Оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтары қызметінің қағидаларын және Уақытша орналастыру орталықтарының қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2013 жылғы 22 шілдедегі № 330-ө-м бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 05 тамызда № 8601 тіркелді

Жаңартылған

      «Халықтың көші-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 11) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған:
      1)  осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтары қызметінің қағидалары;
      2)  осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Уақытша орналастыру орталықтары қызметінің қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті (А.Ә. Сарбасов):
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және оның ресми жариялануын;
      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Е.К. Егембердіге жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                        Т. Дүйсенова

Қазақстан Республикасы   
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрінің    
2013 жылғы 22 шілдедегі  
№ 330-ө-м бұйрығына   
1-қосымша        

Оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру
орталықтары қызметінің қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтары қызметінің қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Халықтың көші-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабы 11) тармақшасына сәйкес әзірленді және оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтары қызметінің тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) бейімдеу және ықпалдастыру қызметтері – оралмандар мен олардың отбасы мүшелеріне қоғамға бейімдеу және ықпалдастыру мақсатында көрсетілетін қызметтер (ақпараттық, заңдық, әлеуметтік, медициналық және білім беру) кешені;
      2) оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы (бұдан әрі – Орталық) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы құратын және оралмандарға, олардың отбасы мүшелеріне бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсетуге және олардың уақытша тұруына арналған заңды тұлға;
      3) оралман – тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында Қазақстан Республикасына келген және «Халықтың көші-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған, Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде оның шегінен тыс жерде тұрақты тұрған этникалық қазақ және оның Қазақстан Республикасы егемендік алғаннан кейін оның шегінен тыс жерде туылған және тұрақты тұрған ұлты қазақ балалары».
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің м.а. 08.01.2016 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күннен бастап күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзіледі) бұйрығымен.
      3. Орталық мемлекеттік мекеме болып табылады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін алу мақсатында оралмандар мен олардың отбасы мүшелерінің уақытша тұруын қамтамасыз ету Орталықтың негізгі міндеті болып табылады.
      4. Орталықты қаржыландыру мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылады.

2. Орталық қызметінің тәртібі

      5. Орталықта уақытша негізде тұру үшін оралмандар, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері тегін орналастырылады.
      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 10.02.2014 № 32-Ө бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      6. Орталықты қайта құру немесе тарату Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүргізіледі. Орталық заңды тұлға құқығын иеленеді, дербес теңгерімі, Қазақстан Республикасы қаржы заңнамасына сәйкес банктерде шоттары, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген және мемлекеттік мекеменің атауы бар мөрі, бланкілері болады.
      7. Орталықта оралмандардың қоғамға тезірек бейімделуі мен ықпалдасуына бағытталған жағдайлар жасалады.
      8. Орталықта тегін тұратын оралмандар мен олардың отбасы мүшелеріне мынадай қызметтер көрсетіледі:
      1) ақпараттық және анықтамалық қызметтер ұсыну;
      2) аударма қызметі бойынша қызмет көрсету;
      3) жұмысқа орналастыруда, кәсіптік даярлауда, қайта даярлауда және біліктілікті арттыруда көмек;
      4) Қазақстан Республикасының тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүрін оқыту, заңнама негіздері және шағын кәсіпкерлікті ашу бойынша курстар өткізу;
      5) әртүрлі мәдени іс-шаралар өткізу;
      6) құқықтық қызмет көрсету (кеңестер, консультациялар және тіркелуде, оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге өтініш беруде, азаматтықты, әлеуметтік жәрдемақылар алуда көмек);
      7) Қазақстан азаматтығын алу және құжаттандыру мәселелеріне жәрдемдесу;
      8) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға жәрдемдесу;
      9) мемлекеттік және орыс тілдерін оқыту;
      10) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға жәрдемдесу.
      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің м.а. 08.01.2016 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күннен бастап күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзіледі) бұйрығымен.
      9. Орталыққа орналастыру және ол жерде оралмандарды ұстау Қазақстан Республикасының медициналық қамсыздандыру, санитарлық саулық, сәулеттік реттеу, құрылыс саласы, тұрғын үй қатынастары және коммуналдық шаруашылық салаларының талаптарына сай болуы тиіс.
      Орталық оралмандарды оқыту үшін қажетті әдістемелік құралдар мен материалдық-техникалық жабдықтармен қамсыздандырылады.
      10. Орталықтың жұмыс режимі ішкі еңбек тәртібі қағидаларында белгіленген және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының нормаларына қайшы келмеуге тиіс.

Қазақстан Республикасы   
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрінің    
2013 жылғы 22 шілдедегі  
№ 330-ө-м бұйрығына   
2-қосымша        

Уақытша орналастыру орталықтары қызметінің қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Уақытша орналастыру орталықтары қызметінің қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Халықтың көші-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабы 11) тармақшасына сәйкес әзірленді және уақытша орналастыру орталықтары қызметінің тәртібін анықтайды.
      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) уақытша орналастыру орталығы – этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелерінің оралман мәртебесін алғанға дейін уақытша тұруына арналған тұрғын жай;
      2) этникалық қазақ – шетелде тұрақты тұратын ұлты қазақ шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам.
      3. Орталық қызметінің негізгі міндеті этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелерінің оралман мәртебесін алғанға дейін уақытша тұруын қамтамасыз ету болып табылады.
      4. Орталықты қаржыландыру мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылады.

2. Орталық қызметінің тәртібі

      5. Орталықта уақытша негізде тұру үшін этникалық қазақтар, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері (оралман мәртебесін алғанға дейін, бірақ күнтізбелік 10 күннен аспауға тиіс) тегін орналастырылады.
      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің м.а. 08.01.2016 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күннен бастап күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзіледі) бұйрығымен.
      6. Орталықта этникалық қазақтармен және олардың отбасы мүшелерінің оралман мәртебесін алғанға дейін тұруына қажетті жағдайлар жасалады.
      7. Орталыққа орналастыру және ол жерде этникалық қазақтарды ұстау Қазақстан Республикасының медициналық қамсыздандыру, санитарлық саулық, сәулеттік реттеу, құрылыс саласы, тұрғын үй қатынастары және коммуналдық шаруашылық салаларының талаптарына сай болуы тиіс.
      8. Орталықтың жұмыс режимі ішкі еңбек тәртібі қағидаларында белгіленеді және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының нормаларына қайшы келмеуге тиіс.