Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті туралы ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 11 қарашадағы № 489 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 18 қарашада № 9877 тіркелді

Қолданыстағы

      «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 24 сәуірдегі № 387 қаулысына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті туралы ереже бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті (Э.К. Өтепов) заңнамада белгіленген тәртіпте:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялау үшін жолдауды;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналасуын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрық оның алғаш рет ресми жарияланғаннан күннен
бастап қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                     Б. Сұлтанов

Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің   
2014 жылғы 11 қарашадағы
№ 489 бұйрығымен бекітілген

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік
және жекешелендіру комитеті туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті (бұдан әрі - Комитет) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне бекітіліп берілген мүлікті қоспағанда, орталық атқарушы органның құзыреті шегінде республикалық мүлікті басқару, республикалық мүлікке мемлекет құқықтарын, жекешелендіруді және экономиканың стратегиялық маңызы және стратегиялық объектілері бар салаларында меншіктің мемлекеттік мониторингін іске асыру саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің ведомствосы болып табылады.
      2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      3. Комитет мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы жазылған мөрлері мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің органдарында шоттары болады.
      4. Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
      5. Комитет егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оған уәкілеттілік берілсе, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      6. Комитет өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Комитет төрағасының немесе оның міндетін атқаратын тұлғаның бұйрықтарымен ресімделетін шешімдерді қабылдайды.
      7. Комитеттің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бекітіледі.
      8. Комитеттің заңды мекенжайы: 010000, Астана қаласы, Жеңіс даңғылы, 11.
      9. Мемлекеттік органның толық атауы - «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесі.
      10. Осы ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.
      11. Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
      12. Комитетке Комитеттің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау мәніне кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Комитетке заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыруға құқық берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер республикалық бюджет кірісіне жіберіледі.

2. Комитеттің міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      13. Комитеттің міндеттері:
      1) орталық атқарушы органның құзыреті шегінде республикалық мүлікті басқару, республикалық мүлікке мемлекет құқықтарын, жекешелендіруді іске асыру саласында басшылықты жүзеге асыру;
      2) «Экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы меншіктің мемлекеттік мониторингі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларында меншіктің мемлекеттік мониторингін жүзеге асыру;
      14. Комитеттің функциялары:
      1) меншіктің мемлекеттік мониторингінің электрондық дерекқорын жүргізу және оған мемлекеттік органдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету;
      2) қажет болған жағдайда орталық атқарушы органдармен және меншігінде не басқаруында мониторинг объектілері бар тұлғалармен бірлесіп, кәсіпорындардың экономикалық тиімділігін арттыруға бағытталған шараларды әзірлеу;
      3) республикалық мемлекеттік меншікке жататын концессия объектілері бойынша жасалған концессия шарттарының тізілімін жүргізу;
      4) республикалық заңды тұлғаларға қатысты республикалық меншік құқығын субъектісінің құқықтарын Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асыру;
      5) тиісті саланың уәкілетті органының ұсынуы бойынша республикалық мемлекеттік кәсіпорын қызметінің нысанасы мен мақсатын, сондай-ақ осындай қызметті жүзеге асыратын республикалық мемлекеттік кәсіпорынның түрін (шаруашылық жүргізу құқығындағы немесе қазыналық кәсіпорын) айқындау және республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың жарғысын, оған енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды бекіту;
      6) республикалық мемлекеттік кәсіпорынға алып қойылған мүлікті күтіп ұстау және оны кейіннен баланстан шығара отырып өзге тұлғаға бергенге дейін сақталуын қамтамасыз ету мерзімін белгілеу;
      7) таратылған республикалық заңды тұлғаның кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған мүлкін қайта бөлу;
      8) қызметін шаруашылық жүргізу құқығында жүзеге асыратын республикалық мемлекеттік кәсіпорынға «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 145-бабымен көзделген мәселелерді келісу;
      9) республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынға негізгі құралдарға жататын мүлікті иеліктен шығару немесе өзге тәсілмен иелік ету, дебиторлық берешекті беру және есептен шығаруды келісу;
      10) тиісті саланың уәкілетті органының республикалық заңды тұлғаны қайта ұйымдастыруды және таратуды жүзеге асыруын келісу;
      11) республикалық мүлікті жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға кейіннен сатып алу құқығынсыз, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне кейіннен сатып алу құқығымен немесе кейіннен өтеусіз негізде беру құқығымен мүліктік жалдауға (жалға алуға) сенімгерлік басқаруға беру;
      12) жекешелендіру объектісінде мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтары болған жағдайда, алдағы жекешелендіру туралы мемлекеттік материалдық резервті басқару жөніндегі уәкілетті органды ол объектіні жекешелендіргенге дейін осындай материалдық құндылықтарды одан әрі орналастыру туралы шешім қабылдауы үшін уақытылы хабардар ету;
      13) сатып алушының талап етуі бойынша жекешелендіру объектілерінің ауыртпалықтары туралы, сондай-ақ кредиторлық және дебиторлық берешектер сомасы, егер жекешелендіру объектісі мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорын болып табылса, жекешелендірілетін кәсіпорынның жасасқан шарттары туралы ақпаратты дайындауды және ұсынуды жүзеге асыру;
      14) республикалық мүліктің жекешелендірілуін, оның ішінде республикалық мүлікті жекешелендіру туралы шешім қабылдауды, объектіні жекешелендіруге дайындау процесінде республикалық мүліктің сақталуын қамтамасыз етуді, жекешелендіру процесін ұйымдастыру үшін делдал тартуды, жекешелендіру объектісін бағалауды қамтамасыз етуді, жекешелендіру объектісін сатып алу-сату шарттарын дайындау мен жасасуды және сатып алу-сату шарттары талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыру;
      15) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, сондай-ақ республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың құрылтайшысы болады;
      16) Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан мемлекеттің акционерлік қоғамды (жауапкершілігі шектеулі серіктестікті) басқаруға акционер (қатысушы) ретінде қатысу құқықтарын жүзеге асыру;
      17) республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың, Қазақстан Республикасы қатысатын акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жұмыс істеуі мен оларды басқару тиімділігінің мониторингін ұйымдастыруды және жүргізуді жүзеге асыру;
      18) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша тиісті саланың уәкілетті органына республикалық меншіктегі акциялардың (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын беру;
      19) тұтастай алғанда өңірлер мен республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуына қолайсыз әсер ететін факторларды анықтау мақсатында меншіктің мемлекеттік мониторингі мәні бойынша ақпаратты талдауды жүзеге асыру;
      20) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, электрондық қызметтер көрсету;
      21) меншіктің мемлекеттік мониторингін жүргізу жоспары мен бағдарламасын бекіту;
      22) республикалық мемлекеттік меншікке жататын және «Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген объектілер бойынша тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органдары табыс ететін ұсыныстарды олар ұсынылған кезден бастап отыз жұмыс күні ішінде тізбеге енгізу үшін келісу;
      23) республикалық мүлік мәселелері бойынша мемлекеттің мүдделерін білдіру, Қазақстан Республикасына тиесілі мүліктік құқықтарды қорғауды жүзеге асыру;
      24) «Экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы меншіктің мемлекеттік мониторингі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы меншіктің мемлекеттік мониторингін жүзеге асыру;
      25) негізгі өндірістік-техникалық, технологиялық, қаржы-экономикалық, құқықтық және өзге де параметрлер бойынша мониторинг объектілерін қадағалау;
      26) Қазақстан Республикасына тиесілі акцияларға дивидендтердің уақтылы және толық есептелуіне және олардың төленуіне, сондай-ақ жарғылық капиталындағы қатысу үлесі Қазақстан Республикасына тиесілі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қатысушылары арасында таза табыстың бөлінуіне бақылауды жүзеге асыру;
      27) меншіктің мемлекеттік мониторингінің нысанасы бойынша ақпарат жинау мен талдауды жүзеге асыра отырып, мониторинг объектілерін жүйелік зерттеулерін өткізуді ұйымдастыру;
      28) қызметін шаруашылық жүргізу құқығында жүзеге асыратын республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың филиалдар, өкілдіктер мен еншілес компаниялар құруын келісу;
      29) өз құзыреті шегінде республикалық меншікке жататын концессия объектілері бойынша концессия шарттарының орындалуына мониторингті жүзеге асырады;
      30) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген жағдайда концессиялық жобаларды келіседі;
      31) концессия туралы шарттардың негізінде құрылған объектілерді республикалық меншікке қабылдайды;
      32) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіпте Мемлекеттік мүлік тізілімін жүргізу және Мемлекеттік мүлік тізілімін пайдаланушыларға ақпарат ұсыну;
      33) мемлекеттік мүліктің мақсатқа сай пайдаланылуын бақылауды және артық, пайдаланылмаған не мақсатқа сай пайдаланылмаған мүлікті алып қоюды республикалық мүлікке қатысты үш жылда кемінде бір рет жүзеге асыру;
      34) мемлекеттік емес заңды және жеке тұлғалардың республикалық меншікке берілетін мүлкі бойынша сыйға тарту шартын жасасу туралы шешім қабылдау;
      35) құқығын мемлекет сыйға тарту шарты бойынша иеленген мүлікті есепке алуды Мемлекеттік мүлік тізіліміне ол туралы мәліметтерді енгізу жолымен жүргізуді;
      36) «Байқоңыр» кешені объектілерінің сақталуына және пайдалану шарттарына бақылауды жүзеге асыру;
      37) «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 177-бабымен белгіленген мәселелердің тізбесі бойынша мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдар (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер) акционерлерінің (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер қатысушыларының) жалпы жиналыстарында қабылдау үшін ұсынылатын шешімдердің жобаларын келісу;
      38) мүдделі орталық және жергілікті атқарушы органдардың ұсынымдары бойынша оларға қатысты меншіктің мемлекеттік мониторингі жүзеге асырылатын экономиканың стратегиялық маңызы бар саласындағы объектілердің тізбесін өзгерту және (немесе) толықтыру бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстарды үш жылда кемінде бір рет енгізу;
      39) республикалық заңды тұлғаға берілген немесе шаруашылық қызметінің нәтижесінде ол ие болған мүлікті тиісті саланың уәкілетті органымен келісім бойынша алып қоюды немесе қайта бөлуді жүзеге асыру;
      40) мемлекеттік мүліктің нысаналы пайдаланылуын бақылау нәтижелері бойынша анықталған, республикалық заңды тұлғалардың артық, пайдаланбайтын не мақсатына сай пайдаланбаған мүлкін, бақылауды жүзеге асырған кезден бастап алты ай өткен соң тиісті саланың уәкілетті органының келісімінсіз алып қоюды жүзеге асыру;
      41) республикалық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беруге талдау жүргізу;
      42) сатып алу-сату шартын, оның ішінде өзінің қолданысын тоқтатқан шартты орындауға байланысты бақылауды жүзеге асырған кезде жұмысқа сарапшыларды, сондай-ақ консультациялық, бағалау, аудиторлық және өзге де ұйымдарды тарту;
      43) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша акционерлік қоғамдардың орналастырылатын акцияларына төлем жасауды және Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес ақша енгізу жолымен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына салымды, сондай-ақ республикалық мүлікті, оның ішінде акцияларды, қатысу үлестерін енгізуді жүзеге асыру;
      45) республикалық мүліктің нысаналы және тиімді пайдаланылуына бақылауды жүзеге асыру;
      46) жалғыз акционері (қатысушысы) Қазақстан Республикасы болып табылатын акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) тиісті директорлар кеңесінің (байқау кеңесінің) құрамына өз өкілін тағайындау, ал Қазақстан Республикасы қатысатын өзге де акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде директорлар кеңесіне немесе байқау кеңестеріне кандидатураны акционерлердің немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер қатысушыларының жалпы жиналысына бекітуге ұсыну;
      46) «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-тарауында белгіленген жағдайлар мен шарттарда мемлекет меншігіне алынатын мүлікке өтем төлеуді жүзеге асыру;
      47) Мемлекеттік мүлік тізілімінде мемлекеттік мүліктің бірыңғай есепке алынуын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты үйлестіруді және ұйымдастыруды жүзеге асыру;
      48) «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес республикалық мүлікті жекешелендіру бойынша сауда-саттық өткізу туралы хабарламаны жариялау үшін мерзімді баспа басылымын айқындау жөнінде конкурс өткізу;
      49) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен бірлесіп, акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары мен даму жоспарларын әзірлеу, бекіту тәртібін, сондай-ақ мониторингі жүргізу және олардың іске асырылуын бағалауды әзірлеуге қатысу;
      50) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен бірлесіп, мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларын әзірлеу, бекіту тәртібін, сондай-ақ мониторинг жүргізу және олардың іске асырылуын бағалау тәртібін әзірлеуге қатысу;
      51) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен бірлесіп, акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары мен даму жоспарларының орындалуы бойынша есептерді әзірлеу және ұсыну тәртібін әзірлеуге қатысу;
      52) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен бірлесіп, мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдардың, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер және мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларының орындалуы жөніндегі есептерді әзірлеу және ұсыну тәртібін әзірлеуге қатысу;
      53) республикалық мүлікті пайдалануға беру бойынша өкілеттіктерді жүзеге асыру;
      54) республикалық меншікке айналған (түскен) мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану жұмыстарын ұйымдастыру;
      55) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және бекіту;
      56) Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      15. Комитеттің құқықтары мен міндеттері:
      1) мемлекеттік органдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан және өзге де тұлғалардан заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті ақпарат пен материалдарды сұрату, алу және оларға беру;
      2) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қолданыстағы заңнаманы пайдалану бойынша түсіндірулер мен түсініктемелер беру;
      3) Еңбек кодексінде және мемлекеттік қызмет туралы заңнамада көзделген жағдайларда және тәртіпте қызметкерлерді көтермелеу, оларға тәртіптік жаза қолдану, қызметкерлерді материалдық жауапкершілікке тарту;
      4) құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге қатысу;
      5) Комитеттің аумақтық бөлімшелеріне орындауға міндетті нұсқаулар беру;
      6) Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру.

3. Комитеттің қызметін ұйымдастыру

      16. Комитетке басшылық жасауды Төраға жүзеге асырады, ол Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуына және олардың өз функцияларын жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
      17. Комитеттің Төрағасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымынан босатылады.
      18. Комитет төрағасының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымдарға тағайындалатын және лауазымдарынан босатылатын орынбасарлары болады.
      19. Комитет Төрағасының өкілеттіктері:
      1) өз орынбасарларының, Комитеттің аумақтық және құрылымдық бөлімшелері басшыларының міндеттерін айқындайды;
      2) заңнамаға сәйкес Комитеттің қызметкерлерін және Комитеттің аумақтық бөлімшелері басшыларының орынбасарларын лауазымдарға тағайындайды және лауазымдарынан босатады;
      3) заңнамада белгіленген тәртіппен тәртіптік жаза қолданады;
      4) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері және оның аумақтық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;
      5) Комитеттің штат саны лимитінің шегінде Комитеттің штат кестесін бекітеді;
      6) белгіленген тәртіпте Комитеттің қызметкерлеріне, Комитеттің аумақтық бөлімшелері басшыларына іссапар, демалыстар ұсыну, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемеақы төлеу және сыйлықақы беру мәселелерін шешеді;
      7) Комитеттің бұйрықтарына қол қояды;
      8) заңнамаға сәйкес Комитетті барлық мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда білдіреді;
      9) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша дербес жауапты болады;
      10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттікті жүзеге асырады.
      20. Комитет Төрағасы болмаған кезеңде қолданыстағы заңнамаға сәйкес оның өкілеттіктерін орындауды оның орнында болатын адам жүзеге асырады.
      21. Комитет Төрағасы қолданыстағы заңнамаға сәйкес өз орынбасарларының өкілеттіктерін айқындайды.
      22. Комитет мемлекеттік мүлік және жекешелендіру органдары қызметінің мәселелерін қарайтын және консультативтік-кеңесу органы болып табылатын алқа құра алады. Алқаның сандық және персоналдық құрамын Комитет Төрағасының орынбасарлары мен Комитеттің құрылымдық бөлімшелері басшыларының ішінен Комитет Төрағасы бекітеді.

4. Комитеттің мүлкі

      23. Комитеттің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
      Комитеттің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірісті қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
      24. Комитетке бекітіліп берілген мүлік республикалық меншікке жатады.
      25. Комитет егер заңнамада өзгелер белгіленбесе, оған бекітіліп берілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша оған берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті дербес иеліктен шығаруға немесе өзге де тәсілмен иелік етуге құқылы емес.
      26. Комитетке заңнамада белгіленген жағдайларда және шектерде мүлікке иелік ету құқығы берілуі мүмкін.

5. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату

      27. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.