Оралмандар мен олардың отбасы мүшелерінің Оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығында тұру мерзімдері мен қағидаларын, сондай-ақ оралмандар мен олардың отбасы мүшелеріне бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсету қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2013 жылғы 22 шілдедегі № 331-ө-м бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 05 тамызда № 8600 тіркелді

Жаңартылған

      «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі Заңының 24-бабы 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Мыналар:
      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес оралмандар мен олардың отбасы мүшелерінің Оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығында тұру мерзімдері мен қағидалары;
      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Оралмандар мен олардың отбасы мүшелеріне бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсету қағидалары бекітілсін.
      2. «Оралмандар мен олардың отбасы мүшелерінің Оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығында тұру мерзімдері мен қағидаларын, сондай-ақ оралмандарға және олардың отбасыларына бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2011 жылғы 4 қарашадағы № 582 бұйрығының күші жойылды деп танылсын (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7323 болып тіркелген, 2011 жылғы 10 желтоқсанда № 398-399 «Казахстанская правда» газетінде жарияланған).
      3. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті (А.А. Сарбасов):
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және оның ресми жариялануын;
      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Е.Қ. Егембердіге жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    Т. Дүйсенова

Қазақстан Республикасы  
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрінің     
2013 жылғы 22 шілдедегі  
№ 331-ө-м бұйрығына 1-қосымша

Оралмандар мен олардың отбасы мүшелерінің Оралмандарды бейімдеу
және ықпалдастыру орталығында тұру мерзімдері мен қағидалары 1. Жалпы ережелер

      1. Осы және оралмандар мен олардың отбасы мүшелерінің оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығында тұру мерзімдері мен қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі Заңының 24-бабы 2-тармағына сәйкес әзірленді және оралмандар мен олардың отбасы мүшелерінің Оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығында тұру мерзімдерін айқындайды.
      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) жолдама – халықтың көші-қоны саласындағы жергілікті атқарушы орган беретін оралман мен оның отбасы мүшелеріне Орталыққа орналасу құқығын беретін құжат;
      2) Оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы (бұдан әрі - Орталық) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі құратын оралмандардың, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерінің уақытша тұруы мен оларға бейімдеу және кіріктіру қызметтерін көрсетуге арналған заңды тұлға;
      3) өтініш иесі - Орталыққа орналасу мақсатында халықтың көші-қоны саласындағы жергілікті атқарушы органға өтініш беретін оралман және оның отбасы мүшелері.

2. Өтініш беру

      3. Осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес халықтың көші-қоны саласындағы жергілікті атқарушы орган беретін жолдама оралманның және оның отбасы мүшелерінің Орталыққа орналасуына негіз болып табылады.
      Жолдама тек өзіне және өтініште көрсетілген кәмелеттік жастағы отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасының ықтияр хатын алуға тапсырылған өтініші туралы ішкі істер органының талоның тапсырған жағдайда ғана беріледі.
      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 10.02.2014 № 32-Ө бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      4. Жолдама осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысандағы өтініштің негізінде беріледі.
      5. Өтініш осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша орталыққа жіберілетін оралмандар мен олардың отбасы мүшелерін тіркеу журналына тіркеледі.
      6. Халықтың көші-қоны саласындағы уәкілетті орган өтінішті берген күні қарауы тиіс.
      7. Бос төсек-орындар болмаған жағдайда өтініш білдіруші халықтың көші-қоны саласындағы жергілікті атқарушы органдар құратын резервке журналға тіркелетін өтініш беру кезектілігі тәртібімен қабылданады.
      8. Орталықта төсек-орын босаған жағдайда халықтың көші-қоны саласындағы жергілікті атқарушы орган өтініш иесіне (өтініш иелеріне) Орталыққа орналастыру үшін кезектілік тәртібімен жолдама береді.
      9. Жолдама алған кезде оралман және оның отбасы мүшелері Орталыққа күнтізбелік үш күн ішінде орналасады.
      Көрсетілген мерзімді сақтамаған жағдайда өтініш білдіруші қоныстандырылмайды, бұл ретте оның Орталыққа орналасуға қайтадан өтініш беру мүмкіндігі сақталады.

3. Оралмандар мен олардың отбасы мүшелерінің Орталықта тұру
тәртібі мен мерзімдері

      10. Орталықта тұратын оралмандар мен олардың отбасы мүшелері:
      1) өз қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін Орталықтың тұрғын үйін және қосалқы үй-жайларын, төсек - орнын пайдаланады;
      2) Орталыққа орналасу және болу мәселелері бойынша Орталық басшылығына арыздар, қолдаухаттар және өзге де өтініштер береді;
      3) ішкі тәртіппен танысады, оларды сақтайды;
      4) бейімдеу және кіріктіру қызметтерін пайдаланады.
      11. Орталық:
      Оралмандар мен олардың отбасы мүшелерін төсек-орын қажеттіліктерімен және оларды уақтылы ауыстыруды қамтамасыз етеді;
      оралмандар мен олардың отбасы мүшелеріне бейімдеу және кіріктіру қызметтерін көрсетеді.
      12. Орталыққа оралмандар мен олардың отбасы мүшелерінен басқа адамдарды орналастыруға тыйым салынады.
      13. Оралмандар және олардың отбасы мүшелері осы қағидалардың талаптарын бұзған жағдайда, Орталық жолдама берген халықтың көші-қоны саласындағы жергілікті атқарушы органға өтініш берушілердің Орталықта болуын тоқтату туралы өтініш береді.
      14. Халықтың көші-қоны саласындағы жергілікті атқарушы орган өтініш білдірушілердің Орталықта болуын мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыныстың негізділігіне тексеру жүргізеді және бір жұмыс күні ішінде оларды Орталықта қалдыру немесе Орталықтан шығару туралы шешім шығарады.
      Шешім оралманның отбасына немесе отбасының жекелеген мүшесіне қатысты шығарылады.
      15. Өтініш берушілердің Орталықта тұруы орналасқан күннен бастап алты ай ішінде жүзеге асырылады.
      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 10.02.2014 № 32-Ө бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      16. Халықтың көші-қоны саласындағы жергілікті атқарушы органның құжатталған шешімі орталықтан шығаруға негіз болып табылады.
      17. Оралмандар мен олардың отбасы мүшелері оларға ұсынылған үй-жайды олардың Орталықта болу мерзімі аяқталған соң күнтізбелік үш күннен кешіктірмей босатады.

Оралмандар мен олардың   
отбасы мүшелерінің     
Оралмандарды бейімдеу және 
ықпалдастыру орталығында 
тұру мерзімдері мен    
қағидаларына        
1-қосымша          

Нысан

ЖОЛДАМА

Оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру Орталықтарында тұру үшін жолданады
(Үміткердің тегі, аты және болған жағдайда әкесінің аты, туған күні)

Отбасы мүшелері:
1.___________________________________________________________________
(Тегі, аты және болған жағдайда әкесінің аты, туған күні, туыстық дәрежесі)
2.___________________________________________________________________
(Тегі, аты және болған жағдайда әкесінің аты, туыстық дәрежесі)
3.___________________________________________________________________
(Тегі, аты және болған жағдайда әкесінің аты, туыстық дәрежесі)
4.___________________________________________________________________
(Тегі, аты және болған жағдайда әкесінің аты, туған күні, туыстық дәрежесі)
5.___________________________________________________________________
(Тегі, аты және болған жағдайда әкесінің аты, туған күні, туыстық дәрежесі)
6.___________________________________________________________________
(Тегі, аты және болған жағдайда әкесінің аты, туған күні, туыстық дәрежесі)

Халықтың көші-қоны саласындағы
жергілікті атқарушы органның басшысы ____________    ________________
                                                     (берілген күні)

Оралмандар мен олардың   
отбасы мүшелерінің     
Оралмандарды бейімдеу және 
ықпалдастыру орталығында 
тұру мерзімдері мен    
қағидаларына        
2-қосымша         

Нысан

Басшыға                      
_______________________________
(Халықтың көші-қоны саласындағы
жергілікті атқарушы органның атауы)

_______________________________
(үміткердің тегі, аты және болған
жағдайда әкесінің аты)

Өтініш

      Cізден мені және саны «__» адамнан тұратын менің отбасы
мүшелерімді Оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығына
орналастыруыңызды және бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсетуіңізді сұраймын.

      _____________                         _________________
         (Күні)                                   (Қолы)

Оралмандар мен олардың   
отбасы мүшелерінің     
Оралмандарды бейімдеу және 
ықпалдастыру орталығында 
тұру мерзімдері мен    
қағидаларына        
3-қосымша         

Нысан

Оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру Орталығына жолданатын
оралмандар мен олардың отбасы мүшелерін тіркеу
ЖУРНАЛЫ

№ р/с

Өтініш иесінің тегі, аты және болған жағдайда әкесінің аты

Туған жері және күні

Шыққан елі

Өтінішті тіркеген күн және нөмірі

Жолдаманың нөмірі және берілген күні







Басталды __________
Аяқталды __________

Қазақстан Республикасы   
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрінің     
2013 жылғы 22 шілдедегі   
№ 331-ө-м бұйрығына     
2-қосымша         

Оралмандар мен олардың отбасы мүшелеріне Бейімдеу және
ықпалдастыру орталығында бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсету қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Оралмандар мен олардың отбасы мүшелерінің оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 24-бабы 2-тармағына сәйкес әзірленді және оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарында (бұдан әрі – Орталық) оралмандарға және олардың отбасы мүшелеріне бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсету тәртібін айқындайды.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 10.02.2014 № 32-Ө бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      2. Осы Қағидада мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) бейімдеу және ықпалдастыру қызметтері - қоғамға бейімдеу және ықпалдастыру мақсатында оралмандар мен олардың отбасы мүшелеріне ұсынылатын қызметтер (ақпараттық, заңгерлік, әлеуметтік, медициналық және білім беру) кешені;
      2) оралман – тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында Қазақстан Республикасына келген және Заңның 8-бабы 5) тармақшасына сәйкес өңірлерге қоныстандырылатын және Заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған, Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде одан тыс жерде тұрақты тұрған этникалық қазақ және оның Қазақстан Республикасы егемендік алғаннан кейін одан тыс жерде туған және тұрақты тұрған ұлты қазақ балалары.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 10.02.2014 № 32-Ө бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

2. Оралмандар мен олардың отбасы мүшелеріне бейімдеу және
ықпалдастыру қызметтерін көрсету тәртібі

      3. Орталықта уақытша тұратын оралмандар мен олардың отбасы мүшелеріне Қазақстандық қоғамның әлеуметтік ортасына тезірек бейімделуі, және етене араласып кетуі үшін Орталықтың әкімшілігі бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерінің кешенін көрсетеді.
      4. Орталықта тұратын оралмандар мен олардың отбасы мүшелеріне келесі бейімдеу және ықпалдастыру қызметтері көрсетіледі:
      1) ақпараттық және анықтамалық қызметтерді көрсету;
      2) мемлекеттік тіл және қалауы бойынша орыс тілін оқыту;
      3) Қазақстан Республикасының тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүрін оқыту және шағын кәсіпкерлікті ашуға және заңнамалық негіздер бойынша курстар өткізу;
      4) әртүрлі мәдени іс-шаралар өткізу;
      5) құқықтық қызмет (кеңестер, консультациялар және тіркелуге, квота аларда оралман мәртебесіне өтініш тапсыруға, азаматтық, әлеуметтік жәрдемақылар мен т.б. көмек көрсету) көрсету;
      6) аударма қызметін көрсету;
      7) жұмысқа орналастыру, кәсіптік даярлау, қайта даярлаудан өту және біліктілігін арттыру;
      8) ақысыз кепілді медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етуге жәрдемдесу;
      9) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмектер алуға жәрдемдесу;
      10) Қазақстанның азаматтығын алу мәселелеріне және құжаттандыруға көмек көрсету бойынша бейімдеу және ықпалдастыру ақысыз қызметтері көрсетіледі.
      5. Бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін сапалы қамтамасыз ету үшін Орталықтың әкімшілігі, жергілікті атқарушы органдармен, мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және мекемелермен өзара іс-қимыл жасайды.