Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті туралы ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2014 жылғы 9 желтоқсандағы № 397 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 25 желтоқсанда № 10010 тіркелді.

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 1 сәуірдегі № 2922 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті туралы ереже 16-тармағының 3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті туралы ереже бекітілсін.

      2. "Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2005 жылғы 8 желтоқсандағы № 208 бұйрығының күші жойылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті заңнамамен белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның Ақмола облысы бойынша әділет департаментінде мемлекеттік тіркелуін;

      4) осы бұйрық Ақмола облысы бойынша әділет департаментінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны жөнінде мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Комитет Төрағасы

Н.Әбіқаев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Төрағасының
2014 жылғы 9 желтоқсандағы
№ 397 бұйрығымен бекітілген

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің
Ақмола облысы бойынша департаменті туралы
ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті (бұдан әрі - Департамент) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық органы болып табылады.

      2. Департамент өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін, басқа да нормативтік-құқықтық актілері мен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының бұйрықтарын, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      3. Департамент мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның нақты және шартты атаулары, мөрлері мен мөртабандары, есепшоттары, негізгі қорлары, әлеуметтік-мәдени және медициналық объектілері бар.

      4. Департамент құрылымын, штаттық санын белгіленген тәртіпте Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы бекітеді.

      5. Департамент оның құрылымын құрайтын басқармалардан, бөлімдер мен бөлімшелерден тұрады. Оның құрамына мынадай жекешеленген құрылымдық бөлімшелер кіреді:

      1) Степногор қалалық бөлімі. Қызмет көрсету аймағы - Степногор қаласы, Бестөбе, Заводской және Ақсу кенттері;

      2) Есіл қалалық бөлімі. Қызмет көрсету аймағы - Есіл, Жарқайың және Жақсы аудандары;

      3) Бурабай аудандық бөлімі. Қызмет көрсету аймағы – Бурабай, Бұланды аудандары және Біржан сал ауданы;

      4) Атбасар аудандық бөлімі. Қызмет корсету аймағы - Атбасар, Астрахан және Егіндікөл аудандары;

      5) Целиноград аудандық бөлімі. Қызмет көрсету аймағы – Целиноград, Ерейментау, Аршалы және Қорғалжын аудандары;

      6) Зеренді аудандық бөлімшесі. Қызмет корсету аймағы - Зеренді және Сандықтау аудандары;

      7) Ақкөл аудандық бөлімшесі. Қызмет көрсету аймағы - Ақкөл және Шортанды аудандары;

      8) Алынып тасталды – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 10.12.2019 № 764/қе-қа бұйрығымен.
      Ескерту. 5-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 06.10.2017 № 91/қе; 10.12.2019 № 764/қе-қа бұйрығымен.

      6. Департамент азаматтық-құқықтық қатынастарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатысады.

      7. Департамент мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастар тарапына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатысуға құқығы бар.

      8. Департаменттің заңды мекенжайы: 020000, Қазақстан Республикасы, Ақмола облысы, Көкшетау қаласы, Әуезов көшесі, 155.

      9. Департамент қызметін қаржыландыру тек қана республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      10. Департаменттің толық атауы - "Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті" мемлекеттік мекемесі.

      11. Осы Ереже Департаменттің құрылтай құжаты болып табылады.

      12. Департаменттің функциясына кіретін міндеттерді орындау тұрғысында Департаментке оны орындау үшін кәсіпкер тұлғалармен келісімшартқа отыруға тыйым салынады.

      Егер Департаментке заң актілері бойынша табыс алып келетін іспен айналысуға құқық берілген болса, онда, ол істен келіп түскен табыс мемлекеттік бюджеттің пайдасына жіберіледі.

2. Департаменттің негізгі міндеттері

      13. Департаменттің Ақмола облысы шегіндегі негізгі міндеттері:

      1) жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу;

      2) "Сыртқы барлау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының мүддесі үшін барлау ақпаратын табу;

      3) қарсы барлау қызметін жүзеге асыру;

      4) Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, тұтастығын бұзуға және қауіпсіздігін әлсіретуге бағытталған террористік және өзге де іс-әрекеттерді анықтау, алдын алу және жолын кесу;

      5) облыс аумағында терроризм мен экстремизмге қарсы күрес іс-саласындағы қызметті үйлестіруге қатысу;

      6) заңнамамен ұлттық қауіпсіздік органдарының құзырына жатқызылған қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу;

      7) қарсы барлау, жедел-іздестіру қызметі субьектілерінің тапсырмалары бойынша қарсы барлау, арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын ұйымдастыру және жүргізу;

      8) қарсы барлау, жедел-іздестіру қызметі субьектілерінің тапсырмалары бойынша қарсы барлау, арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуді қамтамасыз ету үшін жағдай жасау;

      9) жасырын тергеу әрекеттерін заңнамамен белгіленген тәртіпте ұйымдастыру және өткізу;

      10) жасырын тергеу әрекеттерін қамтамасыз ету үшін жағдай жасау;

      11) Қазақстан Республикасы заңдарымен, Президентінің және Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының актілерімен анықталатын өзге де мақсаттар болып табылады.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 04.09. 2015 № 72 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 06.10.2017 № 91/қе бұйрығымен.

3. Департаменттің негізгі функциялары, міндеттері мен құқықтары

      14. Департамент Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте және өз құзыреті шегінде Ақмола облысының аумағында мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады;

      2) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік (салалық) бағдарламаларды іске асыруға қатысады;

      3) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшыларының рұқсатымен және өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес халықаралық, мемлекетаралық және өзге де ұйымдардың жұмысына қатысады, ұлттық қауіпсіздік органдарының құзыретіне жататын қызмет саласында шет мемлекеттердің арнаулы қызметтерімен, құқық қорғау органдарымен, шет мемлекеттердің үкіметтік және арнаулы байланыс органдарымен, халықаралық қауіпсіздік құрылымымен және құқық қорғау ұйымдарымен өзара іс-қимылды және халықаралық ынтымақтастықты қамтамасыз етеді;

      4) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы шешімдерді қабылдау үшін қажетті ақпаратпен мемлекеттік органдарды қамтамасыз етеді;

      5) Алып тасталды - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 06.10.2017 № 91 бұйрығымен.

      6) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған барлау, қарсы барлау және жедел іздестіру қызметін ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;

      7) Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, тұтастығын бұзуға және қауіпсіздігін әлсіретуге бағытталған терроризмге, экстремизмге және өзге де іс-әрекеттерге қарсы күрес бойынша шараларды әзірлейді және іске асырады, мемлекеттік органдардың терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметін үйлестіруді жүзеге асырады. Облыс аумағында терроризмге қарсы операцияларды өткізуді ұйымдастырады;

      8) терористік тұрғыдан осал объектілерді терроризмге қарсы қорғау деңгейін арттыруға террористік қауіп-қатердің сипаты мен өзіндік ерекшелігі туралы олардың басшыларына ақпарат беру, терроризмге қарсы іс-қимыл және терроризмге қарсы қорғау бойынша ұсынымдар әзірлеу, террористік тұрғыдан осал объектілерде терроризмге қарсы практикалық оқу-жаттығулар өткізу арқылы ықпал етеді;

      9) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қауіпсіздік және террористік қауіп-қатерлерді бейтараптандыруға дайындық жүйесін жетілдіру бойынша шаралар кешенін іске асыруына бақылау жасауды жүзеге асырады;

      10) азаматтарды әскери қызметке шақыру мерзімінде шақыру комиссиясының жұмысына қатысады;

      11) Қазақстан Республикасы жергілікті әскери орган басқармалары ұсынған жиынтық деректердің негізінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне қажетті шақырылушы контингентке мониторинг пен іріктеуді жүзеге асырады;

      12) іргелес жатқан мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын жаппай өту, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгерту әрекеттері, терроризм актілері, Қазақстан Республикасының Конституциясын бұза отырып, билікті күшпен басып алу немесе билікті күштеп ұстау әрекеттері, диверсия, қарулы көтеріліс салдарынан туындаған әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайларды анықтайды, ескертеді және жолын кеседі, сондай-ақ, "Төтенше жағдай туралы" 2003 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңында қарастырылған өзге де іс-қимылдарды жүзеге асырады;

      13) заңнамамен белгіленген тәртіпте қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметін, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ұйымдастырады және тікелей жүзеге асырады;

      14) Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттiк және құқық қорғау органдарына, Қарулы Күштерiне, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарына қоғамдық қауiпсiздiктi, заңдылықты, құқықтық тәртiптi, елдiң қорғаныс қабiлеттiлiгiн қамтамасыз етуге, өзге де алға қойылған мiндеттердi шешуге көмек көрсетедi;

      14-1) Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін ілгерілетуде мемлекеттік органдар мен ұйымдарға көмек көрсетеді;

      15) уәкiлеттi органдармен бірлесіп қарсыластың барлау-бүлдiру акциясын жүргiзуi үшiн жағдай жасайтын сыртқы және iшкi факторларды жою және бейтараптандыру бойынша, оның iшiнде трансұлттық қылмыстық қоғамдастыққа, заңсыз көшi-қонға, қару-жарақтардың, оқ-дәрiлердiң, жарылғыш және уландырғыш заттардың, есiрткi құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың, ақпаратты жасырын алуға арналған арнайы техникалық құралдар мен электрондық құрылғылардың заңсыз айналымына қарсы iс-қимыл бойынша шаралар әзiрлеуге және жүзеге асыруға қатысады;

      16) Қазақстан Республикасының мүддесіне өз құзыреті шегінде барлау қызметін ұйымдастырады және жүзеге асырады;

      17) ұлттық қауiпсiздiк органдарының құзыретiне жататын мәселелер бойынша мемлекеттiк органдармен, сондай-ақ өзге де ұйымдармен өзара iс-қимылды жүзеге асырады;

      18) мемлекеттiк органдар мен ұйымдардағы мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi қарсы барлаулық қорғау бойынша шараларды әзiрлейдi және жүзеге асырады, сондай-ақ олардың аталған саладағы қызметiн бақылайды;

      19) Қазақстан Республикасының азаматтарына мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтерге рұқсатты ресiмдеуге (қайта ресiмдеуге), сондай-ақ ұйымдарға мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi пайдалануға байланысты қызметке рұқсат беруге арнайы тексеру жүргiзумен, мемлекеттiк құпияларды қорғау құралдарын жасаумен, сондай-ақ мемлекеттiк құпияларды қорғау бойынша iс-шараларды жүргiзумен және (немесе) қызмет көрсетулермен байланысты шараларды iске асырады;

      20) Ақмола облысы аумағындағы шет мемлекеттер өкiлдiктерiнiң және халықаралық ұйымдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бойынша басқа құзыреттi органдармен өзара iс-қимылда шаралар қолданады;

      21) мемлекеттік қызметке кіретін (онда жұмыс істейтін) Қазақстан Республикасы азаматтарына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте және шекте міндетті арнайы тексеруді ұйымдастырады және жүргізеді;

      21-1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына жұмысқа тартылатын шетелдіктерге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте және шекте міндетті арнайы тексеру жүргізеді;

      22) белгіленген тәртіппен техникалық барлауға қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметті жүзеге асырады;

      23) Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдары өткізетін қарсы барлау, жедел-іздестіру іс-шаралары мен тергеу іс-қимылдарын техникалық қамтамасыз етуді ұйымдастырады;

      23-1) ақпараттарды, коммуникацияларды және киберкеңістіктегі мемлекеттің инфрақұрылым стратегиялық объектілерін киберқорғау бойынша іс-шараларды жүргізеді;

      23-2) қарсы барлау, жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын барлық органдардың міндеттерін шешу мүддесінде байланыс желісін қолданумен байланысты қарсы барлау, арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын техникалық тұрғыдан жүзеге асырады;

      23-3) Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы белгілейтін тәртіпте Департаменттің ақпараттандыру объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қызметті жүзеге асырады;

      24) Алып тасталды - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 06.10.2017 № 91 бұйрығымен.

      25) мемлекеттік органдар мен ұйымдарда құпиялылық режимін қамтамасыз ету бойынша жұмысты үйлестіреді және бақылайды;

      26) мемлекеттік құпияларды қорғау саласында әкімшілік құқық бұзушылықтар мен қылмыстық теріс қылықтар бойынша сотқа дейінгі өндірісті ұйымдастырады және тікелей жүзеге асырады;

      27) мемлекеттік құпияларды қорғау бойынша нормативтік және әдістемелік актілерді әзірлеу мен орындау мақсатында мемлекеттік құпияларды қорғау органдарының қызметін үйлестіреді және бақылайды;

      28) мемлекеттік құпияларды қорғау бойынша облыс аумағында құқықтық, әкімшілік, экономикалық, техникалық, бағдарламалық және криптографиялық шаралар жүйесінің орындалуын бақылайды;

      29) Алып тасталды - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 06.10.2017 № 91 бұйрығымен.

      30) арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын өткізуге арналған арнайы техникалық құралдардың жұмысқа қабілеттілігін қалыпта ұстайды;

      31) мемлекеттің және қоғамның, жеке тұлғаның мүдделеріне залал келтіретін, желі тораптары мен байланыс құрылғыларын қылмысты мақсатта пайдаланудың жолын кесуді және анықтауды қамтамасыз етеді;

      32) Алып тасталды - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 06.10.2017 № 91 бұйрығымен.

      33) Департамент қызметкерлері мен жұмыскерлерін, сондай-ақ құпия көмекшілерді қорғауды ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;

      34) қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, мемлекеттік қорғауға жататын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;

      35) ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің, мекемелерінің, орын-жайлардың және көлік құралдарының ведомстоволық қатыстылығын құпиялау бойынша шараларды жүзеге асырады;

      36) Департаменттің жауынгерлік, техникалық, материалдық, қаржылық, ғылыми, ақпараттық, құқықтық, әлеуметтік-тұрмыстық, әскери-медициналық (медициналық) және басқа да түрлерімен қамтамасыз етілуін, соның ішінде ғимараттар мен күрделі құрылыстарды салуды және қайта салуды, жөндеуді, тұрғын үй салуды, жөндеуді ұйымдастырады;

      37) ұлттық қауіпсіздік органдары құзыретінің шегінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдауды және қарауды жүзеге асырады;

      38) Департаментте мұрағаттық істі ұйымдастыру тәртібін қамтамасыз етеді және осы мақсатта ақпараттық жүйелерді қолданады;

      39) жедел-қызметтік іс-қимылды қамтамасыз ету шеңберінде психологиялық-әлеуметтанулық және психофизиологиялық зерттеулерді жүргізеді;

      39-1) Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарында полиграфологиялық зерттеулер жүргізеді және ақпараттық жүйедегі нәтижелерді есепке алуды жүзеге асырады;

      40) әскери-дәрігерлік сараптама, оның ішінде ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет етуге денсаулық жағдайы бойынша жарамдылығын, ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет өткеруіне (міндеттерін орындау) байланысты азаматтардың ауруларының, мертігулерінің (жараланулардың, жарақаттанулардың, контузия алудың) немесе қайтыс болуының себепті салдарын анықтау үшін психофизиологиялық куәландыру, сондай-ақ есірткіге қатысты тест жүргізеді;

      41) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарайды және әкімшілік жаза қолданады;

      42) ұлттық қауіпсіздік мүдделерін қозғайтын оқиғалар мен фактілер туралы ақпаратты уақтылы алу мақсатында мүдделі мемлекеттік органдардың кезекшілік қызметтерімен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;

      43) ғимараттарды, объектілерді күзетуді, сондай-ақ өткізу және ішкі объектілік режимді қамтамасыз етуді ұйымдастырады;

      44) Департаментте құқықтық тәртiптi қамтамасыз етедi;

      45) Департаментте мемлекеттік тілді дамыту мен қолдану аясын кеңейту бойынша жұмыстарды ұйымдастырады және жүргізеді;

      46) Қазақстан Республикасы заңдарымен, Президентінің актілерімен, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының нормативтік құқықтық актілерімен оның құзырына жатқызылған өзге де функцияларды орындайды.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 04.09. 2015 № 72 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 06.10.2017 № 91/қе; 08.05.2019 № 30/қе (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      15. Департамент өз құзыреті шегінде мыналарды орындауға міндетті:

      1) заңнамамен белгіленген тәртіпте және шегінде Қазақстан Республикасының азаматтарына міндетті арнайы тексеруді жүргізеді;

      2) жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шараларды жүзеге асырады;

      3) Департаменттің жеке құрам жұмылдырушылық дайындығының қамтамасыз етеді;

      4) мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының аумағындағы заңсыз әскериленген жасақтардың іс-әрекетіне, саяси партиялар мен өзге мемлекеттердің кәсіптік бірлестіктеріне, діни негіздегі партияларға, сондай-ақ, саяси партиялар мен кәсіптік бірлестіктерге шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтардың және шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қаржыландыруына тосқауыл қоюға және ескертуде көмек көрсетеді;

      5) қорғаныс-өнеркәсіптік кешені, атом энергетикасы, биотехнологиялық кешені, көлік және байланыс объектілерінің, өңірлердің тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету және өзге де стратегиялық объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шараларды әзірлеуге және жүзеге асыруға қатысады;

      6) Департаментке жүктелген міндеттерді іске асыру мақсатында ақпараттық-талдау жұмысын жүргізеді;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығын беру және Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығару, Қазақстан Республикасының азаматтарының шетелге шығуы, Қазақстан Республикасының аумағына кіру және шетел азаматтарының және азаматтығы жоқ тұлғалардың оның аумағынан шығуы, сондай-ақ, олардың Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібіне қатысты мәселелерді шешуге қатысу;

      8) облысы аумағындағы шет мемлекеттер өкілдіктерінің және халықаралық ұйымдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша басқа құзыретті органдармен өзара іс-қимыл жасау барысында шаралар қолданады;

      9) шетел басшыларының, үкіметтерінің және халықаралық ұйым жетекшілерінің Қазақстан Республикасына келуі барысында, сондай-ақ, облыс аумағында маңызды саяси-қоғамдық іс-шаралардың жүргізілуі барысында басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысу;

      10) мемлекеттік және қызметтік құпияны құрайтын ақпараттарға рұқсат алуға құжаттарын рәсімдеп (қайта рәсімдеп) жатқан Қазақстан Республикасы азаматтарына арнайы тексеруді жүргізеді;

      11) Қазақстан Республикасы заңдарымен, Президентінің актілерімен, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының нормативтік құқықтық актілерімен оның құзырына жатқызылған өзге де міндеттерді орындайды.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгерістер енгізілді- ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 06.10.2017 91/қе бұйрығымен.

      16. Департамент жүктелген міндеттерді шешу және функцияларды орындау үшін заңнамамен белгіленген тәртіппен:

      1) жалпы және арнайы жедел-іздестіру және қарсы барлау іс-шараларын, криминалистикалық, психологиялық-әлеуметтік және полиграфологиялық зерттеулер жүргізеді;

      2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларды қорғау туралы заңнамасына немесе белгіленген тәртіпті бұза отырып, Қазақстан Республикасының аумағында радиоэлектронды хабарды жіберуші құрылғыларын қолданудың жолын кесуге;

      3) мақсаттары мен iс-қимылдары мемлекеттiң қауiпсiздiгiн әлсiретуге, Қазақстан Республикасының тұтастығын бұзуға, конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге бағытталған шет мемлекеттер арнаулы қызметтерi мен ұйымдарының, қылмыстық топтардың iшiне енудi жүзеге асыруға;

      4) барлау іс-шараларын жүргізу кезінде, оның ішінде арнайы техникалық және радиоэлектронды құрылғыларды пайдалану арқылы Қазақстан Республикасы сыртқы барлау субъектілерімен өзара іс-қимыл жасауға;

      5) уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп өздерінің іс-әрекеттерімен қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келулерінің жолын жабу және одан шығару туралы мәселелерді шешуге;

      6) заңнамамен ұлттық қауіпсіздік органдарының құзырына жатқызылған қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу кезінде қылмыстық іс жүргізу заңнамасымен көзделген шектерде басқа органдарға міндетті түрде орындалатын тапсырма беруге;

      7) азаматтарды өндірістегі материалдар бойынша Департаментке шақыруға, олардан түсініктеме, анықтама, құжаттар алуға және олардан көшірлемелер түсіруге; шақыру бойынша келуден бас тартқан адамдарды мәжбүрлеп әкелуге;

      8) заңнамаға сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген негізді күдік туғызған кезде азаматтардан олардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруге. Қылмыстық құқық бұзушылық жасауға күдік туғызған адамдарды ұстауға, құжаттарды тексеруді, ұсталғандарды және олардың көлік құралдарын жеке тексеріп қарауды, сондай-ақ олардың заттары мен құжаттарын алуды жүзеге асыруға;

      9) терроризмге қарсы операцияларға қатысуда және терроризмге қарсы операциялардың құқықтық режимін қамтамасыз етуде "Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген шаралар мен уақытша шектеулерді қолдануға;

      10) қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік туғызған адамдардың ізін кесу мен ұстау, ұсталғандарды ұстау орындарына жеткізу, сондай-ақ оқиға болған жерге бару және шұғыл медициналық көмекті қажет ететін азаматтарды емдеу мекемелеріне жеткізу үшін басқа ұйымдарға тиесілі байланыс құралдарды, көлік құралдарын пайдалануға құқылы. Олардың иелерінің талаптары бойынша байланыс құралдары мен көлік құралдарына келтірілген нақты залалды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтейді;

      11) Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы белгілеген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтарын ерікті түрде штаттан тыс жедел қызметкерлер ретінде тартуға;

      12) Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне төнген қауіп-қатерді іске асыруға себепші болатын, тергелуі Қазақстан Республикасының заңнамасымен ұлттық қауіпсіздік органдарының құзырына берілген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы орындалуы міндетті ұсыныстарды мемлекеттік органдар мен ұйымдарға енгізуге;

      12-1) заңнамамен Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының құзырына жатқызылған қылмыстық құқықбұзушылықтың жасалуына жағдай жасайтын іс-әрекеттерге (әрекет немесе әрекетсіздік) жол бермеу туралы орындалуы міндетті ресми алдын ала сақтандыруды жеке және заңды тұлғаларға жазбаша түрде жариялау;

      13) арнайы күзетілетін ерекше режимдегі аумақтарға және өзге де объектілерге ену немесе енуге әрекет етумен байланысты құқық бұзушылық жасаған адамдарды әкімшілік қамауға алуды жүзеге асыруға. Олардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруге, олардан түсініктемелер алуға, оларды жеке қарап тексеруді және тексеруді, олардың заттары мен құжаттарын алып қоюды жүзеге асыруға;

      14) шарттық негізде Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың және өзге де ұйымдардың қызметтік орын-жайларын, көлік және өзге де техникалық құралдарын, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың тұрғын және өзге де орын-жайларын, көлік құралдары мен өзге мүліктерін пайдалануға;

      15) заңнамада белгіленген тәртіпте әскери-медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастыру мен әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу үшін медициналық бөлімшелерді иеленуге;

      16) Департамент міндетінің бөлігін орындайтын және әділет органдарда тіркелуге жатпайтын, органның орналасқан жерінен өзге жерде орналасқан оқшауланған бөлімшесін иеленуге;

      17) Департаментке жүктелген міндеттер мен функцияларды орындауға қажетті Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының аумақтық органдарымен бірлескен актілерді шығаруға;

      18) Департаментке жүктелген міндеттерді орындау үшін қажетті ақпаратты мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен көрсетілген мемлекеттік органдармен – бірлескен нормативтік құқықтық актілерде, ал ұйымдармен келісімдерде белгіленген тәртіппен берілетін электрондық ақпараттық ресурстарды қоса алғанда, мемлекеттік органдардан, әскери құралымдардан, бөлімдер мен ұйымдардан өтеусіз және коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етуге Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген талаптарды сақтай отырып алуға;

      19) Департамент қызметкерлері мен жұмыскерлерін іссапарға жіберуге;

      20) Департамент қызметіне қатысты мұрағаттық жедел, тергеу және басқа да материалдарды сақтау мен пайдалануды жүзеге асыруға;

      21) Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес жеке және заңды тұлғаларды зерттеп-зерделеуден өткізгеннен кейін Департамент объектілеріне қызмет көрсету бойынша жұмыстарға рұқсат беруді жүзеге асыру;

      22) жеке тұлғалар Департамент объектілеріне және орын-жайларына кірген (көлікпен кірген) және шыққан (көлікпен шыққан) кезде олардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруге, олардың өзімен алып жүретін заттарын тексеруге (күзетілетін адамдардан басқа);

      23) құпиялылық режимін, мемлекеттік құпиялардың сақталуын қамтамасыз ету, Департамент бөлімшелерінде құпия және құпия емес іс жүргізуді ұйымдастыру мен жүргізу, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау мерзімін сақтау бойынша жұмыс жағдайын бақылауды жүзеге асыру, тексеруді ұйымдастыру;

      24) Департамент қызметкерлерінің жеке басын, олардың бөлімшелерінің, үй-жайлары мен көлік құралдарының ведомстволық тиесілігін немесе ұлттық қауіпсіздік органдарына құпиялылық негізде жәрдем көрсететін азаматтардың жеке басын шифрлау мақсатында басқа мемлекеттік органдардың, сондай-ақ ұйымдардың құжаттарын пайдалануға;

      25) тауарларды жедел-техникалық іс-шараларды жүргізуге арналған арнайы техникалық құралдарға және ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарына жатқызу тұрғысынан техникалық зерттеулер жүргізуге, олар бойынша тиісті қорытындылар беруге;

      26) арнайы техникалық құралдарды және ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарын әкелуге немесе әкетуге қорытындылар (рұқсат беретін құжаттар) беруге, криптографиялық функциялары бар тауарлардың сипаттамалары туралы нотификацияларды тіркеуге, олар бойынша тиісті рұқсаттарды беруге және нотификациялар тіркеу туралы жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарауға;

      27) ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлерінің арнайы және дене дайындығын ұйымдастыру үшін, сондай-ақ әр деңгейдегі спорт шараларын өткізуге, спорт ғимараттарын жалға алуға, иеленуге;

      28) белгіленген тәртіпте қару-жарақтарды, оқ-дәрілерді, арнайы қорғау мен қорғаныс құралдарын жабдықталған орында сақтауға;

      29) Қазақстан Республикасы заңдарымен, Президентінің актілерімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының нормативтік құқықтық актілерімен белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асыруға құқылы.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 04.09. 2015 № 72 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 06.10.2017 91/қе; 08.05.2019 № 30/қе (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

4. Департамент қызметін ұйымдастыру

      17. Департамент Қазақстан Республикасы Президентінің немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының келісімі бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы тағайындайтын бастық басқарады.

      18. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда Департамент бастығының орынбасары (орынбасарлары) болады.

      19. Департамент бастығы Департамент қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Департаментке жүктелген міндеттердің орындалуын және өз функциясын жүзеге асыру үшін дербес жауапты болады.

      20. Департамент бастығы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығына Департаменттің құрылымы мен штаттық кестесі бойынша ұсыныстар береді.

      21. Бұл мақсатта бастық:

      1) өзінің орынбасары болған жағдайда (орынбасарлары), олардың өкілеттіктерін айқындайды;

      2) Департамент құрамына кіретін құрылымдық бөлімшелер басшыларының өкілеттіктерін айқындайды;

      3) Департаменттің қызметкерлері мен жұмыскерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;

      4) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық және құқықтық актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      22. Департамент бастығының орынбасары (орынбасарлары):

      1) өз өкілеттіктері шеңберінде Департамент қызметін үйлестіреді;

      2) Департамент бастығы болмаған кезде Департамент қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Департаментке жүктелген міндеттердің орындалуын және өз функциясын жүзеге асыру үшін дербес жауапты болады;

      3) Департамент бастығы жүктеген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      22-1. Қойылған қарсы барлау, барлау міндеттерін табысты шешу үшін қажетті және жеткілікті жағдайларды жасау, қолдау және дамыту жөніндегі басқарушылық шешімдерді әзірлеу және іске асыру мақсатында Департаментте консультативтік-кеңесші орган – Кеңес құрылады. Кеңес қызметін ұйымдастыру белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 22-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 04.09.2015 № 72 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      23. Департамент құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Департамент атынан жеке және заңды тұлғаларға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басқа бөлімшелеріне жіберілетін құжаттарға Департамент бастығы, ал ол болмаған жағдайда оның орнын басатын адам қол қояды.

5. Департамент мүлігі

      24. Департамент жедел басқару құқығындағы оқшауланған мүлікке ие.

      Департаменттің мүлігі оған иелік ететіннен берілген мүліктің есебінен, сондай-ақ мүліктер заңмен тыйым салынбаған (қаржы табыстарын қоса отырып), өзінің ісі мен өзге де көздер арқылы жинақтау нәтижесінде қалыптастырылады.

      25. Департаментке бекітіліп берілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      26. Департамент өзіне бекітілген мүлікті өз бетінше қолдануға, қаржы жоспары бойынша қаражатқа сатып алынған мүлікті немесе басқа да тәсілдермен икемденуге құқығы жоқ, егер заңнамада басқасы белгіленбесе.

6. Департаментті қайта құру және тарату

      27. Департамента қайта құру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.