Азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру және соттарда мемлекеттің мүддесіне өкілдік ету жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2012 жылғы 13 желтоқсандағы № 151 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 24 қаңтарда № 8288 тіркелді

Қолданыстағы

      Азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қадағалау және азаматтық сот ісін жүргізуде мемлекеттің мүдделерін білдіру тиімділігін арттыру, азаматтардың, мемлекет пен заңды тұлғалардың конституциялық және өзге де заңмен қорғалатын құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында, 1995 жылғы 21 желтоқсандағы № 2709 «Прокуратура туралы» және 1998 жылғы 24 наурыздағы № 213-I «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарының нормативтік ережелерін басшылыққа ала отырып, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру және соттарда мемлекеттің мүддесіне өкілдік ету туралы нұсқаулық бекітілсін.
      2. Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6464 болып тіркелген «Азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру және азаматтық іс жүргізуде мемлекеттің мүддесіне өкілдік ету жөніндегі Нұсқаулықты бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2010 жылғы 12 тамыздағы № 46 бұйрығының күші жойылды деп танылсын.
      3. Бұйрықпен Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының, ведомстволары мен мекемелерінің барлық қызметкерлері мен қызметшілері таныстырылсын, көшірмесі Бас әскери прокурорға, Бас көлік прокурорына, облыс және оларға теңестірілген прокурорларға орындау үшін жіберілсін.
      4. Соттарда мемлекет мүддесіне өкілдік ету департаментінің бастығы осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу үшін шаралар қабылдасын.
      Қаржы, ақпараттандыру және ақпараттық ресурстарды қорғау департаментіне осы бұйрықтың Бас прокуратураның ресми сайтында жариялануын қамтамасыз ету тапсырылсын.
      5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жасау Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Ж.Қ. Асановқа жүктелсін.
      6. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Бас Прокуроры                                      А. Дауылбаев

Қазақстан Республикасы Бас   
Прокурорының 2012 жылғы 13    
желтоқсандағы № 151 бұйрығымен 
бекітілген          

Азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру және соттарда мемлекеттің мүддесіне өкілдік ету туралы
НҰСҚАУЛЫҚ

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Нұсқаулық Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі - Конституция), Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексіне (бұдан әрі - АІЖК), «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілеріне сәйкес әзірленген және азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қадағалауды және соттарда мемлекеттің мүддесіне өкілдік етуді ұйымдастыруды және жүзеге асыруды реттейді.
      2. Азаматтық сот ісін жүргізуде заңды дәл және біркелкі қолдануға жоғары қадағалауды мемлекеттің атынан Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры (бұдан әрі – Бас Прокурор) тікелей, сондай-ақ оның бағынысындағы прокурорлар арқылы сот талқылауына қатысу және қорытынды беру, заңды күшіне енбеген және заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығын тексеру және олар заңсыз болған жағдайда оларға наразылық келтіру жолымен жүзеге асырады.
      3. Азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қадағалаудың және соттарда мемлекеттің мүддесіне өкілдік етудің міндеттері азаматтардың, мемлекеттің және заңды тұлғалардың конституциялық және заңмен қорғалатын өзге де құқықтарын, бостандықтары мен мүддесін қамтамасыз ету, сот төрелігін жүзеге асыру қағидаттарын бұлжытпай сақтау, заңдылықты және құқықтық тәртіпті нығайту, құқық бұзушылықтың алдын алу болып табылады.
      4. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Соттарда мемлекет мүддесіне өкілдік ету департаменті (бұдан әрі – Департамент), облыстардың, Астана, Алматы қалаларының прокурорлары, аудандық, қалалық және оларға теңестірілген әскери және басқа да мамандандырылған прокуратуралар азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын тұрақты және тиімді қадағалауды қамтамасыз етеді, соттардың азаматтық істерді қарау кезіндегі іс жүргізу мерзімдерін сақтауын тексереді, азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру кезінде заңдылықтың жай-күйін жүйелі талдайды.
      5. Департаментте, облыстардың, Астана, Алматы қалаларының прокуратураларында және оларға теңестірілген прокуратураларда жұмыс заңдылықтың жай-күйін болжамдау, азаматтық істердің өзекті санаттары бойынша прокурорлық практикаға жүйелі талдау жүргізу мақсатында олардың нәтижелерін тақырыптық жұмыс топтарында, жедел кеңестерде және алқаларда қарай отырып, жүзеге асырылатын қадағалаудың тиімділігін арттыру бойынша нақты шаралар қабылдай отырып, аймақтық-тақырыптық қағидаты бойынша ұйымдастырылады.
      Тақырып қағидаты бойынша жұмыс азаматтық-құқықтық даулардың өзекті санаттарын айқындау және заңдылықтың жай-күйіне, прокурорлық қадағалауға жүйелі талдау жүргізетін, қолданыстағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды, қадағалау қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстарды әзірлеу мақсатында оның нысандарын, әдістерін арттыру жөніндегі ұсыныстарды енгізетін жауапты тұлғаларды бекіту арқылы жүзеге асырылады.
      Тақырып бағыттарын белгілеу кезінде заңдылықтың жай-күйін және қызмет көрсетілетін өңірлердің ерекшеліктерін, таралған азаматтық-құқықтық даулардың түрлерін негізге алу керек.
      Прокурорлардың мамандануы прокуратура жұмысын жоспарлағанда, талдамалар мен қорытындылауларды жүргізгенде, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарағанда ескеріледі.
      Аймақтық қағидат белгіленген өңірде заңдылықтың мониторингін жүргізу және жай-күйін талдау мақсатында сот актілерінің заңдылығына қадағалауды жүзеге асыратын прокурорларға сол өңірді бекітуге көрінеді.
      6. Азаматтық сот ісін жүргізуде заңдардың дәл және біркелкі қолданылуына қадағалауды жүзеге асыру кезінде жеке кәсіпкерлік субъектілері арасындағы дауларға, сондай-ақ корпоративтік дауларға негізсіз араласуға жол берілмейді (АІЖК-нің 24-бабының 2-бөлігі)

2. Соттарда мемлекеттің мүддесіне өкілдік ету

      7. Апелляциялық, кассациялық және қадағалау тәртібінде азаматтық сот ісін жүргізу барысында соттарда мемлекеттің мүддесіне өкілдік етіп, прокурор Қазақстан Республикасының КонституциясынаАІЖК-неЗаңға және өзге де заңнамалық актілерге сәйкес өзінің өкілеттігін жүзеге асырады.
      Көлік прокурорларының ведомстволығына жататын азаматтық істерді қарауды тиісті көлік прокуратуралары орналасқан жерлердегі соттарда тағайындаған кезде оларға қатысу және кейіннен қадағалау көлік прокурорларына жүктеледі.
      Көлік прокурорлары көлік прокурорларының бастамасы бойынша қозғалған азаматтық істерге; осы Нұсқаулықтың 8-тармағында көзделген даулар бойынша, тараптардың бірі темір жол, су, әуе және құбыржол көлігінің кәсіпорындары, көлік инфрақұрылымын салуды жүзеге асыратын ұйымдар болып табылатын, сондай-ақ көлік инфрақұрылымына қатысты даулар бойынша қозғалған азаматтық істерге қатысуды жүзеге асырады.
      Соттардың орналасқан жері бойынша аумақтық прокурорлар істердің қарауға тағайындалғаны туралы көлік прокурорларына тиісінше және уақытында хабарлауды қамтамасыз етеді.
      Көлік прокурорларының ведомстволығына жататын істерді соттың қаралуына тағайындалуы жөнінде көлік прокуратуралары хабарланбаған жағдайда, сондай-ақ сол соттардың орналасқан жерінде көлік прокуратуралары болмаған жағдайда, қатысу мен қадағалауды жүзеге асыру тиісті аумақтық прокурорларға жүктеледі.
      Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттарға қатысуды облыстық немесе оларға теңестірілген прокуратуралардың тиісті бөлімшелерінің қызметкерлері қамтамасыз етеді.
      Мамандандырылған ювеналды соттарда қатысуды қамтамасыз ету басқа прокурорлардың талап арыздарын қарау жағдайларын есептемегенде, осы соттардың орналасқан жерлері бойынша орналасқан прокурорларға жүктеледі.
      Мамандандырылған соттарда басқа прокурорлардың талап арыздарын қарау кезінде бірінші сатыдағы істерді қарау кезінде қатысуды облыстық немесе оларға теңестірілген прокуратуралардың тиісті бөлімшелерінің қызметкерлері қамтамасыз етеді. Астана және Алматы қалаларында мамандандырылған соттардың сот актілерінің заңдылығына қадағалауды жүзеге асыру тәртібін қалалар прокурорлары айқындайды.
      Соттар қараған істер бойынша аумақтық және мамандандырылған прокурорлар тоқсан сайын салыстырып тексеруді жүргізеді.
      Әскери соттарда істерді қарау кезінде қатысу осы соттардың орналасқан жерлері бойынша орналасқан әскери прокурорларға жүктеледі.
      8. Прокурорлар мынадай істер бойынша міндетті түрде процеске қатысады:
      ол Заңда қарастырылғанда;
      сот немесе жоғары тұрған прокурор оны қажет деп таныса;
      мемлекеттің мүддесіне қатысты;
      жұмысқа қайта алу;
      жалақы өндіру;
      азаматты басқа тұрғын үй-жай берместен тұрғын үйден шығару;
      өмірі мен денсаулыққа келтірілген зиянды өндіру туралы істер бойынша міндетті түрде процеске қатысады және қорытынды жасайды.
      Заңда прокурордың мынадай істер бойынша қатысуы көзделген:
      прокурордың бастамасы бойынша қозғалған;
      ата-ана құқығынан айыру, оны қалпына келтіру, шектеу туралы, бала асырап алу туралы, бала асырап алудың күшін жою туралы (АІЖК-нің 36-1 тарауы, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Кодексінің 76787987103107-баптары), кәмелетке толмағандардың құқықтары, бостандықтары мен заңмен қорғалатын мүдделеріне қатысты басқа да даулар бойынша (АІЖК-нің 46-бабының 2 және 3 бөліктері);
      мемлекеттік басқару органдары мен лауазымды тұлғалардың шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы (АІЖК-нің 281-бабы);
      нормативтік құқықтық актілердің заңдылығына дау айту туралы (АІЖК-нің 284-бабы);
      азаматтың хабар-ошарсыз кеткендігін тану немесе азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы (АІЖК-нің 299-бабы);
      азаматты әрекет қабілеттілігі шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз деп тану туралы (АІЖК-нің 306-бабы); әрекет қабілеттілігі шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен заңмен қорғалатын мүдделеріне қатысты басқа да даулар бойынша (АІЖК-нің 46-бабының 2 және 3 бөліктері);
      кәмелетке толмаған баланы арнаулы білім беру ұйымына немесе ерекше режимде ұстайтын ұйымға орналастыру туралы (АІЖК-нің 308-2-бабы);
      шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы (АІЖК-нің 317-14-бабы).
      Мемлекеттің мүддесіне қатысты істерге мемлекеттік кәсіпорындар көрсеткен қызмет үшін берешек сомасын тұтынушылардан өндіріп алу туралы істерді есептемегенде, тараптары мемлекеттік мекемелер (кәсіпорындар, ұйымдар) болып табылатын істер жатады.
      Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 1-бабы 1-тармағының 41) тармақшасына байланысты жалақы өндіру туралы істерге еңбек үшін төленетін сыйақы (қызметкердің біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігіне, санына, сапасына және жағдайына байланысты), сондай-ақ өтемақы және ынталандыру сипатындағы төлемдерді өндіру туралы істер жатады.
      Мемлекеттік басқару органдарының және лауазымды тұлғалардың шешімдеріне және әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы істерге:
      Конституциямен кепілдік берілген құқықтар мен бостандықтарды бұзатын шешімдерге, әрекеттерге (әрекетсіздікке) шағымдану туралы істер;
      әрекет нәтижесінде азаматқа немесе заңды тұлғаға қандай да бір міндет жүктелетін немесе олар жауапкершілікке тартылған (салық (кеден, монополияға қарсы) органдардың салық (кеден) берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу, ҚҚС төлеушінің куәлігін жою және т.б.) әрекеттеріне шағымдану туралы істер жатады).
      Егер сот қарайтын дау көпшілік көптеген азаматтардың мүддесіне қатысты болса, олардың өмірі мен денсаулығына, Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігіне ауыр зардаптар әкелуі мүмкін болса, прокурорларға өз бастамасымен қорытынды беру үшін процеске қатысу қажет.
      Іс бойынша тарап болып табылмайтын және АІЖК-нің 55-бабының 2 бөлігінде көзделген тәртіппен процеске қатысушы прокурор сот жарыссөздерінен кейін жалпы істің мәні бойынша қорытынды береді (АІЖК-нің 213-бабы).
      Өзге тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінген прокурор сот жарыссөздерінде сөз сөйлейді. Жарыссөздерінен кейін жалпы істің мәні бойынша прокурордың қорытындысы талап етілмейді (АІЖК-нің 211-бабының 3 бөлігі).
      Қалалардың, аудандардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар прокурорлардың қатысумен қаралған азаматтық істер бойынша бірінші сатыдағы соттар шығарған сот актілерін және оларды қарау кезінде берілген, тиісті номенклатуралық істе қалыптастырылатын прокурорлардың қорытындыларын есепке алуды ұйымдастырады.
      9. Азаматтық сот ісін жүргізудің барлық сатыларында осы Нұсқаулықтың 8-тармағында көзделген істер бойынша процеске қатысқан прокурорлар өз бастамасы бойынша өздерінің ұстанымдарын заң талаптарына, іс материалдарына қатаң сәйкестікте белгілейді, оны дәйекті қорғайды, заңдылық, заң және сот алдында заңды тұлғалар мен азаматтардың теңдігі, тараптардың жарыспалылығы мен құқықтық теңдігін басшылыққа алады.
      Азаматтық процестің барлық сатыларында іс материалдарымен танысу нәтижелерін іске қатысқан прокурор алдын ала тиісті жоғары тұрған прокурорға немесе жетекшілік ететін орынбасарға баяндайды және соңғылар іс бойынша берілетін қорытындыны бекітеді.
      Прокурордың қорытындысы жазбаша түрде жасалады және онда мыналар көрсетілуге тиіс:
      істің атауы;
      тараптар;
      мәлімделген талаптардың мәні;
      талапкер мен жауапкердің сілтеме жасайтын мән-жайлары;
      тараптар ұсынған дәлелдер туралы прокурордың пікірі олардың қатыстылығы, мүмкіндігі, анықтылығы және жеткіліктілігі тұрғысынан;
      қолдануға жататын материалдық және іс жүргізу құқықтарының нормалары;
      мәлімделген талаптардың мәні және сот шығындарын бөлу бойынша прокурордың тұжырымдары.
      Апелляциялық, кассациялық, қадағалау тәртібінде қайта қарауға жататын іс бойынша қорытындыда қосымша төмендегідей мәліметтер болуға тиіс:
      судья (баяндамашы, алқа құрамы), қайта қарауға жататын сот актілерінің мазмұны, соттың ұстанымы;
      қатысқан прокурорлар, қорытындылардың қысқаша мазмұны;
      шағымның (өтініштің) дәлелдемелері;
      істі зерттеу қорытындысы;
      шағымның (өтініштің) негізділігі туралы тұжырымдар.
      Қадағалау қызметі барысында мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының, жеке және заңды тұлғалар тарапынан заңдылықты бұзу анықталған кезде, прокурор соттың алдында жеке ұйғарым шығару туралы өтініш жасайды, қосымша тексерулерді жүргізуге және кінәлі тұлғаларды заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тарту туралы мәселені шешуге, заңды бұзуға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жоюға шаралар қабылдау мақсатында ол туралы жоғары тұрған прокурордың назарына хабарлайды.
      Прокурорлар мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың мүдделерін олардың өкілдерінің тиісті түрде өкілдік етпеу фактілеріне табанды түрде соңғыларын және қажет кезде – бірінші басшыларды жауапкершілікке тартуға бастама жасай отырып, ден қоюға міндетті.
      10. Прокурорлар барлық азаматтық істер бойынша өндірісті тоқтата тұру туралы сот ұйғарымының заңдылығын тұрақты түрде тексереді, заңдылықты бұзу анықталған кезде оларды жоюға шаралар қабылдайды.
      Тексеру нәтижелері және қабылданған шаралар туралы мәліметтер осы Нұсқаулықтың 19-тармағына сәйкес Департаментке жіберілетін тоқсан сайынғы ақпаратқа енгізіледі.
      11. Сот қарайтын дауда прокуратура органдарының мүддесін талапкер немесе жауапкер ретінде білдіретін прокурор тараптардың іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін пайдаланады (АІЖКнің 55-бабының 6-бөлігі).
      Прокурорлардың талап-арыздары мен арыздары негізінде қозғалған істер бойынша соттарда прокуратураның өкілдері ретінде қатысуды істі қозғаудың бастамашысы болған бөлімшелердің қызметкерлері қамтамасыз етеді.
      Прокуратура органы немесе мекемесі іс бойынша жауапкер ретінде тартылған жағдайда, жауапкердің өкілі ретінде іске қатысуды әрекеттері дауланып отырған бөлімшелердің қызметкерлері қамтамасыз етеді.
      Осындай дауларды қарағанда прокурордың сот жарыссөздерінен кейін жалпы істің мәні бойынша қорытындысы талап етілмейді (АІЖК-нің 211-бабы 3 бөлігі).
      Процесте жарыспалылықты қамтамасыз ету және көрсетілген санаттағы істер бойынша заңсыз сот шешімдерін даулау үшін жауапкершілік осы қызметкерлерге жүктеледі.
      Облыстардың, Алматы, Астана қалаларының прокуратуралары және оларға теңестірілген прокуратуралар талап арыздың көшірмелерін және басқа да материалдарды қоса тіркей отырып, Бас прокуратураға, прокуратура органына немесе мекемесіне қатысты сотқа талап арыздың түскендігі туралы Департаментке дереу хабарлайды.
      12. Прокурорлар осы Нұсқаулықтың 8-тармағында көрсетілген, халықтың әлеуметтік осал тобының (зейнеткерлер, мүгедектер) құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын істер бойынша, сондай-ақ өз бастамасымен қатысатын істер бойынша апелляциялық, кассациялық тәртіппен сот актілеріне наразылық келтіру, прокурорлық қадағалаудың өзге де актілерін енгізу арқылы сот жіберген қателіктерге уақтылы шара қолдану қажет.
      АІЖК-нің 384-бабына сәйкес жергілікті және басқа соттардың заңды күшіне енген сот актілерін оларға шағым берудің кассациялық тәртібі сақталған жағдайда ғана Бас Прокурордың наразылығы бойынша Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты (бұдан әрі - Жоғарғы Сот) қадағалау тәртібімен қайта қарай алады.
      Облыстардың, Алматы, Астана қалаларының және оларға теңестірілген прокуроратуралар кассациялық тәртіппен қаралмаған істер бойынша мемлекеттік органның (мекеменің, кәсіпорынның) пайдасына шығарылмаған және шағымның түскеніне қарамастан, одан әрі жылжытуға бөгет жасайтын бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың заңды күшіне енген шешімдерінің, ұйғарымдарының, қаулыларының заңдылығын кассациялық мерзімдерде тексеруге міндетті.
      Бұл ретте прокурорлар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 9 қарашадағы № 1072 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының заң қызметтері туралы үлгі Ережесінің 8-тармағы 14-ші абзацының сот актілеріне барлық сот сатыларында дер кезінде шағымдану жөніндегі талаптарын мемлекеттік органдар (мекемелер, кәсіпорындар) заң қызметтерінің орындауы бойынша түбегейлі шаралар қабылдауы қажет.
      Осындай істер бойынша заңды күшіне енген сот актілері, олардың заңдылығын тексеру нәтижелері және қабылданған шаралар туралы мәліметтер осы Нұсқаулықтың 19-тармағына сәйкес Департаментке жіберілетін тоқсан сайынғы ақпаратқа енгізіледі.
      13. Апелляциялық сатыдағы сотта қорытынды берген кезде прокурор істің мән-жайын, сондай-ақ сотта айтылған түсіндірмелерді, сотқа қосымша ұсынылған материалдарды ескеруге міндетті. Бұл ретте прокурор наразылықтың дәлелдемелерімен байланысты болмайды және заң талаптары мен нақты деректерді негізге алып әрекет етеді.
      Бірінші сатыдағы сотта баяндалған прокуратура көзқарасының, оның негізді болмауына байланысты кейін өзгеруінің әрбір жағдайы, апелляциялық (кассациялық) сатыдағы сотқа ұсынылған жаңа дәлелдер негізінде күші жойылған істерді, сот актілерін қоспағанда, негізсіз қорытындыны немесе наразылықты дайындаған қызметкерлердің жауапкершілігі туралы мәселені қарай отырып, талқылауға жатады.
      14. Апелляциялық наразылық АІЖК-нің 364-бабының 1-бөлігінде көзделген соттың шешімінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болған жағдайда келтіріледі. Апелляциялық наразылық келтіру құқығы бірінші сатыдағы сотта істі қарауға қатысқан прокурорға тиесілі. Бас Прокурор мен оның орынбасарлары, облыстардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар және олардың орынбасарлары, аудандардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар істі қарауға қатысқанына қарамастан, өз құзыретінің шегінде сот шешіміне наразылық келтіруге құқылы.
      Кассациялық наразылық келтіру үшін негіз болып табылатын бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың материалдық және іс жүргізу құқықтарының нормаларын бұзу, дұрыс қолданбау АІЖК-нің 365,  366-баптарында белгіленген.
      Бірінші, апелляциялық сатылардағы соттардың заңды күшіне енген шешімдеріне, қаулылары мен ұйғарымдарына кассациялық наразылық келтіру құқығы осы сатыларда істі қарауға қатысқан прокурорға тиесілі. Бас Прокурор мен оның орынбасарлары, облыстардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар істі қарауға қатысқанына қарамастан, бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың заңды күшіне енген шешімдеріне, қаулылары мен ұйғарымдарына наразылық келтіруге құқылы.
      Апелляциялық және кассациялық наразылықтар АІЖК-нің 335,  383-5-баптарының талаптарына сәйкес болуға тиіс.
      Апелляциялық тәртіппен қаралмаған азаматтық іс бойынша заңды күшіне енбеген сот шешіміне кассациялық наразылықты бірінші сатыдағы сотқа қатысуды қамтамасыз еткен прокурор келтіруі мүмкін. Мұндай жағдайда наразылық келтіру жоғары тұрған прокуратураның салалық басқармасымен келісіледі.
      Соттар кассациялық наразылықты негізсіз қанағаттандырусыз қалдырған кезде, сондай-ақ АІЖК-нің 55-бабы 2-бөлігінде көзделген азаматтық істі қарау кезінде материалдық және іс жүргізу құқығының нормаларын елеулі бұзуға жол бергені анықталғанда, облыстар, Астана, Алматы қалаларының прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар АІЖК-нің 44-бабына сай істі сұратып алу және Бас Прокурормен қадағалау наразылығын келтіру туралы Бас Прокуратураға ұсыныс жолдайды, ол АІЖК-нің 391-бабының талаптарына сай болуға тиіс. Ұсынысқа қадағалау өндірісі (ол бар болғанда) және іс бойынша қабылданған барлық сот актілерінің, енгізілген наразылықтардың көшірмелері қоса тіркеледі.
      Көрсетілген талаптарға, сондай-ақ осы Нұсқаулықтың 23-тармағында көзделген өлшемдерге жауап бермейтін ұсыныстар қараусыз қайтарылуға жатады.
      Прокурордың бастамасымен қозғалған іс бойынша, сондай-ақ прокуратура органы немесе мекемесі жауапкер ретінде тартылған іс бойынша қадағалау тәртібінде наразылық келтіру туралы өтініш, тек Жоғарғы Сот судьяларымен қадағалау iс жүргiзуiн қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылданған жағдайда ғана Бас прокуратураға беріледі.
      15. Істерді апелляциялық тәртіпте қараған кезде, облыстар, Алматы, Астана қалаларының прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар АІЖК-нің 55-бабының 2-бөлігінде (АІЖК-нің 350-бабының 2-бөлігі) және осы Нұсқаулықтың 8-тармағында көзделген істер бойынша тиісті прокурорлардың қатысуын қамтамасыз етеді.
      АІЖК-нің 383-15-бабының 2-бөлігіне сәйкес облыстық және оларға теңестірілген соттардың кассациялық сот алқалары қарастыратын істер бойынша қатысуды, облыстар, Алматы, Астана қалаларының прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлардың орынбасарлары, ал олар қатысу мүмкін болмаған кезде – салалық басқармалардың бастықтары қамтамасыз етеді.
      Әскери соттың істерді қарауы кезінде қатысуды, Бас әскери прокурормен айқындалатын прокурорлар қамтамасыз етеді.
      Облыстардың, Алматы, Астана қалалары прокурорларының және оларға теңестірілген прокурорлардың орынбасарлары, қалалар мен аудандардың прокурорлары және олардың орынбасарлары кемінде жылына 4 рет бірінші сатыдағы соттардың міндетті санаттағы аса күрделі істерді, сондай-ақ қоғамдық пікір тудырған азаматтардың едәуір санының мүддесін қозғайтын істерді қарауына қатысады.
      Облыстар, Алматы, Астана қалаларының прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар не оларды ауыстыратын тұлғалар кассациялық сатыдағы соттарда Бас прокуратураның наразылықтарын білікті қолдауды жеке қамтамасыз етеді, наразылықты қарау нәтижелері туралы Департаментке дереу хабарлап, соңынан сот қаулыларының көшірмелерін жолдайды.
      Облыстар, Алматы, Астана қалаларының прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар азаматтық істер бойынша апелляциялық және кассациялық сатыдағы соттар шығарған, прокурорлардың қатысуымен қаралған азаматтық істер бойынша сот актілерін және оларды қарау кезінде берген қорытындыларды есепке алуды ұйымдастырады, олар тиісті номенклатура істеріне құрылады.
      16. Азаматтық сот ісін жүргізуде прокурорлық қадағалаудың жай-күйін бағалау өлшемі апелляциялық (кассациялық) наразылықтардың тиімділігі, апелляциялық (кассациялық) наразылықтардың қанағаттандырылуы, азаматтық істерді қарау кезінде анықталған заңдылықты бұзушылыққа шара қолдану тиімділігі, мемлекеттің мүддесін қорғау жөнінде қабылданған шаралардың нәтижелігі, мемлекеттік бюджетке және азаматтарға прокурорлық қадағалау актілерімен келтірілген залалды өндіру болып табылады.
      Апелляциялық наразылық келтіру тиімділігі қадағалау жай-күйінің бағалау өлшемі ретінде көлік және өзге де мамандандырылған (әскериден басқа) прокурорларға қолданылмайды, олардың жұмысын бағалауда наразылықтардың қанағаттандырылуы негізге алынып бағаланады.
      Апелляциялық (кассациялық) наразылық келтіру тиімділігі осы Нұсқаулықтың 8-тармағында көрсетілген істер жөнінде прокурордың наразылығы бойынша бұзылған сот актілерінің ара қатынасынан апелляциялық (кассациялық) тәртіпте бұзылған міндетті санаттағы істер бойынша шешімдердің жалпы санынан есептеледі.
      Бұл ретте осы Нұсқаулықтың 8-тармағында көрсетілген, бұрын апелляциялық наразылықсыз бірінші сатыдағы соттың шешімі бұзылған іс бойынша апелляциялық қаулы (шешім) прокурордың кассациялық наразылығымен бұзылған жағдайда Бас Прокурордың 2010 жылғы 20 наурыздағы № 31 бұйрығымен бекітілген «Сот қаулылары мен атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалау бойынша прокурордың жұмысы туралы» № 2 нысандағы есепте «шағым бойынша бұзылды» деген көрсеткіш азаю жағына қарай түзетіледі.
      Апелляциялық наразылықтар тиімділігін есептеген кезде АІЖК-нің 345-бабының 2-бөлігіндегі тәртіппен апелляциялық сатыдағы сотқа ұсынылған жаңа дәлелдер негізінде күші жойылған шешімдер есепке алынбайды, бұл туралы апелляциялық қаулыда, шешімде тікелей көрсетілуі тиіс, сондай-ақ талап арыздан бас тартуға, тараптардың бітімгерлік келісім жасауына байланысты жағдайларда.
      Көрсетілген тәртіп жаңа дәлелдер болса да, АІЖК-нің 366-бабының 1-бөлігінде көрсетілген іс жүргізу құқығының нормаларын бұзылуына немесе дұрыс қолданбауына байланысты соттардың шешімдерді бұзылған жағдайларға қолданылмайды.
      Статистикалық есепте жаңа дәлелдердің негізінде күші жойылған сот актілері туралы мәліметтерді көрсету тек Департаменттің жазбаша келісімімен жүргізіледі.
      Тиісті өтініш Департаментке сот актісінің көшірмесі алынғаннан кейін тікелей жіберіледі.
      Апелляциялық (кассациялық) наразылықтардың қанағаттандырылуы келесі формула бойынша есептеледі:
      100 % - (қанағаттандырусыз қалдырылғандар/қаралғандар) х 100 % = қанағаттандырылуы.
      Бұрын апелляциялық (кассациялық) наразылық қанағаттандырусыз қалдырылған іс бойынша кассациялық наразылық (облыс прокурорының ұсынысы бойынша келтірілген қадағалау наразылығы) қанағаттандырылған жағдайда № 2 нысандағы есепте «қанағаттандырусыз қалдырылды» көрсеткіші түзетіледі.
      Облыстардың, Алматы, Астана қалаларының прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар негізсіз наразылықты кері қайтарып алған жағдайда осы шешімнің дәлелдерін төменгі тұрған прокурорға жазбаша хабарлайды және осындай қателіктердің алдын алу шараларын қабылдайды.
      Апелляциялық (кассациялық) сатыдағы сот наразылық келтірген тұлғаның немесе жоғары тұрған прокурордың өтінішін қанағаттандыру туралы тиісті қаулы шығарған, сондай-ақ апелляциялық (кассациялық) қаулыда (шешімде) тараптардың апелляциялық (кассациялық) шағымы бойынша істерді қарау кезінде сот наразылықты кері қайтару туралы өтінішті қабылдағаны туралы дәлелдер болған жағдайда, наразылық кері қайтарылып алынды деп есептеледі.
      Азаматтық істерді қарау кезінде анықталған заңдылықты бұзушылыққа шара қолданудың тиімділігі прокурорлардың өтініштері бойынша шығарылған заңдылықты бұзуға соттардың жеке ұйғарымдарының санын соттардың жеке ұйғарымдарының жалпы санына (соттарда мемлекеттің мүддесін білікті емес өкілдік етуге байланысты прокурорлардың атына жеке ұйғарымдарды қоспағанда) ара қатынасынан есептеледі. Бұл ретте жеке ұйғарымда оның прокурордың өтініші бойынша шығарылғаны тікелей көрсетілуі тиіс.
      17. Облыстардың, Алматы, Астана қалаларының және оларға теңестірілген прокуратураларында жеке және заңды тұлғалардың өтініштерімен келіп түскен осы Нұсқаулықтың 8-тармағында көрсетілген даулар бойынша заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығы азаматтық істер талап етіліп тексеріледі.
      Өзге жағдайларда өтініш иесіне оның кассациялық сатыға кассациялық шағыммен өзі жүгіну құқығы түсіндіріледі.
      АІЖК-нің 383-1-бабының 3-бөлігіне сәйкес кассациялық наразылық келтіруге құқығы бар прокурорлар кассациялық тәртіппен тексеру үшін тиісті соттан азаматтық істі сұратып алуы мүмкін.
      Азаматтық іс өтініш жауапты орындаушыға келіп түскен сәттен бастап 5 күннің ішінде сұратылуы керек. Бұл ретте заңды күшіне енген сот актісіне кассациялық наразылық келтіру туралы өтінішті қарау мерзімі АІЖК-нің 387-бабының 2-1-бөлігінде көзделген тәртіппен есептеледі.
      Өтініш қанағаттандырусыз қалдырылған жағдайларда облыстардың, Алматы, Астана қалаларының прокуроры және оларға теңестірілген прокурор не оны ауыстыратын тұлға бекітетін дәлелді қорытынды жасалады. Өтініш иелеріне жауаптарға тек аталған тұлғалар қол қояды.
      18. АІЖК-нің 387-бабының 1-бөлігіне сәйкес Бас Прокурор немесе оның тапсырмасы бойынша Бас Прокурордың орынбасарлары, облыстардың, Алматы, Астана қалаларының прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар азаматтық істі тексеру үшін тиісті соттан қадағалау тәртібінде сұратып ала алады.
      Облыстардың, Алматы, Астана қалаларының прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар тиісті сұрату келіп түскен кезде оны әрі қарай Бас прокуратураға жолдау үшін дереу соттардан сұратады.
      Бас прокуратураның прокурорлық қадағалау жай-күйіне талдау және жинақтау жүргізу туралы тапсырмалары мен тапсырыстары келіп түскен кезде, азаматтық істер Жоғарғы Сот Төрағасы мен Бас Прокурордың 2003 жылғы 7 сәуірдегі бірлескен хатында белгіленген тәртіппен сұратып алынады не сот актілерінің заңдылығы мен негізділігі Қазақстан Республикасы Конституциясының 83-бабына, АІЖК-нің 55-бабының 1-бөлігіне сәйкес соттарда тікелей тексеріледі.
      19. Азаматтық сот ісін жүргізудегі прокурорлық қадағалаудың жай-күйі және сот төрелігін жүзеге асыру кезіндегі заңдылықтың жай-күйі туралы ақпарат, сондай-ақ осындай талдауға негізделген прокурорлық қадағалауды жетілдіру, заңдылықты бұзуға ықпал ететін себептер мен мән-жайларды жою мақсатында қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар Бас прокуратураға кемінде тоқсанына бір рет жолданады.
      Аумақтық прокурорлар және оларға теңестірілген прокурорлар өз қызметтерін жетілдіру мақсатында азаматтық сот ісін жүргізуде осы Нұсқаулықтың 8-тармағында көрсетілген істер бойынша прокурорлық қадағалау практикасын жүйелі талдайды, олар бойынша бірыңғай ақпарат (бақылау тәртібінде) жоғары тұрған прокуратураға жарты жылда бір рет жолданады.
      Облыстардың, Алматы, Астана қалаларының прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар көрсетілген ақпаратты есепті кезеңнен кейінгі айдың 7-күніне қарай Бас прокуратураға ұсынады.
      Жоғары тұрған прокурорлар төменгі тұрған прокурорларды ұйымдастыру-әдістемелік сипаттағы материалдармен қамтамасыз етеді, жұмыстың оң тәжірибесін таратады. Прокуратура қызметкерлерінің іскерлік және құқықтық біліктілігін арттыру бойынша оқу-әдістемелік іс-шараларын тұрақты негізде өткізеді, оларды тағлымдамадан өткізеді.
      Ақпараттық хаттарды қарау нәтижелері бойынша прокурорлар ұқсас азаматтық-құқықтық даулар бойынша әділетсіз сот актілерін жедел анықтауға, құзыреті шегінде сот қателіктерін түзетуге шаралар қабылдауға, бұл туралы дер кезінде жоғары тұрған прокурорға хабарлауға тиіс.

3. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасында азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қадағалауды ұйымдастыру

      20. Департамент прокурорлары «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 59-бабының 8-тармағында және 66-бабының 3-тармағында, сондай-ақ «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 13-бабының 5-тармағында көзделген істерді Жоғарғы Соттың бірінші сатыдағы қарауына қатысады.
      21. Заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығын Бас прокуратура қадағалау тәртібімен тексереді.
      Жоғарғы Соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының қарауына тағайындалған азаматтық істерді зерделеу нәтижелері бойынша Департамент прокурорлары дәлелді қорытындылар жасайды, оларды Бас Прокурордың жетекшілік ететін орынбасары бекітеді. Қорытынды осы Нұсқаулықтың 9-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес болуға тиіс.
      22. Жоғарғы Соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының отырысында қаралатын істер бойынша қорытындылар беруді Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша ең алдымен оның орынбасарлары, ал олардың қатысу мүмкіндігі болмаса, бағыныстағы прокурорлар (Департамент бастығы немесе бастықтың орынбасары, Департаменттің басқарма және бөлім бастықтары) қамтамасыз етеді.
      Департамент прокурорлардың қатысуымен Жоғарғы Сотта қаралған азаматтық істер бойынша сот актілерін және оларды қараған кезде прокурорлар берген қорытындыларды есепке алуды жүргізеді.
      Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының және оның орынбасарларының тапсырмасы бойынша бағыныстағы прокурорлар (Департамент бастығы немесе бастықтың орынбасары, басқарма және бөлім бастықтары) Жоғарғы Соттың заңды күшіне енген сот актілеріне дау айту туралы азаматтық процеске қатысушылардың өтініштерін алдын ала қарауына қатысады.
      23. АІЖК-нің 131526-баптарында бекітілген тараптардың тең құқылығы және сотқа бағыныстылық басымдығы қағидатын негізге ала отырып, өз құқықтарын дербес қорғай алмайтын азаматтардың құқықтарына, сондай-ақ мемлекет мүддесіне қатысы жоқ іс бойынша қадағалау тәртібімен наразылық келтіру туралы өтінішті Бас прокуратура, осындай өтініш бойынша Жоғарғы Сот судьяларымен қадағалау iс жүргiзуiн қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылданғандығы туралы мәліметтер болғанда және соттардың материалдық не іс жүргізу құқықтары нормаларының елеулі бұзылғандығы анықталғанда ғана қарайды.
      Өзге жағдайларда өтініш иесіне АІЖК-нің 385-бабына сәйкес, тікелей Жоғарғы Сотқа сот актілеріне дау айту туралы осыған ұқсас өтінішпен жүгінуге құқығы бар екендігі түсіндіріледі.
      24. Қадағалау тәртібінде наразылық келтіру туралы өтінішті қарау қажет болған кезде іс материалдарын сұратып алу арқылы жүзеге асырылады. Бұл жағдайда азаматтық іс өтініш жауапты орындаушыға келіп түскен сәттен бастап 5 күннің ішінде сұратылуы қажет.
      Өтініш қанағаттандырусыз қалдырылған жағдайда осы Нұсқаулықтың 9-тармағында айқындалған талаптарға сәйкес дәлелді қорытынды жасалады және жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау жөніндегі ведомстволық нормативтік актілерге қарастырылып тәртіпте бекітіледі.
      Бас прокуратурада азаматтық істерді сұрату үшін негіздердің нақты тізбесін Бас Прокурор айқындайды.
      АІЖК-нің 388391-баптарының талаптарына сәйкес келмейтін қадағалау наразылығын келтіру туралы өтініште, атап айтқанда:
      АІЖК-нің 388-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін берілген және оны қалпына келтіру үшін дәлелді себептері жоқ;
      өтініш жасаушы тұлға, оның тұрғылықты немесе орналасқан жері және істегі іс жүргізу жағдайы көрсетілмеген;
      сот шешімінің, ұйғарымының, қаулысының мазмұны, іске қатысушы тұлғалардың тұрғылықты немесе орналасқан жері көрсетілмеген;
      істі бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыларда қараған соттар және олар қабылдаған шешімдердің мазмұны көрсетілмеген;
      наразылық келтіру қажет болып тұрған сот шешімі, ұйғарымы, қаулысы көрсетілмеген;
      материалдық немесе іс жүргізу құқықтары нормаларының елеулі бұзылғандығы көрсетілмеген;
      өтінім беруші тұлға немесе оның өкілі қол қоймаған;
      өкілдің өкілеттігін куәландыратын сенімхаттың немесе құжаттың көшірмесі қоса тіркелмеген;
      іс бойынша болған сот актілері көшірмелерінің сот куәландырған көшірмелері қоса тіркелмеген жағдайларда, ол АІЖК-нің 392-бабына сәйкес өтініш берген тұлғаға қайтарылуға жатады.
      Бұл ретте өтініш берушіге өтінішті қайтаруға негіз болған кемшіліктерді жойғаннан кейін, тиісті өтінішпен Бас Прокурорға не тікелей Жоғарғы Сотқа қайтадан өтініш жасау құқығы түсіндіріледі.
      Сот актісі түсініксіз болған жағдайда, оны түсіндіру құқығы АІЖК-нің 232-бабына сәйкес істі қараған соттың құзыретіне жатады.
      25. АІЖК-нің 384-бабына сәйкес заңды күшіне енген сот актілеріне наразылық келтіру құқығы Бас Прокурорға тиесілі.
      Бас Прокурор келтірген қадағалау наразылығын қолдауды Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша оның орынбасарлары, ал олардың қатысуы мүмкін болмаса, бағыныстағы прокурорлар (Департамент бастығы, Департаменттің басқарма және бөлім бастықтары) қамтамасыз етеді.

4. Қорытынды ережелер

      26. Департамент азаматтық істер бойынша сот актілерін қадағалауды жүзеге асыру жөнінде төменгі тұрған прокуратуралардың қызметіне басшылық жасауды және бақылауды қамтамасыз етеді, қадағалаудың осы саласында жұмыстың тиімділігін арттыруға қолдау көрсетеді, Бас прокуратураның басқа да бөлімшелерімен, Жоғарғы Сотпен, ғылыми және оқу мекемелерімен өзара іс-қимылды жүзеге асырады.
      27. Департамент қадағалауды ұйымдастыруда қазіргі заманғы әдістемелерді енгізу, оқыту және тағылымдамадан өткізу, оның ішінде шет мемлекеттердің оқу орындарын қоса алғанда, азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығына қадағалауды жүзеге асыратын прокуратура қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, әдістемелік және практикалық көмек көрсету бойынша жұмыс жүргізеді.
      28. Департамент Бас Прокурордың және оның орынбасарларының тапсырмалары бойынша қолданыстағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды енгізу, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, өзге де орталық мемлекеттік органдардың жұмыс топтары, комитеттері және комиссиялары құрамына қатысу, заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілердің, оның ішінде Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларының жобаларын дайындауға қатысу арқылы норма шығармашылық қызметке қатысады.
      29. Департамент, облыстардың, Алматы, Астана қалаларының прокурорлары, аудандық, қалалық және оларға теңестірілген әскери және басқа да мамандандырылған прокуратуралар бұқаралық ақпарат құралдарында заңдылық пен құқықтық тәртіптің жай-күйі, қадағалау қызметінің нәтижелері туралы ақпаратты жариялау арқылы прокуратура органдарының имидждік бағдарламасын іске асыруды қамтамасыз етеді.