Нысаналы даму трансферттерін қарау және іріктеу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы № 126 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 31 наурызда № 10593 тіркелді.

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 46-бабының 8-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Нысаналы даму трансферттерін қарау және іріктеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бюджет заңнамасы департаменті (З.А. Ерназарова) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жіберілуін;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Министр Б. Сұлтанов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      ________________ Е. Досаев

      2015 жылғы 27 ақпан

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2015 жылғы 25 ақпандағы
№ 126 бұйрығымен бекітілген

Нысаналы даму трансферттерін қарау және іріктеу қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Нысаналы даму трансферттерін қарау және іріктеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 46-бабы 8-тармағына сәйкес әзірленді және жоғары тұрған бюджеттен төмен тұрған бюджеттерге берілетін нысаналы даму трансферттерін қарау және іріктеу тәртібін айқындайды.

      2. Жоғары тұрған бюджеттер төмен тұрған бюджеттерге жергілікті бюджеттік даму бағдарламаларын іске асыру үшін республикалық, облыстық, аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджетте бекітілген сомалар шегінде беретін трансферттер нысаналы даму трансферттері болып табылады.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 21.08.2017 № 506 бұйрығымен

2. Нысаналы даму трансферттерін қарау тәртібі

      3. Төмен тұрған бюджеттерге нысаналы даму трансферттері алдыңғы қаржы жылында бөлінген нысаналы даму трансферттері бойынша бюджеттік бағдарламаларда айқындалған жергілікті бюджеттік инвестициялардың тікелей нәтижелеріне қол жеткізілген кезде бөлінеді. Алдыңғы қаржы жылында тікелей нәтижелерге қол жеткізілмеген және жергілікті бюджеттен қоса қаржыландыру қамтамасыз етілмеген жергілікті бюджеттік инвестицияларды іске асыруға нысаналы даму трансферттері қайта берілмейді.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 18.01.2018 № 36 бұйрығымен.

      4. Жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 5 желтоқсандағы № 129 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілер тізілімінде № 9938 болып тіркелген) (Бұдан әрі – № 129 бұйрық) бекітілген Мемлекеттік инвестициялық жобаның инвестициялық ұсынысын әзірлеу немесе түзету, қажетті сараптамаларды жүргізу, сондай-ақ бюджеттік инвестицияларды жоспарлау, қарау, іріктеу, мониторингілеу және іске асырылуын бағалау қағидаларында белгіленген тәртіппен бюджеттік инвестициялар (объектілер) бөлісінде жергілікті бюджеттік инвестициялар (бұдан әрі – ЖБИ) әзірлейді және ЖБИ тізбесін қалыптастырады, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі тиісті жергілікті уәкілетті органға жібереді.

      5. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган:

      1) бюджеттік инвестициялар (объектілер) бөлінісінде жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің ЖБИ тізбесін қарайды;

      2) № 129 бұйрыққа сәйкес ЖБИ қарайды және ЖБИ қаржыладыру көзін анықтай отырып, экономикалық қорытынды дайындайды;

      3) экономикалық қорытынды негізінде бюджеттік инвестициялар (объектілер) бөлісінде ЖБИ тізбесін жасайды.

      Жоғары тұрған бюджеттен берілетін нысаналы даму трансферттерінің есебінен Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспарына, Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасына, өңірлердің стратегиялық бағыттары мен әлеуметтік-экономикалық дамуына, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына, мемлекеттік бағдарламаларға, аумақтарды дамыту бағдарламаларына сәйкес келетін ЖБИ іске асырылады.

      Нысаналы даму трансферттері мыналарға:

      1) білім беру объектiлерiн; жергiлiктi маңызы бар басым білім беру объектiлерiн;

      2) денсаулық сақтау объектiлерiн; жергiлiктi маңызы бар денсаулық сақтаудың басым объектiлерiн;

      3) медициналық-әлеуметтік мекемелерді: психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемелерді, мүгедектерге арналған оңалту орталықтарын, мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталықтарын;

      4) автоматтандырылған газды бөлу станцияларын сала отырып, магистральді газ құбырларынан жоғары қысымды газ өткізу-бұру құбырларын және жоғары қысымды кент аралық келтіруші газ құбырларын;

      5) мемлекеттік (салалық) бағдарлама бойынша жалға берілетін (коммуналдық) тұрғын үйлерді;

      6) облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын, қалалардың және елді мекендердің көшелерін;

      7) қалалар мен ауылдық елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін;

      8) халықты, объектілер мен аумақтарды дүлей табиғи зілзалалардан инженерлік қорғау объектілерін;

      9) жергiлiктi маңызы бар мәдениет, спорт және туризм, абаттандыру, қоршаған ортаны қорғау, агроөнеркәсіптік кешен, орман, балық шаруашылығы, коммуналдық, су шаруашылығы, көліктік, инженерлік-коммуникациялық, индустриялық-инновациялық инфрақұрылым, жылу-энергетикалық жүйе, қоғамдық тәртіп және қауіпсіздік объектілерін;

      10) мамандандырылған халыққа көмек көрсету орталықтары объектілерін салуға, қайта жаңартуға бөлінеді.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 21.08.2017 № 506; өзгеріс енгізілді – 21.08.2017 № 506; 05.01.2020 № 1457 бұйрықтарымен.

      5-1. Нысаналы даму трансферттері республикалық бюджеттен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттеріне тиісті саланың орталық уәкілетті органдардың айқындауы бойынша өңірлерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету орташа республикалық деңгейден төмен болған кезде мемлекеттік бағдарламалар нәтижелерінің мақсаттарына, міндеттеріне, нысаналы индикаторларына және нәтижелер көрсеткіштеріне сәйкес бөлінеді.

      Бұл ретте, республикалық бюджеттен:

      ауылдарда және қалаларда 3 және одан да көп ауысымды оқыту және оқушылар орындарының тапшылығы проблемасын шешетін апатты жай-күйде тұрған және бұзуға жататын мектептердің орнына қуаттылығы 300 және одан да көп, ал республикалық маңызы бар қалаларға және астанаға іргелес елді мекендерде қуаттылығы 300 аз жалпы білім беру мектептерін;

      медициналық көмектің қол жетімділігіне шектеу қаупін тудыратын апатты және бұзуға жататындардың орнына қуаттылығы кемінде 200 төсектік көп бейінді және туберкулезге қарсы ұйымдардың және ауысымына кемінде 250 адам қабылдайтын қуаттылығы бар емханалардың;

      республикалық маңызы бар қалалар мен астанаға іргелес, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалар мен астананың шетінде орналасқан елді мекендерде, және тіректі ауылдық елді мекендерде ауысымына кемінде 250 адам қабылдайтын амбулаторлық-емханалық ұйымдардың;

      жергілікті денсаулық сақтау ұйымдарына арналған қанды, оның құрауыштары мен препараттарын өндіру орталықтарының;

      психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемелерінің;

      балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемелерінің;

      мүгедектерге арналған оңалту орталықтарының, оңалту және мүгедек балаларды бейімдеу орталықтарының;

      облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының;

      тұрғын үй мен тұрғын үйге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның;

      объектілердің, ғимараттардың, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің;

      республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың көшелерінің;

      кернеуі 35/10/0,4 кВ жоғары, ал республикалық маңызы бар қалалар мен астанаға іргелес елді мекендерде және халық саны 50 мың адамға дейін шағын қалаларда, сондай-ақ тіректі ауылдық елді мекендерде кернеуі 0,4 кВ және жоғары кіші станциялар мен электртаратушы желілерінің;

      қуаттылығы 100 Гкал/сағ жоғары, ал республикалық маңызы бар қалалар мен астанаға іргелес елді мекендерде және халық саны 50 мың адамға дейін шағын қалаларда, сондай-ақ тіректі ауылдық елді мекендерде барлық қуаттылықтағы жылуэлектрорталықтарының және қазандықтарының;

      магистралды газқұбырларының, магистралды газқұбырларынан жоғары қысымды азқұбырларының-бұрулардың, автоматтандырылған газтаратушы станцияларының, жоғары қысымды кентаралық әкелуші газқұбырларының, елді мекендердің шекаралары (шегі) шегінде газтаратушы желілерінің;

      полигондардың (қауіпсіз, қатты тұрмыстық қалдықтар);

      тұрғындар саны елу мың адамнан аз елді мекендер үшін сұрыптау кешендерінің (станцияларының);

      шағын елді мекендерде қоқысты тиеу кешендерінің (алаңдарының);

      құрылыс материалдарын қайта өңдеуге арналған алаңдардың;

      қалдықтарды орналастыру объектілерін қалпына келтірудің құрылысына, оларды реконструкциялауға, кеңейтуге және жаңартуға арналған шығыстар қаржыландырылады.

      Ескерту. 2-тарау 5-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Қаржы министрінің 28.11.2017 № 689; жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – ҚР Қаржы министрінің 22.04.2019 № 372; 05.01.2020 № 1457 бұйрықтарымен.

      6. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандық маңызы бар қаланың аудандық (облыстық маңызы бар қаланың), ауылдың, кенттің, ауылдық округтің жергілікті атқарушы органы нысаналы даму трансферттерінің сомаларын айқындау үшін ағымдағы қаржы жылының 15 наурызынан кешіктірмей тиісті орталық мемлекеттік органға немесе облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандық маңызы бар қаланың бюджеттерінен, аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органға:

      1) объектілер бөлінісінде ЖБИ тізбесі және олар бойынша шығыстар сомалары көрсетілген өтінімді;

      2) техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуді талап ететін жергілікті бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысымен (бар болған жағдайда) техникалық-экономикалық негіздемені;

      3) жергілікті бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысымен (бар болған жағдайда) жобалау-сметалық құжаттаманы;

      4) ТЭН-ге немесе ЖСҚ-ға мемлекеттік орган-бағдарламалар әкімшісінің немесе сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның бұйрығын (бар болған жағдайда);

      5) жергілікті мемлекеттік бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша инвестициялық ұсынысты;

      6) заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы іске асыру жоспарланған жергілікті бюджеттiк инвестициялардың қаржы-экономикалық негiздемесiн;

      7) инвестициялық ұсыныстарға экономикалық қорытындыларды, бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша экономикалық қорытындыларды және заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы іске асыру жоспарланған бюджеттік инвестициялар бойынша, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі тиісті жергілікті уәкілетті органның экономикалық қорытындыларын;

      8) облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттері немесе аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджет есебінен қаржыландырылатын тиісті атқарушы органның салалық қорытындысын ұсынады.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы министрінің 21.08.2017 № 506 бұйрығымен

      7. Тиісті орталық мемлекеттік орган немесе облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетінен қаржыландырылатын атқарушы орган:

      1) стратегиялық және бағдарламалық құжаттар негізінде тиісті саланы дамытудың басымдығын;

      2) өңірдің орналасқан жерін және халқының тығыздығын;

      3) өңірдегі халықтың сырқаттану және өлім-жітім деңгейін (денсаулық сақтау объектілерін салу үшін);

      4) авариялық жай-күйде тұрған объектілердің проблемаларын шешуді;

      5) денсаулық сақтау объектілерінің жай-күйін (үй-жайлардың жеткілікті жиынтығының болмауы, ұйымның іс жүзіндегі қуатының жоспарланғанмен сәйкес келмеуі);

      6) қолданыстағы желіні денсаулық сақтау және білім беру ұйымдары желісінің бекітілген нормативіне сәйкес келтіруді (денсаулық сақтау және білім беру объектілерін салу үшін);

      7) мемлекет кепілдік берген арнайы әлеуметтік қызметтердің жоспарланған көлемдерін;

      8) мүгедектердің санын, нозология (ауру) түрлері бойынша мүгедектік құрылымын, өңірлер бойынша мүгедектік ауырлығының деңгейін;

      9) қарттар мен мүгедектердің, оның ішінде жекелеген аурулар бойынша болжамды санын;

      10) әлеуметтік қызмет көрсету объектілерінде орынның тапшылығын қысқартуды;

      11) меншік нысанына қарамастан, тиісті сала ұйымдарының жұмыс істейтін желілерінің болуын (қуаты, іс жүзіндегі жүктеме және олардың техникалық жай-күйі);

      12) әлеуметтік қызмет көрсетудің заманауи нысандарын енгізу үшін инфрақұрылымды дамытуды (құруды);

      13) сумен тұрақты қамтамасыз ету және суды пайдаланудың тиімді деңгейі бойынша жағдай жасау үшін ауыз сумен қамтамасыз ету объектілері жағдайын;

      14) ЖБИ-ні іске асыруға жер учаскелерін бөлу туралы тиісті әкімдік шешімінің болуын;

      15) ЖБИ-ні іске асыруға жергілікті бюджетте қаражаттың болуын;

      16) өткен қаржы жылы бөлінген нысаналы даму трансферттері бойынша нәтижелер туралы келісімдерде айқындалған тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізілуін;

      17) экономиканың аралас салаларына (аяларына) ЖБИ-ні іске асырудан болжанатын әсерді бағалауды;

      18) облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығын ескере отырып, № 129 бұйрығында белгіленген талаптарға сай келетін ЖБИ объектілер бөлінісінде ЖБИ тізбесіне енгізеді.

      Өткен қаржы жылында объективті себептер бойынша басталған (жалғасып отырған) және аяқталмаған ЖБИ басым тәртіппен іріктеледі.

      Іске асырылуына қаражат республикалық бюджеттен нысаналы даму трансферттері түрінде бөлінетін ЖБИ-ді қаржыландыру көлемі 3 %-дан кем емес мөлшерде айқындалатын Нұр-Сұлтан қаласының жергілікті бюджетін қоспағанда, ЖБИ-ді жергілікті бюджеттен қаржыландыру көлемі барлық салалар бойынша әрбір жаңа жергілікті инвестициялық жоба бойынша жоспарлы кезеңге кемінде 10 % мөлшерінде айқындалады. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың резервтерінен нысаналы даму трансферттері түрінде қаражат бөлу кезінде тиісті жергілікті бюджеттерден қаржыландыру талап етілмейді.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы министрінің 21.08.2017 № 506; 28.11.2017 № 689; 05.01.2020 № 1457 бұйрықтарымен.

      8. Тиісті орталық мемлекеттік орган қарау және келісу үшін ағымдағы қаржы жылының 25 наурызынан кешіктірмей мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға салалық сараптама қорытындысымен бірге республикалық бюджеттен нысаналы даму трансферттері есебінен қаржыландырылатын объектілер бөлісінде ЖБИ тізбесін қарау және келісу үшін жібереді.

      Құжаттармен нысаналы даму трансферттері есебінен қаржыландыруға ұсынылатын объектілер бөлісіндегі ЖБИ тізбесін облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерінен, аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) бюджеттен қаржыландырылатын тиісті жергілікті атқарушы орган мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органға, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджеттерінен қаржыландырылатын әкім аппараты ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органына жібереді.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы министрінің 21.08.2017 № 506 бұйрығымен

      9. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті орган бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері ұсынған ЖБИ тізбелерінің:

      1) стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға (Қазақстан Республикасын дамыту стратегиялық жоспарына; елдің аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамдық схемасына; мемлекеттік бағдарламаларға; аумақтарды дамыту бағдарламаларына; мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына) сәйкестігін;

      2) стратегиялық жоспар жобасының мақсаты мен міндеттеріне қол жеткізілуін;

      3) өңірдің стратегиялық бағыттары мен әлеуметтік-экономикалық дамуына сәйкестігін;

      4) елді мекеннің ұзақ мерзімді (10 жылдан астам) кезеңге даму әлеуетін;

      5) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 20 сәуірдегі № 29, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2019 жылғы 23 сәуірдегі № 164, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2019 жылғы 25 сәуірдегі № ҚР ДСМ-50, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 23 сәуірдегі № 243, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2019 жылғы 22 сәуірдегі № 113 және Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2019 жылғы 25 сәуірдегі № 56/НҚ бірлескен бұйрығымен бекітілген, Елді мекендерге арналған өңірлік стандарттар жүйесінің ережелеріне сәйкестігін (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18592 болып тіркелген);

      6) тиісті құжаттаманың болуын қарайды.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің м.а. 05.01.2020 № 1457 бұйрығымен

      10. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган республикалық бюджеттен берілетін нысаналы даму трансферттері есебінен қаржыландырылатын ЖБИ тізбесін қарайды, және ағымдағы қаржы жылының 5 мамырынан кешіктірмей салалар мен өңірлер бойынша жеткізілген шығыстар лимиті шегінде ЖБИ тиісті жоспарлы кезеңге республикалық бюджет жобасына енгізу қисындылығы туралы қорытынды дайындайды және тиісті орталық мемлекеттік органға жібереді.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 18.01.2018 № 36 бұйрығымен.
      11. Алып тасталды – ҚР Қаржы министрінің 18.01.2018 № 36 бұйрығымен.

3. Нысаналы даму трансферттерін іріктеу тәртібі

      12. Тиісті орталық мемлекеттік орган бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға стратегиялық жоспарлардың жобаларын немесе стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулар жобаларын, бюджеттік бағдарламалардың жобаларын;

      бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға бюджеттік өтінімдерді толық көлемде және бюджеттік бағдарламалардың жобаларын, сондай-ақ стратегиялық жоспарлардың жобаларын немесе стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын ұсынады.

      Бюджеттік бағдарламалар жобалары мен бюджеттік өтінімді бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерінен, аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) бюджеттен қаржыландырылатын тиісті жергілікті атқарушы орган мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органға, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджеттерінен қаржыландырылатын әкім аппараты ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органына жібереді.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы министрінің 21.08.2017 № 506; 18.01.2018 № 36 бұйрықтарымен.

      13. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган өңірлік саясат мәселелері жөніндегі комиссияның ұсынымдарын ескере отырып немесе мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган нысаналы даму трансферттері бойынша ЖБИ тізбесін қалыптастырады және тиісті бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.

      14. ЖБИ тізбесін тиісті бюджет комиссиясы мақұлдаған жағдайда, бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган немесе мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган ұсынылған ЖБИ тізбелерінің негізінде тиісті жоспарлы кезеңге арналған республикалық, облыстық бюджеттердің, аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) бюджеттің жобасына қосу үшін әрбір сала бойынша өңірлер бөлінісінде нысаналы даму трансферттерінің жалпы сомасын айқындайды.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 18.01.2018 № 36 бұйрығымен.

      15. Тиісті жергілікті бюджеттерде іске асыруға қаражат көзделген объектілер бөлісіндегі жергілікті бюджеттік инвестициялық жобалар туралы жиынтық ақпаратты жергілікті бюджеттер туралы мәслихаттардың шешімдерін іске асыру туралы жергілікті атқарушы органдардың тиісті қаулылары қабылданғаннан кейін екі апта мерзімде ағымдағы қаржы жылы мен жоспарлы кезеңге жылдық сома көрсетіле отырып:

      облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға;

      аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары облыстың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органға;

      аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің аппараттары ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органға жібереді.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 21.08.2017 № 506 бұйрығымен

      16. Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның Қазақстан Республикасының Республикалық бюджет туралы Заңын іске асыру туралы қаулысын немесе мәслихаттың жергілікті бюджет туралы шешімінің жобасын әзірлеу кезінде бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган немесе мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган бюджеттік бағдарламалардың әрбір әкімшісі бойынша өңірлер бөлінісінде тиісті жоспарлы кезеңге нысаналы даму трансферттерінің сомаларын көздейді.