Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бақылау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 2013 жылғы 04 мамырдағы № 06-7/63 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 29 мамырда № 8484 тіркелді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 15 сәуірдегі «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңының 7-бабы 3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса берілген Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бақылау қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Инспекция және бақылау бөлімі (Л. Шекимова):
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді.
      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін, оны бұқаралық ақпарат құралдарында ресми және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ресми интернет-ресурсында жариялауды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының орынбасары С.Қ. Ахметжановқа жүктелсін.
      4. Осы бұйрық оны бірінші рет ресми жариялағаннан бастап қолданысқа енгізіледі бірақ, 2013 жылғы 20 мамырдан ерте емес.

      Төраға                                     А. Байменов

Қазақстан Республикасының   
Мемлекеттік қызмет істері   
агенттігі Төрағасының     
2013 жылғы 4 мамырдағы    
№ 06-7/63 бұйрығымен бекітілген

Мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасына бақылау
ҚАҒИДАЛАРЫ

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасына бақылау қағидалары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) мен оның аумақтық бөлімшелерімен Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнамасын сақтау бойынша орталық мемлекеттік органдардың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, қаладағы аудандар, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің (бұдан әрі – тексерілетін субъектілер) мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасына бақылау жүргізудің тәртібін айқындайды.
      2. Бақылауды жүргізу тексерулер және мониторингілеу нысанында жүзеге асырылады, оның ұйымдастыру және жүргізу тәртібі осы Қағидалармен айқындалады.
      3. Бақылау:
      1) заңдылық;
      2) объективтілік;
      3) турашылдық;
      4) құпиялықты сақтау;
      5) анықтылық;
      6) жан-жақтылық;
      7) ашықтық қағидаттарына негізделеді.
      4. Бақылауды жүргізу барысында және олардың нәтижесі бойынша Агенттік және оның аумақтық бөлімшелері:
      1) бақылау субъектілерінен және лауазымды тұлғалардан оның қызметін реттейтін және айқындайтын қағаз және электронды жеткiзгiштердегi құжаттарды (мәлiметтердi) не олардың көшiрмелерiн тексеру нәтижелерi туралы актіге қосу үшiн сұратады және алады, сондай-ақ тексерудiң мiндеттерi мен нысанасына сәйкес автоматтандырылған деректер қорына (ақпараттық жүйелерге) қол жеткiзеді;
      2) ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен, сондай-ақ басқа да Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен бірлесіп тексерулер жүргізеді;
      3) тексерілетін субъектілерге мемлекеттік қызметтер сапасын көтеру, мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын орындамағаны немесе тиісті орындамағаны үшін лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту жөнінде ұсыныстар енгізеді;
      4) мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасына ішкі бақылау нәтижелері жөніндегі ақпаратты сұратады;
      5) бақылау жүргізу барысында қоғамдық мониторинг нәтижелері бойынша бейкоммерциялық мекемелермен ұсынылған ақпаратты қолданады.

2. Тексерудің ұйымдастыру және жүргізу тәртібі

      5. Агенттік және оның аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлерімен тексерулерді жүргізудің негіздемелері:
      1) Мемлекет басшысының, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмалары;
      2) Агенттік немесе оның аумақтық бөлімшесімен Агенттік бекітетін Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау критерийлеріне сәйкес бекітілген тексерулердің жүргізу жоспары;
      3) мемлекеттік қызмет көрсету сапасының мәселелері бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтер алушыларының шағымдары мен өтініштері;
      4) Агенттік басшылығымен оның аумақтық бөлімшелеріне берілген тапсырмалары;
      5) мемлекеттік қызмет көрсету сапасының бұзушылықтары жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған, басқа мемлекеттік органдардың тексеру нәтижелері немесе басқа да дереккөздердің ақпараттары болып табылады.
      6. Көрсетілетін қызметті берушілердің – орталық мемлекеттік органдардың қызметіне тексеру Агенттіктің қызметкерлерімен, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, қаладағы аудандар, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің қызметіне – Агенттіктің аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлерімен, сондай-ақ Агенттік басшылығының тапсырмасы бойынша Агенттіктің қызметкерлерімен өз құзыреті шегінде жүргізіледі.
      Тексеру Агенттіктің және оның аумақтық бөлімшелерінің бірінші басшылығының немесе олардың міндетін атқаратын адамдардың тексеруді тағайындау туралы бұйрығы негізінде жүргізіледі.
      7. Тексеру жүргізудің мерзімі алдағы жұмыстардың көлемі, сондай-ақ қойылған міндеттер ескеріле отырып белгіленеді және отыз жұмыс күнінен аспауға тиіс.
      8. Тексерулерді жоспарлау тәуекелдерді бағалау жүйесінің негізінде жүргізіледі.
      Агенттікпен және оның аумақтық бөлімшелерімен жартыжылдық жүргізілетін тексерулердің жоспары жасалады.
      Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жоспарлы тексерулер жүргізудің жартыжылдық жиынтық жоспарын қалыптастыруы үшін Агенттік тексеру жүргізудің жартыжылдық жоспарларын жоспарлы тексеру жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың 10 желтоқсанына дейінгі және ағымдағы күнтізбелік жылдың 10 мамырына дейінгі мерзімде құқықтық статистика және арнайы есепке алу органына жібереді.
      9. Тексерілетін субъекті қызметіне (дербес дерек бойынша дара немесе жалпы белгіленген мерзімде) мемлекеттік қызмет көрсету сапасының мәселесі бойынша тексерудің алдында оның қызметін реттейтін және айқындайтын нормативтік құқықтық актілер, материалдар зерделенеді.
      10. Агенттіктің немесе оның аумақтық бөлімшесінің қызметкері (бұдан әрі – тексеретін адам) тексеру алдында тексеру жүргізудің мерзімдері мен нысанасын көрсете отырып, тексерудің өзі басталғанға дейін кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын жоспарлы тексеру жүргізудің басталатыны туралы тексерілетін субъектіні жазбаша түрде хабардар етеді.
      Жоспардан тыс тексеру жүргізу кезінде тексеру жүргізу нысанасын көрсете отырып, тексеру басталғанға дейін кемінде бір тәулік бұрын жоспардан тыс тексеру жүргізудің басталатыны туралы тексерілетін субъектіге хабарлайды.
      11. Тексеру үшін келген тексеретін адамдар құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органда тіркелгені туралы белгі қойылған тексеруді тағайындау туралы бұйрықты, қызметтік куәлігін; жоспарлы тексеру кезінде – тексеру парағын көрсетуге міндетті.
      Тексеруді тағайындау туралы бұйрықты тексерілетін субъектіге берген күннен бастап тексеру жүргізу басталған болып есептеледі.
      12. Тексеруді тағайындау туралы бұйрықпен танысудан бас тартқан немесе тексеретін адамның (адамдардың) тексеру жүргізуге қажетті материалдарға қол жеткізуіне кедергі келтірілген жағдайда хаттама жасалады. Хаттамаға тексеру жүргізетін Агенттіктің немесе оның аумақтық бөлімшесінің қызметкері және тексерілетін субъектінің уәкілетті адамы қол қояды.
      Тексерілетін субъектінің уәкілетті адамы бас тарту себебі туралы жазбаша түсініктеме беріп, хаттамаға қол қоюдан бас тартуға құқылы немесе хаттамада бас тарту туралы белгі жасалады. Тексеруді тағайындау туралы бұйрықпен танысудан бас тарту тексеруді жүргізбеу үшін негіз болып табылмайды.

3. Тексерудің рәсімдеу тәртібі

      13. Тексерудің аяқталуы бойынша тексеретін адаммен екі данада тексерудің нәтижелері туралы акт жасалынады.
      Тексерудің нәтижелері туралы актіде:
      1) актінің жасалған күні, уақыты және орны;
      2) тексеру жүргізген органның атауы;
      3) оның негізінде тексеру жүргізілген, тексеруді тағайындау туралы акті жасалған күні мен оның нөмірі;
      4) тексеру жүргізген адамның (адамдардың) тегі, аты және әкесінің аты (ол болған жағдайда) және лауазымы;
      5) тексерілетін субъектінің атауы, тексеруді жүргізу кезінде сол жерде болған тексерілетін субъекті өкілінің (өкілдерінің) тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) және лауазымы;
      6) тексерудің жүргізілген күні, орны және кезеңі;
      7) тексерілетін субъектінің қызметіне талдама;
      8) тексерудің нәтижелері, оның ішінде болған жағдайда тиесілі нормативтік актілерге сілтемелерді қоса анықталған бұзушылықтар туралы деректер, олардың сипаты туралы мәліметтер;
      9) мемлекеттік қызметтерді сапасыз көрсетудің, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметтер саласындағы заңнаманың талаптары орындалмауының себептеріне талдама;
      10) анықталған бұзушылықтарды, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныстар;
      11) тексерілетін субъекті өкілінің, сондай-ақ тексеруді жүргізу кезінде қатысқан адамның анықтамамен танысуы туралы немесе танысудан бас тартуы туралы мәліметтер, олардың қолы немесе қол қоюдан бас тартуы;
      12) тексеруді жүргізген адамның (адамдардың) қолы көрсетіледі.
      14. Тексерілетін субъектіге тексеруді тағайындау туралы бұйрықта көрсетілген тексеруді аяқтау мерзімінен кешіктірілмей тексерудің нәтижелері туралы актінің тапсырылған күні тексеру мерзімінің аяқталуы деп есептеледі.
      15. Тексерудің нәтижелері туралы актіге қол қоюдан тексерілетін субъектінің басшысы бас тартқан жағдайда, тексеретін адам (адамдар) тиiстi хаттама жасап, ол актінің бiр данасымен қоса тексерілген тексерілетін субъектінің кеңсесiне берiледi, актінің екiншi данасына корреспонденциялардың кiрiс журналында ұсынылған материалдарды тiркеу туралы белгi соқтырып алады.
      Тексерілетін субъектімен тексерудің нәтижелері туралы актіні алудан бас тартқан жағдайда, тексерудің нәтижелері туралы акт Агенттiкпен немесе оның аумақтық бөлiмшесімен тексерілетін субъектінің атына қызмет бабындағы корреспонденция ретiнде шабармандық (фельдъегерлік) байланыс арқылы жолдайды.
      16. Әрбiр тексеру аяқталғаннан кейiн тексеретін адамдар актіні материалдарымен Агенттiктiң немесе оның аумақтық бөлiмшелерiнiң басшылығына шешім қабылдау үшін бередi.
      17. Агенттiктің немесе оның аумақтық бөлiмшелерiнiң басшылығы тексерудiң актісі мен материалдарын қарау нәтижесi бойынша мынадай:
      1) анықталған бұзушылықтарды, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою, мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары мен регламенттеріне тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету барысын оңтайландыру туралы ұсыныстар, кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту және тиiстi мерзiмде қараудың нәтижесi туралы Агенттiкке немесе оның аумақтық бөлiмшесiне мағлұмдау туралы ұсыныспен тексерілетін субъекті басшысының (немесе оның жоғары орган) атына хат жолдау туралы;
      2) актіде және ұсынылған материалдарда баяндалған ақпаратты назарға алу туралы шешiм қабылдайды.
      18. Тексерудің актісі мен материалдарын қаралған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде тексерудің материалдары бойынша тексерілетін субъекті басшысының атына ұсыныс хат Агенттiк немесе оның аумақтық бөлiмшелер басшылығының, немесе оларды алмастыратын тұлғалардың қолымен жолданады.
      19. Тексеретін адам (адамдар) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, тексеру жүргізу нәтижесінде алынған және коммерциялықсалықтық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын ақпаратты жария етпеуді қамтамасыз етеді.

4. Бұзушылықтарды, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды
жою туралы ұсыныстарды іске асыру тәртібі

      20. Тексерудің нәтижелері туралы акті бойынша бақылау субъектісінің басшысы тарапынан қарсылық немесе ескертулер болған кезде, өзiнің қол қояр алдында ол туралы ескерту жасайды және тексерудің нәтижелері туралы актіні алған күннен бастап үш күннiң iшiнде жазбаша қарсылықтарын және (немесе) ескертулерін тексеруді жүргізген органға ұсынады.
      21. Тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықтар бойынша тексерілетін субъект үш жұмыс күнінен кешіктірмей, қарсылықтар және (немесе) ескертулер болмағанда тексеруді жүргізген органның басшылығымен келісілген анықталған бұзушылықтарды жою және тексеруді жүргізген органның ұсыныстарын орындау жөнінде қабылданатын кешенді шаралар туралы ақпаратты ұсынады.
      22. Анықталған бұзушылықтарды жою және тексеруді жүргізген органның ұсыныстарын орындау жөнінде қабылданатын кешенді шаралар туралы ақпаратта бұзушылықтарды жою туралы бақылау субъектісінің нақты іс-әрекеттері, жауапты орындаушылары мен орындалу мерзімдері көрсетіледі.
      23. Тексерілетін субъект тексеру жүргізген органға анықталған бұзушылықтарды, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою, сондай-ақ кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс хатында көрсетілген мерзімдерде анықталған бұзушылықтарды, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға қабылданған шаралардың іске асырылу жөнінде ақпаратты және кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту туралы растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсынады.
      24. Егер тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар бойынша тексерілетін субъект анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдамаған жағдайда тексеретін адам (адамдар) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өкілеттіктер шегінде осындай деректер туралы прокуратура органына және Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттiк органына мағлұмдайды, сондай-ақ арызбен сот органына шағымданады.

5. Мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасына мониторингтің
жүргізу тәртібі

      25. Тексерілетін субъектілердің мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасына мониторинг Агенттікпен және оның аумақтық бөлімшелерімен Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнамаға сәйкес ішкі бақылау шеңберінде тексерілетін субъектілермен ай сайын есептік кезеңнен кейінгі айдың 5-і күніне дейін ұсынылған ақпаратты талдау арқылы жүргізіледі.
      26. Ұсынылатын ақпаратта:
      1) көрсетілген мемлекеттік қызметтердің саны;
      2) мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алған адамдардың саны;
      3) белгіленген мерзімдері бұзылып көрсетілген мемлекеттік қызметтердің саны;
      4) мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге шағымдардың саны;
      5) мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге шағымдардың қарау мерзімдері бұзылудың саны;
      6) мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына келіп түскен шағымдардың көздері;
      7) мемлекеттік қызмет алушылардың шағымдары бойынша ішкі бақылау шеңберінде жүргізілген тексерулердің саны;
      8) мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің стандарттары мен регламенттерінің талаптарын бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған адамдардың саны;
      9) тиісті қолданылған тәртіптік жазалардың саны;
      10) мемлекеттік органмен (ведомстволық бағыныстағы мекемемен) мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің стандарттары мен регламенттерін бұзуды алдын алу бойынша жүргізілген шаралар;
      11) мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасының мәселелері бойынша өткізілген семинар-кеңестердің, «дөңгелек үстелдердің», брифингтердің, конференциялардың саны;
      12) мемлекеттік органның (ведомстволық бағыныстағы ведомствоның) қызметкерлерімен мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің мәселелері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеулердің саны жөніндегі мәліметтер болуы тиіс.
      27. Агенттiктің немесе оның аумақтық бөлiмшелерiнiң басшылығы тексерілетін субъектілердің мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасына мониторингтің нәтижесi бойынша мынадай:
      1) мониторингтің нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою, туралы ұсыныстар және тиiстi мерзiмде қараудың нәтижесi туралы Агенттiкке немесе оның аумақтық бөлiмшесiне мағлұмдау туралы ұсыныспен тексерілетін субъекті басшысының (немесе оның жоғары орган) атына хат жолдау туралы;
      2) мониторингтің қорытындыларын Агенттік және оның аумақтық бөлімшелері жанындағы жеке тұлғалармен, коммерциялық емес ұйымдармен мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі қоғамдық кеңестердің отырыстарына шығару;
      3) мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасына ішкі бақылау нәтижелеріндегі ақпаратты назарға алу туралы шешiм қабылдайды.

6. Қорытынды ережелер

      28. Мемлекеттік қызметтерді көрсетудің сапасын бақылау нәтижелері «мемлекеттік қызмет көрсету» бағыты бойынша мемлекеттік органдардың тиімділігінің жыл сайынғы бағалауының қорытынды бағасын шығаруда қолданылады.
      29. Бақылау нәтижелері Агенттікпен немесе оның аумақтық бөлімшесімен, сондай-ақ тексерілетін субъектілермен бұқаралық ақпарат құралдарында жария етіледі және олардың интернет-ресурстарында орналастырылады.