Дінтану сараптамасын жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 162 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 5 ақпанда № 10184 тіркелді.

Жаңартылған

      "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы Заңының 4-бабының 10-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Дінтану сараптамасын жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитетіне белгіленген заңнамалық тәртіпте:

      1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуден кейін 10 күнтізбелік күн ішінде мерзімді баспа басылымдарына және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдауды;

      3) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Күші жойылды деп танылсын:

      1) Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі Төрағасының 2012 жылғы 30 қазандағы № 112 "Дінтану сараптамасын жүргізетін сарапшыларды іріктеу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу реестрінде № 8116 тіркелген, 2013 жылғы 16 қаңтардағы № 22 (27961) "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған);

      2) Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі Төрағасының 2013 жылғы 23 желтоқсандағы № 50 "Дінтану сараптамасын жүргізетін сарапшыларды іріктеу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі Төрағасының 2012 жылғы 30 қазандағы № 112 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу реестрінде № 9103 тіркелген, 2014 жылғы 27 наурыздағы № 59 (28283) "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған).

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Мәдениет және спорт вице-министрі М.А. Әзілхановқа жүктелсін.

      5. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен он күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Министр А. Мұхамедұлы

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрінің
2014 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 162 бұйрығымен бекітілген

Дінтану сараптамасын жүргізу қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Дінтану сараптамасын жүргізу қағидалары дінтану сараптамасын жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Дінтану сараптамасын (бұдан әрі – сараптама) жүргізуді Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігінің Қоғамдық келісім комитеті (бұдан әрі – уәкілетті орган) қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қоғамдық даму министрінің 26.11.2018 № 01-01/77 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2. Дінтану сараптамасын жүргізудің объектілері мен субъектілері

      3. Сараптама объектілеріне:

      діни бірлестіктердің құрылтай құжаттары;

      діни мазмұндағы құжаттар (діни бірлестіктердің құрылымын, діни ілімінің негіздерін, діни практикасын айқындайтын құжаттар, сондай-ақ діни қызметтің нысандары мен әдістерін сипаттайтын құжаттар);

      діни білім беру бағдарламалары;

      діни мазмұндағы ақпараттық материалдар мен әдебиет және діни мақсаттағы заттар жатады.

      4. "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы Заңының 6-бабының 3-тармағына сәйкес дінтану сараптамасын дінтану саласында арнайы білімі бар адамдар, қажет болған жағдайда мемлекеттік органдардың өкілдерін және өзге мамандарды тарта отырып, жүргізеді.

3. Сараптама жүргізудің негіздері

      5. Сараптама жүргізудің негіздері:

      1) жеке және (немесе) заңды тұлғалардың уәкілетті органға өтініштері;

      2) Қазақстан Республикасы ұйымдарының кітапхана қорларына, сондай-ақ уәкілетті органға діни әдебиеттің, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдардың келіп түсуі;

      3) жеке тұлғалардың миссионер ретінде тіркеу және діни бірлестіктерді тіркеу туралы өтініші;

      4) жеке өзі пайдалануға арналған материалдарды қоспағанда, діни мазмұндағы ақпараттық материалдардың әкелінуі;

      5) уәкілетті орган басшысының бұйрығы болып табылады.

4. Дінтану сараптамасын жүргізу тәртібі

      6. Сараптамаға:

      1) объект мазмұнының нақты діни ілімге тиесілігін анықтау, объектінің мазмұнында аксиологиялық бейтараптықтың сақталуын зерттеу, сондай-ақ діни көзқарастар мен діни тәжірибесінің ілімді ұстанушыларға және қоғамның өзге мүшелеріне негативті ықпал ету мүмкіндігіне баға беру;

      2) уәкілетті орган тарапынан қойылған сұрақтарды ескере отырып, сараптама объектілерін қарастыру. Діни бірлестіктердің құрылтай құжаттарын қарастыру барысында діни бірлестіктердің қызметін, оның ішінде оның іс жүзіндегі қызметінің нысандары мен әдістерін зерделеу жүргізіледі;

      3) сараптама объектісінде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасының нормаларына қайшылықтардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын бұзылуын зерделеу.

      7. Сараптаманы жүргізу үшін уәкілетті органның кеңсесіне мынадай құжаттар ұсынылады:

      1) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш;

      2) жеке тұлғалар үшін - жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі немесе заңды тұлғалар үшін салыстырып тексеру мақсатында құжаттардың түпнұсқасын міндетті түрде ұсына отырып - діни бірлестікті мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің* немесе анықтаманың көшірмесі;

      Ескертпе:* "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2012 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілгенге дейін берілген заңды тұлғаны (филиалды, өкілдікті) мемлекеттік (есептік) тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік заңды тұлға өз қызметін тоқтатқанға дейін жарамды болып табылады:

      3) сараптама объектісінің Қазақстан Республикасы ұйымдарының кітапхана қорларына түскенін растайтын құжаттың көшірмесі не миссионерлерді немесе діни бірлестікті тіркеу үшін берілген өтініштің көшірмесі, не Қазақстан Республикасының аумағына әкелінгенін растайтын құжаттың көшірмесі;

      4) сараптама объектілері. Ұсынылған материал шет тілінде болған жағдайда, оның мемлекеттік не орыс тілдеріндегі нотариалды куәландырылған теңтүпнұсқалы аудармасы беріледі. Объет жинақталған, ақаусыз және зақымдалмаған күйде ұсынылады.

      8. Сараптама осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген құжаттар ұсынылған күннен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде жүргізіледі.

      8-1. Сараптама жүргiзу мерзімі осы қағидалардың 11-тармағында қарастырылған жағдайларда 30 (отыз) күнтізбелік күнге ұзартылады. Уәкілетті орган сараптама жүргізу мерзімін ұзартқаннан кейін, осы қағидалардың 11-тармағында қарастырылған сұрау салулар жолдаған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге жазбаша хабарлайды.

      Ескерту. Қағида 8-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Мәдениет және спорт министрінің м.а. 08.01.2016 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Уәкілетті орган сарапшыны (сарапшыларды) тағайындайды. Мемлекеттік органдардың өкілдері және басқа мамандар тартылған жағдайда, сондай-ақ үш сарапшыдан артық тағайындалған кезде уәкілетті орган сарапшылар тобын құрады.

      10. Уәкілетті орган сарапшыға (сарапшыларға, сарапшылар тобының мүшелеріне) объект бойынша сараптама жүргізу үшін сұрақтар тізбесін ұсынады.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің м.а. 08.01.2016 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      11. Сарапшыда (сарапшыларда) қолда бар объект бойынша материалдар толық болмаған жағдайда уәкілетті орган мүдделі діни бірлестіктерге, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктерге, халықаралық ұйымдарға (Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі арқылы) сұрау салулар жіберу арқылы қосымша материалдар мен ақпараттар алуға жәрдем көрсетеді.

      12. Сараптама жүргізу барысында сарапшы (сарапшылар, сарапшылар тобының мүшелері):

      1) дәлелді, ғылыми негізді, объективті және толық сараптама қорытындысын дайындайды;

      2) сараптама жүргізу үшін ұсынылған сараптама объектісі, материалдар мен ақпараттар туралы мәліметтерді жария етпейді, сондай-ақ оларға жария баға беруден тартынады.

      13. Сараптама нәтижелері бойынша ұсыныстық сипаттағы сараптама қорытындысы дайындалады.

      Сараптама қорытындысында:

      1) сараптаманы жүргізген тұлға (тұлғалар);

      2) сарапшының (сарапшылардың) құзіреттілігін көрсететін деректер: мамандығы, ғылыми дәрежесі (бар болған жағдайда);

      3) сараптама объектісінің діни қатыстылығы;

      4) сараптама объектісінің толық атауы;

      5) сараптама объектісінің шығыс деректері көрсетіледі. Егер сараптама объектісі діни мазмұндағы ақпараттық материал немесе діни әдебиет болған жағдайда - авторы, баспасы, шыққан жылы, беттер саны, объекті жазылған тіл, егер сараптама нысаны заңды тұлғаның (діни бірлестіктің) құрылтай құжаттары болған жағдайда - заңды мекен-жайы, құрылтай 0ұжатының қабылданған уақыты, беттер саны, объекті жазылған тіл, егер сараптама объектісі діни оқу орындарының рухани (діни) білім беру бағдарламалары болған жағдайда объектінің беттер саны, объекті жазылған тіл көрсетіледі;

      6) уәкілетті орган қойған сұрақтарға дәлелді, ғылыми негізді, объективті және толық жауаптар;

      7) сараптама объектісінің Қазақстан Республикасының аумағында пайдалануға және таратылуға ұсынылатыны немесе ұсынылмайтыны көрсетілетін сарапшының тұжырымы көрсетіледі.

      14. Сараптама қорытындысына сарапшы (сарапшылар, сарапшылар тобының мүшелері) қол қояды.

      15. Осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген мерзімде уәкілетті орган сараптама қорытындысы туралы хат жолдайды.

      16. Оң сараптама қорытындысын алған сараптама нәтижелері уэкілетті органның ресми сайтында жарияланады.

      17. Сараптаманы жүргізуді қаржыландыру Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

  Дінтану сараптамасын
  жүргізу қағидаларына
  қосымша
  Нысан
  Қазақстан Республикасының
  Қоғамдық даму министрлігі
  Қоғамдық келісім комитетінің төрағасы
  ____________________________
  (тегі, аты-жөнінің бірінші
  әріптері)
  Өтініш беруші
  ____________________________
  (жеке тұлғалар үшін тегі, аты,
  әкесінің аты (ол болған
  жағдайда)
  мекенжайы мен телефоны /
  заңды тұлғалар үшін
  пошталық мекенжайы мен телефоны)

Өтініш

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда – ҚР Қоғамдық даму министрінің 26.11.2018 № 01-01/77 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Сізден төмендегі діни материалдарға дінтану сараптамасын жүргізуді сұраймын:

      ___________________________________________________________

      (авторын (және (немесе) аудармашысын, құрастырушысын), басылым деректерін

      (қала, баспасы, шыққан жылы, парақ саны) көрсете отырып сараптама нысанын тізбелеу)

      Дінтану сараптамасын жүргізу__________________________________

      _________________________________________________________

      байланысты. (себебі көрсетіледі, бұл ретте ұйымның кітапхана қорына түскен жағдайда

      ұйымның атауы мен түскен күнін көрсету қажет, миссионерлерді немесе діни бірлестікті

      тіркеуге өтініш берілген жағдайда, қабылданған күнін және мұндай өтінішті қабылдаған

      органды, Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген жағдайда – әкеліну күнін көрсету

      қажет).

      Өтініш берушінің қолы, күні,

      мөр (заңды тұлғалар үшін)