«Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 45-тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Спортшыларға, жаттықтырушыларға, дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандарға және дене шынықтыру-спорттық ұйымдарға «Үздік» номинациясындағы атақтарды беру қағидасы бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт бойынша агенттігі төрағасының ""Жыл спортшысы" Республикалық конкурсы туралы" 2000 жылғы 7 сәуірдегі № 1-1-2/111 бұйрығының (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2000 жылғы 2 мамырда № 1125 тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
3. Жоғары жетістіктер спорты және спорт резерві департаменті (С.М. Жарасбаев) заңнамада белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге ұсынуды;
2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықтың бұқаралық ақпарат құралдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің интернет-ресурсында ресми жариялануды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары Е.Б. Қанағатовқа жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы
Спорт және дене шынықтыру істері
агенттігінің төрағасы Т. Есентаев
Қазақстан Республикасы
Спорт және дене шынықтыру
істері агенттігі төрағасының
2014 жылғы 28 маусымдағы
№ 297 бұйрығымен бекітілген
Спортшыларға, жаттықтырушыларға, дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандарға және дене шынықтыру-спорттық ұйымдарға «Үздік» номинациясындағы атақтарды беру қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қағида Спортшыларға, жаттықтырушыларға, дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандарға және дене шынықтыру-спорттық ұйымдарға «Үздік» номинациясындағы атақтарды берудің тәртібі мен шарттарын айқындайды.
2. Атақтарды беру дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган өткізетін республикалық конкурстың (бұдан әрі - Конкурс) негізінде жүзеге асырылады.
3. Конкурс жыл сайын қазақстандық спортты дамытуға үлес қосқан спортшылар, жаттықтырушылар және дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандар мен дене шынықтыру-спорттық ұйымдары арасында жыл қорытындысы бойынша өткізіледі.
4. Конкурстың міндеті халық арасында дене шынықтыру мен спортты насихаттау, жастарды спортпен жүйелі шұғылдануға тарту, жоғары спорттық нәтижелерге жету үшін спортшыларды, жаттықтырушыларды және спорт саласындағы басқа да қызметкерлерді ынталандыру болып табылады.
Конкурстың мақсаты әлемдік спорт аренасында қазақстандық спорттың бәсекелестігін арттыру болып табылады.
2. Конкурсты өткізудің тәртібі
5. Конкурсты өткізу мен ұйымдастыруды Конкурстың өткізу кезеңінде Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі құратын ұйымдастыру комитеті жүзеге асырады.
Конкурстың жеңімпаздары конкурстық комиссияның шешімімен (бұдан әрі – Комиссия) анықталады.
Комиссия «Үздік» атағына үміткер емес мемлекеттiк қызметкерлер, жетекші спортшылар, жаттықтырушылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi қатарынан қалыптасады. Комиссия құрамы 11 адамнан аспауы керек.
Қазақстан Республикасының Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының бұйрығымен (Комиссияның және ұйымдастыру комитетінің құрамы) бекітіледі.
6. Ұйымдастыру комитеті:
1) Конкурсты ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз етеді;
2) номинацияларға сәйкес үміткерлерді іріктеу бойынша Комиссияның жұмысын ұйымдастырады;
3) қорытынды шығаруды және конкурс жеңімпаздарын салтанатты марапаттауды ұйымдастырады.
7. «Үздік» атағын беруге Конкурс үміткерлерін қарау, сондай-ақ олар бойынша шешім қабылдау Комиссияның отырыстарында жүргізіледі.
8. Шешім қатысып отырған Комиссия мүшелерінің көпшілік дауысымен қабылданады. Дауыстар бөлінген жағдайда, Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
9. Комиссия шешімі барлық комиссия мүшелері қол қойған хаттамамен ресімделеді. Хаттама комиссия отырысы аяқталған күннен бастап, үш күндік мерзімде ресімделеді.
3. Бағалау өлшемі
10. Қазақстандық спорттың дамуына зор үлес қосқан тұлғалар конкурс жеңімпазы болып танылады.
11. Конкурс мынадай номинациялар бойынша өткізіледі:
1) «Жылдың үздік спортшысы»;
2) «Жылдың үздік жаттықтырушысы»;
3) «Жылдың үздік спорт федерациясы»;
4) «Жылдың үздік спорт ұйымы»;
5) «Жылдың үздік демеушісі»;
6) «Үздік спорттық өңір» (облыстардың, Астана, Алматы қалаларының спорт және дене шынықтыру басқармалары);
7) «Ауылдық жердегі үздік спорттан нұсқаушы-әдіскер»;
8) «Аудандық үздік дене шынықтыру және спорт бөлімі»;
9) «Жылдың үздік ауыл жаттықтырушысы»;
10) «Дене шынықтыру және спорт саласындағы үздік маман».
12. «Жылдың үздік спортшысы» атағы олимпиадалық, олимпиадалық емес және паралимпиядалық спорт түрлерінен ресми халықаралық және республикалық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен үздік спортшыларға беріледі.
13. «Жылдың үздік жаттықтырушысы» номинациясында «Жылдың үздік спортшысын» дайындаған жаттықтырушы жеңімпаз болып табылады.
14. «Жылдың үздік спорт федерациясы» номинациясында осы спорт түрінен кешенді және ресми халықаралық жарыстардағы нәтижелерінің қорытындылары, сондай-ақ аталған спорт түрін дамытуға қосқан үлесі бойынша үздік спорттық федерация іріктеледі.
15. «Жылдың үздік спорт ұйымы» номинациясы бойынша дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган бекіткен ведомстволық бағыныстағы ұйымдар қызметінің тиімділігін бағалау қортындысы бойынша іріктеледі.
16. «Жылдың үздік демеушісі» номинациясы бойынша Қазақстанда спортты дамытуға айтулы үлес қосқан жеке және заңды тұлғаларға беріледі.
17. «Үздік спорттық өңір» және «Аудандық Үздік дене шынықтыру және спорт бөлімі» номинациялары мынадай жылдың спорттық көрсеткіштері бойынша беріледі:
1) спорт ұйымдары мен ғимараттары желісін көбейту (соның ішінде ауылдық жерлерде);
2) дене шынықтырумен және спортпен шұғылданушы тұрғындар санын арттыру;
3) ресми және кешенді республикалық және халықаралық жарыстардағы спорттық нәтижелері;
18. Комиссия «Ауылдық жердегі үздік спорттан нұсқаушы-әдіскер» номинациясы бойынша облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының дене шынықтыру және спорт жөніндегі жергілікті атқару органы ұсынған конкурстық материалдарды іріктейді.
19. «Жылдың үздік ауыл жаттықтырушысы» номинациясы бойынша облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының дене шынықтыру және спорт жөніндегі жергілікті атқару органы ұсынған мәліметтерге сәйкес ауылда бұқаралық-спорттық жұмыстарды ұйымдастыру мен республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары жетістіктерге қол жеткізген жылдың үздік ауыл жаттықтырушысы іріктеледі.
20. Комиссия «Дене шынықтыру және спорт саласындағы үздік маман» номинациясына спорт саласындағы қызметкерлер (дәрігер, фармаколог, массажшы, менеджер, кеңесші, хореограф, техникалық қызметкерлер және т.б.) арасынан жылдың спорттық жетістіктерінің қорытындысы бойынша спорт саласының үздік маманын іріктейді.
4. Марапаттау рәсімі
21. Конкурстың жеңімпаздарын марапаттау салтанатты жағдайда өткізіледі.
22. Конкурстың жеңімпаздарына атаулы дипломдар және құнды сыйлықтар тапсырылады.
23. Конкурстың нәтижелері мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың интернет-ресурстарында орналастырылады және Конкурс өткеннен кейін 10 күн ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.