Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын және Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағаларын айқындау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 15 желтоқсандағы № 209 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 22 қаңтарда № 10120 тіркелді.

Жаңартылған

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 28.04.2023 № 166 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Газ және газбен жабдықтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 7) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 27.05.2022 № 191 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын және Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағаларын айқындау қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 27.05.2022 № 191 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Газ өнеркәсібін дамыту департаменті:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде

      мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның бұқаралық ақпарат құралдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы

      Энергетика министрлігінің жетекшілік ететін вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр В. Школьник

      "Келісілді"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрі

      _____________ Е. Досаев

      29 желтоқсан 2014 жыл

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2014 жылғы 15 желтоқсандағы
№ 209 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын және Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағаларын айқындау қағидалары

      Ескерту. Қағиданың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 28.04.2023 № 166 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 30.04.2020 № 167 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын және Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағаларын айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Газ және газбен жабдықтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын және Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағаларын айқындау тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 27.05.2022 № 191 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) жер қойнауын пайдаланушы – жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге арналған құқыққа ие жеке немесе заңды тұлға;

      2) көтерме саудада өткізу – тауарлық, сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды одан әрi өткiзу мақсатында iшкi нарықта не Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерлерде өткiзу жөнiндегi, сондай-ақ газ тарату ұйымының газын нормативтік техникалық ысыраптарға және электр станциялары тізбесіне енгізілген тұтынушыларға өткізген жағдайлардағы кәсiпкерлiк қызмет;

      3) мұнай-газ-химия өнімі – химиялық процестерді жүзеге асыру жолымен көмірсутек шикізаты (мұнай және газ) негізінде алынатын және дайын өнім ретінде де (жанар-жағармай материалдарын қоспағанда), кейіннен химиялық өзгертулер үшін шикізат ретінде де пайдаланылатын өнім;

      4) өнеркәсіптік тұтынушы-инвестор – мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында өнеркәсіптік өндірісте отын және (немесе) шикізат ретінде пайдалану үшін тауарлық газды сатып алатын және уәкілетті орган бекітетін тізбеге енгізілген заңды тұлға, сондай-ақ тұтынушыларға одан әрі өткізу мақсатында сығымдалған және (немесе) сұйытылған табиғи газ өндіру үшін тауарлық газды сатып алатын заңды тұлға;

      5) уәкілетті орган – газ өндіруді, тасымалдауды (тасуды), сақтауды және көтерме саудада өткізуді, сондай-ақ тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуді және тұтынуды мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      6) электр станцияларының тізбесіне енгізілген тұтынушы – "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес электр станцияларының тізбесіне енгізілген, тауарлық газды электр энергиясын өндіру үшін отын ретінде пайдаланып жүрген немесе пайдаланатын заңды тұлға;

      7) ірі коммерциялық тұтынушы – өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторды және электр станцияларының тізбесіне енгізілген тұтынушыны қоспағанда, тауарлық газды өз қызметінде пайдалану үшін сатып алатын, осы Заңның 8-бабының 4-1-тармағында белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін заңды тұлға;

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар Заңға сәйкес қолданылады.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Энергетика министрінің 28.04.2023 № 166 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын айқындау тәртібі

      3. Заңның 20-бабы 2-тармағына сәйкес тауарлық газды iшкi нарықта көтерме саудада өткiзудiң шектi бағалары Қазақстан Республикасының өңiрлерiн газбен жабдықтаудың экономикалық және әлеуметтiк жағдайлары ескерiле отырып, жылдарға бөлу арқылы әрбір бес жыл сайын әрбiр облыс, республикалық маңызы бар қала, астана, тұтынушыларға одан әрі өткізу мақсатында сығымдалған және (немесе) сұйытылған табиғи газ өндіру үшін тауарлық газды сатып алатын өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторлар үшін жеке белгiленедi және қажет болған кезде уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жыл сайын 1 шілдеде түзетіліп отырады.

      Түзету тауарлық газды сатып алу бағаларының, тауарлық газ құрылымының және (немесе) көздерінің және (немесе) тауарлық газды магистральдық газ құбыржолдары арқылы тасымалдауға, тауарлық газды жерасты газ қоймаларында сақтауға арналған мемлекеттік реттеуге жататын тарифтердің өзгеруіне байланысты ұлттық оператордың уәкілетті органға жүгінуі негізінде жылына бір реттен асырылмай жүргізіледі.

      Тауарлық газбен жабдықталмайтын Қазақстан Республикасының өңірлері үшін тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағасының деңгейі есептелмейді.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 28.04.2023 № 166 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Заңның 20-бабы 2-1 және 2-2-тармақтарына сәйкес мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында тауарлық газды өнеркәсіптік өндірісте отын және (немесе) шикізат ретінде пайдалану үшін сатып алатын өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторлар үшін тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің шекті бағалары олар пайдалануға енгізілген күннен бастап жылдарға бөлу арқылы әрбір бес жыл сайын әрбір облыс, республикалық маңызы бар қала, астана үшін жеке белгіленеді және қажет болған кезде уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жыл сайын 1 шілдеде түзетіліп отырады.

      Түзету тауарлық газды сатып алу бағаларының, тауарлық газ құрылымының және (немесе) көздерінің және (немесе) тауарлық газды магистральдық газ құбыржолдары арқылы тасымалдауға, тауарлық газды жерасты газ қоймаларында сақтауға арналған, мемлекеттік реттеуге жататын тарифтердің өзгеруіне байланысты ұлттық оператордың уәкілетті органға жүгінуі негізінде жылына бір реттен асырылмай жүргізіледі.

      Электр станцияларының тізбесіне енгізілген тұтынушылар үшін тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің шекті бағалары электр станцияларының тізбесіне енгізілген әрбір тұтынушы үшін жылдарға бөлу арқылы әрбір бес жыл сайын жеке белгіленеді және қажет болған кезде уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жыл сайын 1 шілдеде түзетіліп отырады.

      Түзету тауарлық газды сатып алу бағаларының, тауарлық газ құрылымының және (немесе) көздерінің және (немесе) тауарлық газды магистральдық газ құбыржолдары арқылы тасымалдауға, тауарлық газды жерасты газ қоймаларында сақтауға арналған, мемлекеттік реттеуге жататын тарифтердің өзгеруіне байланысты ұлттық оператордың уәкілетті органға жүгінуі негізінде жылына бір реттен асырылмай жүргізіледі.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 28.04.2023 № 166 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4-1. Заңның 20-бабы 2-3 және 2-4-тармақтарына сәйкес ірі коммерциялық тұтынушыларға, цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаларға немесе цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіру жөніндегі тұлғаларға кейіннен өткізуге арналған тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің шекті бағалары жыл сайын 1 шілдеде әрбір облыс, республикалық маңызы бар қала, астана үшін жеке белгіленеді.

      Ірі коммерциялық тұтынушылар үшін белгіленетін шекті бағалар:

      әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын;

      цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаларды қоспағанда, халық және заңды тұлғалар үшін жылу және (немесе) электр энергиясын өндіруге қажетті тауарлық газды өткізу жөніндегі қатынастарға қолданылмайды.

      Ескерту. Қағида 4-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Энергетика министрінің 28.04.2023 № 166 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың шегіндегі барлық газ тарату жүйелері үшін тауарлық газды көтерме саудада өткізудің бірыңғай шекті бағасы белгіленеді.

      6. Егер Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын есептеу үшін пайдаланылатын тауарлық газдың бағалары бойынша деректер шетел валютасымен берілген болса, Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын бекітуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің жобасы табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органға келісу үшін жіберген күннің алдындағы күнге Ұлттық банк белгілеген теңгенің осы шетел валютасына ресми бағамы қолданылады.

      7. Облыс, республикалық маңызы бар қала, астана үшін Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің, оның ішінде өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторлар, электр станцияларының тізбесіне енгізілген тұтынушылар үшін, сондай-ақ ірі коммерциялық тұтынушыларға, цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаларға немесе цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіру жөніндегі тұлғаларға кейіннен өткізуге арналған тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын бекітуді көздейтін нормативтік құқықтық актілердің жобалары мынадай сомаларды негізге ала отырып әзірленеді:

      1) мыналардың орташа өлшемді мәндерінің жиынтығы:

      жоспарланған кезеңде облысқа, республикалық маңызы бар қалаға, астанаға жеткізу мақсатында жер қойнауын пайдаланушылардан ұлттық оператордың сатып алуына жоспарланатын тауарлық газ бағалары;

      жоспарланған кезеңге арналған қазақстандық тауарлық газға ортаазиялық және (немесе) ресейлік газды қарсы жеткізу жөніндегі мәмілелердің шеңберінде сатып алу жоспарланатын тауарлық газ бағалары;

      жоспарланған кезеңге арналған импорттық жеткізулер жөніндегі мәмілелердің шеңберінде Қазақстан Республикасының шекарасында сатып алуға жоспарланатын тауарлық газ бағалары;

      2) "Табиғи монополиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабының 10) тармақшасына сәйкес тиісті табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган бекіткен тарифтердің негізінде айқындалатын тауарлық газды сатып алынатын жерден облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың газ тарату жүйелеріне дейін магистральдық газ құбырлары бойынша тасымалдау және жерасты газ қоймаларында тауарлық газды сақтау жөніндегі орташа өлшемді шығыстар;

      3) әрбір облыс, республикалық маңызы бар қала, астана үшін жеке жоспарланған кезеңге арналған рентабельділік нормалары;

      4) мұнай-газ химия өнімдерін өндіру жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында өнеркәсіптік өндірісте отын және (немесе) шикізат ретінде пайдалану үшін тауарлық газды сатып алатын және Заңның 6-бабының 7-2) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган бекітетін мұнай-газ химия өнімін өндіру жөніндегі инвестициялық жобалардың тізбесіне (бұдан әрі – инвестициялық жобалардың тізбесі) енгізілген өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторлар, сондай-ақ электр станцияларының тізбесіне енгізілген тұтынушылар үшін осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген орташа өлшемді мәндердің жиынтығының 7 % мөлшерінде жоспарланған кезеңге арналған рентабельділік нормалары;

      5) одан әрі тұтынушыларға өткізу мақсатында сығымдалған және (немесе) сұйытылған табиғи газды өндіру үшін тауарлық газды сатып алатын өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторлар үшін осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген орташа өлшемді мәндердің жиынтығының 0 % мөлшерінде жоспарланатын кезеңге арналған рентабельділік нормалары.

      Ірі коммерциялық тұтынушыларға, цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаларға немесе цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіру жөніндегі тұлғаларға кейіннен өткізуге арналған тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің шекті бағасы бірінші жылға мынадай формула бойынша есептеледі:

      РІКТ1 = СР * 1,2

      мұнда,

      РІКТ1 – ірі коммерциялық тұтынушыларға, цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаларға немесе цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіру жөніндегі тұлғаларға кейіннен өткізуге арналған тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің бірінші жылға арналған шекті бағасы, мың текше метр үшін теңге;

      СР – осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген орташа өлшемденген мәндердің жиынтығы, мың текше метр үшін теңге;

      1,2 – уәкілетті орган қолданатын есептеу коэффициенті.

      Ірі коммерциялық тұтынушыларға, цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаларға немесе цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіру жөніндегі тұлғаларға кейіннен өткізуге арналған тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің шекті бағасы әрбір келесі жылға мынадай формула бойынша есептеледі:

      РІКТ = РІКТn *r

      мұнда,

      РІКТ – Ірі коммерциялық тұтынушыларға, цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаларға немесе цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіру жөніндегі тұлғаларға кейіннен өткізуге арналған тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің келесі жылдарға арналған шекті бағасы, мың текше метр үшін теңге.

      РІКТn – өткен жылы ірі коммерциялық тұтынушылар үшін тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағасы, мың текше метр үшін теңге;

      r – 1,2 – 1,75 шегіндегі есептеу коэффициенті, оны уәкілетті орган экспорттық нетбэк қағидаты бойынша қалыптастырылатын Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағасының деңгейі төрт жылдық кезеңде қол жеткізілгенге дейін, алдыңғы күнтізбелік жылға көтерме саудада өткізудің бекітілген шекті бағасының деңгейін ескере отырып қолданатын болады.

      Экспорттық нетбэк қағидаты бойынша қалыптастырылатын Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағасы мынадай формула бойынша есептеледі:

      РНАРЫҚ = РЭКСПОРТ – ТЭКСПОРТ + ТІШКІ НАРЫҚ

      мұнда,

      РНАРЫҚ – экспорттық нетбэк қағидаты бойынша қалыптастырылатын Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағасы, мың текше метр үшін теңге;

      РЭКСПОРТ – ұлттық оператордан алынатын мәліметтер негізінде қалыптастырылатын, Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасымен шекарасындағы тауарлық газдың өткен күнтізбелік жыл бойынша орташа өлшенген экспорттық бағасы, мың текше метр үшін теңге;

      ТЭКСПОРТ – ұлттық оператордан алынатын мәліметтер негізінде қалыптастырылатын, тауарлық газды магистральдық газ құбырлары жүйесі бойынша жер қойнауын пайдаланушыдан Қытай Халық Республикасымен шекараға дейін тасымалдауға арналған шығыстар, мың текше метр үшін теңге;

      ТІШКІ НАРЫҚ – табиғи монополиялар саласындағы уәкілетті орган бекіткен тарифтерге сәйкес анықталатын тауарлық газды магистральдық газ құбырлары арқылы тасымалдау шығындары, бір мың текше метр үшін теңге.

      Ірі коммерциялық тұтынушыларға, цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаларға немесе цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіру жөніндегі тұлғаларға кейіннен өткізуге арналған тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің шекті бағасы Қазақстан Республикасының ішкі нарығында экспорттық нетбэк қағидаты бойынша қалыптастырылатын тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағасынан асып кеткен жағдайда, Қазақстан Республикасының ішкі нарығында экспорттық нетбэк қағидаты бойынша қалыптастырылатын тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағасы қолданылады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 23.06.2023 № 237 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Осы Қағидалардың 7-тармағына сәйкес әзірленген Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын бекітуді көздейтін нормативтік құқықтық актілердің жобалары тауарлық газдың шекті бағасының деңгейін ағымдағы деңгеймен салыстырғанда күнтізбелік бір жылдың ішінде он бес пайыздан астамға ұлғайтуды көздей алмайды.

      Осы тармақтың ережелері өнеркәсіптік тұтынушылар-инвесторларға, электр станцияларының тізбесіне енгізілген тұтынушыларға арналған Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің, сондай-ақ ірі коммерциялық тұтынушыларға, цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаларға немесе цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіру жөніндегі тұлғаларға кейіннен өткізуге арналған тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің шекті бағаларына қолданылмайды.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 23.06.2023 № 237 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Электр станциялары тізбесіне енгізілген тұтынушы жаңа электр қуаттарын пайдалануға енгізетін күнге дейін тоқсан жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті органға жаңа электр қуаттарының пайдалануға енгізілетін күні туралы хабарлама жібереді.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Энергетика министрінің 28.04.2023 № 166 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын бекітуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің жобасын уәкілетті орган тиісті кезең басталғанға дейін күнтізбелік алпыс бес күннен кешіктірмей әзірлейді және оларды әзірлеу кезінде пайдаланылған деректерді қоса бере отырып, табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органға келісу үшін жібереді.

      11. Мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында өнеркәсіптік өндірісте отын және (немесе) шикізат ретінде пайдалану үшін тауарлық газды сатып алатын өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторлар үшін Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын бекітуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің жобасын уәкілетті орган мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру жөніндегі инвестициялық жобалар пайдалануға енгізілген күнге дейін күнтізбелік алпыс бес күннен кешіктірмей әзірлейді және әзірлеу кезінде пайдаланылған деректерді қоса бере отырып, табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органға келісу үшін жібереді.

      Мұнай-газ химия өнімдерін өндіру жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында өнеркәсіптік өндірісте отын және (немесе) шикізат ретінде пайдалану үшін тауарлық газды сатып алатын және инвестициялық жобалар тізбесіне енгізілген өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторлар үшін Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын бекітуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің жобасын келесі жылдары уәкілетті орган осы Қағидалардың 10-тармағында көзделген тәртіппен әзірлейді.

      12. Электр станциялары тізбесіне енгізілген тұтынушы үшін Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын бекітуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің жобасын уәкілетті орган жаңа электр қуаттарын пайдалануға енгізілген күнге дейін күнтізбелік алпыс бес күнінен кешіктірмей әзірлейді және әзірлеу кезінде пайдаланылған деректерді қоса бере отырып, табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органға келісу үшін жібереді.

      13. Заңның 20-бабының 3-тармағына сәйкес уәкiлеттi орган табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен келiсім бойынша 15 мамырдан кешiктiрiлмейтiн мерзiмде Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің алдағы жылға арналған шекті бағаларын бекiтедi.

      14. Заңның 20-бабының 3-1 және 3-2-тармақтарына сәйкес уәкiлеттi орган табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органмен келiсу бойынша мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру мақсатында тауарлық газды өнеркәсіптік өндірісте отын және (немесе) шикізат ретінде пайдалану үшін сатып алатын өнеркәсіптік тұтынушы-инвестор үшін оны пайдалануға енгізілген күнге дейін отыз жұмыс күнінен кешiктiрмей, сондай-ақ электр станцияларының тізбесіне енгізілген тұтынушы үшін тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткiзудiң шектi бағаларын кейіннен 1 шілдеден бастап бесжылдық кезеңге бекіте отырып, жаңа электр қуаттары пайдалануға берілген күнге дейін отыз жұмыс күнінен кешiктiрмей бекітеді және қажет болған кезде жыл сайын 1 шілдеде түзетіп отырады.

      Уәкілетті орган табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен келісу бойынша жыл сайын 15 мамырдан кешіктірілмейтін мерзімде:

      ірі коммерциялық тұтынушыларға;

      цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаларға немесе цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіру жөніндегі тұлғаларға кейіннен өткізуге арналған тауарлық газды алдағы жылы ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын бекітеді.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 28.04.2023 № 166 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      15. Тауарлық газды бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын тұлғалар үшін белгіленетін тауарлық газды бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 1 ақпандағы № 36 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14778 болып тіркелген) бекітілген Қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу қағидаларына сәйкес табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган тұтынушылардың топтары бойынша айқындауы мүмкін.

3-тарау. Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағаларын айқындау тәртібі

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 27.05.2022 № 191 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      16. Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағалары жыл сайын белгіленеді және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында:

      1) сұйытылған мұнай газын өндірушілер;

      2) өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иелері;

      3) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген сұйытылған мұнай газының меншік иелері үшін қолданылады.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 27.05.2022 № 191 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      17. Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағалары:

      1) сұйытылған мұнай газын өндірушілер, өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иелері үшін – сұйытылған мұнай газын өндіру жөніндегі объектілерде;

      2) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде өндірілген және Қазақстан Республикасының аумағына тұтыну үшін әкелінген сұйытылған мұнай газының меншік иелері үшін – Қазақстан Республикасының шекарасында белгіленеді.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 27.05.2022 № 191 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      18. Егер Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағаларын есептеу үшін пайдаланылатын сұйытылған мұнай газының бағалары бойынша деректер шетел валютасымен берілген болса, Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағасын бекітуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің жобасын табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органға келісу үшін жіберілген күннің алдындағы күнге Ұлттық банк белгілеген теңгенің осы шетел валютасына ресми бағамы қолданылады.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 27.05.2022 № 191 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      19. Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағаларын бекітуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің жобасын уәкілетті орган алдағы күнтізбелік жылға осы Қағидаларға қосымшада келтірілген Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағаларын айқындау тетігіне сәйкес әзірлейді.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 27.05.2022 № 191 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      20. Жоспарлы кезеңге Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағасының деңгейі бір күнтізбелік жыл ішінде сұйытылған мұнай газының шекті бағасының деңгейін ағымдағы деңгеймен салыстырғанда, жиырма пайыздан астам ұлғайтуды көздей алмайды.

      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 28.04.2023 № 166 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      21. Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағаларын бекітуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің жобасын уәкілетті орган тиісті кезең басталғанға дейін күнтізбелік отыз бес күннен кешіктірмей әзірлейді және оларды әзірлеу кезінде пайдаланылған деректерді қоса бере отырып, табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органға келісу үшін жібереді.

      Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 27.05.2022 № 191 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      22. Табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын, оның ішінде өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторлар үшін, электр станцияларының тізбесіне енгізілген тұтынушылар үшін, ірі коммерциялық тұтынушылар үшін, цифрлік майнингті жүзеге асыратын тұлғалар үшін немесе цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіру жөніндегі тұлғалар үшін немесе Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағаларын бекітуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің жобасын келісу үшін қажетті қосымша ақпаратты уәкілетті органнан сұратады, ол осындай сұрау салу алынған күнінен бастап күнтізбелік бес күннен кешіктірілмейтін мерзімде беріледі.

      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 28.04.2023 № 166 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      23. Уәкілетті орган осы Қағидалардың 10, 11, 12, 21 және 22-тармақтарында көрсетілген ақпаратты белгіленген мерзімдерде ұсынбаған жағдайда, табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын, оның ішінде өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторлар үшін, электр станцияларының тізбесіне енгізілген тұтынушылар үшін, ірі коммерциялық тұтынушылар үшін, цифрлік майнингті жүзеге асыратын тұлғалар үшін немесе цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіру жөніндегі тұлғалар үшін немесе Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағаларын бекітуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің жобасын келісуден бас тартады.

      Бұл ретте уәкілетті орган табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен келісу бойынша осы Қағидалардың 13, 14 және 24-тармақтарында көрсетілген мерзімдерде Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын, оның ішінде өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторлар үшін,электр станцияларының тізбесіне енгізілген тұтынушылар үшін, ірі коммерциялық тұтынушылар үшін, цифрлік майнингті жүзеге асыратын тұлғалар үшіннемесе цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіру жөніндегі тұлғалар үшін немесе Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағаларын ағымдағы кезеңнің деңгейінде бекітеді.

      Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 28.04.2023 № 166 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      24. Уәкілетті орган табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен келісім бойынша Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының алдағы жылға арналған шекті бағасын жоспарланған кезең басталғанға дейін күнтізбелік он бес күннен кешіктірілмейтін мерзімде бекітеді.

      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 27.05.2022 № 191 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      25. Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының бекітілген шекті бағалары сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын адамдар үшін белгіленетін бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын айқындау кезінде пайдаланылады.

      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 27.05.2022 № 191 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  Тауарлық газды ішкі нарықта
көтерме саудада өткізудің шекті
бағаларын және Қазақстан
Республикасының ішкі
нарығына сұйытылған мұнай
газын беру жоспары шеңберінде
тауар биржаларынан тыс
өткізілетін сұйытылған мұнай
газының шекті бағасын
айқындау қағидаларына
қосымша

Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағасын айқындау тетігі

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 27.05.2022 № 191 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      P = (Pw – TRexp) x К

      онда,

      P – тауар биржаларынан тыс Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағасы, бір тонна үшін теңгемен;

      Pw – соңғы өткен күнтізбелік жылдағы ай сайынғы баға белгілеудің орташа арифметикалық мәні ретінде айқындалатын сұйытылған мұнай газының әлемдік бағасы, бір тоннасына теңгемен. Осы тармақтың мақсаттары үшін баға белгіленімі "Argus Media (Russia) Ltd. (Petroleumargus)" компаниясының "Аргус сұйытылған газ және конденсат" дереккөзінде жарияланатын ақпарат негізінде тәжік-өзбек шекарасындағы (DAF Бекабад СПБТ) сұйытылған мұнай газы бағасының шетелдік валютадағы баға белгіленімін білдіреді, ал жоғарыда көрсетілген дереккөзде сұйытылған мұнай газының бағасы туралы ақпарат болмаған кезде – Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында айқындалатын басқа да дереккөздердің деректері бойынша жүргізіледі;

      TRexp – Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан сұйытылған мұнай газын өндіру жөніндегі объектілерден соңғы өткен күнтізбелік жылдағы тәжік-өзбек шекарасына дейін сұйытылған мұнай газын теміржол көлігімен тасымалдау бойынша уәкілетті орган Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге сұйытылған мұнай газын өткізу жөніндегі мәмілелер мониторингі негізінде айқындайтын орташа арифметикалық шығыстар, бір тоннасына теңгемен;

      К – Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы мен жергілікті атқарушы органдардың деректері негізінде Қазақстан Республикасындағы газдандырылған халықтың саны деңгейінің соңғы өткен күнтізбелік жылдағы Қазақстан Республикасындағы халықтың жалпы саны деңгейіне арақатынасын көрсететін түзету коэффициенті.