Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 16.03.2021 № 78 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
"Халықтың көші-қоны туралы" 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 11) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған:
1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтары қызметінің қағидалары;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Уақытша орналастыру орталықтары қызметінің қағидалары бекітілсін.
Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 16.03.2021 № 78 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті (А.Ә. Сарбасов):
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және оның ресми жариялануын;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Е.К. Егембердіге жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр | Т. Дүйсенова |
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2013 жылғы 22 шілдедегі № 330-ө-м бұйрығына 1-қосымша |
Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтары қызметінің қағидалары
Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 16.03.2021 № 78 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтары қызметінің қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Халықтың көші-қоны туралы" 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 11-бабының 11) тармақшасына сәйкес әзірленді және қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтары қызметінің тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) бейімдеу және ықпалдастыру қызметтері - қандастар мен олардың отбасы мүшелеріне қоғамға бейімдеу және ықпалдастыру мақсатында көрсетілетін қызметтер (ақпараттық, заңдық, әлеуметтік, медициналық және білім беру) кешені;
2) қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы (бұдан әрі - Орталық) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы құратын және қандастарға, олардың отбасы мүшелеріне бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсетуге және олардың уақытша тұруына арналған заңды тұлға;
3) қандас - бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығында болмаған, тарихи отанына келген және Заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған этникалық қазақ және (немесе) оның ұлты қазақ отбасы мүшелері.
3. Орталық мемлекеттік мекеме болып табылады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін алу мақсатында қандастар мен олардың отбасы мүшелерінің уақытша тұруын қамтамасыз ету Орталықтың негізгі міндеті болып табылады.
4. Орталықты қаржыландыру мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылады.
2-тарау. Орталық қызметінің тәртібі
5. Орталықта уақытша негізде тұру үшін қандастар, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері тегін орналастырылады.
6. Орталықты қайта құру немесе тарату Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүргізіледі. Орталық заңды тұлға құқығын иеленеді, дербес теңгерімі, Қазақстан Республикасы қаржы заңнамасына сәйкес банктерде шоттары, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген және мемлекеттік мекеменің атауы бар мөрі, бланкілері болады.
7. Орталықта қандастардың қоғамға тезірек бейімделуі мен ықпалдасуына бағытталған жағдайлар жасалады.
8. Орталықта тегін тұратын қандастар мен олардың отбасы мүшелеріне мынадай қызметтер көрсетіледі:
1) ақпараттық және анықтамалық қызметтер ұсыну;
2) аударма бойынша қызмет көрсету;
3) жұмысқа орналастыруда, кәсіптік даярлауда, қайта даярлауда және біліктілікті арттыруда көмек;
4) Қазақстан Республикасының тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрі жөнінде, заңнама негіздері және шағын бизнес ашу бойынша оқыту курстарын өткізу;
5) әртүрлі мәдени іс-шаралар өткізу;
6) құқықтық қызмет көрсету (тіркелуге, "Оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі міндетін атқарушының 2016 жылғы 15 қаңтардағы № 20 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13334 болып тіркелген) бекітілген нысан бойынша қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге өтініш беруге, азаматтық, әлеуметтік жәрдемақылар алуға кеңестер, консультациялар беру және көмек көрсету);;
7) Қазақстан азаматтығын алу және құжаттандыру мәселелеріне жәрдемдесу;
8) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін;
9) қазақ және орыс тілдерін оқыту;
10) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға жәрдемдесу.
9. Орталыққа орналастыру және ол жерде қандастарды ұстау Қазақстан Республикасының медициналық қамсыздандыру, санитарлық саулық, сәулеттік реттеу, құрылыс саласы, тұрғын үй қатынастары және коммуналдық шаруашылық салаларының талаптарына сай болуы тиіс.
Орталық қандастарды оқыту үшін қажетті әдістемелік құралдар мен материалдық-техникалық жабдықтармен қамсыздандырылады.
10. Орталықтың жұмыс режимі ішкі еңбек тәртібі қағидаларында белгіленген және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының нормаларына қайшы келмеуге тиіс.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2013 жылғы 22 шілдедегі № 330-ө-м бұйрығына 2-қосымша |
Уақытша орналастыру орталықтары қызметінің қағидалары
Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 04.08.2020 № 286 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Уақытша орналастыру орталықтары қызметінің қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Халықтың көші-қоны туралы" 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабы 11) тармақшасына сәйкес әзірленді және уақытша орналастыру орталықтары қызметінің тәртібін анықтайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) қоныс аударушы - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударатын ішкі көшіп-қонушы;
2) уақытша орналастыру орталығы (бұдан әрі - Орталық) - этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелерінің қандас мәртебесін алғанға дейін уақытша тұруына арналған тұрғын жай;
3) этникалық қазақ - шетелде тұрақты тұратын ұлты қазақ шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам.
Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 16.03.2021 № 78 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.3. Орталық қызметінің негізгі міндеті этникалық қазақтар немесе қоныс аударушылар, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерінің оралман мәртебесін алғанға дейін уақытша тұруын қамтамасыз ету болып табылады.
4. Орталықты қаржыландыру мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылады.
2-тарау. Орталық қызметінің тәртібі
5. Орталықта уақытша негізде тұру үшін этникалық қазақтар және қоныс аударушылар, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері (этникалық қазақ және оның отбасы мүшелері қандас мәртебесін алғанға, қоныс аударушы және оның отбасы мүшелері жұмыс берушімен еңбек шартын жасағанға дейін, бірақ күнтізбелік 10 күннен аспайтын мерзім) Орталыққа бір рет тегін орналастырылады.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 16.03.2021 № 78 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.6. Орталықта этникалық қазақтар мен қоныс аударушылардың, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерінің тұруы үшін қажетті жағдайлар жасалады.
7. Орталыққа орналастыру және ол жерде этникалық қазақтарды және қоныс аударушыларды ұстау Қазақстан Республикасының медициналық қамсыздандыру, санитарлық саулық, сәулеттік реттеу, құрылыс саласы, тұрғын үй қатынастары және коммуналдық шаруашылық салаларының талаптарына сай болуға тиіс.