Сараптама комиссияларын (сараптама топтарын) құру және кешендi ведомстводан тыс сараптамаға және қала құрылысы сараптамасына қатысу үшiн мамандарды (мамандандырылған институттар мен ұйымдарды) тарту қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 сәуірдегі № 306 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 8 сәуірде № 10635 тіркелді

Жаңартылған

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 02.12.2015 № 751 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 11-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Сараптама комиссияларын (сараптама топтарын) құру және кешендi ведомстводан тыс сараптамаға және қала құрылысы сараптамасына қатысу үшiн мамандарды (мамандандырылған институттар мен ұйымдарды) тарту қағидалары бекітілсін.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 02.12.2015 № 751 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімдік баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық бірінші ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    Е. Досаев

Қазақстан Республикасы    
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 2 сәуірдегі  
№ 306 бұйрығымен    
бекітілді        

Сараптама комиссияларын (сараптама топтарын) құру және кешенді
ведомстводан тыс сараптамаға және қала құрылысы сараптамасына
қатысу үшін мамандарды (мамандандырылған институттар мен
ұйымдарды) тарту қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 02.12.2015 № 751 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Сараптама комиссияларын (сараптама топтарын) құру және кешенді ведомстводан тыс сараптамаға және қала құрылысы сараптамасына қатысу үшін мамандарды (мамандандырылған институттар мен ұйымдарды) тарту қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және:
      1) жаңа объектілердің құрылысына, сондай-ақ бұрыннан бар ғимараттар мен құрылыстарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын өзгертуге (реконструкциялауға, кеңейтуге, жаңғыртуға, техникалық қайта жарақтандыруға, күрделі жөндеуге) арналған жобаларға (техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаларға) кешенді ведомстводан тыс сараптама жүргізу үшін аккредиттелген сараптама ұйымдары мен мемлекеттік сараптама ұйымының сараптама комиссияларын құру;
      2) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган ведомствосының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітілетін жобалар бойынша кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу үшін сараптама комиссияларын құру;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітілетін жобалар бойынша жергілікті (облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың) атқарушы органдарының сараптама топтарын құру;
      4) штаттан тыс сарапшылар немесе консультанттар ретінде жобаларға кешенді ведомстводан тыс және/немесе кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізуге қатысу үшін мамандарды (мамандандырылған институттар мен ұйымдар) тарту тәртібін белгілейді.
      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
      1) аккредиттелген сараптама ұйымы – сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен аккредиттелген, Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасымен мемлекеттік монополияға жатқызылмаған объектілер құрылысының жобаларына (техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаға) кешенді ведомстводан тыс сараптаманы жүзеге асыратын заңды тұлға;
      2) жобалау саласындағы сарапшы – жобалардың белгілі бір бөлімдері (бөліктері) бойынша сараптама жұмыстарын жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен аттестатталған, сараптама ұйымдарының бірінің штатында тұрған жеке тұлға;
      3) консультант – құрылыс жобасының немесе қала құрылысы жобасының тиісті бөлімдері (бөліктері) бойынша консультациялар беру үшін құрылыс жобаларының кешенді ведомстводан тыс сараптамасына немесе қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасына қатысу үшін тартылған жоғары кәсіби білімі, тиісті біліктілігі, кемінде он жыл жұмыс тәжірибесі бар, жобалау және/немесе аумақтардың қала құрылысын жоспарлау саласындағы маман немесе мамандандырылған ғылыми-зерттеу институтының (жобалау ұйымының) өкілі;
      4) қала құрылысының кешенді сараптамасы – Қазақстан  Республикасының заңнамасына сәйкес бекітілетін жобалар бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның ведомствосы құратын сараптама комиссиялары, сондай-ақ мәслихаттар бекітетін жобалар бойынша тиісті жергілікті атқарушы органдар құратын сараптама топтары жүзеге асыратын әртүрлі деңгейдегі (Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасы, аумақты дамытудың өңіраралық схемалары, өңірлер аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемалары, елді мекендердің бас жоспарлары) қала құрылысы жобаларының міндетті сараптамасы;
      5) мемлекеттік сараптама ұйымы – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған және объектілер құрылысы жобалары (техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттама) бойынша мемлекеттік монополияға жатқызылған ведомстводан тыс кешенді сараптаманы жүзеге асыратын заңды тұлға;
      6) объектілер құрылысы жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасы – ғимараттар мен құрылыстарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын салуға арналған техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттама бойынша «бір терезе» қағидатымен жүргізілетін, салалық және ведомстволық сараптамаларды қамтитын жобалар сараптамасы.
      7) хатшы – сараптама комиссиясының (сараптама тобының) құрамына кіретін, қаралатын қала құрылысы жобасы бойынша кешенді қала құрылысы сараптамасын ұйымдастыруға және жүргізуге жауап беретін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган ведомствосының, жергілікті атқарушы органның маманы.
      3. Қаралатын жобаларды дайындауға және (немесе) әзірлеуге тікелей немесе жанама түрде қатысқан немесе оларды әзірлеген мамандандырылған институттар мен ұйымдардың өкілдері болып табылатын мамандарды сараптама комиссияларының (сараптама топтарының) құрамына қосуға, сондай-ақ жобалар сараптамасына өзге нысанда қатысу үшін тартуға болмайды.

2. Жобаларға ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу үшін
сараптама комиссияларын құру тәртібі

      4. Аккредиттелген және мемлекеттік сараптама ұйымдары мына:
      1) бірегей объектілердің;
      2) жобалау практикасында сирек кездесетін функционалдық (технологиялық) маңызы бар немесе құрылыс учаскесінің (алаңдарының, трассаларының, аумақтарының) ерекше жағдайлары бар техникалық және (немесе) технологиялық күрделі объектілердің;
      3) аталған объектіге арнайы техникалық шарттарды (ерекше нормаларды) әзірлеу, келісу және бекіту қажеттігін айқындайтын, жобалау және құрылыс жөніндегі мемлекеттік немесе мемлекетаралық техникалық регламенттер мен нормативтік-техникалық талаптар белгіленбеген өзге де объектілердің құрылысы жобаларын (техникалық-экономикалық негіздемелерін және жобалау-сметалық құжаттамаларын) қарау қажет болған жағдайда алқалық шешім қабылдау үшін сараптама комиссияларын құрайды.
      5. Аккредиттелген сараптама ұйымдары Сараптама ұйымдары палатасының мүшелеріне қабылданған сәттен бастап құрылыс жобаларына кешенді ведомстводан тыс сараптама жүргізеді.
      6. Сараптама комиссиясының құрамына аккредиттелген сараптама және мемлекеттік сараптама ұйымдарының штаттағы аттестатталған сарапшылары, сондай-ақ кешенді ведомстводан тыс сараптамаға қатысу үшін шарт негізінде тартылатын штаттан тыс аттестатталған сарапшылар не консультанттар енгізіледі. Қажет болған жағдайда осындай комиссияның жұмыс отырысына қатысуға қаралып отырған жобаның мүдделі салалық мемлекеттік органдарының өкілдері, тапсырыс берушілер мен әзірлеушілердің уәкілетті өкілдері шақырылады.

3. Қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын
жүргізу үшін сараптама комиссияларын (сараптама топтарын) құру
тәртібі

      7. Аумақтардың қала құрылысын жоспарлау саласындағы жобалардың кешенді қала құрылысы сараптамасын (бұдан әрі – кешенді қала құрылысы сараптамасы) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның ведомствосы (бұдан әрі – ведомство) және жергілікті атқарушы органдар құратын сараптама комиссиялары (сараптама топтары) жүргізеді.
      8. Ведомствоның сараптама комиссиясы мынадай қала құрылысы жобалары:
      1) Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасы;
      2) аумақты дамытудың өңіраралық схемасы;
      3) республикалық маңызы бар қаланың, астананың, халқының есептік саны жүз мың тұрғыннан асатын облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарлары;
      4) жалпымемлекеттік маңызы бар өзге де қала құрылысы жобалары бойынша кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізеді.
      9. Жергілікті атқарушы органдардың сараптама топтары мынадай қала құрылысы жобалары:
      1) облыстар, аудандар аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемалары;
      2) халқының есептік саны жүз мың тұрғынға дейінгі елді мекендердің бас жоспарлары;
      3) халқының есептік саны бес мың тұрғыннан асатын елді мекендердің бас жоспарлары бойынша кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізеді.
      10. Кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу үшін ведомство (жергілікті атқарушы орган) әрбір қала құрылысы жобасының сараптамасына жеке сараптама комиссиясын (сараптама тобын) құрады және сараптама комиссиясының (сараптама тобының) құрамынан хатшыны белгілейді.
      11. Төраға (басшы), төрағаның орынбасары (басшының орынбасары), мемлекеттік сараптама ұйымы (оның аумақтық бөлімшелері) сарапшыларының арасынан жобалардың тиісті бөлімдері (бөліктері) бойынша аттестатталған сарапшылар және жобалау ұйымдары, мамандандырылған ғылыми-зерттеу институттары мамандарының арасынан консультанттар сараптама комиссияларының (сараптама топтарының) мүшелері болып табылады.
      Ведомствоның (жергілікті атқарушы органның) бірінші басшысының орынбасарынан төмен емес лауазымды тұлға сараптама комиссияларының (сараптама топтарының) төрағасы (басшысы) болып табылады. Төраға (басшы) болмаған уақытта оның функцияларын оны алмастыратын адам орындайды.
      Сараптама комиссиясы (сараптама тобы) мүшелерiнiң жалпы саны тақ сан болып табылады және кемiнде тоғыз адамды құрайды.
      12. Сараптама комиссиясы (сараптама тобы) оны құру туралы шешім күшіне енген күннен бастап жұмыс істейді және сараптама комиссиясы (сараптама тобы) сараптамалық қорытынды берген күннен бастап өз қызметін тоқтатады.
      13. Қажет болған жағдайда сараптама комиссиясының (сараптама тобының) жұмыс отырысына мүдделі мемлекеттік органдар өкілдері, атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің мамандары, қаралып отырған жобаның тапсырыс берушісі мен әзірлеушісінің уәкілетті өкілдері шақырылады.

4. Жобалардың кешенді ведомстводан тыс сараптамасына және
кешенді қала құрылысы сараптамасына қатысу үшін мамандарды
(мамандандырылған институттар мен ұйымдарды) тарту тәртібі

      14. Кешенді ведомстводан тыс немесе кешенді қала құрылысы сараптамасына қатысу үшін құрылыс жобаларында ерекше, тар көлемді мамандандырылған білім мен тәжірибені талап ететін (шоғырландырылған) инновациялық материалдарды, бұйымдарды, жабдықтар мен технологияларды қолдану бөлігінде, сондай-ақ қала құрылысы жобаларында, жоспарлау аумақтарының шегінде айрықша реттеу және қала құрылысын регламенттеу объектiлерi болған кезде оған тиісті мамандандырылған ғылыми-зерттеу, жобалау (жобалау-іздестіру, жобалау-жоспарлау) институттары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шарт негізінде тартылады.
      Тиісті шарттарды жасасу кезінде тартылып отырған институттар мен ұйымдардың мәртебесін растайтын лицензиялардың, сертификаттардың (куәліктердің, аттестаттардың), сондай-ақ олардың мамандарының тиісті қызметке біліктілігі мен құқығының болуы қажетті шарт болып табылады.
      15. Құрылыс жобалары бойынша аккредиттелген немесе мемлекеттік сараптама ұйымы орындайтын кешенді ведомстводан тыс сараптамаға қатысу үшін консультанттар ретінде сырттан келетін мамандарды (оның ішінде шетелдік мамандарды) тартуға көрсетілген мамандарда олардың кәсіби білімі мен біліктілігін немесе тиісті отандық және/немесе шетелдік мамандандырылған институттар мен ұйымдарда практикалық қызметін растайтын құжаттар болған жағдайда жол беріледі.
      Бұл ретте консультанттар үшін аттестаттың болуы талап етілмейді.