Тауар биржалары арқылы өткізілетін биржалық тауарлардың тізбесін және ұсынылатын партиялардың ең аз мөлшерін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 26 ақпандағы № 142 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 31 наурызда № 10587 тіркелді

Қолданыстағы

      «Тауар биржалары туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы  4 мамырдағы Заңының 4-бабының 2-2) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған тауар биржалары арқылы өткізілетін биржалық тауарлардың тізбесі және ұсынылатын партиялардың ең аз мөлшері бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Сауда қызметін реттеу департаменті:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде тіркелгеннен кейін ресми он күнтізбелік күн ішінде оның мерзімді баспа басылымдар және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануына жіберілуін;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсында жариялануын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика жетекші вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    Е. Досаев

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасы
      Инвестициялар және даму
      Министрінің міндеттерін атқарушы
      __________________ А. Рау
      2015 жылғы 4 ақпан

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасы
      Ауыл шаруашылығы министрлігі
      __________________ А. Мамытбеков
      2015 жылғы 2 наурыз

Қазақстан Республикасы  
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 26 ақпандағы  
№ 142 бұйрығымен бекітілді

Тауар биржалары арқылы өткізілетін биржалық тауарлардың
тізбесі және ұсынылатын партиялардың ең аз мөлшері


Тауардың қысқаша атауы КО СЭҚ ТН коды Партияның ең аз мөлшері
1 2 3 4

1.

Жаңадан піскен және тоңазытылған картоп: өзгесі

0701 90 900 0

60 тонна

2.

Бидай және меслин: өзге де спельта, жұмсақ бидай және меслин: өзгелері*

1001 91 900 0,
1001 99 000 0

600 тонна

3.

Арпа: өзгесі*

1003 90 000 0

600 тонна

4.

Ұсақталған немесе ұсақталмаған соя бұршақтары: өзгелері

1201 90 000 0

600 тонна

5.

Ақ қант

1701 99 100

60 тонна

6.

Боялмаған немесе боялған, дайын немесе клинкерлер түріндегі портландцемент, сазбалшықты цемент, қожды цемент, суперсульфатты цемент және ұқсас гидравликалық цементтер

2523

60 тонна

7.

Таскөмір; таскөмірден алынған брикеттер, шекемтастар және қатты отынның ұқсас түрлері

2701

3 000 тонна

8.

Гагаттан басқа, агломерацияланған немесе агломерацияланбаған лигнит немесе қоңыр көмір

2702

3 000 тонна

9.

Кардтық немесе тарақпен тарауға ұшыраған мақта талшығы

5203 00 000 0

600 тонна

      * - көрсетілген тізбе астықтың мемлекеттік ресурсына қолданылмайды.