Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 ақпандағы № 70 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 4 наурызда № 10379 тіркелді

Қолданыстағы

      «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 139-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса берілген Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Мемлекеттік активтерді басқару саясаты департаменті:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркелуін және бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсін;
      2) осы бұйрық орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың назарына жеткізсін;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күшіне енеді және ресми жариялануға жатады.

      Министр                                    Е. Досаев

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасы
      Денсаулық сақтау және
      әлеуметтік даму министрі
      ___________ Т. Дүйсенова
      2015 жылғы «__» _______

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасы
      Қаржы министрі
      ___________ Б. Сұлтанов
      2015 жылғы «__» _______

Қазақстан Республикасы  
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 2 ақпандағы № 70
бұйрығымен бекітілген  

Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидалар «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес (бұдан әрі – Заң) әзірленді және Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын жекелеген мемлекеттік білім беру кәсіпорындарының бірінші басшыларын қоспағанда, мемлекеттік кәсіпорынның (бұдан әрі - кәсіпорын) басшысын конкурстық іріктеу, тағайындау және аттестаттау, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу тәртібін регламенттейді.
      2. Кәсіпорынның басшысын конкурстық іріктеуді, тағайындауды және аттестаттауды, сондай-ақ оның кандидатурасын келісуді тиісті саланың уәкілетті органдары (жергілікті атқарушы органдар) жүргізеді.
      3. Мемлекеттік кәсіпорын басшысының кандидатурасын келісу байқау кеңесі бар шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарда жүзеге асырылады.

2. Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау тәртібі

      4. Кәсіпорын басшысының лауазымына кандидатуралар іріктеу кезінде қойылатын негізгі талаптар мыналар болып табылады:
      1) қажетті бейіні бойынша жоғары білімінің және тиісті саланың уәкілетті органы (жергілікті атқарушы орган) бекіткен біліктілік талаптарына сәйкес келетін кәсіби даярлық деңгейінің болуы;
      2) мамандығы бойынша экономика саласы кәсіпорнының бейініне сәйкес басшы лауазымдарда кемінде 5 жыл жұмыс өтілінің болуы.
      5. Конкурсқа мынадай тұлғалар қабылданбайды:
      1) он сегіз жасқа толмаған;
      2) бұрын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де жағдайлар.
      6. Тиісті саланың уәкілетті органы (жергілікті атқарушы орган):
      1) конкурсты өткізу туралы шешім қабылдайды;
      2) конкурсты өткізу шартын, күні мен орнын белгілейді;
      3) конкурстық комиссияны (бұдан әрі - Комиссия) қалыптастырады, тиісті саланың уәкілетті органы (жергілікті атқарушы органы) өкілдерінің арасынан Комиссия төрағасын және Комиссия хатшысын тағайындайды.
      7. Комиссия мүшелерінің саны тақ санды, кемінде бес адамды құрайды.
      8. Комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) конкурстық құжаттаманы дайындайды;
      2) тиісті кәсіпорынның қаражаты есебінен конкурс өткізу туралы хабарландырудың жариялануын қамтамасыз етеді;
      3) конкурсқа қатысу үшін ұсынылған құжаттарды қабылдауды, тіркеуді және сақтауды жүргізеді;
      4) конкурстың қорытындылары бойынша тиісті саланың уәкілетті органына (жергілікті атқарушы органға) шешімді енгізеді.
      9. Республикалық, облыстық және аудандық кәсіпорын басшысының лауазымына орналасуға конкурс өткізу туралы хабарландыру ресми бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ уәкілетті органның (жергілікті атқарушы органның) интернет-ресурсында мемлекеттік және орыс тілдерінде конкурс өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он бес күн бұрын жарияланады.
      10. Конкурс өткізу туралы хабарландыру мынадай мәліметтерді қамтиды:
      1) конкурстың өткізілетін күні мен орны;
      2) орналасқан орнын, пошталық мекенжайын, телефонын көрсете отырып, кәсіпорынның атауы, оның негізгі қызметінің қысқаша сипаттамасы;
      3) конкурсқа қатысушыларға қойылатын талаптар;
      4) конкурсқа қатысу туралы өтініштерді беру мерзімі;
      5) конкурсқа қатысуға үміткер тұлғалардан құжаттар қабылдау басталатын күн бұқаралық ақпарат құралдарында конкурс өткізу туралы хабарландыру орналастырылған күннен бастап айқындалады. Конкурсқа қатысуға үміткер тұлғалардың құжаттарын қабылдау бұқаралық ақпарат құралдарында конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланған күннен бастап күнтізбелік он бес күн өткеннен кейін аяқталады.
      11. Конкурсқа қатысуға үміткер тұлға конкурс өткізу туралы хабарландыруда көрсетілген мерзімде мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) конкурсқа қатысу туралы өтініш;
      2) мемлекеттік және орыс тілдерінде түйіндеме;
      3) еркін нысанда жазылған өмірбаян;
      4) білімі туралы құжаттардың көшірмелері;
      5) еңбек кітапшасының (ол болған кезде) немесе еңбек шартының көшірмесі не соңғы жұмыс орнынан жұмысқа қабылданғаны және еңбек шартының тоқтатылғаны туралы бұйрықтардың көшірмелері;
      6) «Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушысының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6697 болып тіркелді) бекітілген нысан бойынша денсаулық жағдайы туралы анықтама.
      Конкурсқа қатысушы өзінің біліміне, жұмыс өтіліне, кәсіби даярлық деңгейіне қатысты қосымша ақпаратты (біліктілігін арттыру, ғылыми дәрежелер мен атақтар беру, ғылыми жарияланымдар туралы құжаттардың көшірмелері, сондай-ақ бұрынғы жұмыс орнының басшылығынан ұсынымдар және т.с.) бере алады.
      12. Осы Қағидалардың 11-тармағында көрсетілген барлық құжаттар болған жағдайда, сондай-ақ тұлға осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келген кезде Комиссия құжаттар қабылдау аяқталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде құжаттар тапсырған тұлғаны конкурсқа қатысуға жіберу туралы шешім қабылдайды. Конкурсқа қатысуға жіберілген тұлғалардың тізімі Комиссия хаттамасымен бекітіледі.
      13. Конкурсқа қатысуға жіберілген тұлғалардың тізімі бекітілгеннен кейін Комиссия конкурсқа қатысушылар ұсынған құжаттарды зерделейді және күнтізбелік он күн ішінде конкурсқа қатысушылармен әңгімелесу өткізеді.
      14. Комиссия конкурсқа қатысушылармен әңгімелесу өткізу кезінде мемлекеттік кәсіпорын қызметі саласындағы қатынастарды реттейтін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін білуін тексереді.
      Сондай-ақ тиісті саланың уәкілетті органы (жергілікті атқарушы орган) бекіткен тиісті кәсіпорын басшысының біліктілік талаптары мен лауазымдық нұсқаулығының негізінде конкурсқа қатысушылардың кәсіби білімі айқындалады.
      15. Комиссияның шешімі Комиссия мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік ашық дауыс беруімен қабылданады. Дауыстар тең болған кезде Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады. Комиссия отырысы Комиссия мүшелерінің жалпы санының үштен екісі қатысқан кезде заңды болып саналады.
      Ерекше пікірі бар Комиссия мүшелері оны білдірген жағдайда жазбаша түрде мазмұндалып және хаттамаға қоса тіркеледі.
      Талқылау барысы және Комиссия қабылдаған шешім Комиссияның барлық мүшелері мен Комиссия хатшысы қол қоятын хаттама түрінде ресімделеді.
      Комиссия отырысының хаттамасын ресімдеуді Комиссия хатшысы жүзеге асырады.
      16. Егер конкурсқа қатысуға осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келетін екі үміткерден кем конкурстық өтінім ұсынылса немесе конкурстық өтінімдер түспесе немесе қайтарылып алынса, сондай-ақ конкурс нәтижесінде Комиссия кандидаттарды анықтамаса, онда конкурстық комиссия конкурсты өтпеді деп таниды және қайта конкурс өткізу туралы шешім қабылдайды.

3. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын басшысының кандидатурасын келісу

      17. Байқау кеңесі бар шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарда тиісті саланың уәкілетті органы (жергілікті атқарушы орган) Комиссия шешімдерінің негізінде мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау мәселесі жөнінде ұсынысты байқау кеңесіне келісуге енгізеді.
      18. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесі тиісті саланың уәкілетті органы (жергілікті атқарушы орган) мемлекеттік кәсіпорын басшысының кандидатурасын енгізген күннен бастап он жұмыс күні ішінде ұсынылған кандидатураны келіседі.
      19. Байқау кеңесі ұсынылған кандидатура бойынша теріс шешім қабылдаған жағдайда, тиісті саланың уәкілетті органы (жергілікті атқарушы орган) кәсіпорын басшысын таңдау бойынша қайта конкурс өткізеді. Байқау кеңесі тиісті саланың уәкілетті органы (жергілікті атқарушы орган) ұсынған мемлекеттік кәсіпорын басшысының кандидатурасын көп дегенде екі рет келіспеуге құқылы.

4. Басшыны лауазымға тағайындау

      20. Комиссияның оң шешімін алған конкурсқа қатысушымен және осы Қағидалардың 3-бөлімінде көзделген шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесінің келісуі қажет болған жағдайларда тиісті саланың уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның) басшысы еңбек шартын (бұдан әрі - Шарт) жасасады және кәсіпорынның басшысы танысуы тиіс лауазымға тағайындау туралы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес бұйрық шығарады.
      Сонымен бір мезгілде Комиссияның оң шешімін алған конкурсқа қатысушы және осы Қағидалардың 3-бөлімінде көзделген шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесінің келісуі қажет болған жағдайларда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» 1998 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес:
      1) тиісті саланың уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның) кадр қызметіне өзінің мәртебесін және оған негізделген беделін жеке, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделерге пайдалануға әкелуі мүмкін іс-қимылдарға жол бермеу мақсатында шектеулерді қабылдауға жазбаша келісімін;
      2) тұрғылықты жері бойынша салық органына:
      табысы туралы декларацияны;
      көрсетілген мүліктің бағалау құны мен орналасқан жерін көрсете отырып, салық салу объектісі болып табылатын, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлердегі мүлкі туралы декларацияны;
      мыналар:
      банк мекемесін көрсете отырып, банк мекемелеріндегі салымдар туралы және бағалы қағаздар туралы, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлердегі бағалы қағаздар туралы, сондай-ақ осы тұлғалар жеке немесе басқа тұлғалармен бірлесіп иелік етуге құқылы қаржы қаражаты туралы;
      жарғылық капиталдағы қатысу үлесін және көрсетілген ұйымдардың толық банктік және өзге де деректемелерін көрсете отырып, акционер немесе заңды тұлғалардың құрылтайшысы (қатысушысы) ретінде өзінің тікелей немесе делдалдық қатысуы туралы;
      егер тұлға немесе оның зайыбы (жұбайы) осы трасттардың бенефициары болса, тиісті банктік шоттардың нөмірлерін көрсете отырып, трасттар мен олар тіркелген мемлекеттер туралы;
      тұлғаға немесе зайыбына (жұбайына) тиесілі, айлық есептік көрсеткіштің бір мың еселенген мөлшерінен асатын мөлшердегі материалдық немесе қаржылық қаражатты ұстау немесе уақытша сақтау жөніндегі тұлғамен шарттық қатынастары, келісімдері мен міндеттемелері (оның ішінде ауызша) бар басқа ұйымдардың атаулары мен деректемелері туралы мәліметтерді беруі қажет.
      21. Шарт тараптардың келісімімен айқындалатын кемінде бір жыл мерзімге жасалады. Қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін Шарт тараптардың келісімі бойынша ұзартылуы немесе жаңа мерзімге жасалуы мүмкін.
      Шартта сынақ мерзімі белгіленеді. Сынақ мерзімі аяқталғаннан кейін кәсіпорын басшысының атқарып отырған лауазымға сәйкессіздігі анықталған жағдайда, Шартты тиісті саланың уәкілетті органы (жергілікті атқарушы орган) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес бұза алады.
      22. Мемлекеттік кәсіпорынның басшысымен еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес:
      республикалық мемлекеттік кәсіпорын - тиісті саланың уәкілетті органымен;
      коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын - жергілікті атқарушы органмен еңбек шартын жасасуы арқылы ресімделеді.
      Еңбек шартында Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде белгіленген талаптардан басқа, мемлекеттік кәсіпорын басшысының:
      таза табыстың белгіленген бір бөлігінің бюджетке уақтылы аударылуы;
      қаржы-шаруашылық қызметінің қанағаттанарлықсыз нәтижелері;
      мемлекеттік мүлікті пайдалану кезіндегі заңсыз әрекеттері;
      мемлекеттік мүліктің тізіліміне ақпараттың уақтылы және сапалы берілуі;
      сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етуге бағытталған шаралар қабылдамағаны үшін жауапкершілігі айқындалады.
      23. Байқау кеңесі бар шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарда тиісті саланың уәкілетті органы (жергілікті атқарушы орган) кәсіпорын басшысымен шартты бұзу мәселесін алдын ала байқау кеңестерімен келіседі.

5. Аттестаттау жүргізу тәртібі

      24. Аттестаттау кезінде бағалаудың негізгі талабы кәсіпорын басшысының кәсіби қызметі мен оның қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігі болып табылады.
      25. Кәсіпорынның басшысы кәсіпорын басшысы лауазымында болған әрбір келесі үш жыл өткеннен кейін аттестаттаудан өтеді.
      Бұл ретте аттестаттау көрсетілген мерзім басталған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей өткізіледі.
      26. Тиісті саланың уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның) басшысы қолданыстағы заңнамаға сәйкес аттестаттау өткізу мерзімдері және аттестаттау комиссиясының құрамы, сондай-ақ оның жұмыс кестесі бекітілетін бұйрық шығарады.
      Аттестаттау комиссиясының құрамына тиісті саланың уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның) құрылымдық бөлімшелерінің, кадр және заң қызметтерінің басшылары енгізіледі.
      Комиссия мүшелерінің саны тақ санды, кемінде бес адамды құрайды.
      Аттестаттау комиссиясы мүшелерінің арасынан төраға және дауыс беру құқығы жоқ хатшы тағайындалады.
      27. Тиісті саланың уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның) кадр қызметі кәсіпорынның аттестатталатын басшысын аттестаттау өткізу күніне дейін бір айдан кешіктірмей оны өткізу мерзімі туралы жазбаша хабардар етеді.
      28. Кәсіпорынның аттестатталатын басшысына кадр қызметі тиісті саланың уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның) құрылымдық бөлімшелерімен бірлесіп, кәсіпорын басшысының кәсіби қызметін сипаттайтын қызметтік мінездеме ресімдейді.
      29. Тиісті саланың уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның) кадр қызметі кәсіпорынның аттестатталатын басшысына осы Қағидаларға Қосымшаға сәйкес нысан бойынша аттестациялық парақ ресімдейді, оған аттестаттау коммиссиясының бекітілген шешімі енгізіледі.
      30. Аттестаттау әңгімелесу нысанында жүргізіледі. Аттестаттау комиссиясының отырысы, егер оған оның құрамының кемінде үштен екісі қатысқан кезде, заңды деп саналады.
      Дауыс беру нәтижелері комиссия мүшелерінің көпшілік дауысымен айқындалады. Дауыстар тең болған кезде, комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
      Аттестаттау комиссиясының шешімі оның отырысына қатысқан аттестаттау комиссиясының мүшелері және хатшысы қол қоятын хаттамамен ресімделеді.
      Аттестаттау комиссиясы мүшелерінің ерекше пікірге құқығы бар, ол білдірілген жағдайда жазбаша түрде мазмұндалып және комиссия хаттамасына қоса тіркеледі.
      31. Комиссия отырысына дәлелді себептермен қатыспаған кәсіпорынның аттестатталатын басшысы аттестаттаудан жұмысқа шыққаннан кейін өтеді.
      32. Аттестаттау комиссиясы ұсынылған материалдарды зерделегеннен және аттестатталатын басшымен әңгімелесуден кейін мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
      1) атқаратын лауазымына сәйкес келеді;
      2) қайта аттестаттауға жатады;
      3) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді.
      33. Аттестаттау комиссиясының атқаратын лауазымға сәйкес келмеуі туралы шешім қабылдауы аттестаттаудың теріс нәтижесі болып табылады.
      34. Аттестаттау комиссиясының шешімі ашық дауыс берумен қабылданады.
      35. Қайта аттестаттау осы Қағидаларда айқындалған тәртіппен бастапқы аттестаттау өткізілген сәттен бастап алты айдан кейін өткізіледі. Аттестаттау комиссиясы қайта аттестаттауды өткізе отырып, мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
      1) атқаратын қызметіне сәйкес келеді;
      2) атқаратын қызметіне сәйкес келмейді.
      36. Кәсіпорынның аттестатталатын басшысы аттестаттау комиссиясының шешімімен танысады.
      37. Аттестаттау комиссиясының шешімдерін Заңның 139-бабына сәйкес бір ай мерзімде тиісті саланың уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның) басшысы бекітеді.
      38. Заңның 139-бабына сәйкес аттестаттаудың теріс нәтижелері кәсіпорын басшысымен еңбек қатынастарын тоқтату үшін негіз болып табылады.

6. Қорытынды ережелер

      39. Кәсіпорын басшысы лауазымының бос орнына орналасуға конкурс өткізу, оны тағайындау және аттестаттау кезінде туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаралады.

Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын 
тағайындау және аттестаттау, сондай-ақ
оның кандидатурасын келісу қағидаларына
қосымша              

                         Аттестаттау парағы

                                                                Нысан

Аттестаттау түрі: алғашқы - о; о қайта - (Х белгісімен белгілеу)

      1. Тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда)
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
      2. Туған күні «____» _____________________ ______ жылы.
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
      3. Білімі туралы, біліктілігін арттыру, қайта даярлау туралы
мәліметтер (қашан және қандай оқу орнын аяқтады, білімі бойынша
мамандығы мен біліктілігі, біліктілігін арттыру туралы құжаттар)
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
      4. Атқарып отырған лауазымы және тағайындалу күні
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
      5. Жалпы жұмыс өтілі __________________________________________
      6. Аттестаттау комиссиясының мүшелері айтқан ескертулер мен ұсыныстар:
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
      7. Аттестатталатынның пікірі: _________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
      8. Дауыс беру қорытындылары бойынша аттестатталатынның қызметін бағалау:
      1) аттестатталды (дауыстар саны) _____________________________;
      2) аттестатталмады (дауыстар саны)____________________________;
      3) қайта аттестаттауға жатады (дауыста саны) _________________.
      Аттестаттау парағымен
      таныстым: ____________________________________________________
                              (аттестатталушының қолы)

Аттестаттау өткізу күні 20___ жылғы «_____» _________________________
Аттестаттау комиссиясының төрағасы: _________________________________
                                                (қолы)
Аттестаттау комиссиясының мүшелері: _________________________________
                                                (қолы)
                                    _________________________________
                                                (қолы)
                                    _________________________________
                                                (қолы)
                                    _________________________________
                                                (қолы)
Аттестаттау комиссиясының хатшысы: __________________________________
                                                (қолы)

Ұйым мөрінің орны