Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсiптiк білім алуын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 18 тамыздағы № 516 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 25 қыркүйекте № 9753 тіркелді.

Жаңартылған

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Қолданысқа енгізілу тәртібін 5-тармақтан қараңыз.

      Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі Қылмыстық-атқару кодексiнiң 16-бабы 1-бөлігі 8) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсiптiк білім алуын ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.

      2. "Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың бастауыш, негізгі орта, жалпы орта бiлiм алуын және кәсiптiк білім беру мен оларды кәсiптiк даярлауды ұйымдастыру қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2012 жылғы 17 наурыздағы № 147 бұйрығының күші жойылды деп танылсын (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 7723 болып тіркелген, "Егемен Қазақстан" газетінің 2012 жылғы 1 тамыздағы № 442-449 (27523) санында; 2012 жылғы № 11 Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілер жинағында жарияланған.

      3. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (Б.М. Бердалин):

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми түрде "Әділет" ақпараттық құқықтық жүйесінде және ресми бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің www.mvd.gov.kz. интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне (Б.М. Бердалин) жүктелсін.

      5. Осы бұйрық ресми жариялануға жатады және 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Министр
полиция генерал-лейтенанты
Қ. Қасымов

      Келісілді

      Қазақстан Республикасының

      Білім және ғылым министрі

      _______________ А. Сәрінжіпов

      2014 жылғы 25 тамыз


  Қазақстан Республикасы
  Ішкі істер министрінің
  2014 жылғы 18 тамыздағы
  № 516 бұйрығымен бекітілген

Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсiптiк бiлiм алуын ұйымдастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 24.06.2019 № 573 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсiптiк бiлiм алуын ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі - Қағида) қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде (бұдан әрі – ҚАЖ мекемелері) бас бостандығынан айыруға сотталғандардың бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсiптiк бiлiм алуын ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

      2. ҚАЖ мекемелеріндегі жалпы білім беретін және кәсіптік оқу мекемелері (бұдан әрі – мектеп) өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін және өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Қағидаларды және мектептің Жарғысын басшылыққа алады.

      3. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 17 қыркүйектегі № 375 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8827 болып тіркелген) Жалпы білім беру ұйымдарының (бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру) түрлері бойынша қызметінің үлгілік қағидаларына сәйкес мектептер облыстар және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары ҚАЖ органдарының ұсынымы бойынша, облыстар, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының білім беру басқармаларымен келісу бойынша жергілікті атқарушы органдардың шешімімен құрылады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 24.06.2019 № 573 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Мектепте оқу процесі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 8 қарашадағы № 500 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8170 болып тіркелген) Қазақстан Республикасындағы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 31 қазандағы № 553 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16013 болып тіркелген) Техникалық және кәсіптік білім беру мамандықтары бойынша үлгілік оқу бағдарламалары мен үлгілік оқу жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 01.02.2019 № 83 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Мектепте оқу жылы 1 қыркүйекте басталады, ҚАЖ кәсіпорындарының екі ауысымдық жұмысы кезінде оқу сабақтары екі ауысымда ұйымдастырылады және аптасына 5-6 күн өткізіледі.

      Мектепте оқу жылының ұзақтығы 36 оқу аптасын құрайды.

      6. Мектепке қабылдау бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімі жоқ сотталғандар арасынан жүзеге асырылады және білімі туралы құжаттардың негізінде техникалық және кәсіптік білім алуы үшін ұйымдастырылады. Білімі туралы құжаттары болмаған жағдайда мектеп директоры сотталған оқыған білім беру ұйымы қарамағына жататын облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының білім беру басқармаларына сұрау салу жолдайды.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 24.06.2019 № 573 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Мекеме әкімшілігі оқу жылы кезеңінде оқытуға жататын сотталғандарды оқу сыныптарына шығуын қамтамасыз етеді.

      8. Мектеп директоры мен педагогикалық қызметкерлер ҚАЖ мекемесінің Тәрбиешілер жасағы кеңесінің және Оқу-тәрбие кеңесінің құрамына кіреді, ҚАЖ мекемесі әкімшілігімен бірлесіп сотталғандармен өткізілетін тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыстарға қатысады.

      9. Мектеп директоры ҚАЖ мекемесі бастығының келісімі бойынша мектептің басшы, педагогтік қызметкерлерін, техникалық персоналын тағайындайды және лауазымнан босатады.

2-тарау. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсiптiк бiлiм алуын ұйымдастыру тәртібі

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 24.06.2019 № 573 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Сотталғандарды мектепке қабылдау ҚАЖ мекемесінің бастығымен келісілген мектеп директорының бұйрығымен ресімделеді. ҚАЖ мекемелеріне оқу жылы басталғаннан кейін келген сотталғандарды мектепке қабылдау жеке істеріндегі деректер негізінде жүргізіледі.

      11. Сабақ кезеңдерінде білім алушыларды сабақтан қол үзумен байланысты мерзімнен тыс жұмыстарға тартуға тыйым салынады.

      Емтихан тапсыру үшін білім алушылар Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жұмыстан босатылады.

      12. Мектепті бітірген сотталғандарға мемлекеттік үлгідегі құжат беріледі. Осы құжат, сондай-ақ үлгерімі және сабаққа қатысу табелі сотталғандардың жеке істерінде сақталып, жазасын өтеуден босатылғаннан кейін қолдарына беріледі.

      13. ҚАЖ мекемесінің түрін өзгертуге, ол ауырған жағдайда не болмаса оның қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, ҚАЖ мекемесiн қайта ұйымдастыруға немесе таратуға, өндiрiстік қажеттілікке байланысты болмаса оқу жылы кезеңінде білім алушыларды ҚАЖ-дың бір түзеу мекемесінен екіншісіне ауыстыруға жол берілмейді.

      14. Тәртіптік изоляторға қамалған, бір адамдық камераға ауыстырылған, қауіпсіз жерде болу кезеңінде, сондай-ақ жазаны өтеудің қатаң жағдайларында болу кезеңінде мектептің білім алушылары мектепке шығарылмайды. Оларға дербес оқу және оқытушылардан консультациялар алу мүмкіндігі беріледі.

      15. Өмір бойы бас бостандығынан айыруды өтеуші, сондай-ақ ҚАЖ-дың емдеу-профилактикалық мекемелеріндегі сотталғандарға бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім алулары үшін жағдайлар жасалады. Сотталғандарға дербес оқу және оқытушылардан консультациялар алу мүмкіндігі беріледі. Өмір бойы бас бостандығынан айыруды өтеуші сотталғандарға оқытушылар жеке тәртіпте әдістемелік және консультациялық көмек көрсетеді. ҚАЖ-дың емдеу-профилактикалық мекемелеріндегі сотталғандарға әдістемелік және консультациялық көмек жеке немесе топта ұйымдастырылуы мүмкін.

      16. ҚАЖ мекемесінің әкімшілігі:

      1) міндетті жалпы білім беру және кәсіптік оқытуға жататын сотталғандардың есебін жүргізеді;

      2) мектеп әкімшілігінің, педагогикалық қызметкерлердің және техникалық персоналдың сотталғандарды оқыту, тәрбиелеу мәселелері бойынша ҚАЖ мекемесінің бөлімдері мен қызметтерінің қызметкерлерімен өзара іс-қимылы қамтамасыз етеді;

      3) мектептің педагогикалық ұжымына ҚАЖ мекемесінің сотталғандарды оқыту, түзеу мәселелері бойынша қызметін реттейтін құқықтық және әдістемелік құжаттарды зерделеуде көмек көрсетеді;

      4) мектеп қызметкерлерінің ҚАЖ мекемесінде белгіленген режимдік талаптарды сақтауын бақылауды жүзеге асырады;

      5) мектеп қызметкерлерінің ҚАЖ мекемелерінің аумағында болған уақытында олардың қауіпсіздігі мен еңбегін қорғауды қамтамасыз етеді;

      6) сотталғандардың мектепте сабаққа қатысуын күнделікті бақылауды жүзеге асырады.

      17. Мектептің педагогикалық ұжымы:

      1) ҚАЖ мекемесінің әкімшілігімен бірлесіп міндетті білім алуға жататын жасы отызға толмаған және жалпы орта білімі жоқ сотталғандарды толық қамтуды қамтамасыз ету жұмысын жүргізеді;

      2) оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес білім беру процесін ұйымдастырады;

      3) сотталғандардың сабақтарға дайындалуына, өз бетінше білім алу әдістерін меңгеруіне, олардың рухани-адамгершілік тәрбиесіне, оларды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту жұмысына көмек көрсетеді;

      4) ҚАЖ мекемесі әкімшілігінің алдында оқудағы және тәртіп сақтаудағы жетістіктері үшін білім алушыларды көтермелеу туралы ұсыным жасайды;

      5) оқу-әдістемелік құралдардың, жабдықтар мен басқа да мүліктің сақталуын қамтамасыз етеді.

      18. Сотталғандардың техникалық және кәсіби білім алуы "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Білім туралы заң) 17-бабына сәйкес жүзеге асырылады және қоғамдық-пайдалы кәсіби қызметтің негізгі бағыттары бойынша білікті жұмысшылар мен орта буын мамандарын даярлауға бағытталған.

      19. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың кәсіби даярлығы Білім туралы заңның 32-1-бабына сәйкес жүзеге асырылады және білім алушылардың нақты жұмыс түрлерін орындауға қажетті жаңа немесе өзгертілген кәсіби дағдыларды жеделдетілген түрде меңгерулеріне бағытталған.

      20. Оқытылатын кәсіптер мен мамандықтар тізбесін (бұдан әрі – тізбе) еңбек нарығындағы ағымдағы және болашақтағы кадрларға деген қажеттілік мониторингін ескере отырып, жергілікті атқарушы органның келісімі бойынша ҚАЖ мекемесінің әкімшілігі анықтайды.

      21. Сотталғандар тізбеден кәсіп пен мамандықты таңдауды ерікті түрде жүзеге асырады.

      22. Кәсіби практиканы ұйымдастыру Білім туралы заңның 38–бабына сәйкес жүзеге асырылады.

      23. Кәсіби практика ҚАЖ кәсіпорындарында жүргізіледі және оқу үрдісінде алынған білімдерін бекітуге және тәжірибелік дағдыларды алуға бағытталған.

      24. Мекемеде оқытылатын кәсіп бойынша өндірістік объектілер немесе өндірістік база болмаған жағдайда еңбек практикасы ҚАЖ мекемелерінің оқу шеберханаларында жүзеге асырылады.

      25. Практикалық сабақтар оқытушылар құрамы мен ҚАЖ мекемесі әкімшілігінің тұрақты бақылауымен жүргізіледі.

3-тарау. Мектептердің қызметін қаржымен қамтамасыз ету

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 24.06.2019 № 573 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      26. Жабдықтарды сатып алу, сондай-ақ мектептердің үй-жайларын ұстауға байланысты шығындар (коммуналдық қызмет көрсетулер, ағымдағы жөндеу және өзге де шығындар), қызмет көрсету персоналының еңбекақысын төлеу қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің қаражаты есебінен жүргізіледі. Басшылық және педагогикалық қызметкерлердің, оқу-тәрбие қызметкерлерінің еңбекақысын төлеу, оқулықтарды және оқу-әдістемелік кешендерді сатып алу және жеткізу білім беруге көзделген жергілікті қаражат есебінен жүргізіледі.