Спортшыларға, жаттықтырушыларға, дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандарға және дене шынықтыру-спорттық ұйымдарға "Үздік" номинациясындағы атақтарды беру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының 2014 жылғы 28 маусымдағы № 297 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 5 тамызда № 9680 тіркелді.

Жаңартылған

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 29.06.2016 № 185 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Дене шынықтыру және спорт туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 45-тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Спортшыларға, жаттықтырушыларға, дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандарға және дене шынықтыру-спорттық ұйымдарға "Үздік" номинациясындағы атақтарды беру қағидасы бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт бойынша агенттігі төрағасының ""Жыл спортшысы" Республикалық конкурсы туралы" 2000 жылғы 7 сәуірдегі № 1-1-2/111 бұйрығының (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2000 жылғы 2 мамырда № 1125 тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      3. Жоғары жетістіктер спорты және спорт резерві департаменті (С.М. Жарасбаев) заңнамада белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге ұсынуды;

      2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықтың бұқаралық ақпарат құралдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің интернет-ресурсында ресми жариялануды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары Е.Б. Қанағатовқа жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы


Спорт және дене шынықтыру істері


агенттігінің төрағасы

Т. Есентаев


  Қазақстан Республикасы
Спорт және дене шынықтыру
істері агенттігі төрағасының
2014 жылғы 28 маусымдағы
№ 297 бұйрығымен бекітілген

Спортшыларға, жаттықтырушыларға, дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандарға және дене шынықтыру-спорттық ұйымдарға "Үздік" номинациясындағы атақтарды беру қағидасы
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағида Спортшыларға, жаттықтырушыларға, дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандарға және дене шынықтыру-спорттық ұйымдарға "Үздік" номинациясындағы атақтарды берудің тәртібі мен шарттарын айқындайды.

      2. "Үздік" номинациясындағы атақтар дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) өткізетін "Үздік" номинациясындағы атақтар беру бойынша республикалық конкурстың (бұдан әрі – Конкурс) жеңімпаздарына беріледі.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 29.06.2016 № 185 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Конкурс жыл сайын қазақстандық спортты дамытуға үлес қосқан спортшылар, жаттықтырушылар және дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандар мен дене шынықтыру-спорттық ұйымдары арасында жыл қорытындысы бойынша өткізіледі.

      4. Конкурстың міндеті халық арасында дене шынықтыру мен спортты насихаттау, жастарды спортпен жүйелі шұғылдануға тарту, жоғары спорттық нәтижелерге жету үшін спортшыларды, жаттықтырушыларды және спорт саласындағы басқа да қызметкерлерді ынталандыру болып табылады.

      Конкурстың мақсаты әлемдік спорт аренасында қазақстандық спорттың бәсекелестігін арттыру болып табылады.

2. Конкурсты өткізудің тәртібі

      5. Конкурсты дайындау және өткізу бойынша ұйымдастыру жұмыстарын дайындау және үйлестіру үшін Ұйымдастыру комитеті (бұдан әрі – Ұйымдастыру комитеті) құрылады. Ұйымдастыру комитетінің құрамы Дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органның бұйрығымен бекітіледі.

      Ұйымдастыру комитеті:

      1) Конкурсты ұйымдастыруды және өткізуді, оның ішінде қорытындылауды және Конкурс жеңімпаздарын салатанатты марапаттауды ұйымдастыруды қамтасыз етеді;

      2) номинацияларға сәйкес үміткерлерді іріктеу бойынша конкурстық комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) жұмысын ұйымдастырады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 29.06.2016 № 185 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. "Үздік" номинация атағына үміткер (бұдан әрі - үміткер) спортшылар, жаттықтырушылар, дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандар және дене шынықтыру-спорттық ұйымдар (бұдан әрі - ДШСҰ) Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне (бұдан әрі – Комитет) мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) осы Қағидалардың 11-тармағының 1), 2) және 10) тармақшаларында көрсетілген номинациялар үшін:

      үміткердің өтініші;

      үміткерге атақ беру ұсынысын негіздей отырып, Қазақстан Республикасының спорт түрі (түрлері) бойынша спорт федерациясының (болған жағдайда) ұсынысы, Қазақстан Республикасының спорт түрі (түрлері) бойынша спорт федерациясы болмаған жағдайда дене шынықтыру және спорт саласындағы облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы (бұдан әрі – ЖАО) тиісті бөлімшелерінің ұсынысы;

      атақ беруге үміткердің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

      атақ беруге үміткердің өмірбаяны;

      2) осы Қағидалардың 11-тармағының 3), 4) тармақшаларында көрсетілген номинациялар үшін:

      Конкурсқа қатысу үшін ДШСҰ өтініші;

      ДШСҰ есептік жылғы спорттық жетістіктері (дене шынықтыру және спорт саласында сапалы және сандық жетістіктері (көрсеткіштері) туралы есебі;

      3) осы Қағидалардың 11-тармағының 6) және 8) тармақшаларында көрсетілген номинациялар үшін:

      осы Қағидалардың 17-тармағында көрсетілген көрсеткіштерді есепке ала отырып, ЖАО-ның ұсынысы;

      4) осы Қағидалардың 11-тармағының 7) және 9) тармақшаларында көрсетілген номинациялар үшін:

      Конкурсқа қатысу үшін өтініш;

      үміткерді атақ беруге ұсыну туралы ЖАО отырысының хаттамасынан үзінді;

      атақ беруге үметкердің өмірбаяны.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 29.06.2016 № 185 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Конкурсты Комитет "Үздік" номинациясындағы атаққа үміткер емес Комитет қызметкерлері, жетекші спортшылар, жаттықтырушылар, бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатарынан құрылған Комиссия өткізеді. Комиссия дауыс беру құқығы бар мүшелерден тұрады. Комиссия төрағасы Комиссия мүшелері қатарынан тағайындалады.

      Комиссия шешімі көпшілік дауыспен қабылданады. Комиссия мүшелерінің дауыстары тең болған жағдайда төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады.

      осы Қағидалардың 5-тармағына сәйкес ұсынылған құжаттарды қарайды және Конкурстың жеңімпазы туралы шешім қабылдайды.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 29.06.2016 № 185 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Шешім қатысып отырған Комиссия мүшелерінің көпшілік дауысымен қабылданады. Дауыстар бөлінген жағдайда, Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

      9. Комиссия шешімі Комиссияның барлық мүшелерінің қолы қойылатын хаттамамен ресімделеді. Хаттама Комиссия шешімі қабылданған күнінен бастап 3 (үш) күн ішінде ресімделеді.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 29.06.2016 № 185 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

3. Бағалау өлшемі

      10. Қазақстандық спорттың дамуына зор үлес қосқан тұлғалар конкурс жеңімпазы болып танылады.

      11. Конкурс мынадай номинациялар бойынша өткізіледі:

      1) "Жылдың үздік спортшысы";

      2) "Жылдың үздік жаттықтырушысы";

      3) "Жылдың үздік спорт федерациясы";

      4) "Жылдың үздік спорт ұйымы";

      5) алып тасталды - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 29.06.2016 № 185 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6) "Үздік спорттық өңір" (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар, астананың дене шынықтыру және спорт басқармалары);

      7) "Ауылдық жердегі үздік спорттан нұсқаушы-әдіскер";

      8) "Аудандық үздік дене шынықтыру және спорт бөлімі";

      9) "Жылдың үздік ауыл жаттықтырушысы";

      10) "Дене шынықтыру және спорт саласындағы үздік маман".

      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 29.06.2016 № 185 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      12. "Жылдың үздік спортшысы" атағы олимпиадалық, олимпиадалық емес және паралимпиядалық спорт түрлерінен ресми халықаралық және республикалық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен үздік спортшыларға беріледі.

      13. "Жылдың үздік жаттықтырушысы" номинациясында "Жылдың үздік спортшысын" дайындаған жаттықтырушы жеңімпаз болып табылады.

      14. "Жылдың үздік спорт федерациясы" номинациясындағы атақ халықаралық кешенді және ресми спорттық іс-шаралар нәтижелерінің қорытындылары, сондай-ақ, осы спорт түрін дамытуға қосқан үлесі бойынша спорттық федерацияға беріледі.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 29.06.2016 № 185 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      15. "Жылдың үздік спорт ұйымы" номинациясындағы атақ өз тәрбиленушілері мен спортшыларының спорттық жетістіктері нәтижелерінің қорытындылары бойынша спорттық оң нәтижелері бар дене шынықтыру-спорттық ұйымына беріледі.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 29.06.2016 № 185 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      16. Алып тасталды - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 29.06.2016 № 185 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      17. "Үздік спорттық өңір", "Үздік аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі" номинациясындағы атақтар республикалық өңірлер арасында мынадай:

      1) спорт ұйымдары мен ғимараттарының желілерін ұлғайту (оның ішінде ауылда);

      2) дене шынықтырумен және спортпен айналысатын халық саннын көбейту;

      3) республикалық және халықаралық ресми және кешенді жарыстардағы спорттық көрсеткіштер бойынша жоғары жетістіктері бар заңды тұлғаларға беріледі.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 29.06.2016 № 185 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      18. Комиссия "Ауылдық жердегі үздік спорттан нұсқаушы-әдіскер" номинациясы бойынша облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының дене шынықтыру және спорт жөніндегі жергілікті атқару органы ұсынған конкурстық материалдарды іріктейді.

      19. "Ауылдағы жылдың үздік жаттықтырушысы" номинациясындағы атақ ЖАО-ның ұсынысы бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында дене шынықтыру мен спорттың дамуына үлес қосқан жаттықтырушыға беріледі.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 29.06.2016 № 185 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      20. Комиссия "Дене шынықтыру және спорт саласындағы үздік маман" номинациясына спорт саласындағы қызметкерлер (дәрігер, фармаколог, массажшы, менеджер, кеңесші, хореограф, техникалық қызметкерлер және т.б.) арасынан жылдың спорттық жетістіктерінің қорытындысы бойынша спорт саласының үздік маманын іріктейді.

4. Марапаттау рәсімі

      21. Конкурстың жеңімпаздарын марапаттау салтанатты жағдайда өткізіледі.

      22. Конкурстың жеңімпаздарына атаулы дипломдар және құнды сыйлықтар тапсырылады.

      23. Конкурстың нәтижелері мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың интернет-ресурстарында орналастырылады және Конкурс өткеннен кейін 10 күн ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.