың кіруін қамтамасыз етеді.

      26. ҚБТ бойынша білім алушылар:

      1) осы қағидалардың 24 тармағында көрсетілген құралдар арқылы оқу курстарын өз бетінше оқиды;

      2) ҚБТ "on-line" және (немесе) "off-line" режиміндегі қашықтықтан оқыту сабақтарын оқуды;

      3) орта білім беру ұйымдары кестеге және оқу бағдарламаларына, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары оқу процесі кестесіне, ЖЖОКБҰ-ның академиялық күнтізбесіне сәйкес (аралық, қорытынды) бақылаудың барлық түрін тапсырады.

      Ескерту. 26-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Білім және ғылым министрінің 13.04.2020 № 141 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      26-1. Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының ҚБТ бойынша оқу процесіне қатысушылардың міндеттері:

      Басшы:

      1) оқу процесін ұйымдастыру үшін жағдайлар, оның ішінде техникалық жағдай жасайды;

      2) оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруға тұрақты мониторинг пен бақылауды жүзеге асырады;

      3) педагогтармен, білім алушылармен және олардың ата-аналарымен (балалардың заңды өкілдерімен) кері байланысты жүзеге асырады;

      4) ұйымның педагогтердің және басқа қызметкерлерінің жұмысын ұйымдастырады;

      5) қашықтықтан оқыту технологияларын енгізу бойынша оқытушыларды даярлауды ұйымдастырады;

      6) білім алушылардың білім беру ұйымының электрондық кітапханаларына қол жетімділігін қамтамасыз етеді;

      7) білім беру процесіне қатысушылардың қызметін бақылайды, педагогтардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады.

      Басшының орынбасарлары, бөлім меңгерушілері, әдіскерлер:

      1) жоспарлауды және ҚБT қолдану арқылы оқу процесін ұйымдастыру мен үйлестіруді жүзеге асырады;

      2) ҚБТ қолдану арқылы оқытуға арналған ақпараттық ресурстарды қолдану бойынша нұсқаулықтар әзірлейді;

      3) мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес ҚБТ ерекшеліктерін ескеретін жұмыс оқу жоспарларын құрады;

      4) ҚБТ қолдану арқылы оқу процесі мәселелері бойынша кеңес береді, СБР құруға әдістемелік және техникалық көмек көрсетеді;

      5) білім беру ресурстарын үнемі жаңартып, жүйелеуді қамтамасыз етеді;

      6) білім алушылардың оқу бағдарламаларын меңгеруіне бағытталған іс-шараларды әзірлеуді ұйымдастырады;

      7) оқу материалдарын, оның ішінде электрондық оқу-әдістемелік кешендерді, электрондық білім беру ресурстарын қалыптастыру бойынша жұмыстарды ұйымдастырады;

      8) ТжКБ ұйымының интернет-ресурстарында орналастырылатын сабақ кестесін, оқыту графигін жасайды;

      9) педагогтермен бірге білім алушылардың оқу қызметін ұйымдастыруды анықтайды: оқытудың әдістері мен тәсілдері, білім алушылардың тапсырмаларды алу мерзімдері және олардың орындалған жұмыстарды ұсынады;

      10) оқу-тәрбие процесінің барлық қатысушыларына (педагогтерге, білім алушыларға, білім алушылардың ата-аналарына (заңды өкілдерін), өзге де қызметкерлерге) жұмысты ұйымдастыру және оқыту нәтижелері туралы хабарлауды жүзеге асырады;

      11) ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдана отырып, оқу процесін ұйымдастыру барысында әдістемелік сүйемелдеуді жүзеге асырады;

      12) бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес педагогтардың қызметін ұйымдастырады;

      13) оқу-тәрбие процесін және білімді ағымдағы бақылау мен қорытынды аттестаттауды өткізу барысын бақылайды;

      14) оқу-тәрбие процесіне қатысушылармен кері байланыс жасайды;

      15) педагогтердің оқу жүктемесін орындау бойынша жұмысты үйлестіреді;

      16) ҚБТ қолдану арқылы оқытуды ұйымдастыру туралы есеп беру ақпаратын дайындайды.

      Педагогтер:

      1) электронды түрдегі қажетті оқу-әдістемелік материалдары бар электрондық оқу-әдістемелік кешендер әзірлейді;

      2) білімді бақылау құралдарын әзірлейді;

      3) білім алушыларға әр тақырып бойынша жұмыс уақытын, орындау мерзімдерін көрсете отырып, тиісті бөлімдерді әзірлеудің тақырыптық кестесін жасайды және таратады;

      4) білім алушылармен синхронды және асинхронды кеңестер жүргізеді;

      5) жұмыстың оңтайлы және әртүрлі түрлерін, қолжетімді ақпараттық-коммуникативтік технологияларды қолданады;

      6) қолданылатын жұмыс түрлері, онлайн сабақтардың нысандары мен мерзімдері, офлайн сабақтарға қатысу, үй тапсырмаларын орындау мерзімдері туралы ақпаратты білім алушылардың, олардың ата-аналарының (заңды өкілдерінің) назарына уақытылы жеткізеді;

      7) оқу-әдістемелік ресурстардың тұрақты жаңартылуын қамтамасыз етеді;

      8) білім алушылардың оқу іс-әрекетінің нәтижелерін әр пән (модуль) үшін берілген бағалау критерийлеріне сәйкес бағалайды;

      9) оқу процесінде ҚБТ қолдану бойынша біліктілікті арттырудан өтеді;

      10) қашықтықтан оқытуға қатысты құжаттаманы жүргізеді.

      Білім алушылар:

      1) педагогтермен байланыста болады;

      2) қол жетімді байланыс құралдары арқылы сабақ кестесімен, тақырыптарымен, мазмұнымен танысады;

      3) білім беру ұйымы белгілеген қол жетімді байланыс құралдары арқылы тапсырмаларды өз бетінше уақытылы орындайды;

      4) орындалған тапсырмаларды педагогке қол жетімді байланыс құралдары арқылы уақытылы жібереді;

      5) қол жетімді электрондық ресурстарды пайдаланады.

      Ескерту. 26-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Білім және ғылым министрінің 13.04.2020 № 141 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-параграф. Академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша ҚБТ-ны қолдану

      27. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша білім алушыларға академиялық ұтқырлық бағдарламалары үшін пәндерді оқу кезінде жалпы көлемде оқудың барлық кезеңінде 60 академиялық кредиттен аспайтын ҚБТ-ны қолдануға рұқсат етіледі.

      28. Қос дипломды білім бағдарламасын және білім алушылардың алмасу бағдарламаларын іске асыру кезінде жоғары білім беру бағдарламасы бойынша білім алушылар үшін пәндерді оқу кезінде жалпы көлемде 120 академиялық кредиттен аспайтын және магистратура білім бағдарламасы бойынша 60 академиялық кредиттен аспайтын ҚБТ рұқсат етіледі.

      29. Білім беру саласындағы халықаралық шарттар (келісімдер) шеңберінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша ҚБТ-ны қолдана отырып, оқытуға рұқсат беру және ұйымдастыру тәртібін ЖЖОКБҰ өз бетінше айқындайды.