Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті туралы ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2014 жылғы 9 желтоқсандағы № 397 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 25 желтоқсанда № 10010 тіркелді

Қолданыстағы

       Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 1 сәуірдегі № 2922 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті туралы ереже 16-тармағының 3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті туралы ереже бекітілсін.
      2. «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2005 жылғы 8 желтоқсандағы № 208 бұйрығының күші жойылсын.
      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті заңнамамен белгіленген тәртіпте:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның Ақмола облысы бойынша әділет департаментінде мемлекеттік тіркелуін;
      4) осы бұйрық Ақмола облысы бойынша әділет департаментінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны жөнінде мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Комитет Төрағасы                                 Н.Әбіқаев

Қазақстан Республикасы     
Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Төрағасының
2014 жылғы 9 желтоқсандағы   
№ 397 бұйрығымен бекітілген  

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола
облысы бойынша департаменті туралы
ЕРЕЖЕ 1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті (бұдан әрі - Департамент) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық органы болып табылады.
      2. Департамент өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін, басқа да нормативтік-құқықтық актілері мен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының бұйрықтарын, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
      3. Департамент мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның нақты және шартты атаулары, мөрлері мен мөртабандары, есепшоттары, негізгі қорлары, әлеуметтік-мәдени және медициналық объектілері бар.
      4. Департамент құрылымын, штаттық санын белгіленген тәртіпте Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы бекітеді.
      5. Департамент оның құрылымын құрайтын басқармалардан, бөлімдер мен бөлімшелерден тұрады. Оның құрамына мынадай жекешеленген құрылымдық бөлімшелер кіреді:
      1) Степногор қалалық бөлімі. Қызмет корсету аймағы - Степногор қаласы, Бестөбе кенті;
      2) Есіл қалалық бөлімі. Қызмет көрсету аймағы - Есіл, Жарқайың және Жақсы аудандары;
      3) Бурабай аудандық бөлімі. Қызмет корсету аймағы - Бурабай, Бүланды және Еңбекшілдер аудандары;
      4) Атбасар аудандық бөлімі. Қызмет корсету аймағы - Атбасар, Астрахан және Егіндікөл аудандары;
      5) Целиноград аудандық бөлімі. Қызмет корсету аймағы - Целиноград, Аршалы және Қорғалжын аудандары;
      6) Зеренді аудандық бөлімшесі. Қызмет корсету аймағы - Зеренді және Сандықтау аудандары;
      7) Ақкөл аудандық бөлімшесі. Қызмет көрсету аймағы - Ақкөл және Шортанды аудандары;
      8) Ерейментау аудандық бөлімшесі. Қызмет көрсету аймағы - Ерейментау аудандары.
      6. Департамент азаматтық-құқықтық қатынастарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатысады.
      7. Департамент мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастар тарапына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатысуға құқығы бар.
      8. Департаменттің заңды мекенжайы: 020000, Қазақстан Республикасы, Ақмола облысы, Көкшетау қаласы, Әуезов көшесі, 155.
      9. Департамент қызметін қаржыландыру тек қана республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
      10. Департаменттің толық атауы - «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті» мемлекеттік мекемесі.
      11. Осы Ереже Департаменттің құрылтай құжаты болып табылады.
      12. Департаменттің функциясына кіретін міндеттерді орындау тұрғысында Департаментке оны орындау үшін кәсіпкер тұлғалармен келісімшартқа отыруға тыйым салынады.
      Егер Департаментке заң актілері бойынша табыс алып келетін іспен айналысуға құқық берілген болса, онда, ол істен келіп түскен табыс мемлекеттік бюджеттің пайдасына жіберіледі.

2. Департаменттің негізгі міндеттері

      13. Департаменттің Ақмола облысының шегіндегі негізгі міндеттері:
      1) жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеу мен іске асыруға қатысу;
      2) «Сыртқы барлау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының мүддесі үшін барлау ақпаратын іздеп табу;
      3) арнаулы қызметтердің, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ жекелеген адамдардың барлау-бүлдіру және өзге де Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы негіздерін, экономикалық және қорғаныс әлеуетін бүлдірумен және (немесе) оның қауіпсіздігіне өзге де залал келтірумен байланысты іс-әрекеттерін анықтау, алдын алу және жолын кесу;
      4) Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, тұтастығын бұзуға және қауіпсіздігін әлсіретуге бағытталған террористік және өзге де іс-әрекеттерді анықтау, алдын алу және жолын кесу;
      5) облыс аумағында терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы іс-қимылды үйлестіруге қатысу;
      6) заңнамамен ұлттық қауіпсіздік органдарының құзырына жатқызылған қылмыстарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу;
      7) Қазақстан Республикасының заңдарымен, Президентінің актілерімен және Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының нормативтік құқықтық актілерімен анықталған өзге де міндеттер болып табылады.

3. Департаменттің негізгі функциялары, міндеттері мен құқықтары

       14. Департамент Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте және өз құзыреті шегінде Ақмола облысының аумағында мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады;
      2) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік (салалық) бағдарламаларды іске асыруға қатысады;
      3) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшыларының рұқсатымен және өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес халықаралық, мемлекетаралық және өзге де ұйымдардың жұмысына қатысады, ұлттық қауіпсіздік органдарының құзыретіне жататын қызмет саласында шет мемлекеттердің арнаулы қызметтерімен, құқық қорғау органдарымен, шет мемлекеттердің үкіметтік және арнаулы байланыс органдарымен, халықаралық қауіпсіздік құрылымымен және құқық қорғау ұйымдарымен өзара іс-қимылды және халықаралық ынтымақтастықты қамтамасыз етеді;
      4) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы шешімдерді қабылдау үшін қажетті ақпаратпен мемлекеттік органдарды қамтамасыз етеді;
      5) Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы, экономикалық және қорғаныс әлеуеті негіздерін қарсыластың барлау-бүлдіру әрекетінен қорғау бойынша қарсы барлау қызметін ұйымдастырады және жүзеге асырады;
      6) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының мүддесіне шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған барлау, қарсы барлау және жедел іздестіру қызметтерін ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;
      7) Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, тұтастығын бұзуға және қауіпсіздігін әлсіретуге бағытталған терроризмге, экстремизмге және өзге де іс-әрекеттерге қарсы күрес бойынша шараларды әзірлейді және іске асырады, терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл саласында мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді жүзеге асырады. Облыс аумағында терроризмге қарсы операцияларды өткізуді ұйымдастырады;
      8) террористік қауіп-қатердің сипаты мен өзіндік ерекшелігі туралы олардың басшыларына ақпарат беру, терроризмге қарсы іс-қимыл және терроризмге қарсы қорғау бойынша ұсынымдар әзірлеу, терроризмге қарсы практикалық оқу-жаттығуларды террористік тұрғыдан осал объектілерде өткізу арқылы терроризмге қарсы қорғаудың деңгейін арттыруға ықпал етеді;
      9) Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қауіпсіздік жүйесі мен террористік қауіп-қатерлерді бейтараптандыру дайындығын жетілдіру бойынша шаралар кешенін іске асыруына бақылау жасауды жүзеге асырады;
      10) азаматтарды әскери қызметке шақыру мерзімінде шақыру комиссиясының жұмысына қатысады;
      11) Қазақстан Республикасы әскери басқармаларының жергілікті органдары ұсынған жиынтық деректер негізінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне қажетті шақырылушы контингентке іріктеу және мониторинг жүргізеді;
      12) шектес мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан жаппай өтуден, Қазақстан Республикасының Конституциялық құрылысын күштеп өзгерту әрекеттерінен; терроризм актілерінен; Қазақстан Республикасының Конституциясын бұза отырып, билікті күшпен басып алуға немесе билікті күшпен ұстап тұруға бағытталған әрекеттерден; диверсиялардан; қарулы көтерілістерден туындаған әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайларды айқындайды, алдын алады, және жолын кеседі, сондай-ақ «Төтенше жағдайлар туралы» 2003 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңымен көзделген өзге де іс-әрекеттерді жүзеге асырады;
      13) заңнамамен белгіленген тәртіппен жедел іздестіру және қарсы барлау қызметін, анықтау мен алдын ала тергеуді ұйымдастырады және тікелей жүзеге асырады;
      14) Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарына, Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына қоғамдық қауіпсіздікті, заңдылықты, құқықтық тәртіпті, елдің қорғаныс қабілеттілігін қамтамасыз етуге, өзге де алға қойылған міндеттерді шешуге көмек көрсетеді;
      15) уәкілетті органдармен қарсыластың барлау-бүлдіру акциясын жүргізу үшін жағдай жасайтын сыртқы және ішкі факторларды жою және бейтараптандыру бойынша, соның ішінде трансұлттық қылмыстық қоғамдастыққа, заңсыз көші-қонға, қару-жарақтардың, оқ-дәрілердің, жарылғыш және уландырғыш заттардың, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың, ақпаратты жасырын алуға арналған арнайы техникалық құралдар мен электрондық құрылғылардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл бойынша шаралар әзірлеуге және жүзеге асыруға қатысады;
      16) Қазақстан Республикасының мүддесіне өз құзыреті шегінде барлау қызметін ұйымдастырады және жүзеге асырады;терроризмге қарсы қорғау бойынша ұсынымдар әзірлеу, терроризмге қарсы практикалық оқу-жаттығуларды террористік тұрғыдан осал объектілерде өткізу арқылы терроризмге қарсы қорғаудың деңгейін арттыруға ықпал етеді;
      17) ұлттық қауіпсіздік органдарының құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекеттік органдармен, сондай-ақ өзге де ұйымдармен өзара іс- қимылды жүзеге асырады;
      18) мемлекеттік органдар мен ұйымдардағы мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қарсы барлаулық қорғау бойынша шараларды әзірлейді және жүзеге асырады, сондай-ақ олардың аталған саладағы қызметін бақылайды;
      19) Қазақстан Республикасының азаматтарына мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерге рұқсатты ресімдеуге (қайта ресімдеуге), сондай-ақ ұйымдарға мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді пайдалануға байланысты қызметке рұқсат беруге арнайы тексеру жүргізумен, мемлекеттік құпияларды қорғау құралдарын жасаумен, сондай-ақ мемлекеттік құпияларды қорғау бойынша іс-шараларды жүргізумен және (немесе) қызмет көрсетулермен байланысты шараларды іске асырады;
      20) Ақмола облысы аумағындағы шет мемлекеттер өкілдіктерінің және халықаралық ұйымдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша басқа құзыретті органдармен өзара іс-қимылда шаралар қолданады;
      21) мемлекеттік қызметке кіретін (онда жұмыс істейтін) Қазақстан Республикасы азаматтарына заңнамада белгіленген тәртіпте және шекте міндетті арнайы тексеруді ұйымдастырады және жүргізеді;
      22) техникалық барлауға қарсы іс-қимыл бойынша қызметті жүзеге асырады;
      23) мемлекеттің және қоғамның, жеке тұлғаның мүдделеріне залал келтіретін, желі тораптары мен байланыс құрылғыларын қылмысты мақсатта пайдаланудың жолын кесуді және анықтауды қамтамасыз етеді;
      24) жедел іздестіру іс-шараларын жүзеге асыру барысында ақпаратты жасырын түрде алуға арналған (әзірленген, бейімделген, бағдарламаланған) арнайы техникалық құралдардың айналымы саласына бақылауды жүзеге асырады;
      25) техникалық сонымен бірге, мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметті криптографиялық қорғау құралдарын сертификаттауды ұйымдастырады;
      26) Департамент қызметкерлері мен жұмыскерлерін, сондай-ақ құпия көмекшілерді қорғауды ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;
      27) қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қорғауға жататын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;
      28) ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлерін, мекеменің ведомстволық қатыстылығын, үй-жайларды және көлік құралдарын шифрлау жөніндегі шараларды жүзеге асырады;
      29) Департаменты, қызметкерлері мен жұмыскерлерін жауынгерлік, техникалық, материалдық, қаржылық, ғылыми, ақпараттық, құқықтық, әлеуметтік-тұрмыстық, әскери-медициналық (медициналық) және басқа да түрлерімен қамтамасыз етілуін, соның ішінде ғимараттар мен күрделі құрылыстарды салуды және қайта салуды, жөндеуді, тұрғын үй салуды, жөндеуді ұйымдастырады;
      30) ұлттық қауіпсіздік органдары құзыретінің шегінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдауды және қарауды жүзеге асырады;
      31) Департаментте құжаттау тәртібін және құжаттамалық басқаруды, іс-қағаздарын ұйымдастыруды және жүргізуді, мұрағаттық ісін ұйымдастыруды, мемлекеттік құпияларды қорғауды қамтамасыз етеді, осы мақсатта Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақпараттық жүйелерді пайдаланады;
      32) жедел-қызметтік іс-қимылды қамтамасыз ету шеңберінде полиграфологиялық (психологиялық-әлеуметтанулық қамтамасыз ету мамандарының штаттық бірліктері болған кезде), психологиялық-әлеуметтанулық және психофизиологиялық зерттеулерді жүргізеді;
      33) әскери-дәрігерлік сараптама, соның ішінде ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет етуге денсаулық жағдайы бойынша жарамдылығын, азаматтардың ауыруларының, мертігулерінің (жараланулардың, жарақаттанулардың, контузия алудың) немесе қайтыс болуының ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет өткеруіне (міндеттерін орындау) байланыстылығын анықтау үшін психофизиологиялық куәландыру, сондай-ақ есірткіге қатысты тест жүргізеді;
      34) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарайды және әкімшілік жаза қолданады;
      35) ұлттық қауіпсіздік мүдделерін қозғайтын оқиғалар мен фактілер туралы ақпаратты уақытылы алу мақсатында мүдделі мемлекеттік органдардың кезекші қызметтерімен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;
      36) ғимараттарды, объектілерді күзетуді, сондай-ақ өткізу және ішкі объектілік режимді қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
      37) Департаментте құқықтық тәртіпті қамтамасыз етеді;
      38) Департаментте мемлекеттік тілді дамыту мен қолдану аясын кеңейту бойынша жұмыстарды ұйымдастырады және жүргізеді;
      39) Қазақстан Республикасы заңдарымен, Президентінің актілерімен, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының нормативтік құқықтық актілерімен оның құзырына жатқызылған өзге де функцияларды орындайды.
      15. Департамент өз құзыреті шегінде мыналарды орындауға міндетті:
      1) заңнамамен белгіленген тәртіпте және шегінде Қазақстан Республикасының азаматтарына міндетті арнайы тексеруді жүргізеді;
      2) жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шараларды жүзеге асырады;
      3) Департаменттің жеке құрам жұмылдырушылық дайындығының қамтамасыз етеді;
      4) мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының аумағындағы заңсыз әскериленген жасақтардың іс-әрекетіне, саяси партиялар мен өзге мемлекеттердің кәсіптік бірлестіктеріне, діни негіздегі партияларға, сондай-ақ, саяси партиялар мен кәсіптік бірлестіктерге шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтардың және шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қаржыландыруына тосқауыл қоюға және ескертуде көмек көрсетеді;
      5) Қазақстан Республикасының Үкіметімен белгіленген қорғаныс нысан кешендерінің, атом энергетикасы, көлік және байланыс, аймақтық өмір сүруді қамтамасыз ету нысандары және басқа да стратегиялық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шараларды дайындауға қатысады және оны жүзеге асырады;
      6) Департаментке жүктелген міндеттерді іске асыру мақсатында ақпараттық-талдау жұмысын жүргізеді;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығын беру және Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығару, Қазақстан Республикасының азаматтарының шетелге шығуы, Қазақстан Республикасының аумағына кіру және шетел азаматтарының және азаматтығы жоқ тұлғалардың оның аумағынан шығуы, сондай-ақ, олардың Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібіне қатысты мәселелерді шешуге қатысу;
      8) облысы аумағындағы шет мемлекеттер өкілдіктерінің және халықаралық ұйымдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша басқа құзыретті органдармен өзара іс-қимыл жасау барысында шаралар қолданады;
      9) шетел басшыларының, үкіметтерінің және халықаралық ұйым жетекшілерінің Қазақстан Республикасына келуі барысында, сондай-ақ, облыс аумағында маңызды саяси-қоғамдық іс-шаралардың жүргізілуі барысында басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысу;
      10) мемлекеттік және қызметтік құпияны құрайтын ақпараттарға рұқсат алуға құжаттарын рәсімдеп (қайта рәсімдеп) жатқан Қазақстан Республикасы азаматтарына арнайы тексеруді жүргізеді;
      11) Қазақстан Республикасы заңдарымен, Президентінің актілерімен, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының нормативтік құқықтық актілерімен оның құзырына жатқызылған өзге де міндеттерді орындайды.
      16. Департамент облыс шеңберінде жүктелген міндеттерді шешу және функцияларды орындау үшін заңнамамен белгіленген тәртіппен:
      1) заңнамамен ұлттық қауіпсіздік органдарының құзырына жатқызылған қылмыстарды анықтау, алдын алу, жолын кесу және ашу мақсатында жалпы және арнайы жедел іздестіру және қарсы барлау іс-шараларын, сараптамалық-криминалистикалық, психологиялық-әлеуметтанулық зерттеулер жүргізуге;
      2) Қазақстан Республикасының аумағында радиоэлектронды хабарды жіберуші құрылғыларын қолдануда Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларды қорғау заңына немесе белгіленген тәртіпті бұзуға алып келетін әрекеттердің жолын кесуге;
      3) мақсаттары мен іс-әрекеттері мемлекеттің қауіпсіздігін әлсіретуге, Қазақстан Республикасының тұтастығын бұзуға, конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге бағытталған шет мемлекеттердің арнаулы қызметтері мен ұйымдарына, қылмыстық топтарға енуді жүзеге асыруға;
      4) барлау іс-шараларын жүргізуде, соның ішінде арнайы техникалық және радиоэлектронды құрылғыларды пайдалану арқылы Қазақстан Республикасы сыртқы барлау субъектілерімен бірлесіп атқаруға;
      5) уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп өздерінің іс-әрекеттерімен қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келулерінің жолын жабу және одан шығару туралы мәселелерді шешуге;
      6) заңнамамен ұлттық қауіпсіздік органдарының құзырына жатқызылған қылмыстарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу кезінде қылмыстық іс жүргізу заңнамасымен көзделген шектерде басқа органдарға міндетті түрде орындалатын тапсырма беруге;
      7) азаматтарды өндірістегі материалдар бойынша Департаментке шақыруға, олардан түсініктеме, анықтама, құжаттар алуға және олардан көшірмелер түсіруге, шақыру бойынша келуден бас тартқан адамдарды мәжбүрлеп әкелуге;
      8) заңнамаға сәйкес қылмыс жасады деген негізді күдік туғызған кезде азаматтардан олардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруге, қылмыс жасауға күдік туғызған адамдарды ұстауға, құжаттарды тексеруді, ұсталғандарды және олардың көлік құралдарын жеке тексеріп қарауды, сондай-ақ олардың заттары мен құжаттарын алуды жүзеге асыруға;
      9) терроризмге қарсы операцияларға қатысуда және терроризмге қарсы операциялардың құқықтық режимін қамтамасыз етуде «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген шаралар мен уақытша шектеулерді қолдануға;
      10) қылмыстардың алдын алу, қылмыс жасаған немесе қылмыс жасады деп күдік туғызған адамдардың ізін кесу мен ұстау, ұсталғандарды оларды ұстау орындарына жеткізу, сондай-ақ оқиға болған жерге бару және шұғыл медициналық көмекті қажет ететін азаматтарды емдеу мекемелеріне жеткізу барысында ұйымдардың меншігіндегі байланыс және көлік құралдарын пайдалануға құқылы. Меншік иелерінің талаптары бойынша байланыс және көлік құралдарына келтірілген нақты залалды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтейді;
      11) ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы белгілеген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтарын ерікті түрде штаттан тыс жедел қызметкерлер ретінде тартуға;
      12) Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне қауіп-қатерді іске асыруға себепші болатын, тергелуі Қазақстан Республикасының заңнамасымен ұлттық қауіпсіздік органдарының құзырына берілген қылмыстардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы орындалуы міндетті ұсыныстарды мемлекеттік органдар мен ұйымдарға енгізуге;
      13) арнайы күзетілетін ерекше режимдегі аумақтарға және өзге де объектілерге ену немесе енуге әрекет етумен байланысты құқық бұзушылық жасаған адамдарды әкімшілік қамауға алуды жүзеге асыруға құқылы. Олардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруге, олардан түсініктемелер алуға, оларды жеке тексеруді және тексеруді, олардың заттары мен құжаттарын алып қоюды жүзеге асыруға;
      14) шарттық негізде Қарулы күштер, басқа да әскерлер, әскери  құрылымдар және басқа ұйымдардың қызметтік орын-жайларын, көлік және өзге де техникалық құралдарын, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың тұрғын және өзге де орын-жайларын, көлік құралдары мен өзге мүліктерін пайдалануға;
      15) заңнамада белгіленген тәртіпте әскери-медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастыру мен әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу үшін медициналық бөлімшелерді иеленуге;
      16) Департамент міндетінің бөлігін орындайтын және әділет органдарында тіркелуге жатпайтын, оның орналасқан жерінен тыс жерде орналасқан оқшауланған құрылымдық бөлімшенің болуы;
      17) Департаментке жүктелген міндеттер мен функцияларды орындауға қажетті Қазақстан Республикасының аумақтық мемлекеттік органдарымен бірлескен актілерді шығаруға;
      18) Департаментке жүктелген міндеттерді орындау үшін қажетті  ақпаратты мемлекеттік органдардан, кәсіпкерлік субъектілерден, екінші деңгейдегі банктерден және ұйымдардан Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып, өтеусіз алуға;
      19) Департамент қызметкерлері мен жұмыскерлерін іссапарға жіберуге;
      20) Департамент қызметіне қатысты мұрағаттық жедел, тергеу және басқа да материалдарды сақтау мен пайдалануды жүзеге асыруға;
      21) Департамент нысандарына қызмет көрсететін азаматтар мен заңды тұлғаларға оларды тексеру және зерделеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін рұқсат беруді жүзеге асыруға;
      22) жеке тұлғалар Департамент объектілеріне және орын-жайларына кірген (көлікпен кірген) және шыққан (көлікпен шыққан) кезде олардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруге, олардың өзімен алып жүретін заттарын тексеруге (күзетілетін адамдардан басқа);
      23) құпиялылық режимін, мемлекеттік құпиялардың сақталуын қамтамасыз ету, Департамент бөлімшелерінің іс жүргізуін ұйымдастыру мен жүргізу бойынша жұмыс жағдайын тексеруді бақылауды, ұйымдастыруды жүзеге асыруға;
      24) Департамент қызметкерлерінің жеке басын, бөлімшелерінің, орын-жайлары мен көлік құралдарының ведомстволық қатыстылығын, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік органдарына жасырын негізде көмек көрсететін азаматтардың жеке басын шифрлау мақсатында басқа мемлекеттік органдардың, сондай-ақ ұйымдардың құжаттарын пайдалануға;
      25) ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлерінің арнайы және дене шынықтыру дайындығын ұйымдастыру үшін, сондай-ақ әр деңгейдегі спорт шараларын өткізуге, спорт ғимараттарын жалға алуға, иеленуге;
      26) белгіленген тәртіпте қару-жарақтарды, оқ-дәрілерді, арнайы қорғау мен қорғаныс іс құралдарын жабдықталған орында сақтауға;
      27) Қазақстан Республикасы заңдарымен, Президентінің актілерімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының нормативтік құқықтық актілерімен белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асыруға құқылы.

4. Департамент қызметін ұйымдастыру

      17. Департамент Қазақстан Республикасы Президентінің немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының келісімі бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы тағайындайтын бастық басқарады.
      18. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда Департамент бастығының орынбасары (орынбасарлары) болады.
      19. Департамент бастығы Департамент қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Департаментке жүктелген міндеттердің орындалуын және өз функциясын жүзеге асыру үшін дербес жауапты болады.
      20. Департамент бастығы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығына Департаменттің құрылымы мен штаттық кестесі бойынша ұсыныстар береді.
      21. Бұл мақсатта бастық:
      1) өзінің орынбасары болған жағдайда (орынбасарлары), олардың өкілеттіктерін айқындайды;
      2) Департамент құрамына кіретін құрылымдық бөлімшелер басшыларының өкілеттіктерін айқындайды;
      3) Департаменттің қызметкерлері мен жұмыскерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;
      4) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық және құқықтық актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      22. Департамент бастығының орынбасары (орынбасарлары):
      1) өз өкілеттіктері шеңберінде Департамент қызметін үйлестіреді;
      2) Департамент бастығы болмаған кезде Департамент қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Департаментке жүктелген міндеттердің орындалуын және өз функциясын жүзеге асыру үшін дербес жауапты болады;
      3) Департамент бастығы жүктеген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      23. Департамент құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Департамент атынан жеке және заңды тұлғаларға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басқа бөлімшелеріне жіберілетін құжаттарға Департамент бастығы, ал ол болмаған жағдайда оның орнын басатын адам қол қояды.

5. Департамент мүлігі

      24. Департамент жедел басқару құқығындағы оқшауланған мүлікке ие.
      Департаменттің мүлігі оған иелік ететіннен берілген мүліктің есебінен, сондай-ақ мүліктер заңмен тыйым салынбаған (қаржы табыстарын қоса отырып), өзінің ісі мен өзге де көздер арқылы жинақтау нәтижесінде қалыптастырылады.
      25. Департаментке бекітіліп берілген мүлік республикалық меншікке жатады.
      26. Департамент өзіне бекітілген мүлікті өз бетінше қолдануға, қаржы жоспары бойынша қаражатқа сатып алынған мүлікті немесе басқа да тәсілдермен икемденуге құқығы жоқ, егер заңнамада басқасы белгіленбесе.

6. Департаментті қайта құру және тарату

      27. Департамента қайта құру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.