Ішкі нарықта тауарлық және сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын айқындау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 15 желтоқсандағы № 209 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 22 қаңтарда № 10120 тіркелді

Қолданыстағы

      «Газ және газбен жабдықтау туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы Заңы 6-бабының 7) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Ішкі нарықта тауарлық және сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын айқындау қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Газ өнеркәсібін дамыту департаменті:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде
мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның бұқаралық ақпарат құралдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы
Энергетика министрлігінің жетекшілік ететін вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                               В. Школьник

«Келісілді»
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрі
_____________ Е. Досаев
29 желтоқсан 2014 жыл

Қазақстан Республикасы  
Энергетика министрінің  
2014 жылғы 15 желтоқсандағы
№ 209 бұйрығымен      
бекітілген        

Ішкі нарықта тауарлық және сұйытылған мұнай газын көтерме
саудада өткізудің шекті бағаларын айқындау қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидалар «Газ және газбен жабдықтау туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес және 2010 жылғы 9 желтоқсанда қол қойылған Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы Баға белгілеу мен тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, газ тасымалы жүйелері арқылы газ тасымалдау саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізу қағидалары туралы келісімді іске асыру мақсатында әзірленді және ішкі нарықта тауарлық және сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын айқындау тәртібін белгілейді.
      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) көтерме саудада өткізу – тауарлық, сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды одан әрi өткiзу мақсатында iшкi нарықта не Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерлерде өткiзу жөнiндегi, сондай-ақ газ тарату ұйымының газын нормативтік техникалық шығасыларға өткізген жағдайлардағы кәсiпкерлiк қызмет;
      2) уәкілетті орган – газ өндіруді, тасымалдауды (тасуды), сақтауды және көтерме саудада өткізуді, сондай-ақ елді мекендердің шекаралары шегінен тыс тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуді және тұтынуды мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      3) жер қойнауын пайдаланушы – жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге арналған құқыққа ие жеке немесе заңды тұлға.
      Осы Қағидаларда пайдаланылатын терминдер мен ұғымдар Заңға сәйкес қолданылады.

2. Тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті
бағаларын айқындау тәртібі

      3. Ішкі нарықта тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағалары әрбір облысқа, республикалық маңызы бар қалаға, астанаға жыл сайын бірінші шілдеде жеке белгiленедi.
      Тауарлық газбен жабдықтауы жоқ өңірлер үшін тауарлық газды көтерме саудада өткізу шекті бағасының деңгейі есептелмейді.
      4. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың шегіндегі барлық газ тарату жүйелері үшін көтерме саудада өткізудің бірыңғай шекті бағасы белгіленеді.
      5. Егер тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын есептеу үшін пайдаланылатын тауарлық газдың бағалары жөніндегі деректер АҚШ долларымен берілген болса, мемлекеттік жоспарлау бойынша уәкілетті органға ұсыныстар берілген сәтке Ұлттық банк белгілеген теңгенің АҚШ долларына ресми бағамы қолданылады.
      6. Тауарлық газды көтерме саудада өткізудің алдағы жартыжылдыққа арналған шекті бағаларының деңгейі жөніндегі ұсыныстарды облыс, республикалық маңызы бар қала, астана үшін уәкілетті орган мынадай сомаларды негізге ала отырып әзірлейді:
      1) мыналардың орташа өлшемді мәндерінің жиынтығы:
      жоспарланған кезеңде облысқа, республикалық маңызы бар қалаға, астанаға жеткізу мақсатында жер қойнауын пайдаланушылардан ұлттық оператор сатып алуды жоспарлап отырған тауарлық газ бағасы;
      жоспарланған кезеңге арналған қазақстандық тауарлық газға ортаазиялық және (немесе) ресейлік газды қарсы беру жөніндегі мәмілелердің шеңберінде сатып алу жоспарланып отырған тауарлық газ бағасы;
      жоспарланған кезеңге импорттық жеткізулер жөніндегі мәмілелердің шеңберінде Қазақстан Республикасының шекарасында сатып алуға жоспарланатын тауарлық газ бағасы;
      2) табиғи монополиялар салаларында және реттелетін нарықтарда реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган бекіткен тарифтердің негізінде айқындалатын, тауарлық газды магистральдық газ сатып алынатын жерден оны құбырлармен облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың газ тарату жүйелеріне дейін тасымалдау және жерасты газ қоймаларында сақтау жөніндегі орташа өлшемді шығыстар;
      3) мемлекеттік жоспарлау бойынша мемлекеттік органмен келісім бойынша уәкілетті орган айқындайтын және белгіленген тиісті кезең басталғанға дейін күнтізбелік бір жүз жиырма күнге дейінгі мерзімге белгіленетін әрбір облыс, республикалық маңызы бар қала, астана үшін жеке жоспарланған кезеңге арналған рентабельділік нормасы.
      7. Осы Қағидалардың 6-тармағына сәйкес әзірленген облыс, республикалық маңызы бар қала, астана үшін тауарлық газдың жоспарланған кезеңге арналған шекті бағасының деңгейі жөніндегі ұсыныстарда тауарлық газдың шекті бағасының деңгейін ағымдағы деңгеймен салыстырғанда күнтізбелік бір жылдың ішінде он бес пайыздан астамға ұлғайтуды көздеуге болмайды.

3. Сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын айқындау тәртібі

      8. Ішкі нарықта сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағалары Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында мыналар:
      1) сұйытылған мұнай газын өндірушілер;
      2) меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде өздеріне тиесілі көмірсутек шикізатын өңдеу процесінде шығарылған сұйытылған мұнай газының меншік иелері;
      3) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде өндірілген және Қазақстан Республикасының аумағына тұтыну үшін әкелінген сұйытылған мұнай газының меншік иелері үшін тоқсан сайын белгіленеді және қолданылады.
      9. Газ желісі ұйымдарының сұйытылған мұнай газын газ толтырушы пункттерге және (немесе) автогаз құю станцияларының иелеріне көтерме саудада өткізуінің бағасын мемлекеттік реттеу Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      10. Ішкі нарықта сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағасы мыналар:
      1) сұйытылған мұнай газын өндіру жөніндегі объектілерде – сұйытылған мұнай газын өндірушілер, меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде өздеріне тиесілі көмірсутек шикізатын өңдеу процесінде шығарылған сұйытылған мұнай газының меншік иелері үшін;
      2) Қазақстан Республикасының шекарасында – Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде өндірілген және Қазақстан Республикасының аумағына тұтыну үшін әкелінген сұйытылған мұнай газының меншік иелері үшін белгіленеді.
      11. Осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген адамдар ішкі нарықта сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағасынан асырмай сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің бағасын дербес төмендетуге және арттыруға құқылы.
      12. Егер сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын есептеу үшін пайдаланылатын сұйытылған мұнай газының бағалары жөніндегі деректер шетел валютасында берілген болса, өткен тоқсан үшін теңгенің осындай шетел валютасына шаққандағы орташа арифметикалық бағамы қолданылады.
      13. Осы Қағиданың қосымшасына сәйкес сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің алдағы тоқсанға арналған шекті бағаларының деңгейі жөніндегі ұсыныстарды уәкілетті орган алдағы тоқсанға формула бойынша әзірлейді.
      14. Осы Қағидалардың 13-тармағына сәйкес әзірленген сұйытылған мұнай газының жоспарланатын кезеңге арналған шекті бағасының деңгейі жөніндегі ұсыныстарда сұйытылған мұнай газының шекті бағасының деңгейін ағымдағы деңгеймен салыстырғанда күнтізбелік бір жылдың ішінде он бес пайыздан астамға ұлғайтуды көздеуге болмайды.
      15. Тауарлық және сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағаларының деңгейі жөніндегі ұсыныстарды уәкілетті орган тиісті кезең басталғанға дейін күнтізбелік алпыс бес күннен кешіктірмей әзірлейді және әзірлеу кезінде пайдаланылған деректерді қоса бере отырып, мемлекеттік жоспарлау бойынша уәкілетті органға келісуге енгізеді.
      Ұсыныстарды келісу мерзімі күнтізбелік отыз бес күннен аспауға тиіс.
      16. Мемлекеттік жоспарлау бойынша уәкілетті орган уәкілетті органда тауарлық, сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағаларының деңгейі жөніндегі ұсынылған ұсыныстарды келісу үшін қажетті қосымша ақпаратты сұратуға құқылы, ол осындай сұрау салу алынған күнінен бастап күнтізбелік бес күннен кешіктірілмейтін мерзімде ұсынылуға тиіс.
      17. Уәкілетті орган осы Қағидалардың 15-тармағында көрсетілген ақпаратты белгіленген мерзімде ұсынбаған жағдайда мемлекеттік жоспарлау бойынша уәкілетті орган тауарлық, сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағаларының деңгейі жөніндегі ұсыныстарды келісуден бас тартуға құқылы.
      Бұл ретте тауарлық, сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағалары ағымдағы кезеңнің деңгейінде сақталады.
      18. Уәкiлеттi орган мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiсу бойынша он бесінші мамырдан кешiктiрiлмейтiн мерзiмде тауарлық газды iшкi нарықта көтерме саудада өткiзудiң алдағы жылға арналған шектi бағаларын бекiтедi.
      19. Уәкілетті орган Мемлекеттік жоспарлау бойынша уәкілетті органмен келісім бойынша жоспарланған кезең басталғанға дейін күнтізбелік он бес күннен кешіктірілмейтін мерзімде сұйытылған мұнай газын ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің алдағы тоқсанға арналған шекті бағаларын бекітеді.
      20. Сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің бекітілген шекті бағалары сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын және реттелетін нарық субъектілері болып табылатын тұлғалар үшін белгіленетін бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын айқындау кезінде пайдаланылады.
      21. Тауарлық газды бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын және реттелетін нарық субъектілері болып табылатын тұлғалар үшін тауарлық газды бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасына сәйкес табиғи монополиялар саласындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган тұтынушылардың топтары бойынша айқындауы мүмкін.

Тауарлық және сұйытылған мұнай 
газын ішкі нарықта көтерме   
саудада өткізудің шекті бағаларын
айқындау қағидаларына     
қосымша             

Сұйытылған мұнай газын ішкі нарықта көтерме
саудада өткізудің шекті бағасын анықтау

P = (Pw – TRexp) x К

      мұнда,
      P – көтерме саудада өткізудің бірінші буыны үшін ішкі нарықта сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағасы, бір тоннасы үшін теңге;
      Pw – өткен тоқсан үшін жыл сайынғы баға белгілеудің орташа арифметикалық мәні ретінде айқындалатын сұйытылған мұнай газына әлемдік баға, бір тоннасы үшін теңге. Осы тармақтың мақсаттары үшін баға кесу «Argus Media (Russia) Ltd. (Petroleumargus)» компаниясының «Аргус сұйытылған газ және конденсат» ақпарат көзінде жарияланатын ақпараттың негізінде шетел валютасында белорусь-поляк шекарасындағы (СПБТ daf Брест), ал жоғарыда көрсетілген ақпарат көзінде сұйытылған мұнай газына арналған баға туралы ақпарат болмаған кезде – Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында айқындалатын басқа көздердің деректері бойынша сұйытылған мұнай газының бағасын белгілеуді білдіреді;
      TRexp – Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерге сұйытылған мұнай газын өткізу жөніндегі мәмілелердің мониторингі негізінде уәкілетті орган айқындайтын өткен тоқсан үшін Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан сұйытылған мұнай газын өндіру жөніндегі объектілерден Белорусь-Польша шекарасына дейін сұйытылған мұнай газын тасымалдау жөніндегі орташа арифметикалық шығыстар, бір тоннасы үшін теңге;
      К – Қазақстан Республикасындағы халықтың жан басына шаққандағы ақшалай кірісі деңгейінің Ресей Федерациясындағы халықтың жан басына шаққандағы өткен күнтізбелік жылғы ақшалай кірісінің деңгейіне арақатынасты көрсететін, осы коэффициентті есептеу кезінде Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің және Ресей Федерациясы Мемлекеттік статистика федералдық қызметінің деректері негізінде есептелетін түзету коэффициенті.