Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банк Басқармасының 2012 жылғы 30 қаңтардағы № 20 Қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2012 жылы 24 ақпанда № 7439 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2022 жылғы 23 қарашадағы № 99 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 23.11.2022 № 99 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру мақсатында, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне осы қаулының қосымшасына сәйкес өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап туындайтын қатынастарға таралады.

      Осы қаулының 3-тармағының он үшінші, елуінші, елу бірінші, алпыс тоғызыншы, жетпісінші абзацтары, 4-тармағының он екінші, қырық сегізінші, қырық тоғызыншы, алпыс бірінші, алпыс екінші, 5-тармақтың он үшінші, елуінші, елу бірінші, алпыс үшінші, алпыс төртінші абзацтары, 6-тармақтың тоғызыншы, отызыншы абзацтары 2013 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болады.

Ұлттық Банк


Төрағасы

Г. Марченко


  Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2012 жылғы 30 қаңтардағы
№ 20 қаулысына қосымша

Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар

      1. Ескерту. 1-тармақтың күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 22.10.2014 № 196 (қабылданған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      2. Күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 03.02.2014 № 9 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      3. Күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 16.07.2014 № 146 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      4. Ескерту. 4-тармақтың күші жойылады - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2012.02.24 № 64 (қолданысқа 2013.01.01 бастап енгізіледі) Қаулысымен.
      5. Күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 03.02.2014 № 7 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      6. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" акционерлік қоғамының активтерін инвестициялау ережесін бекіту туралы" 2008 жылғы 2 қазандағы № 148 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5365 тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" акционерлік қоғамының активтерін инвестициялау ережесінде:

      19 және 20-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. Қор өз активтерінің бөлігін мынадай қаржы құралдарына:

      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі салымдар;

      2) Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктердегі салымдар, мынадай шарттардың біреуіне сәйкес келген жағдайда:

      банктердің Standard & Рооr's агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "ВВ-"-тен төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы немесе Standard & Рооr's ұлттық шәкілі бойынша "kzВВ"-ден төмен емес рейтингтік бағасы бар;

      банктер Standard & Рооr's агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "А-" санатынан төмен емес шетел валютасындағы ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар резидент емес - бас банктердің еншілес резидент - банкі болып табылады;

      банктердің Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "В+"-тен "В"-ға дейінгі ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі, немесе Standard & Poor's-тың ұлттық шәкілі бойынша "kzВВ-"-тен "kzВ+"-ке дейінгі рейтингтік бағасы немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шығарылған, Standard & Рооr's агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "ВВ"-ден төмен емес рейтингтік бағасы немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларының облигациялары;

      4) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығарған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары (оның ішінде басқа мемлекеттердің заңнамаларына сәйкес айналысқа шығарылған ақша);

      5) Standard & Рооr's агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "А-"-тен төмен емес тәуелсіз рейтингі немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар шетел мемлекеттердің орталық үкіметтерімен шығарылған, мемлекеттік мәртебесі бар бағалы қағаздарды орналастыруды жүзеге асырады.

      Осы тармақтың 1), 2) және 4) тармақшаларында көрсетілген қаржы құралдарына Қор активтерін жиынтық орналастыруы Қор активтерінің сексен пайызынан кем еместі құрайды.

      Қор активтерін инвестициялау мөлшері инвестициялық портфельді басқарушы мен Қор арасында жасалатын инвестициялық стратегияда белгіленеді.

      Инвестициялық портфельді басқарушы Қор активтерін инвестициялаған кезде инвестициялық портфельді басқарушы ақшаны есепке алу үшін шот ашады және орналастырылған салымдарды (депозиттерді) және Қор активтері есебінен сатып алынған бағалы қағаздарды есепке алу үшін баланстан тыс шот ашады.

      Қордың активтерін инвестициялық портфельді басқарушыға тапсырған кезде Қор айдың бірінші күніндегі жағдай бойынша бір айда бір реттен кем емес, өзінің есепке алу жүйесі деректерінің инвестициялық портфельді басқарушының және Қор активтерінің есебі мен сақталуын жүзеге асыратын кастодианның деректеріне сәйкес келуіне үш жақты салыстырып тексеру жүргізеді.

      Салыстырып тексеру қорытындысы бойынша мынадай:

      1) ұлттық сәйкестендіру нөмірлерін көрсетіп, бағалы қағаздардың саны (данамен) туралы;

      2) банктердің атауын, салымдар сомасын, банк салымдары шарттарының жасалу күндері мен нөмірлерін, салымдар мерзімдерін, сыйақы ставкаларын көрсете отырып, екінші деңгейдегі банктердегі салымдар туралы;

      3) инвестициялық шоттардағы теңгедегі және шетел валютасындағы ақша қозғалысы туралы;

      4) қаржы құралдарының сатып алу құны туралы;

      5) қаржы құралдарының ағымдағы құны туралы;

      6) әр қаржы құралы бойынша есептелген және алынған инвестициялық кіріс сомасы туралы;

      7) көрсетілетін қызметтер түрлері бойынша комиссиялық сыйақылар сомасы туралы;

      8) инвестициялық шоттардағы ақша қалдықтары туралы ақпаратты;

      9) инвестициялық қызметке қатысты өзге мәліметтерді қамтитын салыстырып тексеру актісі жасалады.

      Салыстырып тексеру актісіне Қордың, инвестициялық портфельді басқарушының және кастодианның бірінші басшылары мен бас бухгалтерлері қолы қояды және ол осы ұйымдардың мөр таңбасымен расталады.

      20. Қордың қаржы құралдарына инвестицияларының мөлшері мынадай мәндерден аспайды:

      1) екінші деңгейдегі бір банкте (Қормен жасалған агенттік келісім негізінде кредиторларға кепілдік төлемдерін жүзеге асыру бойынша қызмет көрсететін, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын агент-банкті қоспағанда) және оның үлестес тұлғаларында салымдарға, ақшаға және облигацияларға ("кері репо" операцияларын есепке алғанда) жиынтық орналастыру - Қор активтерінің он пайызынан асырылмайды, бірақ осы эмитенттің меншікті капиталы мөлшерінің жиырма бес пайызынан асырылмайды;

      2) Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "В+"-тен "В"-ға дейінгі ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы, немесе Standard & Poor's-тың ұлттық шәкілі бойынша "kzВВ-"-тен "kzВ+"-ке дейінгі рейтингтік бағасы немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар екінші деңгейдегі бір банкте (Қормен жасалған агенттік келісім негізінде кредиторларға кепілдік төлемдерін жүзеге асыру бойынша қызмет көрсететін, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын агент-банкті қоспағанда) және оның үлестес тұлғаларында салымдарға жиынтық орналастыруы – Қор активтерінің бес пайызынан асырылмайды, бірақ осы банктің меншікті капиталы мөлшерінің жиырма бес пайызынан асырылмайды;

      3) Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларының (Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерді қоспағанда) және осы заңды тұлғаның үлестес тұлғаларының облигацияларына жиынтық орналастыруы - Қор активтерінің он пайызынан асырылмайды, бірақ осы эмитенттің меншікті капиталы мөлшерінің жиырма бес пайызынан асырылмайды;

      4) Standard & Рооr's агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "А-"-тен төмен емес тәуелсіз рейтингі немесе бір мемлекеттің басқа рейтингілік агенттіктерінің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар шетел мемлекеттердің орталық үкіметтері шығарған, мемлекеттік мәртебесі бар бағалы қағаздарға ("кері репо" операцияларын есепке алғанда) жиынтық орналастыруы - Қор активтерінің он пайызынан асырылмайды;

      5) Қор активтерінің қатысуымен жасалатын "кері репо" мәмілелері - Қор активтерінің он пайызынан асырылмайды.

      Қор активтерін облигацияларға жиынтық орналастыруы бір эмиссияның жалпы облигациялары көлемінің жиырма бес пайызынан аспайды.".

      7. Күші жойылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 08.08.2016 № 183 қаулысымен.
      8. Күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 03.02.2014 № 10 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).