Инвестициялық портфельді басқару жөнiндегi қызметті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы № 10 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 20 наурызда № 9248 тіркелді.

Жаңартылған

      "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Инвестициялық портфельді басқару жөнiндегi қызметті жүзеге асыру қағидалары бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулының қосымшасына сәйкес Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Ұлттық Банк


Төрағасы

Қ. Келімбетов


  Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2014 жылғы 3 ақпандағы
№ 10 қаулысымен
бекітілді

Инвестициялық портфельді басқару жөнiндегi қызметті
жүзеге асыру қағидалары
1. Жалпы ережелер

      Осы Инвестициялық портфельді басқару жөнiндегi қызметті жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім), "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі (бұдан әрі – Бағалы қағаздар рыногы туралы заң), "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеу, бақылау және қадағалау туралы" 2003 жылғы 4 шілдедегі, "Инвестициялық қорлар туралы" 2004 жылғы 7 шілдедегі (бұдан әрі – Инвестициялық қорлар туралы заң) және "Жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы" 2006 жылғы 20 ақпандағы (бұдан әрі – Секьюритилендіру туралы заң) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасында инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асырудың талаптары мен тәртібін белгілейді.

      Қағидалар уәкілетті органның лицензиясы негізінде ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығынсыз инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға, сондай-ақ уәкілетті органның лицензиясы негізінде ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға олар зейнетақы активтерінің есебінен емес қалыптастырылған инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асырған кезде қолданылады.

      1. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылды:

      1) арнайы қаржы компаниясы – жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру мәмілелерін жүзеге асыру үшін Секьюритилендіру туралы заңға сәйкес құрылатын, пайдасына талап ету құқығы берілетін заңды тұлға;

      2) инвестициялық декларация – инвестициялау объектілерінің тізбесін, клиенттің активтеріне қатысты инвестициялық қызметтің мақсаттарын, стратегиясын, талаптары мен шектеулерін, активтерді хеджирлеу және әртараптандыру талаптарын айқындайтын құжат;

      3) инвестициялық портфель – инвестициялық портфельді басқарушының меншігіндегі немесе басқаруындағы қаржы құралдарының әр түрінің немесе өзге мүліктің жиынтығы;

      4) инвестициялық портфельді басқарушы – өз атынан клиенттің мүддесі үшін және соның есебінен азаматтық құқықтар объектілерін басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы;

      5) инвестициялық портфельді басқару жөнiндегi шарт – шарт, оған сәйкес клиент мүлiктi инвестициялық портфельді басқарушыға инвестициялық басқаруға табыстайды, ал инвестициялық портфельді басқарушы осы мүлiктi клиенттің мүддесінде басқаруды жүзеге асыруға міндеттенеді;

      6) инвестициялық портфельді басқарушының есепке алу жүйесі – инвестициялық портфельді басқарушының клиенттердің инвестициялық шотындағы клиентті және оның активтерін, инвестициялық портфельдің құрылымын және белгiлi бір уақытқа клиенттің активтерімен жасалған мәмiлелердi бiрегейлендiрудi қамтамасыз ететін мәлiметтердiң жиынтығы;

      7) инвестициялық шешім – инвестициялық портфельді басқарушының клиенттің активтерін басқару процесінде қабылданатын, оның активтерімен мәмілелер жасау туралы шешiмi;

      8) клиент – инвестициялық портфельді басқарушының қызметiн пайдаланатын немесе пайдалануға ниет бiлдiрген тұлға, сондай-ақ активтері инвестициялық портфельді басқарушының басқаруындағы инвестициялық қор;

      9) клиенттің активтері – инвестициялық портфельді басқарушының басқаруындағы активтердің жиынтығы;

      10) мүдделер қайшылығы – инвестициялық портфельді басқарушының және оның клиентінің (клиенттерінің) мүдделері өзара сәйкес келмейтін жағдай;

      11) уәкiлеттi орган – қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      12) iшкi құжаттар – инвестициялық портфельді басқарушының, оның органдарының, құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдарының, өкілдіктерінің), қызметкерлерiнiң қызмет ету талаптары мен тәртiбiн, қызмет көрсетуді және оларға ақы төлеу тәртiбiн реттейтін құжаттар.

      2. Қағидалармен реттелмеген бөлігінде инвестициялық портфельді басқару жөнiндегi қызмет инвестициялық портфельді басқарушының ішкі құжаттарына, инвестициялық портфельді басқарушы мен оның клиенттерінің арасында жасалған инвестициялық портфельді басқару жөнiндегi шарттарға сәйкес, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына қайшы келмейтін бөлігінде жүзеге асырылады.

      3. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және (немесе) инвестициялық портфельді басқару жөнiндегi шартта өзгеше көзделмесе, инвестициялық портфельді басқарушының инвестициялық портфельді басқару жөнiндегi қызметті басқа инвестициялық портфельді басқарушыға тапсыруына жол берілмейді.

      Инвестициялық портфельді басқарушының клиентпен жасасқан инвестициялық портфельді басқару жөнiндегi шартында Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 883-бабына сәйкес мүлікті сенімгерлікпен басқару ұйымдастырылған кезде осы клиенттің портфелін басқару жөнiндегi қызметті жүзеге асыруды басқа инвестициялық портфельді басқарушыға не сенімгерлікпен басқарушыға тапсыру мүмкіндігі көрсетілген жағдайда, инвестициялық портфельді басқару жөнiндегi шартта клиенттің алдындағы міндеттемелер бойынша клиенттің осы шартты жасасқан инвестициялық портфельді басқарушы жауап беретіні көрсетіледі.

      4. Инвестициялық портфельді басқарушының ұйымдық құрылымына мынадай құрылымдық бөлімшелер кіреді:

      1) мынадай:

      корпоративтік стратегияны, инвестициялық декларацияны және инвестициялық портфельді басқарушының меншікті активтерін инвестициялау саясатын әзірлеу, клиенттердің активтерін не инвестициялық портфельді басқарушының меншікті активтерін инвестициялау лимиттерін анықтау және қайта қарау, клиенттердің инвестициялық басқаруға қабылданған активтерінің және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушының меншікті активтерінің есебінен мәмілелер жасау туралы шешімдерді қабылдау кезінде жасалатын ұсынымдарды (бұдан әрі – ұсынымдар) дайындау үшін қажетті ақпаратты жинау, өңдеу және талдау;

      ұсынымдар әзірлеу;

      инвестициялық портфельді басқарушының инвестициялық комитеті отырыстарының қорытындылары бойынша қабылданған инвестициялық шешімдерді және хаттамаларды ресімдеу;

      клиенттердің инвестициялық басқаруға қабылданған активтерінің есебінен сатып алынған қаржы құралдарын есепке алу;

      клиенттерге инвестициялық портфельді басқару жөнiндегi шартта көзделген тәртіпте инвестициялық портфельді басқару жөнiндегi қызметтің нәтижелері туралы есептерді дайындау;

      клиенттердің инвестициялық портфелін басқаруды жүзеге асыру барысында басқа қаржы ұйымдарымен өзара іс-әрекет жасау функцияларын қосқанда, бірақ олармен шектелместен, инвестициялық портфельді басқару жөнiндегi функцияларды жүзеге асыратын бөлімшелер;

      2) тәуекелдерді басқаруды жүзеге асыратын бөлімше;

      3) ішкі аудит қызметі;

      4) инвестициялық портфельді басқарушының ішкі құжаттарында көзделген басқа да бөлімшелер.

      5. Инвестициялық портфельді басқарушы инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметін номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығымен бағалы қағаздар нарығындағы брокерлік және (немесе) дилерлік қызметпен қоса атқарған кезде инвестициялық портфельді басқарушының осы Ереженің 4-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген бөлімшелер қызметкерлерінің номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығымен бағалы қағаздар нарығындағы брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыруға тартылған бөлімшелер қызметкерлерінің функциялары мен міндеттерін жүзеге асыруына жол берілмейді.

      6. Инвестициялық портфельді басқарушының осы Ереженің 4-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген бөлімшелер қызметкерлеріне инвестициялық портфельді басқарушының басқа бөлімшелерінің функциялары мен міндеттерін жүктеуге жол берілмейді.

      Инвестициялық портфельді басқарушы инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметін номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығымен бағалы қағаздар нарығындағы брокерлік және (немесе) дилерлік қызметпен қоса атқарған кезде осы Ереженің 4-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген бөлімшелер тәуекелдерді басқару және ішкі аудит функцияларын жүзеге асырады.

2. Инвестициялық портфельді басқару жөнiндегi шарт

      7. Инвестициялық портфельді басқару жөнiндегi шарт (бұдан әрi – шарт) жазбаша нысанда жасалады. Шартқа Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 44-тарауына сәйкес мүлiктi сенімгерлікпен басқару шарты туралы нормалар қолданылады.

      8. Шартта мыналар көзделеді, бірақ олармен шектелмейді:

      1) шарт тараптарының құқықтары, мiндеттерi және жауапкершiлiктерi;

      2) пайда алушы немесе шарт бұзылған жағдайда клиенттің активтерін алатын тұлға туралы нұсқау;

      3) клиенттің активтерін енгізу, толықтыру және алу тәртiбi;

      4) клиент активтерiнiң ағымдағы құнын және инвестициялық портфельдің құрылымын айқындау тәртiбi мен кезеңдiлiгi;

      5) инвестициялық портфельді басқарушының сыйақы алу мөлшері және тәртiбi;

      6) инвестициялық портфельді басқарушының клиентке есептерді және осындай есептердің нысандарын беру тәртiбi мен мерзiмдерi;

      7) клиенттің активтерін есепке алуды және сақтауды жүзеге асыратын кастодиан туралы мәліметтер немесе клиенттің инвестициялық портфельді басқарушыға инвестициялық басқаруға табыс етілген бағалы қағаздарын есепке алуды жүзеге асыратын номиналды ұстаушы туралы мәліметтер;

      8) шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртiбi мен талаптары;

      9) шарттың қолданылу мерзiмi;

      10) осы Ереженің 13-тармағында көзделген тұрақсыздық айыбының мөлшері және оны төлеу тәртібі;

      11) форс-мажор жағдайлары;

      12) шарттың қолданылуын тоқтату, оның iшiнде инвестициялық портфельді басқару жөнiндегi қызметті жүзеге асыруға берілген лицензияның қолданылуы тоқтатыла тұрған немесе одан айырылған жағдайдағы тәртiбi мен талаптары және осыған байланысты активтерді клиентке қайтару не клиенттің активтерін басқа инвестициялық портфельді басқарушыға тапсыру рәсімдері.

      9. Инвестициялық портфельді басқарушының акционерлік инвестициялық қормен немесе инвестициялық пай қорының инвесторымен жасасатын инвестициялық қордың активтерін сенімгерлікпен басқару шартын жасау тәртiбi Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және Инвестициялық қорлар туралы Заңда белгiленедi.

      10. Бағалы қағаздар рыногы туралы Заңның 59-бабының 1-тармағында белгіленген функцияларды жүзеге асыратын шетелдік ұйым (бұдан әрі – шетелдік номиналды ұстаушы) Қазақстан Республикасының резиденті емес клиенттің қаржы құралдарын есепке алған және сақтаған жағдайда, инвестициялық портфельді басқарушы бұл жөнінде уәкiлеттi органды хабардар етеді.

      Инвестициялық портфельді басқарушы мен шетелдік номиналды ұстаушының арасында жасалған қаржы құралдарын есепке алу және сақтау шартында:

      1) инвестициялық портфельді басқарушының өзiнiң есепке алу жүйесі деректерiнiң шетелдік номиналды ұстаушының деректеріне сәйкестiгiн салыстырып тексеруді, бірақ айына бір реттен кем емес жүргізу тәртiбi мен мерзiмдерi;

      2) шетелдік есепке алу ұйымының инвестициялық портфельді басқарушыға Қазақстан Республикасының резиденті емес клиенттің шоттарындағы қаржы құралдарының қалдықтары туралы ақпаратты және оның шоты бойынша қаржы құралдарының қозғалысы туралы мәлiметтердi ұсыну тәртiбi мен мерзiмдерi;

      3) шетелдік номиналды ұстаушының инвестициялық портфельді басқарушының және (немесе) уәкiлеттi органның сұратуы бойынша кез келген уақытта Қазақстан Республикасының резиденті емес клиент, оның шотындағы қаржы құралдары туралы, сондай-ақ қаржы құралдарының қозғалысы және қаржы құралдарына ауыртпалық салудың бар болуы не жоқ болуы туралы мәлiметтердi ұсыну мiндетi белгiленедi.

      11. Шарт жасасқан кезде клиент инвестициялық портфельді басқарушыға мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) жеке тұлға - клиенттің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

      2) заңды тұлға - клиенттер (Қазақстан Республикасының резиденттері) үшін:

      жарғының, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманың немесе куәліктің көшірмелері;

      заңды тұлғаның (оның ішінде заңды тұлғаның клиенттің атынан шартқа өзгерістер мен толықтыруларға, активтерді инвестициялық басқаруға қабылдау-өткізу актілеріне және клиент пен инвестициялық портфельді басқарушының өзара іс-әрекет жасауы барысындағы құжаттарға қол қою құқығы бар өкілдерінің) қол қою және мөр бедерінің үлгілері бар нотариат куәландырған құжат;

      3) заңды тұлға - клиенттер (Қазақстан Республикасының резиденттері емес) үшін:

      жарғының көшірмесі;

      Қазақстан Республикасының резиденті емес мемлекеттің уәкілетті органы берген, заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелгенін растайтын құжаттың көшірмесі;

      заңды тұлғаның (оның ішінде заңды тұлғаның клиенттің атынан шартқа өзгерістер мен толықтыруларға, активтерді инвестициялық басқаруға қабылдау-өткізу актілеріне және клиент пен инвестициялық портфельді басқарушының өзара іс-әрекет жасауы барысындағы құжаттарға қол қою құқығы бар өкілдерінің) қол қою және мөр бедерінің үлгілері бар құжат;

      заңды тұлғаның шарт жасасатын және (немесе) өзге де іс-әрекеттерді жүзеге асыратын өкіліне қатысты заңды тұлғаның уәкілетті органының сенімхаты немесе шешімі;

      инвестициялық портфельді басқарушының ішкі құжаттарында көзделген құжаттар.

      Клиент Қағидалардың осы тармағының 3) тармақшасында көрсетілген құжаттарды қазақ және (немесе) орыс тілдеріндегі нотариат куәландырған аудармасымен Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес заңдастырылған немесе апостилденген түрде ұсынады.

      11-1. Инвестициялық портфельді басқарушы жеке тұлға клиентпен шартты жасасқан кезде осындай жеке тұлға клиент ұсынған мәліметтердің негізінде жеке тұлға клиенттің салық резиденттігін белгілейді.

      Ескерту. 11-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 16.07.2014 N 150 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      12. Инвестициялық портфельді басқарушы клиенттің шарт жасасу мақсатында ұсынған құжаттарын осы шарт бұзылған күннен бастап бес жыл ішінде сақтауы тиіс.

      13. Инвестициялық портфельді басқарушы, егер мұндай операцияны жүзеге асыру немесе мұндай мәмілені орындау мүдделер қайшылығының туындауына әкелетін болса, клиенттердің активтерімен операцияларды немесе мәмілелерді жасамайды.

      Қағидалардың осы тармағының бірінші бөлігінде белгіленген талапты бұзған жағдайда, инвестициялық портфельді басқарушы клиентке соңғыға осындай бұзушылық нәтижесінде келтірілген шығындарды және шартта белгіленген тұрақсыздық айыбын төлейді.

      14. Шарттың қолданылу кезеңінде инвестициялық портфельді басқарушы клиентпен келісім бойынша клиентке ақпараттық, талдау және консультация беру қызметтерін көрсетеді. Инвестициялық портфельді басқарушы осы қызметтерді көрсету кезінде клиентке шартқа сәйкес қаржы құралдарымен жасалатын мәмілелер бойынша кiрiс алатынына немесе шығындардың болмайтынына кепiлдiк бермейді.

      15. Инвестициялық портфельді басқарушы Қағидалардың 16, 17, 18, 19, 20, 21, 22-тармақтарында белгіленген тәртіпте өздерінің клиенттеріне осы инвестициялық портфельді басқарушымен шарттық қарым-қатынастарда болу бойынша және (немесе) осындай қатынастарды қолдау бойынша шешім қабылдау үшін қажетті ақпаратты жария етеді.

      16. Инвестициялық портфельді басқарушының бас офисі мен филиалдарының үй-жайларында клиенттер үшін оңай қолжетімді болатын орындарда:

      1) инвестициялық портфельді басқару бойынша қызметті жүзеге асыруға лицензияның нотариат куәландырған көшiрмесi;

      2) Қағидалардың 17-тармағына сәйкес инвестициялық портфельді басқарушының клиенттің бiрiншi талап етуі бойынша оған танысу үшiн ұсынатын құжаттарының тізбесі орналастырылады.

      17. Инвестициялық портфельді басқарушы клиенттің бiрiншi талап етуі бойынша оған танысу үшiн:

      1) өзінің соңғы есепті кезеңдегі қаржылық есептілігін;

      2) инвестициялық портфельді басқарушының пруденциялық нормативтерді сақтау деңгейі туралы мәліметтерді;

      3) уәкілетті органның соңғы он екі ай ішінде осы инвестициялық портфельді басқарушыға қатысты қолданған шектеулі ықпал ету шаралары мен санкциялары туралы мәліметтерді. Әкімшілік жаза түріндегі санкциялар бойынша әкімшілік жаза қолдану туралы қаулының орындалуы аяқталған күннен бастап соңғы он екі ай ішінде осы инвестициялық портфельді басқарушыға немесе оның лауазымды тұлғаларына әкімшілік жаза қолдану туралы мәліметтер ұсынылады;

      4) соңғы он екі ай ішінде осы инвестициялық портфельді басқарушыға не оның қызметкерлеріне қатысты қабылданған кәсіби ұйымның шешімдерін;

      5) инвестициялық портфельді басқару жөнiндегi қызметті реттейтін нормативтік құқықтық актілер, инвестициялық портфельді басқарушының ішкі құжаттарын ұсынады.

      Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.01.2016 № 12 (15.05.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      18. Инвестициялық портфельді басқарушының клиентке Қағидалардың 17-тармағында көрсетілген құжаттардың көшiрмелерiн беруден бас тартуына жол берілмейді. Инвестициялық портфельді басқарушы Қағидалардың 17-тармағында көрсетілген құжаттардың көшiрмелерiн клиентке бергені үшiн оларды дайындауға кеткен шығыстардың өлшемінен аспайтын мөлшерде ақы алады.

      19. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, инвестициялық портфельді басқарушы шартты жасау және орындау барысында өзiнiң клиенті туралы мәлiметтердiң құпиялылығын, сондай-ақ клиенттен алынған ақпараттың құпиялылығын сақтайды.

      20. Инвестициялық портфельді басқарушы шарттың қолданылу мерзiмi iшiнде клиентке:

      1) өзiнiң қаржылық жағдайының нашарлау фактiлерi және себептері және пруденциялық нормативтердің бұзылуы;

      2) инвестициялық портфельді басқарушының есепке алу жүйесiндегi клиенттің активтері туралы мәлiметтердiң клиенттің инвестициялық портфельді басқарушыға инвестициялық басқаруға тапсырылған активтерін есепке алуды жүзеге асыратын кастодианның немесе номиналды ұстаушының мәліметтеріне сәйкес келмеуі және осы сәйкессiздiктiң пайда болу себептері;

      3) уәкілетті органның соңғы он екі ай ішінде осы инвестициялық портфельді басқарушыға қатысты қолданған шектеулі ықпал ету шаралары мен санкциялары. Әкімшілік жаза түріндегі санкциялар бойынша әкімшілік жаза қолдану туралы қаулының орындалуы аяқталған күннен бастап соңғы он екі ай ішінде осы инвестициялық портфельді басқарушыға немесе оның лауазымды тұлғаларына әкімшілік жаза қолдану туралы мәліметтер ұсынылады;

      4) кәсіби ұйымның қолданған ықпал ету шаралары;

      5) мүдделер қайшылығының пайда болу мүмкіндіктері және фактілері туралы хабарлайды.

      Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.01.2016 № 12 (15.05.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      21. Осы Қағидалардың 20-тармағында көзделген хабарламалар жазбаша түрде ресiмделедi және почта байланысымен және (немесе) электронды почтамен және (немесе) факсимильдік және (немесе) телекстік және (немесе) телеграфтық хабарламамен немесе шартта немесе инвестициялық пай қорының ережесінде айқындалған байланыстың өзге де ықтимал түрлерімен клиентке жiберiледi. Сондай-ақ осы Қағидалардың 20-тармағының 1), 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген хабарламалар көрсетілген жағдайлардың бірі туындаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде инвестициялық портфельді басқарушының интернет-ресурсында орналастырылады.

      22. Инвестициялық портфельді басқарушының жарнамалық ақпаратты таратуы "Жарнама туралы" 2003 жылғы 19 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының және Инвестициялық қорлар туралы Заңның талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

      Инвестициялық портфельді басқарушының қаржы құралдарымен жасалатын мәмілелердің параметрлері (бағасы, көлемі және басқа да ықтимал параметрлері) туралы, клиенттердің активтерін инвестициялау кезіндегі кірістілік көрсеткіштері және инвестициялық портфельді басқарушының қызметін сипаттайтын басқа да көрсеткіштер туралы дәйексіз немесе жаңылдыратын мәліметтерді бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауына немесе өзгеше түрде таратуына жол берілмейді.

      Инвестициялық портфельді басқарушының өзінің қызметі туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында немесе өзгеше түрде жариялауы кезінде өзінің толық атауын, сондай-ақ инвестициялық портфельді басқару жөнiндегi қызметті жүзеге асыруға берілген лицензияның берілген күнін және нөмірін көрсетеді.

      23. Инвестициялық пай қорының активтерін сенімгерлікпен басқаруды жүзеге асыратын инвестициялық портфельді басқарушы уәкілетті органның лицензияның қолданылуын тоқтата тұру немесе одан айыру туралы хабарламасын алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде осы қордың активтерін есепке алуды жүзеге асыратын кастодианға кредиторлық және дебиторлық берешектердің, оның ішінде "репо" операцияларына қатысқан кредиторлар, дебиторлар және тұлғалар туралы мәліметтерді қосқанда, "репо" операцияларын ашу аясында пайда болғандарының сомалары туралы ақпаратты жібереді.

      24. Инвестициялық портфельді басқарушының ішкі құжаттарында осы инвестициялық портфельді басқарушының оның клиенттеріне ақпаратты жария ету жөніндегі қосымша талаптар (Қағидалардың 16, 17, 18, 19, 20, 21, 22, 23-тармақтарында айқындалған талаптардан басқа) белгіленеді.

3-тарау. Инвестициялық портфельді басқару жөнiндегi қызметті
жүзеге асыру талаптары

      25. Клиенттің инвестициялық портфелін басқару Бағалы қағаздар рыногы туралы Заңға, Инвестициялық қорлар туралы Заңға, осы Қағидаларға және клиенттің инвестициялық декларациясына сәйкес жүзеге асырылады.

      26. Екінші деңгейдегі банктердің, сақтандыру ұйымдарының және өзге де қаржы ұйымдарының меншікті активтерінің есебінен қалыптастырылған инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру кезінде инвестициялық портфельді басқарушы осы Қағидаларда белгіленген талаптарға қосымша екінші деңгейдегі банктердің, сақтандыру ұйымдарының және өзге де қаржы ұйымдарының қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасын басшылыққа алады.

      Қазақстан Республикасының заңнамасында Қағидалардың осы тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген клиенттердің активтерімен жасалатын мәмілелерге қатысты ерекше талаптар мен шектеулер белгіленген жағдайда, осындай клиенттің инвестициялық портфелін басқару көрсетілген шектеулер ескеріле отырып жүзеге асырылады.

      27. Клиенттің инвестициялық декларациясында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 27 тамыздағы № 214 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8796 тіркелген) бекітілген Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және дилерлік қызметті, инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдар үшін тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру қағидаларының (бұдан әрі – Тәуекелдерді басқару жүйесін қалыптастыру қағидаларының) 37-тармағында көзделген мәліметтер болады.

      Инвестициялық қорлардың инвестициялық декларациясына қойылатын талаптар "Инвестициялық қорлар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 39-бабында белгіленген.

      28. Егер клиентпен жасалған шартта осы көзделген болса, инвестициялық декларацияда инвестициялық басқаруға тапсырылған активтердің инвестицияланатын мерзіміне және клиенттің шотында қалуы мүмкін ақшаның барынша көп қалдығының мөлшеріне қойылатын талаптар болады.

      29. Инвестициялық портфельді басқарушының қаржы ұйымдары болып табылатын клиенттерінің инвестициялық декларациялары осы қаржы ұйымдарының қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасы ескеріліп жасалады және оны қаржы ұйымының директорлар кеңесі бекітеді.

      30. Инвестициялық портфельді басқару жөнiндегi қызметті жүзеге асыру барысында клиенттің активтеріне және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушының меншiктi активтеріне қатысты инвестициялық шешiмдердi инвестициялық портфельді басқарушының инвестициялық комитеті қабылдайды.

      Клиенттің активтеріне және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушының меншiктi активтеріне қатысты инвестициялық шешiмдердi қабылдау тәртібі, ұсынымның және инвестициялық шешімнің жасалу тәртібіне және мазмұнына қойылатын талаптар Тәуекелдерді басқару жүйесін қалыптастыру қағидаларында белгіленген.

      31. Егер инвестициялық портфельді басқарушының іс-әрекеттеріне байланысты емес жағдайлардың нәтижесінде клиенттің инвестициялық портфелінің құрылымы Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) клиенттің инвестициялық декларациясында белгіленген талаптарға сәйкес келуін тоқтатқан жағдайда, инвестициялық портфельді басқарушы осындай сәйкес келмеуді ушықтыратын қызметті дереу тоқтатады және бір күн iшiнде осы сәйкес келмеуді жою жөнiндегi іс-шаралар жоспарын қоса бере отырып, осы сәйкессіздік фактiсi және себептері туралы уәкiлеттi органға және клиентке хабарлайды.

      Инвестициялық портфельді басқарушы клиенттің инвестициялық портфелінің құрылымын Қағидалардың осы тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген, уәкiлеттi органмен келісілген іс-шаралар жоспарында белгіленген мерзімдерде, не осы іс-шаралар жоспарын қарау нәтижелері бойынша уәкiлеттi орган белгілеген мерзімдерде Қазақстан Республикасы заңнамасының және (немесе) клиенттің инвестициялық декларациясының талаптарына сәйкес келтiредi.

      32. Инвестициялық портфельді басқарушы инвестициялық шешiмдi бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыруға қолданылып жүрген лицензиясы болған кезде дербес орындайды.

      33. Инвестициялық портфельді басқарушы:

      1) клиенттің инвестициялық басқаруға табыс етілген активтерінің есебінен бағалы қағаздарды және инвестициялық портфельді басқарушының меншiгiндегi өзге де мүлікті сатып алу жөнiндегi;

      2) өзiнiң меншiгiне клиенттің активтерін иелiгiнен шығару жөнiндегi;

      3) ашық сауда-саттық әдісімен қор биржасының сауда жүйесінде жасалған мәмілелерді қоспағанда, инвестициялық портфельді басқарушы бір мезгілде өз клиентінің мүдделерін және оның клиенті болып табылмайтын үшінші тұлғаның мүдделерін білдіретін;

      4) клиенттің активтері есебінен инвестициялық портфельді басқарушы шығарған қаржы құралдарын және (немесе) инвестициялық қорлардың осы инвестициялық портфельді басқарушының инвестициялық басқаруындағы бағалы қағаздарын сатып алу жөнiндегi;

      5) клиенттің активтері есебінен тарату барысында тұрған эмитенттердің бағалы қағаздарын сатып алу жөнiндегi;

      6) клиенттің активтері есебінен эмитенттің дефолты болған (эмитенттің бағалы қағаздарын және өзге де міндеттемелерін эмитенттің міндеттемелерін қайта құрылымдау мақсатында шығарылған осы эмитенттің бағалы қағаздарына айырбастауды қоспағанда), эмитенттің бағалы қағаздарын қор биржасының ресми тізімінің "буферлік санат" санатына ауыстырылған, қор биржасы осы бағалы қағаздармен сауда-саттықты тоқтата тұрған күннен бастап бағалы қағаздарды сатып алу жөнiндегi;

      7) клиенттің инвестициялық басқаруға қабылданған активтеріне қатысты мәмілелер жасау кезінде төлемді отыз күнтiзбелiк күннен асатын мерзімге кейінге қалдыру немесе ұзарту көзделетін;

      8) осы клиенттің инвестициялық басқаруға қабылданған активтерін өзінің меншікті міндеттемелерін немесе үшінші тұлғалардың клиенттің инвестициялық портфелін басқару жөнiндегi қызметпен байланысты емес міндеттемелерін орындауды қамтамасыз етуге пайдалануды болжайтын;

      9) клиенттің активтерін өтеусіз иелiгiнен шығару жөнiндегi;

      10) клиенттің активтері есебінен клиентке тиесілі емес қаржы құралдарын сату туралы шарттарды жасасу жөнiндегi ("қысқа сату");

      11) инвестициялық қор болып табылмайтын клиенттің активтерінің құрамына ашық сауда-саттық әдістерімен қор биржасының сауда жүйесінде жасалған мәмілелерді қоспағанда, инвестициялық қорлардың осы инвестициялық портфельді басқарушының инвестициялық басқаруындағы активтерін сатып алу жөнiндегi;

      12) нәтижесінде Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) клиенттің инвестициялық декларациясында белгіленген талаптар бұзылатын мәмiлелердi жүзеге асырмайды.

      Ескерту. 33-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.10.2016 № 259 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      34. Инвестициялық портфельді басқарушы осы Қағидалардың 33-тармағында белгіленген талаптармен қатар, Инвестициялық қорлар туралы Заңда көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, Инвестициялық қорлар туралы Заңның 41-бабында көзделген инвестициялық қордың активтерін басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға байланысты тыйым салуларды сақтайды.

      35. Инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру және сатып алу жөнiндегi бұйрықтарға инвестициялық қордың активтерін есепке алуды қамтамасыз ететін кастодиан бөлiмшесiнiң басшысы қол қояды және олар мөрмен расталады не кастодиан тіркеушіге (номиналды ұстаушыға) өзінің инвестициялық портфельді басқарушының бұйрығын жазбаша растағанын жібере отырып растайды.

      Егер бұл кастодиандық қызмет көрсету және бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмі жүйесін жүргізу жөніндегі шарттардың талаптарында көзделсе, инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру және сатып алу барысында мәмiленi инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылар тiзiлiмiнде тіркеген сәттен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде кастодианның пайларды есептен шығару (есепке алу) бойынша мәмілелер жасауға келісімiн растайтын, қағаз тасымалдауыштағы құжаттардың түпнұсқаларын мiндеттi түрде беру шартымен факсимильді байланыс құралдарын пайдалануға жол берiледi.

      Егер бұл кастодиандық шартта және бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмі жүйесін жүргізу жөніндегі шартта көзделсе, "Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 7 қаңтардағы Заңына сәйкес инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру және сатып алу жөніндегі бұйрықты электрондық құжат айналымы жүйесін пайдалана отырып, электронды түрде жасауға және беруге жол беріледі.

      36. Инвестициялық портфельді басқарушы туынды қаржы құралдарымен ұйымдастырылмаған нарықта брокердің қызметін пайдаланбастан дербес жасалған мәмілелерді жүргізуді орталық депозитарий жүзеге асыратын тізілімге (бұдан әрі – тізілім) енгізу үшін апта сайын, есепті кезеңнен кейінгі аптаның бірінші жұмыс күнінің Астана қаласының уақыты бойынша сағат 14-00-ден кешіктірмей орталық депозитарийге Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12957 тіркелген "Орталық депозитарий қызметін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 19 желтоқсандағы № 254 қаулысымен бекітілген Орталық депозитарий қызметін жүзеге асыру қағидаларының талаптарына және орталық депозитарийдің ішкі құжаттарына сәйкес ақпарат ұсынады.

      Ақпарат ақпаратты беру күніндегі барлық қолданыстағы ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған нарықта туынды қаржы құралдарымен жасалған мәмілелер бойынша, сондай-ақ есепті кезеңде жасалған және орындалған мәмілелер бойынша ұсынылады.

      Ескерту. 36-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.10.2016 № 259 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      37. Қағидалардың 36-тармағында көрсетілген тізілімге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу қажет болған жағдайда, Инвестициялық портфельді басқарушы орталық депозитарийге жаңартылған ақпаратты және тізілімге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу қажеттігінің себептерін көрсете отырып, жазбаша түсіндірмені ұсынады.

4. Есепке алуды ұйымдастыру тәртібі

      38. Кастодиан ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының, сақтандыру ұйымдарының меншікті активтері есебінен қалыптастырылған инвестициялық портфельді құрайтын активтерді есепке алуды және сақтауды, сондай-ақ инвестициялық қорлардың активтерін және арнайы қаржы компаниясының активтерін есепке алуды және сақтауды кастодиан мен инвестициялық портфельді басқарушының арасында жасалған кастодиандық шарт негізінде жүзеге асырады.

      Қағидалардың осы тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген инвестициялық портфельді басқарушының клиенттерін қоспағанда, клиенттердің бағалы қағаздарын есепке алуды инвестициялық портфельді басқарушы мен номиналды ұстаушының арасында жасалған номиналды ұстау туралы шарттың негізінде бағалы қағаздарды номиналды ұстау жөніндегі қызметтерді көрсететін бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы (бұдан әрі - номиналды ұстаушы) жүзеге асырады.

      Кастодиан бағалы қағаздардан басқа, клиенттердің активтерін есепке алуды және сақтауды жүзеге асырады.

      39. Инвестициялық портфельді басқарушының ішкі есепке алу жүйесінде клиенттің активтері инвестициялық портфельді басқарушының меншiктi активтерінен оларды инвестициялық портфельді басқарушының баланстан тыс шоттарына есепке алу арқылы оқшауланады және олар инвестициялық портфельді басқарушының мiндеттемелерi бойынша өндiрiп алынбайды.

      Баланстан тыс шот Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасына, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банк Басқармасының 2010 жылғы 1 ақпандағы № 4 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6090 тіркелген) қаулысымен бекітілген Инвестициялық портфельді басқаруды немесе зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымдардың бухгалтерлік есепті жүргізуі жөніндегі нұсқаулыққа және қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарына сәйкес инвестициялық портфельді басқарушының әрбір клиентіне инвестициялық портфельді басқарушының ішкі есепке алу жүйесінде ашылады.

      40. Инвестициялық портфельді басқарушының ішкі есепке алу жүйесін жүргізу, клиентке ішкі есепке алу жүйесінде шот ашу және ішкі есепке алу жүйесін актуалды жағдайда ұстап тұру тәртібі инвестициялық портфельді басқарушының iшкi құжаттарында белгiленедi.

      41. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің алтынвалюта активтерін және Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық басқаруға берілген активтерін есепке алу мен сақтауды қоспағанда, Инвестициялық портфельді басқарушының клиенттеріне тиесілі ақшаны есепке алу және сақтау Инвестициялық портфельді басқарушы өзімен үлестес емес, бағалы қағаздар нарығында кастодиандық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар банктерде ашқан банк шоттарында жүзеге асырылады.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің алтынвалюта активтерін және Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының Инвестициялық портфельді басқарушыға басқаруға берілген активтерін есепке алу және сақтау Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің шетелдік кастодиан-банктерде ашылған шоттарында жүзеге асырылады.

      Ескерту. 41-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.03.2017 № 54 (01.06.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен

      42. Қазақстан Республикасының резиденті емес клиенттердiң шетелдік қаржы құралдарын есепке алуды және сақтауды "Standard & Poor's" агенттiгiнiң халықаралық шкаласы бойынша "А-" санатынан төмен емес ұзақ мерзiмдi және (немесе) қысқа мерзiмдi жеке рейтингі немесе басқа да рейтингтік агенттiктердiң бiрiнiң осындай деңгейдегі рейтингі бар шетелдік номиналды ұстаушылар жүзеге асыруы мүмкін.

      43. Инвестициялық портфельді басқарушы айына кемінде бір рет өзiнiң ішкі есепке алу жүйесiнiң деректерін олардың клиенттердің активтерін есепке алуды және сақтауды жүзеге асыратын кастодиандардың деректеріне және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушының клиенттерінің бағалы қағаздарын есепке алуды жүзеге асыратын номиналды ұстаушының деректеріне сәйкес келуін салыстырып тексереді.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген деректер бойынша салыстырып тексеру нәтижелері мынадай мәліметтер қамтылатын салыстырып тексеру актісімен ресімделеді:

      салыстырып тексеру актісінің жасалу күні;

      салыстырып тексеру жүзеге асырылатын кезең;

      салыстырып тексеру актісінің жасалу күніндегі шоттардағы (қосалқы шоттардағы) активтердің қалдығы туралы ақпарат;

      салыстырып тексеру жүзеге асырылатын кезеңдегі активтердің, шоттардағы (қосалқы шоттардағы) активтердің қозғалысы туралы ақпарат.

      Салыстырып тексеру актісі екі данада жасалады, оған салыстырып тексеруді жүзеге асыратын тараптардың өкілдері қол қояды және олардың мөрлерімен куәландырылады.

      44. Инвестициялық портфельді басқарушының ішкі есепке алу жүйесінің деректерін шетелдік номиналды ұстаушының деректерімен салыстырып тексеру халықаралық банкаралық ақпарат беру және төлемдерді жүзеге асыру жүйесі арқылы SWIFT-хабарламалармен алмасу жолымен не шетелдік номиналды ұстаушымен жасалған шартта көзделген басқа да байланыс құралдары арқылы жүзеге асырылады және мәні Қазақстан Республикасының резиденті емес клиенттерге тиесілі және шетелдік номиналды ұстаушының шоттарындағы қаржы құралдарын салыстырып тексеруді жүргізу күніндегі қалдықтарды инвестициялық портфельді басқарушының ішкі есепке алу жүйесінің деректерімен салыстырып тексеруде болады.

      Салыстырып тексеру жүргізуге негіз болған құжаттар, оның ішінде SWIFT - хабарламалар салыстырып тексеру жүргізілген күннен бастап бес жыл ішінде сақталуы тиіс.

      45. Егер Қағидалардың 43 және 44-тармақтарына сәйкес жүзеге асырылатын салыстырып тексерудің нәтижелері бойынша айырмашылықтар болған жағдайда, салыстырып тексеруді жүзеге асырған тараптар оларды жою бойынша шараларды қабылдайды.

      46. Инвестициялық портфельді басқарушы мыналар:

      1) жасалған шарттар және оларға енгізілген барлық өзгерістер мен толықтырулар;

      2) жасалған ұсынымдар;

      3) инвестициялық шешімдер, олардың орындалуы (орындалмауы);

      4) клиенттердің активтерімен және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушының меншiктi активтерімен жасалған мәмілелер, олардың орындалуы (орындалмауы);

      5) инвестициялық шешiмдердi орындау мақсатында брокерге берілген құжаттар не инвестициялық портфельді басқару жөнiндегi қызметті номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығымен бағалы қағаздар нарығындағы брокерлік және (немесе) дилерлік қызметпен қоса атқарған жағдайда сауда бөлімшесіне жіберілген өкімдер;

      6) клиенттердің қаржы құралдары және олардың саны өзгеруі;

      7) бағалы қағаздар бойынша кiрiстердiң түсуі және бөлiнуi;

      8) клиенттерге берілген есептер;

      9) ішкі есеп жүйесінің кастодиандардың және (немесе) номиналды ұстаушылардың және (немесе) шетелдік номиналды ұстаушылардың деректеріне олар сәйкес келуін салыстырып тексерулер;

      10) клиенттердің инвестициялық портфельді басқарушыға шағымдары бар өтiнiштерi және оларды жою жөнiндегi іс-шаралар туралы (жөнiндегi) мәліметтер қамтылған журналдарды жүргізу арқылы өзінің қызметіне қатысты барлық құжаттардың дәйекті және нақты есебін жүргiзедi.

      47. Ұсынымдар олардың негiзiнде берілген құжаттармен (материалдармен) бірге, инвестициялық шешімдер және инвестициялық портфельді басқару жөнiндегi қызметке қатысты құжаттар хронологиялық тәртіпте жеке тiркеу файлдарында сақталуға жатады.

5. Арнайы қаржы компаниясының жаңа инвестициялық портфельді
басқарушыға өткізілетін активтерін салыстырып тексеру рәсiмiн
жүргізу тәртiбi

      48. Арнайы қаржы компаниясының жаңа инвестициялық портфельді басқарушыға өткізілетін активтерін салыстырып тексеруді кастодианның, инвестициялық портфельді басқарушының және арнайы қаржы компаниясының уәкiлеттi өкiлдерi жүзеге асырады.

      49. Жаңа инвестициялық портфельді басқарушыға өткізілетін активтерді салыстырып тексеру үшiн:

      1) өткізілетін активтердің тiзбесi;

      2) өткізілетін құжаттардың тiзбесi;

      3) салыстырып тексеру актiсi жасалады.

      Өткізілетін активтерге салыстырып тексеру кезінде басқаруда болған активтер кiредi.

      50. Жаңа басқарушы агентке өткізілетін активтерді салыстырып тексеру кезінде инвестициялық басқарудың барлық кезеңіндегі:

      1) инвестициялық портфельді басқарушының бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыратын (жүзеге асырған) ұйымдарға арнайы қаржы компаниясының активтері есебінен қаржы құралдарымен мәмілелер жасасуға берген тапсырмаларының көшiрмелерi;

      2) бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыратын (жүзеге асырған) ұйымдардың арнайы қаржы компаниясының активтері есебінен қаржы құралдарымен мәмілелерді жасасуға инвестициялық портфельді басқарушының тапсырмаларын орындағаны туралы есептерiнiң көшiрмелерi;

      3) инвестициялық портфельді басқарушы арнайы қаржы компаниясының активтері есебінен қаржы құралдарымен өз бетімен мәмілелер жасасқан кезде - мұндай мәмiлелердiң жасалуын растайтын құжаттардың көшiрмелерi;

      4) кастодиан инвестициялық шоттан берген үзiндi жазбалардың көшiрмелерi;

      5) "Бағалы қағаздардың орталық депозитарийi" АҚ кастодианның жеке шоты шегінде ашылған арнайы қаржы компаниясының қосалқы шотынан берген үзiндi жазбалардың көшiрмелерi;

      6) арнайы қаржы компаниясының өткізілетін активтерін салыстырып тексеру күнінде арнайы қаржы компаниясының активтері есебінен екiншi деңгейдегі банктермен жасалған қолданыстағы банктік салым шарттарының түпнұсқалары;

      7) арнайы қаржы компаниясының өткізілетін активтерін салыстырып тексеру күнінде мерзiмi өтіп кеткен арнайы қаржы компаниясының активтері есебінен екiншi деңгейдегі банктермен жасалған банктік салым шарттарының көшiрмелерi;

      8) инвестициялық портфельді басқарушы арнайы қаржы компаниясының активтері есебінен қалыптастырған инвестициялық портфельді басқаруға қатысты өзге де құжаттар өткізіледі.

      51. Салыстырып тексеру қорытындылары бойынша салыстырып тексеру актiсi жасалады, оның ішінде мыналар:

      1) бағалы қағаздардың ұлттық сәйкестендіру нөмiрлерiн көрсете отырып, олардың саны (данамен);

      2) депонент-банктердiң атауы, салым сомалары, банктік салым шартының жасалу күні мен оның нөмiрi, салым мерзiмi, сыйақы мөлшерлемелері көрсетіле отырып екiншi деңгейдегі банктердегі салымдар;

      3) инвестициялық шоттардағы теңгемен және шетел валютасымен ақша қозғалысы;

      4) қаржы құралдарының сатып алу құны;

      5) инвестициялардың ағымдағы құны;

      6) әрбір қаржы құралы бойынша есептелген және алынған инвестициялық кiрiстiң сомасы;

      7) комиссиялық сыйақы сомасы;

      8) инвестициялық шоттардағы ақша қалдығы;

      9) инвестициялық қызметке қатысты өткізілетін құжаттардың түпнұсқалары;

      10) инвестициялық қызметке қатысты өзге де мәліметтер туралы (жөніндегі) ақпарат қамтылады.

      52. Салыстырып тексеру актiсi:

      1) бір данадан арнайы қаржы компаниясы, жаңа инвестициялық портфельді басқарушы, инвестициялық портфельді басқарушы, кастодиан, уәкiлеттi орган үшiн бес данада инвестициялық портфельді басқару жөніндегі шартты бұзу күніне жасалады;

      2) арнайы қаржы компаниясының, инвестициялық портфельді басқарушының және жаңа инвестициялық портфельді басқарушының бiрiншi басшылары мен бас бухгалтерлері қол қояды;

      3) арнайы қаржы компаниясының, инвестициялық портфельді басқарушының және жаңа инвестициялық портфельді басқарушының мөрімен куәландырылады;

      4) кастодианның бiрiншi басшысының немесе оның арнайы қаржы компаниясының активтеріне кастодиандық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын бөлімшеге жетекшiлiк ететін басшы қызметкерiнiң қолымен және кастодианның мөрімен куәландырылған салыстырып тексеру актiсi деректерiнiң дәйектілігі жөніндегі белгiсiн қамтиды.

      53. Осы Қағидалардың 51 және 52-тармақтарының талаптарына сәйкес ресімделген салыстырып тексеру актiсiнiң данасы оған қол қойылған күннен бастап үш жұмыс күні iшiнде уәкiлеттi органға ұсынылады.

6. Инвестициялық портфельді басқарушының инвестициялық
портфельді басқару жөнiндегi қызметті жүзеге асыруға берілген
лицензияның қолданылуын тоқтата тұрған немесе одан айырған
жағдайдағы іс-әрекетінің тәртібі

      54. Инвестициялық портфельді басқарушы лицензияның қолданылуын тоқтата тұрған немесе одан айырған жағдайда уәкiлеттi органның тиісті хабарламасын алған күннен бастап екі жұмыс күні iшiнде бұл туралы:

      1) жеке хабарлама жіберу және клиенттер үшін қол жетімді орындарда (бас офистің және филиалдардың бас офисінің үй-жайларында, сондай-ақ осы инвестициялық портфельді басқарушының Интернет желісіндегі веб-сайтында (бар болса)) тиісті хабарландыруларды орналастыру арқылы өзінің клиенттеріне;

      2) осы инвестициялық портфельді басқарушы клиенттерінің шоттары ашылған номиналды ұстаушыларға хабарлайды.

      Ескерту. 54-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.10.2016 № 259 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      55. Инвестициялық портфельді басқарушы лицензиядан айырылған жағдайда уәкiлеттi органның хабарламасын алған кезден бастап күнтізбелік отыз күн iшiнде клиенттің бұйрығы негізінде активтерді клиентке қайтарады немесе жасалған шарт болған кезде активтерді жаңа инвестициялық портфельді басқарушыға өткізеді.

  Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2014 жылғы 3 ақпандағы
№ 10 қаулысына
қосымша

Күші жойылған нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

      1. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Басқармасының "Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру ережесін бекіту туралы" 2010 жылғы 30 сәуірдегі № 59 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6290 тіркелген).

      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2012 жылғы 30 қаңтардағы № 20 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7439 тіркелген, "Егемен Қазақстан" газетінде 2012 жылғы 24 мамырда № 261-266 (27340) жарияланған) қосымшаның 8-тармағы.

      3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Кейбір нормативтік құқықтық актілерге екінші деңгейдегі банктердің бағалы қағаздар нарығындағы қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" 2013 жылғы 25 ақпандағы № 69 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8412 тіркелген, "Егемен Қазақстан" газетінде 2013 жылғы 1 маусымда № 139 (28078) жарияланған) тізбенің 3-тармағы.

      4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер енгізу туралы" 2013 жылғы 26 сәуірдегі № 110 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8505 тіркелген, "Заң газеті" газетінде 2013 жылғы 6 тамызда № 115 (2316) жарияланған) тізбенің 27-тармағы.

      5. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне қаржы құралдарымен операцияларды тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2013 жылғы 27 тамыздағы № 215 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8799 тіркелген, "Заң газеті" газетінде 2013 жылғы 14 қарашада № 171 (2372) жарияланған) тізбенің 4-тармағы.