Салыстырып тексерілетін өлшем құралдары туралы деректердің электрондық есебі және оларды мемлекеттік ғылыми метрологиялық орталыққа беру туралы қағидаларды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрінің 2012 жылғы 28 қыркүйектегі № 350 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2012 жылы 8 қарашада № 8057 тіркелді.

Жаңартылған

      "Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы" 2000 жылғы 7 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Сауда және интеграция министрінің 26.05.2020 № 124-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Салыстырып тексерілетін өлшем құралдары туралы деректердің электрондық есебі және оларды мемлекеттік ғылыми метрологиялық орталыққа беру туралы қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті заңнамада белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын;

      3) Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің интернет-ресурсында орналасуын қамтамасыз етсін.

      3. "Салыстырып тексерілетін өлшем құралдары туралы деректердің электрондық есебі және оларды мемлекеттік ғылыми метрологиялық орталыққа беру туралы ережені бекіту туралы" (Мемлекеттік нормативтік құқықтық актілердің тіркеу тізілімінде № 3435 болып тіркелген) Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының 2005 жылғы 20 қаңтардағы № 14 бұйрығының күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Қ.А. Тулеушинге жүктелсін.

      5. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары -
Қазақстан Республикасы Индустрия және
жаңа технологиялар министрі
Ә. Исекешев

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары - Қазақстан
Республикасы Индустрия
және жаңа технологиялар
министрінің
2012 жылғы 28 қыркүйектегі
№ 350 бұйрығымен
бекітілген

Салыстырып тексерілетін өлшем құралдары туралы деректердің электрондық есебі және оларды мемлекеттік ғылыми метрологиялық орталыққа беру туралы қағидалар

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Сауда және интеграция министрінің 26.05.2020 № 124-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы Салыстырып тексерілетін өлшем құралдары туралы деректердің электрондық есебі және оларды мемлекеттік ғылыми метрологиялық орталыққа беру туралы қағидалары "Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын жағдайларды қоспағанда, салыстырып тексерілетін өлшем құралдары туралы деректердің электрондық есебі және оларды Мемлекеттік ғылыми метрологиялық орталыққа (бұдан әрі - МҒМО) беру тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Сауда және интеграция министрінің 08.11.2024 № 371-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Салыстырып тексерілетін өлшем құралдары туралы деректердің электрондық есепке алынуы өлшем құралдарына салыстырып тексеру жүргізу құқығына аккредиттелген заңды тұлғалар (бұдан әрі - Салыстырып тексеру зертханалары) ұсынатын деректерді тіркеу арқылы жүзеге асырылады.

      3. Салыстырып тексеру зертханалары салыстырып тексерілетін өлшем құралдары туралы деректердің электрондық есебін және оларды МҒМО-ға беруді техникалық реттеудің ақпараттық жүйесінде өлшем құралдарын салыстырып тексеру туралы сертификатты ресімдеу жолымен жүзеге асырады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Сауда және интеграция министрінің 08.11.2024 № 371-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Салыстырып тексеру зертханалары техникалық реттеудің ақпараттық жүйесінде салыстырып тексерілетін өлшем құралдары туралы сертификатты ресімдеу кезінде мынадай мәліметтерді көрсетеді:

      1) өлшем құралының салыстырып тексеру туралы сертификаттың (жарамсыздығы туралы хабарламаның) нөмірі және (немесе) өздігінен желімделетін лейблдің нөмірлік коды;

      2) өлшем құралының (эталонның) атауы;

      3) типі, белгіленуі;

      4) зауыттық нөмірі (деректер болған жағдайда);

      5) өлшем құралының өлшеу диапазоны;

      6) дайындаушы (деректер болған жағдайда);

      7) дайындалған күні (деректер болған жағдайда);

      8) пайдаланушы (деректер болған жағдайда);

      9) салыстырып тексеру жөніндегі нормативтік құжаттың белгіленуі мен атауы;

      10) салыстырып тексеру кезінде пайдаланылатын эталон мен қосалқы жабдықтың белгіленуі;

      11) класс немесе басқа да дәлдік сипаттамалары;

      12) өлшеуді бақылап тексеру туралы ақпарат;

      13) салыстырып тексеру күні;

      14) өлшем құралдарын салыстырып тексеру туралы сертификаттың немесе өздігінен желімделетін лейблдің жарамдылық мерзімі;

      15) бөлім (зертхана) басшысының тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болған жағдайда);

      16) салыстырып тексерушінің тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болған жағдайда);

      17) лейблдер, пломбалар бойынша мәліметтер.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Сауда және интеграция министрінің 08.11.2024 № 371-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Салыстырып тексеру зертханалары ұсынатын деректер автоматты режимде келіп түскен сәттен бастап техникалық реттеудің ақпараттық жүйесінде есепке алынады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Сауда және интеграция министрінің 08.11.2024 № 371-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.