Сараптама комиссияларын (сараптама топтарын) құру және кешендi ведомстводан тыс сараптамаға және қала құрылысы сараптамасына қатысу үшiн мамандарды (мамандандырылған институттар мен ұйымдарды) тарту қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 сәуірдегі № 306 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 8 сәуірде № 10635 тіркелді.

Жаңартылған

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұйрыққа өзгеріс енгізу көзделген – ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 04.08.2018 № 557 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 02.12.2015 № 751 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 11-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Сараптама комиссияларын (сараптама топтарын) құру және кешендi ведомстводан тыс сараптамаға және қала құрылысы сараптамасына қатысу үшiн мамандарды (мамандандырылған институттар мен ұйымдарды) тарту қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 02.12.2015 № 751 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімдік баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық бірінші ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр

Е. Досаев


  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 2 сәуірдегі
№ 306 бұйрығымен бекітілді

Сараптама комиссияларын (сараптама топтарын) құру және кешенді ведомстводан тыс сараптамаға және қала құрылысы сараптамасына қатысу үшін мамандарды (мамандандырылған институттар мен ұйымдарды) тарту қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 17.07.2017 № 477 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Сараптама комиссияларын (сараптама топтарын) құру және кешенді ведомстводан тыс сараптамаға және қала құрылысы сараптамасына қатысу үшін мамандарды (мамандандырылған институттар мен ұйымдарды) тарту қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 20-бабының 11-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және:

      1) жаңа объектілердің құрылысына, сондай-ақ бұрыннан бар ғимараттар мен құрылыстарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын өзгертуге (реконструкциялауға, кеңейтуге, жаңғыртуға, техникалық қайта жарақтандыруға, күрделі жөндеуге) арналған жобаларға (техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаларға) кешенді ведомстводан тыс сараптама жүргізу үшін мемлекеттік сараптама ұйымдарының және аккредиттелген сараптама ұйымының сараптама топтары мен комиссияларын құру;

      2) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган ведомствосының (бұдан әрі – ведомство) объектілердің техникалық-экономикалық негіздемелері немесе жобалау-сметалық құжаттамалары бойынша жобалардың экологиялық сараптамасы бөлігінде ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу кезінде құрылыс жобаларын қарау үшін сараптама комиссияларын құру (бұдан әрі – экологиялық сараптама мәселелері бойынша сараптама комиссиясы);

      3) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган ведомствосының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітілетін жобалар бойынша кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу үшін сараптама комиссияларын құру

      4) жергілікті (облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың) атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітілетін жобалар бойынша сараптама топтарын құру;

      5) құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама және кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізуге қатысу үшін сарапшыларды және мамандарды (мамандандырылған институттарды және ұйымдарды) тарту тәртібін анықтайды.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) аккредиттелген сараптама ұйымы – Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасымен мемлекеттік монополияға жатқызылмаған объектілер құрылысының жобаларына (техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаға) кешенді ведомстводан тыс сараптаманы жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) жобалау саласындағы сарапшы (бұдан әрі – сарапшы) – жобалардың белгілі бір бөлімдері (бөліктері) бойынша сараптама жұмыстарын жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен аттестатталған, сараптама ұйымдарының бірінің штатында тұрған жеке тұлға;

      3) кешенді қала құрылысы сараптамасы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітілетін жобалар бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган құратын сараптама комиссиялары, сондай-ақ тиісті жергілікті атқару органдары құратын сараптама топтары жүзеге асыратын әртүрлі деңгейдегі (Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасы, аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы, өңірлердің аумақтарын қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемалары, елді мекендердің бас жоспарлары) қала құрылысы жобаларының міндетті сараптамасы;

      4) консультант – арнайы, оның ішінде құрылыс объектілерін жобалау және (немесе) аумақтың қала құрылысын жоспарлау саласында білімі бар білікті маман не жобаның тиісті бөлімдері (бөліктері) бойынша консультативтік көмек көрсету үшін тартылған мамандандырылған институттың немесе ұйымның өкілі;

      5) мамандандырылған институттар мен ұйымдар – ғылыми-зерттеу институттары, жобалау, жобалау-іздестіру немесе жобалау-жоспарлау ұйымдары, сондай-ақ өзге де ұйымдар;

      6) мемлекеттік сараптама ұйымы – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған және объектілер құрылысы жобалары (техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттама) бойынша мемлекеттік монополияға жатқызылған ведомстводан тыс кешенді сараптаманы жүзеге асыратын заңды тұлға;

      7) объектілер құрылысы жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасы – ғимараттар мен құрылыстарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын салуға арналған техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттама бойынша "бір терезе" қағидатымен жүргізілетін, салалық және ведомстволық сараптамаларды қамтитын жобалар сараптамасы;

      8) хатшы – сараптама комиссиясының (сараптама тобының) құрамына кіретін, қаралатын жоба бойынша кешенді қала құрылысы сараптамасын ұйымдастыруға және жүргізуге жауап беретін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган (жергілікті атқарушы орган) ведомствосының маманы.

      3. Сараптама комиссиялары және сараптама топтары мүшелерінің жобаларға ведомстводан тыс кешенді сараптама және кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу барысында алынған қызметтік ақпаратты, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, ашуына жол берілмейді.

2-тарау. Құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу үшін сараптама топтарын құру тәртібі

      4. Қарауға қабылданған құрылысқа арналған жобалар (техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттамалар) бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу үшін мемлекеттік немесе аккредиттелген сараптама ұйымы сараптама топтарын құрады.

      5. Сараптама топтарынының құрамына ведомстводан тыс кешенді сараптамаға қатысу үшін штаттағы сарапшылар, сондай-ақ шарт негізінде тартылатын сарапшылар енгізіледі.

      6. Қажет болған жағдайда мемлекеттік немесе аккредиттелген сараптама ұйымы сараптама тобына жәрдем көрсету үшін консультанттарды тартады.

      7. Қажет болған жағдайда сараптама топтары жобалық шешімдерді және (немесе) құрыылыс жобасының есептерін түсіндіру үшін тапсырыс берушінің және жобаны әзірлеушілердің уәкілетті өкілдерін тартады.

      8. Сараптама комиссиясы жобаларға ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізілген барлық кезеңнің ішінде, соңғы сатыларды қоспағанда, материалдарды қарайды және ұсынымдарды береді.

      9. Ақпараттық жүйеде құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу үшін сараптама тобы мемлекеттік немесе аккредиттелген сараптама ұйымының басшысының немесе басшы орынбасарының жарлық құжатымен бекітіледі.

3-тарау. Құрылысы жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу үшін сараптама комиссияларын құру тәртібі

      10. Мемлекеттік немесе аккредиттелген сараптама ұйымдары:

      1) осы объектіге арнайы техникалық шарттарды (ерекше нормаларды) әзірлеу, келісу және бекіту қажеттілігін айқындайтын, олар үшін жобалау және салу бойынша мемлекеттік немесе мемлекетаралық техникалық регламенттер және нормативтік-техникалық талаптар белгіленбеген бірегей объектілердің;

      2) құрылыс учаскесінің ерекше жағдайлары бар техникалық жағынан күрделі объектілердің;

      3) жобалау практикасында сирек кездесетін функционалдық (технологиялық) маңызы бар технологиялық жағынан күрделі объектілердің құрылыс жобаларын қараған жағдайда алқа шешімдерін қабылдау үшін өздерінің сараптама комиссияларын қажет болған жағдайда құрады.

      11. Ведомство алқалық шешім қабылдау үшін қажет болғанда тұрақты жұмыс істейтін экологиялық сараптама мәселелері жөнінде сараптама комиссиясын құрады.

      Жобалардың экологиялық сараптамасы мәселелері жөніндегі сараптама комиссиясы экологиялық қаупі жоғары объектілері бойынша құрылыс жобаларын қарайды.

      Экологиялық сараптама мәселелері бойынша сараптама комиссиясының қарауына шығару туралы шешімді сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган ведомствосы сараптамалық ұйымның негіздеме хатының негізінде қабылдайды.

      12. Экологиялық сараптама мәселелері жөніндегі сараптама комиссиясының құрамы мен ережесі ведомствоның шешімімен бекітіледі.

      13. Экологиялық сараптама мәселелері жөніндегі сараптама комиссиясы ведомствоға материалдар ұсынылған күннен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде материалдарды қарайды және ұсынымдар береді.

4-тарау. Қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу үшін сараптама комиссияларын (сараптама топтарын) құру тәртібі

      14. Аумақтардың қала құрылысын жоспарлау саласындағы жобалардың кешенді қала құрылысы сараптамасын (бұдан әрі – кешенді қала құрылысы сараптамасы) ведомство құратын (жергілікті атқарушы органдар) сараптама комиссиялары (сараптама топтары) жүргізеді.

      15. Ведомствоның сараптама комиссиясы мынадай қала құрылысы жобалары:

      1) Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасы;

      2) аумақты дамытудың өңіраралық схемасы;

      3) республикалық маңызы бар қаланың, астананың, халқының есептік саны жүз мың тұрғыннан асатын облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарлары;

      4) жалпымемлекеттік маңызы бар өзге де қала құрылысы жобалары бойынша кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізеді.

      16. Жергілікті атқарушы органдардың сараптама топтары мынадай қала құрылысы жобалары:

      1) облыстар, аудандар аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемалары;

      2) халқының есептік саны жүз мың тұрғынға дейінгі облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарлары;

      3) халқының есептік саны бес мың тұрғыннан асатын елді мекендердің бас жоспарлары бойынша кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізеді.

      17. Кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу үшін ведомство (жергілікті атқарушы орган) қала құрылысы жобасының әрбір сараптамасына жеке сараптама комиссиясын (сараптама тобын) құрады және сараптама комиссиясының (сараптама тобының) құрамынан хатшыны айқындайды.

      18. Төраға (басшы), төрағаның орынбасары (басшының орынбасары), мемлекеттік сараптама ұйымы (оның аумақтық бөлімшелері) сарапшыларының қатарынан жобалардың тиісті бөлімдері (бөліктері) бойынша аттестатталған сарапшылар және жобалау ұйымдары, мамандандырылған ғылыми-зерттеу институттары мамандарының қатарынан консультанттар сараптама комиссиясының (сараптама тобының) мүшелері болып табылады.

      Ведомствоның (жергілікті атқарушы органның) бірінші басшысының орынбасарынан төмен емес лауазымды тұлға сараптама комиссиясының (сараптама тобының) төрағасы (басшысы) болып табылады. Төраға (басшы) болмаған уақытта оның функцияларын оны алмастыратын адам орындайды.

      Сараптама комиссиясы (сараптама тобы) мүшелерiнiң жалпы саны тақ сан болып табылады және кемiнде тоғыз адамды құрайды.

      19. Сараптама комиссиясы (сараптама тобы) оны құру туралы шешім күшіне енген күннен бастап жұмыс істейді және сараптама комиссиясы (сараптама тобы) сараптамалық қорытынды берген күннен бастап өз қызметін тоқтатады.

      20. Қажет болған жағдайда сараптама комиссиясының (сараптама тобының) жұмыс отырысына мүдделі салалық мемлекеттік органдардың өкілдері, атқарушы органдар мен орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелерінің мамандары, қаралып отырған жобаның тапсырыс берушілері мен әзірлеушілерінің уәкілетті өкілдері шақырылады.

5-тарау. Жобалардың кешенді ведомстводан тыс немесе кешенді қала құрылысы сараптамасына қатысу үшін мамандарды (мамандандырылған институттар мен ұйымдарды) тарту тәртібі

      21. Сараптама ұйымы штатында талап етілетін мамандықтағы аттестатталған сарапшы болмаған жағдайда не қаралып отырған жобаны бағалау үшін мамандардың пікірі талап етілетін жағдайда, аттестатталған сарапшыларға немесе сараптама комиссиялары (сараптама топтары) үшін консультанттар ретінде шарт негізінде сараптама комиссияларының (сараптама топтарының) жұмысына қатысуға:

      бірегей объектілердің құрылыс жобалары бойынша, сондай-ақ ерекше, бір бағытта мамандандырылған білім мен тәжірибе болуын талап ететін (шоғырландырылған) инновациялық материалдарды, бұйымдарды, жабдықтар мен технологияларды қолдану бөлігінде өзге объектілердің құрылыс жобалары бойынша кешенді ведомстводан тыс сараптаманы;

      сараптама комиссиялары (сараптама топтары) қарап отырған жобаларда айрықша реттеу және қала құрылысын регламенттеу объектiлерi болған кезде аумақтардың қала құрылысын жоспарлау жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасын жүзеге асыратын консултанттар тартылады.

      Тартылған мамандардың консультациялық қызмет көрсетуі мерзімдері мен тәртібі шартпен реттеледі.

      22. Консультанттармен тиісті шарттар жасасу кезінде:

      мамандандырылған институттар мен ұйымдар үшін – олардың тиісті мәртебесін растайтын құжаттардың болуы;

      мамандар үшін – олардың кәсіби білімдері мен біліктілігін не тиісті отандық және (немесе) шетелдік мамандандырылған институттар мен ұйымдардағы практикалық қызметін растайтын құжаттардың болуы қажетті шарт болып табылады.

      23. Қаралатын жобаларды дайындауға және (немесе) әзірлеуге тікелей немесе жанама түрде қатысқан не оларды әзірлеген мамандандырылған институттар мен ұйымдардың өкілдері болып табылатын консультанттарды сараптама комиссияларының және сараптама топтарының құрамына қосуға, сондай-ақ жобалар сараптамасына өзге нысанда қатысу үшін тартуға жол берілмейді.