«Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы Заңының 9-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Кадр жұмысы департаменті (А.Ү. Әбдіғалиев):
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде оны мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауды;
3) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары полиция генерал-майоры М.Ғ.Демеуовке және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Кадр жұмысы департаментіне (А.Ү. Әбдіғалиев) жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр
полиция генерал-лейтенанты Қ. Қасымов
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
______________ А. Сәрінжіпов
2014 жылғы 4 шілде
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2014 жылғы 14 шілдедегі
№ 398 бұйрығына
қосымша
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің кейбір бұйрықтарына енгізілетін өзгерістер тізбесі
1. «Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2011 жылғы 26 сәуірдегі № 186 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6977 болып тіркелген, «Егемен Қазақстан» газетінің 2011 жылғы 11 маусымдағы № 247-248 (26646) санында жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау ережесінде:
14-16-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«14. ІІМ-нің жоғары оқу орындарына оқуға қабылдауды ұйымдастыруды жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясы (бұдан әрі - қабылдау комиссиясы) жүзеге асырады.
Қабылдау комиссиясының құрамы жоғарғы оқу орны бастығының бұйрығымен бекітіледі және басшы құрамының адамдар, сондай-ақ жоғарғы оқу органдарының өзге де қызметкерлері және ІІМ, ІІД, КІІД, ҚАЖД өкілдері қатарынан қалыптастырылады.
Қабылдау комиссиясы төраға, төрағаның орынбасары, жауапты хатшы және комиссияның кемінде он мүшесі құрамында қалыптастырылады.
15. Қабылдау комиссиясы осы Ережелерді басшылыққа ала отырып, жоғары оқу орнын тыңдаушылармен сапалы жасақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қабылдау комиссиясы:
1) талапкерлердің жеке істерін қарауды жүзеге асырады;
2) соңғы медициналық куәландыруды жүргізеді, талапкерлердің дене шынықтыру даярлығын тексереді;
3) оқуға қабылдау мәселелері бойынша шағымдар мен өтініштерді қарайды;
4) конкурстық тізімдерді және талапкерлерді тыңдаушылар қатарына қабылдау туралы комиссияның хаттамасын әзірлейді;
5) талапкерлермен әңгімелесу жүргізеді;
6) талапкерлерді медициналық, дене және психофизиологиялық көрсеткіштері бойынша іріктеу қорытындылары бойынша және бірыңғай ұлттық тестілеу (бұдан әрі – ҰБТ) немесе кешенді тестілеу қорытындылары бойынша сертификаттар балдарына сәйкес талапкерлерді тыңдаушылар қатарына қабылдау туралы шешім қабылдайды;
7) талапкерлерді қабылдау қорытындыларына талдау және осы жұмысты одан әрі жетілдіру бойынша шаралар әзірлеуді жүргізеді.
16. Қабылдау комиссиясының қызметіне басшылықты төраға жүзеге асырады.
Қабылдау комиссиясының төрағасы жоғары оқу орнының бастығы болып табылады.
Қабылдау комиссиясының төрағасы қабылдау комиссиясының қызметіне басшылық етеді, оның мүшелерінің өкілеттігін белгілейді және осы комиссиясының жұмыс жоспарын бекітеді.
Қабылдау комиссиясы төрағасының орынбасары ІІМ жоғары оқу орнының құрылымдық бөліністерінің басшы құрамы қатарынан тағайындалады, ол қабылдау комиссиясы мүшелерінің қызметін ұйымдастырады.
Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы жоғары оқу орнының құрылымдық бөліністерінің басшы құрамы қатарынан тағайындалады, оған қабылдау комиссиясына жүктелген функцияларды іске асыру бойынша құжаттарды, отырыстарға материалдарды, сондай-ақ олардың жұмысы туралы есеп жобасын әзірлеу жүктеледі.»;
«17-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«17. Қабылдау комиссиясының қызметі жұмыс жоспарына сәйкес жүзеге асырылады. Қабылдау комиссиясының отырысы қажеттілігіне қарай қабылдау комиссиясы төрағасының шешімі бойынша өткізіледі.
19-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«19. Талапкерлерді қабылдау үшін қабылдау комиссиясы төрағасының бұйрығымен:
1) штаттан тыс уақытша жұмыс істейтін әскери-дәрігерлік комиссия;
2) талапкерлердің дене шынықтыру дайындығын тексеру жөніндегі комиссия;
3) апелляциялық комиссия;
4) техникалық топ құрылады.»;
19-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Дене шынықтыру дайындығын тексеру жөніндегі комиссия талапкерлерді дене шынықтыру көрсеткіштері бойынша іріктеуді ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру үшін құрылады. Комиссия құрамына жоғары оқу орнының қызметкерлері, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіреді»;
2. Күші жойылды - ҚР Ішкі істер министрінің 13.01.2016 № 24 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
3. «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарында қызмет өткерудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2011 жылғы 27 мамырдағы № 246 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7032 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге мемлекеттік органдарының 2011 жылғы 30 қарашадағы № 31 актілер жинағында жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы ІІМ-нің білім беру ұйымдарында мамандар даярлауға арналған келісім-шартта:
2-тармақтың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«5) үлгермеушілігі, тәртіпсіздігі, өз еркі бойынша оқудан шығару фактілері бойынша келісім-шарт мерзімінен бұрын бұзылған жағдайларда, сондай-ақ оқу орнын бітіргеннен кейін ішкі істер органдарында қызмет өткеруден бас тартқан немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздер бойынша келісім-шарт бұзылған жағдайда тыңдаушыға (курсантқа) стипендия төлеуді, оқу кезеңінде тамақтануын, заттай жабдықталымына және каникулдық демалыс кезеңінде оқу орнына бару және кері қайту жолақысына шығыстары қоса алғанда, оқуға жұмсалған бюджеттік қаражатты қайтаруға»;
5-тармақтың 10) және 11) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
«10) үлгермеушілігі, тәртіпсіздігі, өз еркі бойынша оқудан шығарылған жағдайда, сондай-ақ «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негіздер бойынша келісім-шартты мерзімінен бұрын бұзған жағдайда оқуға, стипендия төлеуге, оның оқу кезеңінде тамақтануына, заттай жабдықталымына және каникулдық демалыс кезеңінде оқу орнына бару және кері қайту жолақысы шығыстарына жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке қайтаруға міндетті. Ұстауға жататын сома білім беру ұйымында болған әрбір толық айға пропорционалды түрде есептеледі;
11) оқу орнын бітіргеннен кейін ішкі істер органдарында қызмет өткеруден бас тартқан жағдайда, сондай-ақ «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 80-бабының 5), 6), 8), 9), 11), 12), 12-1), 13), 14), 15), 16) және 17) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша жұмыстан босатылған жағдайда бес жыл өткенге не келісім-шартты мерзімінен бұрын бұзғанға дейін стипендия төлеуді, оның оқу кезеңінде тамақтануын, заттай жабдықталымына және каникулдық демалыс кезеңінде оқу орнына бару және кері қайту жолақысы шығыстарын қоса алғанда,оқуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке қайтаруға міндетті. Ұстауға жататын сома білім сома білім беру ұйымында болған әрбір толық айға пропорционалды түрде есептеледі.»;
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсетін адамдармен келісім-шарт жасасу, ұзарту, өзгерту және бұзу ережелерінде:
8-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«8. Тыңдаушы (ІІО-ның қызметкері) Ішкі істер министрлігінің, бюджет қаражаты есебінен оқу ақысын төлей отырып, ІІМ-нің жолдамасы бойынша шет мемлекеттердің құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарын бітіргеннен кейін ішкі істер органдарында одан әрі қызмет өткеруден бас тартқан, сондай-ақ «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 80-бабының 5), 6), 8), 9), 11), 12), 12-1), 13), 14), 15), 16) және 17) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша жұмыстан босатылған жағдайда бес жыл өткенге не келісім-шартты мерзімінен бұрын бұзғанға дейін оқуға, стипендия төлеуге, тамақтануға, заттай жабдықталымына және каникулдық демалыс кезеңінде оқу орнына бару және кері қайту жолақысы шығыстарына жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге міндетті. Ұстауға жататын сома келісшарт мерзімінің аяқталуына дейін қалған қызмет етпеген әрбір айға пропорционалды түрде есептеледі.».