Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 11.12.2023 № 443 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
"Газ және газбен жабдықтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 7) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 27.05.2022 № 191 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.1. Қоса беріліп отырған Тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің, сұйытылған мұнай газын Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс көтерме және бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын белгілеу қағидалары бекітілсін.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 11.12.2023 № 443 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Газ өнеркәсібін дамыту департаменті:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде
мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның бұқаралық ақпарат құралдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы
Энергетика министрлігінің жетекшілік ететін вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр | В. Школьник |
"Келісілді"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрі
_____________ Е. Досаев
29 желтоқсан 2014 жыл
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 15 желтоқсандағы № 209 бұйрығымен бекітілген |
Тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің, сұйытылған мұнай газын Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс көтерме және бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын белгілеу қағидалары
Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 11.12.2023 № 443 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің, сұйытылған мұнай газын Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс көтерме және бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын белгілеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Газ және газбен жабдықтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленген және ішкі нарықта тауарлық газды көтерме саудада өткізудің, Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары (бұдан әрі – өнім беру жоспары) шеңберінде тауар биржаларынан тыс сұйытылған мұнай газын көтерме және бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын белгілеу тәртібін анықтайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) жер қойнауын пайдаланушы – жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге арналған құқыққа ие жеке немесе заңды тұлға;
2) көтерме саудада өткізу – тауарлық, сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды одан әрi өткiзу мақсатында iшкi нарықта не Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерлерде өткiзу жөнiндегi, сондай-ақ газ тарату ұйымының газын нормативтік техникалық ысыраптарға және электр станциялары тізбесіне енгізілген тұтынушыларға өткізген жағдайлардағы кәсiпкерлiк қызмет;
3) мұнай-газ-химия өнімі – химиялық процестерді жүзеге асыру арқылы көмірсутек шикізатынан алынатын және дайын өнім немесе кейіннен химиялық түрлендіру үшін шикізат ретінде пайдаланылатын өнім;
4) өнеркәсіптік тұтынушы-инвестор – мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында өнеркәсіптік өндірісте отын және (немесе) шикізат ретінде пайдалану үшін тауарлық газды сатып алатын және уәкілетті орган бекітетін тізбеге енгізілген заңды тұлға, сондай-ақ тұтынушыларға одан әрі өткізу мақсатында сығымдалған және (немесе) сұйытылған табиғи газ өндіру үшін тауарлық газды сатып алатын заңды тұлға;
5) уәкілетті орган – газ өндіруді, тасымалдауды (тасуды), сақтауды және көтерме саудада өткізуді, сондай-ақ тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуді және тұтынуды мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
6) ірі коммерциялық тұтынушы – өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторды және электр станцияларының тізбесіне енгізілген тұтынушыны қоспағанда, тауарлық газды өз қызметінде пайдалану үшін сатып алатын, Заңның 8-бабының 4-1-тармағында белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін заңды тұлға;
7) электр станцияларының тізбесіне енгізілген тұтынушы – "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес электр станцияларының тізбесіне енгізілген, тауарлық газды электр энергиясын өндіру үшін отын ретінде пайдаланып жүрген немесе пайдаланатын заңды тұлға.
2-тарау. Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын белгілеу тәртібі
3. Заңның 20-бабының 2-тармағына сәйкес тауарлық газды iшкi нарықта көтерме саудада өткiзудiң шектi бағалары Қазақстан Республикасының өңiрлерiн газбен жабдықтаудың экономикалық және әлеуметтiк жағдайлары ескерiле отырып, жылдарға бөлу арқылы әрбір бес жыл сайын әрбiр облыс, республикалық маңызы бар қала, астана, тұтынушыларға одан әрі өткізу мақсатында сығымдалған және (немесе) сұйытылған табиғи газ өндіру үшін тауарлық газды сатып алатын өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторлар үшін жеке белгiленедi және қажет болған кезде уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жыл сайын 1 шілдеде түзетіліп отырады.
Түзету тауарлық газды сатып алу бағаларының, тауарлық газ құрылымының және (немесе) көздерінің және (немесе) тауарлық газды магистральдық газ құбыржолдары арқылы тасымалдауға, тауарлық газды жерасты газ қоймаларында сақтауға арналған мемлекеттік реттеуге жататын тарифтердің өзгеруіне байланысты ұлттық оператордың уәкілетті органға жүгінуі негізінде жылына бір реттен асырылмай жүргізіледі.
Тауарлық газбен жабдықталмайтын Қазақстан Республикасының өңірлері үшін тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағасының деңгейі есептелмейді.
4. Заңның 20-бабының 2-1 және 2-2-тармақтарына сәйкес мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында тауарлық газды өнеркәсіптік өндірісте отын және (немесе) шикізат ретінде пайдалану үшін сатып алатын өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторлар үшін тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің шекті бағалары олар пайдалануға енгізілген күннен бастап жылдарға бөлу арқылы әрбір бес жыл сайын әрбір облыс, республикалық маңызы бар қала, астана үшін жеке белгіленеді және қажет болған кезде жыл сайын 1 шілдеде түзетіліп отырады.
Түзету тауарлық газды сатып алу бағаларының, тауарлық газ құрылымының және (немесе) көздерінің және (немесе) тауарлық газды магистральдық газ құбыржолдары арқылы тасымалдауға, тауарлық газды жерасты газ қоймаларында сақтауға арналған, мемлекеттік реттеуге жататын тарифтердің өзгеруіне байланысты ұлттық оператордың уәкілетті органға жүгінуі негізінде жылына бір реттен асырылмай жүргізіледі.
Электр станцияларының тізбесіне енгізілген тұтынушылар үшін тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің шекті бағалары электр станцияларының тізбесіне енгізілген әрбір тұтынушы үшін жылдарға бөлу арқылы әрбір бес жыл сайын жеке белгіленеді және қажет болған кезде жыл сайын 1 шілдеде түзетіліп отырады.
Түзету тауарлық газды сатып алу бағаларының, тауарлық газ құрылымының және (немесе) көздерінің және (немесе) тауарлық газды магистральдық газ құбыржолдары арқылы тасымалдауға, тауарлық газды жерасты газ қоймаларында сақтауға арналған, мемлекеттік реттеуге жататын тарифтердің өзгеруіне байланысты ұлттық оператордың уәкілетті органға жүгінуі негізінде жылына бір реттен асырылмай жүргізіледі.
5. Заңның 20-бабының 2-3 және 2-4-тармақтарына сәйкес ірі коммерциялық тұтынушыларға, цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаларға немесе цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіру жөніндегі тұлғаларға кейіннен өткізуге арналған тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің шекті бағалары жыл сайын 1 шілдеде әрбір облыс, республикалық маңызы бар қала, астана үшін жеке белгіленеді.
Ірі коммерциялық тұтынушылар үшін белгіленетін шекті бағалар:
әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын;
цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаларды қоспағанда, халық және заңды тұлғалар үшін жылу және (немесе) электр энергиясын өндіруге қажетті тауарлық газды өткізу жөніндегі қатынастарға қолданылмайды.
Ірі коммерциялық тұтынушылар үшін белгіленетін шекті бағалар тауарлық газды сақтау, жалғастырушы, магистральдық газ құбырлары (немесе) газ тарату жүйелері арқылы тасымалдау жөніндегі реттелетін қызметтерді көрсететін, реттелетін қызметтерді көрсетуді жүзеге асыру кезінде тауарлық газды өз қажеттіктері және ысыраптар үшін сатып алатын табиғи монополиялар субъектілері мен тауарлық газды өз қажеттіктері үшін сатып алатын, тауарлық және сұйытылған мұнай газын өндіруді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушыларға да қолданылмайды.
6. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың шегінде орналасқан барлық газ тарату жүйелері үшін тауарлық газды көтерме саудада өткізудің бірыңғай шекті бағасы белгіленеді.
7. Егер Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын есептеу үшін пайдаланылатын тауарлық газдың бағалары бойынша деректер шетел валютасымен берілген болса, Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын бекітуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің жобасы табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органға келісу үшін жіберген күннің алдындағы күнге Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі белгілеген теңгенің осы шетел валютасына ресми бағамы қолданылады.
8. Облыс, республикалық маңызы бар қала, астана үшін Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің, оның ішінде өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторлар, электр станцияларының тізбесіне енгізілген тұтынушылар үшін, сондай-ақ ірі коммерциялық тұтынушыларға, цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаларға немесе цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіру жөніндегі тұлғаларға кейіннен өткізуге арналған тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын бекітуді көздейтін нормативтік құқықтық актілердің жобалары мынадай сомаларды негізге ала отырып әзірленеді:
1) мыналардың орташа өлшемді мәндерінің жиынтығы:
жоспарланған кезеңде облысқа, республикалық маңызы бар қалаға, астанаға жеткізу мақсатында жер қойнауын пайдаланушылардан ұлттық оператордың сатып алуына жоспарланатын тауарлық газ бағалары;
жоспарланған кезеңге арналған қазақстандық тауарлық газға ортаазиялық және (немесе) ресейлік газды қарсы жеткізу жөніндегі мәмілелердің шеңберінде сатып алу жоспарланатын тауарлық газ бағалары;
жоспарланған кезеңге арналған импорттық жеткізулер жөніндегі мәмілелердің шеңберінде Қазақстан Республикасының шекарасында сатып алуға жоспарланатын тауарлық газ бағалары;
2) "Табиғи монополиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабының 10) тармақшасына сәйкес табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган бекіткен тарифтердің негізінде айқындалатын тауарлық газды сатып алынатын жерден облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың газ тарату жүйелеріне дейін магистральдық газ құбырлары бойынша тасымалдау және жерасты газ қоймаларында тауарлық газды сақтау жөніндегі орташа өлшемді шығыстар;
3) әрбір облыс, республикалық маңызы бар қала, астана үшін жеке жоспарланған кезеңге арналған рентабельділік нормалары;
4) мұнай-газ химия өнімдерін өндіру жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында өнеркәсіптік өндірісте отын және (немесе) шикізат ретінде пайдалану үшін тауарлық газды сатып алатын және Заңның 6-бабының 7-2) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган бекітетін мұнай-газ химия өнімін өндіру жөніндегі инвестициялық жобалардың тізбесіне (бұдан әрі – инвестициялық жобалардың тізбесі) енгізілген өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторлар, сондай-ақ электр станцияларының тізбесіне енгізілген тұтынушылар үшін осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген орташа өлшемді мәндердің жиынтығының жеті пайыз мөлшерінде жоспарланған кезеңге арналған рентабельділік нормалары;
5) одан әрі тұтынушыларға өткізу мақсатында сығымдалған және (немесе) сұйытылған табиғи газды өндіру үшін тауарлық газды сатып алатын өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторлар үшін осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген орташа өлшемді мәндердің жиынтығының нөл пайызы мөлшерінде жоспарланған кезеңге арналған рентабельділік нормалары.
Ірі коммерциялық тұтынушыларға, цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаларға немесе цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіру жөніндегі тұлғаларға кейіннен өткізуге арналған тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің шекті бағасы бірінші жылға мынадай формула бойынша есептеледі:
Р ІКТ1 = С Р* 1,2
мұнда,
Р ІКТ1 – ірі коммерциялық тұтынушыларға, цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаларға немесе цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіру жөніндегі тұлғаларға кейіннен өткізуге арналған тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің бірінші жылға арналған шекті бағасы, бір мың текше метр үшін теңге;
СР – осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген орташа өлшемді мәндердің жиынтығы, бір мың текше метр үшін теңге;
1,2 – уәкілетті орган қолданатын есептеу коэффициенті.
Ірі коммерциялық тұтынушыларға, цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаларға немесе цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіру жөніндегі тұлғаларға кейіннен өткізуге арналған тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің шекті бағасы әрбір келесі жылға мынадай формула бойынша есептеледі:
РІКТ = РІКТn *r
мұнда,
РІКТ – ірі коммерциялық тұтынушыларға, цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаларға немесе цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіру жөніндегі тұлғаларға кейіннен өткізуге арналған тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің келесі жылдарға арналған шекті бағасы, бір мың текше метр үшін теңге.
РІКТn– ірі коммерциялық тұтынушыларға, цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаларға немесе цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіру жөніндегі тұлғаларға кейіннен өткізуге арналған тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің өткен жылға арналған шекті бағасы, бір мың текше метр үшін теңге;
r – 1,2 - 1,75 шегіндегі есептеу коэффициенті, оны уәкілетті орган экспорттық нетбэк қағидаты бойынша қалыптастырылатын Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағасының деңгейі төрт жылдық кезеңде қол жеткізілгенге дейін, өткен күнтізбелік жылға көтерме саудада өткізудің бекітілген шекті бағасының деңгейін ескере отырып қолданатын болады.
Экспорттық нетбэк қағидаты бойынша қалыптастырылатын Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағасы мынадай формула бойынша есептеледі:
РНАРЫҚ = РЭКСПОРТ – ТЭКСПОРТ + ТІШКІ НАРЫҚ
мұнда,
Рнарық – экспорттық нетбэк қағидаты бойынша қалыптастырылатын Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағасы, бір мың текше метр үшін теңге;
РЭКСПОРТ – ұлттық оператордан алынатын мәліметтер негізінде қалыптастырылатын, Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасымен шекарасындағы тауарлық газдың өткен күнтізбелік жыл бойынша орташа өлшемді экспорттық бағасы, бір мың текше метр үшін теңге;
ТЭКСПОРТ – ұлттық оператордан алынатын мәліметтер негізінде қалыптастырылатын, тауарлық газды магистральдық газ құбырлары жүйесі бойынша жер қойнауын пайдаланушыдан Қытай Халық Республикасымен шекараға дейін тасымалдауға арналған шығыстар, бір мың текше метр үшін теңге;
ТІШКІ НАРЫҚ – уәкілетті орган бекіткен тарифтерге сәйкес анықталатын тауарлық газды магистральдық газ құбырлары арқылы тасымалдау шығыстары, бір мың текше метр үшін теңге.
Ірі коммерциялық тұтынушыларға, цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаларға немесе цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіру жөніндегі тұлғаларға кейіннен өткізуге арналған тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің шекті бағасы Қазақстан Республикасының ішкі нарығында экспорттық нетбэк қағидаты бойынша қалыптастырылатын тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағасынан асып кеткен жағдайда, Қазақстан Республикасының ішкі нарығында экспорттық нетбэк қағидаты бойынша қалыптастырылатын тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағасы қолданылады.
9. Осы Қағидалардың 8-тармағына сәйкес әзірленген, Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын бекітуді көздейтін нормативтік құқықтық актілердің жобалары тауарлық газдың шекті бағасының деңгейін ағымдағы деңгеймен салыстырғанда күнтізбелік бір жылдың ішінде он бес пайыздан астамға ұлғайтуды көздей алмайды.
Осы тармақтың ережелері өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторларға, электр станцияларының тізбесіне енгізілген тұтынушыларға арналған Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің, сондай-ақ ірі коммерциялық тұтынушыларға, цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаларға немесе цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіру жөніндегі тұлғаларға кейіннен өткізуге арналған тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің шекті бағаларына қолданылмайды.
10. Электр станциялары тізбесіне енгізілген тұтынушы жаңа электр қуаттарын пайдалануға енгізетін күнге дейін 90 (тоқсан) жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті органға жаңа электр қуаттарының пайдалануға енгізілетін күні туралы хабарлама жібереді.
11. Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын бекітуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің жобасын уәкілетті орган тиісті кезең басталғанға дейін күнтізбелік 65 (алпыс бес) күннен кешіктірмей әзірлейді және оларды әзірлеу кезінде пайдаланылған деректерді қоса бере отырып, табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органға келісу үшін жібереді.
12. Мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында өнеркәсіптік өндірісте отын және (немесе) шикізат ретінде пайдалану үшін тауарлық газды сатып алатын өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторлар үшін Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын бекітуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің жобасын уәкілетті орган мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру жөніндегі инвестициялық жобалар пайдалануға енгізілген күнге дейін күнтізбелік 65 (алпыс бес) күннен кешіктірмей әзірлейді және әзірлеу кезінде пайдаланылған деректерді қоса бере отырып, табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органға келісу үшін жібереді.
Мұнай-газ химия өнімдерін өндіру жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында өнеркәсіптік өндірісте отын және (немесе) шикізат ретінде пайдалану үшін тауарлық газды сатып алатын және инвестициялық жобалар тізбесіне енгізілген өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторлар үшін Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын бекітуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің жобасын келесі жылдары уәкілетті орган осы Қағидалардың 11-тармағында көзделген тәртіппен әзірлейді.
13. Электр станциялары тізбесіне енгізілген тұтынушы үшін Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын бекітуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің жобасын уәкілетті орган жаңа электр қуаттарын пайдалануға енгізілген күнге дейін күнтізбелік 65 (алпыс бес) күнінен кешіктірмей әзірлейді және әзірлеу кезінде пайдаланылған деректерді қоса бере отырып, табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органға келісу үшін жібереді.
14. Заңның 20-бабының 3-тармағына сәйкес уәкiлеттi орган табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен келiсу бойынша 15 мамырдан кешiктiрiлмейтiн мерзiмде Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің алдағы жылға арналған шекті бағаларын бекiтедi.
15. Заңның 20-бабының 3-1, 3-2 және 3-3-тармақтарына сәйкес уәкiлеттi орган табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органмен келiсу бойынша мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру мақсатында тауарлық газды өнеркәсіптік өндірісте отын және (немесе) шикізат ретінде пайдалану үшін сатып алатын өнеркәсіптік тұтынушы-инвестор үшін оны пайдалануға енгізілген күнге дейін 30 (отыз) жұмыс күнінен кешiктiрмей, сондай-ақ электр станцияларының тізбесіне енгізілген тұтынушы үшін тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткiзудiң шектi бағаларын кейіннен 1 шілдеден бастап бесжылдық кезеңге бекіте отырып, жаңа электр қуаттары пайдалануға берілген күнге дейін 30 (отыз) жұмыс күнінен кешiктiрмей бекітеді және қажет болған кезде жыл сайын 1 шілдеде түзетіп отырады.
Уәкілетті орган табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен келісу бойынша кейіннен өткізуге арналған тауарлық газды алдағы жылы ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын жыл сайын 15 мамырдан кешіктірілмейтін мерзімде:
ірі коммерциялық тұтынушыларға;
цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаларға немесе цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіру жөніндегі тұлғаларға бекітеді.
16. Тауарлық газды бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын тұлғалар үшін белгіленетін тауарлық газды бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 1 ақпандағы № 36 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14778 болып тіркелген) бекітілген Қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу қағидаларына сәйкес табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган тұтынушылардың топтары бойынша айқындауы мүмкін.
3-тарау. Өнім беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газын көтерме және бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын белгілеу тәртібі
17. Өнім беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газын көтерме сауда өткізудің шекті бағасы (бұдан әрі – шекті көтерме сауда бағасы) әрбір күнтізбелік 6 (алты) ай сайын (бұдан әрі – кезең) белгіленеді және өнім беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс көтерме саудада өткізуді жүзеге асыратын:
1) сұйытылған мұнай газын өндірушілер;
2) өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иелері үшін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады.
18. Тауар биржаларынан тыс өнім беру жоспары шеңберінде өткізілетін сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағалары (бұдан әрі – шекті бөлшек сауда бағалары) белгіленеді және автогаз құю станциялары және сұйытылған мұнай газын мұнай-газ-химия өнімін өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушылар үшін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады.
19. Сұйытылған мұнай газын көтерме және бөлшек саудада өткізудің жоспарланған кезеңнің алдындағы күнтізбелік 1 (бір) айдың ішінде Қазақстан Республикасындағы АИ-92 маркалы бензиннің орташа бағасына тең немесе одан 70%-дан асатын шекті бағалары белгіленбейді.
20. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары жоспарланған кезеңге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірілмейтін мерзімде уәкілетті органға тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде газ толтыру станцияларында қотару, құю және сақтау және автогаз құю станцияларында 1 (бір) литр сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу жөніндегі шығыстардың орташа мөлшері туралы мәліметтерді ұсынады.
21. Сұйытылған мұнай газын көтерме және бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын бекітуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің жобасын уәкілетті орган осы Қағидалардың қосымшасында келтірілген сұйытылған мұнай газының шекті бағаларын белгілеу тетігіне сәйкес және осы Қағидалардың 20-тармағында көзделген мәліметтерді ескере отырып, алдағы кезеңге әзірлейді.
22. Жоспарланған кезеңге арналған шекті көтерме сауда бағасының деңгейі ағымдағы деңгеймен салыстырғанда шекті көтерме сауда бағасының деңгейінің он екі пайыздан астам ұлғаюын көздей алмайды.
23. Сұйытылған мұнай газының шекті сауда бағаларын бекітуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің жобасын уәкілетті орган тиісті кезең басталғанға дейін күнтізбелік 20 (жиырма) күннен кешіктірмей әзірлейді және әзірлеу кезінде пайдаланылған деректерді қоса бере отырып, табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органға келісуге жібереді.
24. Табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган Қазақстан Республикасының ішкі нарығында, оның ішінде өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторлар үшін, электр станцияларының тізбесіне енгізілген тұтынушылар үшін, ірі коммерциялық тұтынушылар үшін, цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғалар немесе цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіру жөніндегі тұлғалар үшін тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын немесе Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағасын бекітуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің жобасын келісу үшін өңірлерге газды жеткізудің өзіндік құны жөніндегі ақпаратты уәкілетті органнан сұратады, бұл ақпарат осындай сұрау салуды алған күннен бастап күнтізбелік 5 (бес) күннен кешіктірілмейтін мерзімде ұсынылады.
25. Осы Қағидалардың 11, 12, 13, 23 және 24-тармақтарында көрсетілген мерзімдер сақталмаған жағдайда, табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган Қазақстан Республикасының ішкі нарығында, оның ішінде өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторлар үшін, электр станцияларының тізбесіне енгізілген тұтынушылар үшін, ірі коммерциялық тұтынушылар үшін, цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғалар немесе цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіру жөніндегі тұлғалар үшін тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын немесе Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағаларын белгілеуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің жобасын келісуден бас тартады.
Бұл ретте уәкілетті орган табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен келісу бойынша осы Қағидалардың 14, 15 және 24-тармақтарында көрсетілген мерзімдерде Қазақстан Республикасының ішкі нарығында, оның ішінде өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторлар үшін, электр станцияларының тізбесіне енгізілген тұтынушылар үшін, ірі коммерциялық тұтынушылар үшін, цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғалар немесе цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіру жөніндегі тұлғалар үшін тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын немесе Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағаларын ағымдағы кезең деңгейінде бекітеді.
Сұйытылған мұнай газын көтерме және бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын белгілеу тетігі
1. Өндіруші үшін сұйытылған мұнай газының шекті көтерме сауда бағасын белгілеу мынадай формула бойынша жүзеге асырылады:
PWLPG = СWLPG*К WLPG,
мұнда:
PWLPG – жоспарланған кезеңге сұйытылған мұнай газының шекті көтерме сауда бағасы, тоннасына теңге;
СWLPG – сұйытылған мұнай газының өндірістік өзіндік құнының орташа арифметикалық шамасы, тоннасына теңге;
КWLPG – осы Қағидалардың 22-тармағының ережелерін ескере отырып, СWLPG мөлшеріне мен PWLPG ағымдағы мөлшеріне қарай уәкілетті орган белгілейтін, бірақ 1,15-тен аспайтын түзету коэффициенті.
2. Автогаз құю станциялары үшін сұйытылған мұнай газының шекті бөлшек сауда бағасын белгілеу мынадай формула бойынша жүзеге асырылады:
PRLPG = ((PWLPG + CLOG)/1667+ CKEEP)*KRLPG,
мұнда:
PRLPG – 1 (бір) литр сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағасы;
PWLPG – жоспарланған кезеңге сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағасы;
CLOG – 1 (бір) тонна сұйытылған мұнай газын тасымалдау бойынша орташа өлшемді шығыстар;
CKEEP – газ толтыру станцияларында қотару, құю және сақтау, 1 (бір) литр сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу бойынша шығыстардың орташа арифметикалық шамасы;
КRLPG – PWLPG мөлшеріне және PRLPG ағымдағы мөлшеріне байланысты уәкілетті орган белгілейтін түзету коэффициенті;
1667 – сұйытылған мұнай газының тығыздығының орташа өлшемді мәні.
3. Сұйытылған мұнай газын мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушылар үшін шекті бөлшек сауда бағасы сұйытылған мұнай газының шекті көтерме сауда бағасы деңгейінде белгіленеді.