Сараптама комиссияларын (сараптама топтарын) құру және ведомстводан тыс кешенді сараптамаға қатысу үшін мамандарды (мамандандырылған институттар мен ұйымдарды) тарту қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 сәуірдегі № 306 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 8 сәуірде № 10635 тіркелді

Қолданыстағы

      «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 11-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Сараптама комиссияларын (сараптама топтарын) құру және ведомстводан тыс кешенді сараптамаға қатысу үшін мамандарды (мамандандырылған институттар мен ұйымдарды) тарту қағидаларын бекіту туралы қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімдік баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық бірінші ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    Е. Досаев

Қазақстан Республикасы   
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 2 сәуірдегі   
№ 306 бұйрығымен бекітілді

Жобалардың кешенді ведомстводан тыс сараптамасына қатысу
үшін сараптама комиссияларын (сараптама топтарын) құру және
мамандарды (мамандандырылған институттар және ұйымдар) тарту
қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жобалардың кешенді ведомстводан тыс сараптамасына қатысу үшін сараптама комиссияларын (сараптама топтарын) құру және мамандар (мамандандырылған институттар және ұйымдар) тарту қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді.
      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) аккредиттелген сараптама ұйымы - сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бегілеген тәртіппен аккредиттелген, объектілердің құрылысы жобаларына (техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаға) Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасымен мемлекеттік монополияға жатқызылмаған ведомстводан тыс кешенді сараптаманы жүзеге асыратын заңды тұлға;
      2) бірегей құрылыс объектісі - осы объект үшін арнайы техникалық шарттарды (ерекше нормаларды) әзірлеу, келісу және бекіту қажеттігін айқындайтын, жобалау және салу жөніндегі мемлекеттік немесе мемлекетаралық техникалық регламенттер мен нормативтік-техникалық талаптар белгіленбеген, ерекше, бұрын жекелеп немесе жиынтық түрінде қолданылмаған сәулет, көлемдік-жоспарлау, конструкциялық, инженерлік немесе технологиялық шешімдермен сипатталатын үйлер, ғимараттар және олардың кешендері;
      3) жобалау саласындағы сарапшы - жобалардың белгілі бір бөлімдері (бөліктері) бойынша сараптама жұмыстарын жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен аттестатталған, сараптама ұйымдарының бірінің штатында тұрған жеке тұлға;
      4) жобалар сараптамасы - Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, жобалау үшін бастапқы құжаттардың (материалдардың, деректердің) шарттарына жобалық шешімдердің сәйкестігін (сәйкессіздігін) анықтау, сондай-ақ жобалық шешімдер мен есеп-қисаптарда қала құрылысы және техникалық регламенттердің, мемлекеттік және мемлекетаралық нормативтік құжаттар нормалары мен ережелерінің талаптарын сақтау арқылы жобалардың сапасына талдау мен бағалау жүргізуден тұратын сараптамалық қызмет;
      5) мемлекеттік сараптама ұйымы – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған және объектілердің құрылыс жобалары (техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттама) бойынша мемлекеттік монополияға жатқызылған ведомстводан тыс кешенді сараптаманы жүзеге асыратын заңды тұлға;
      6) объектілер құрылысы жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасы - үйлер мен ғимараттарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын салуға арналған техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттама бойынша «бір терезе» қағидатымен жүргізілетін, салалық және ведомстволық сараптамаларды қамтитын жобалар сараптамасы.
      3. Қағидалар жаңа объектілердің құрылысын салуға, сондай-ақ бұрыннан бар үйлер мен ғимараттарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын өзгертуге (реконструкциялауға, кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға және күрделі жөндеуге) арналған техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамасына жобалардың кешенді ведомстводан тыс сараптамасын жүргізу үшін аккредиттелген сараптама ұйымдарымен және мемлекеттік сараптама ұйымымен сараптама комиссияларын (сараптама тобын) құру, штаттан тыс сарапшылар немесе консультанттар ретінде жобалар сараптамасына қатысу үшін мамандар (мамандандырылған институттар мен ұйымдар) тарту тәртібін айқындайды.
      4. Аккредиттелген сараптама ұйымдары жобалар сараптамасын жүргізуге құқылы аккредиттелген сараптама ұйымдарының палатасы құрылған кезден бастап оның мүшелері болуға міндетті.
      5. Қаралатын жобаларды дайындауға және (немесе) әзірлеуге тікелей немесе жанама түрде қатысқан немесе оларды әзірлеген жобалау институттары және ұйымдарының өкілдері болып табылатын мамандарды сараптама комиссияларының немесе сараптама жұмыс топтарының құрамына қосуға, сондай-ақ жобалар сараптамасының өзге нысандарына тартуға жол берілмейді.

2. Объектілер құрылысының жобаларына кешенді ведомстводан
тыс сараптама жүргізу үшін сараптама комиссияларын (сараптама
топтарын) құру тәртібі

      6. Мына:
      1) бірегей объектілердің;
      2) жобалау тәжірибесінде сирек кездесетін функционалдық (технологиялық) жағынан күрделі немесе құрылыс учаскесінің (алаңдарының, трассаларының, аумақтарының) ерекше жағдайлары бар техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілердің;
      3) арнайы техникалық шарттарды (ерекше нормаларды) әзірлеу, келісу және бекіту қажеттігін айқындайтын, жобалау және салу жөніндегі мемлекеттік немесе мемлекетаралық техникалық регламенттер мен нормативтік-техникалық талаптар белгіленбеген объектілердің құрылыс жобаларын (техникалық-экономикалық негіздемелерді және жобалау-сметалық құжаттаманы) қарау қажет болған жағдайда, алқалық шешім қабылдау үшін сараптама комиссияларын құра алады.
      7. Сараптама комиссиясының құрамына сараптама ұйымының штаттағы аттестатталған сарапшылары, сондай-ақ шарт негізінде штаттан тыс аттестатталған сарапшылар және консультанттар енгізіледі. Қажет болған жағдайда, мұндай комиссияның жұмыс отырысына қатысуға қаралып отырған жобаның мүдделі салалық мемлекеттік органдарының өкілдері, тапсырыс берушілері мен әзірлеушілерінің уәкілетті өкілдері шақырылады.

3. Жобалардың кешенді ведомстводан тыс сараптамасына қатысу
үшін мамандарды (мамандандырылған институттар және ұйымдар)
тарту тәртібі

      8. Кешенді ведомстводан тыс сараптама барысында сараптама рәсімдерін жүргізу үшін инновациялық материалдарды, бұйымдарды, жабдықтар мен технологияларды қолдану бөлігіне тар көлемді мамандандырылған білімі мен тәжірибесі бар (концентрация) тиісті мамандандырылған ғылыми, ғылыми-зерттеу немесе жобалау (жобалау-іздестіру) ұйымдары шарт негізінде азаматтық заңнамада белгіленген тәртіппен тартылады. Тиісті шарттарды жасасу кезінде тартылатын ұйымдардың мәртебесін растайтын лицензиялары, сертификаттары мен аттестаттарының болуы және тиісті қызметке олардың мамандарының құқығының болуы қажетті шарты болып табылады.
      9. Сараптама ұйымы орындайтын сараптамаға шетел мамандары қатысу үшін кәсіби білімі мен біліктілігін немесе тиісті шетел институттары (ғылыми, ғылыми-зерттеу, жобалау немесе жобалау-іздестіру ұйымдары) штатындағы кәсіби қызметін растайтын құжаттары болған кезде консультант ретінде тартылады.