Қазақстан Ұлттық Банкі не оның еншілес ұйымы оператор ретінде әрекет ететін төлем жүйелерінің жұмыс iстеу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 тамыздағы № 265 Қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2012 жылы 3 қазанда № 7958 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 218 қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 31.08.2016 № 218 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.01.2016 № 32 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметін ұйымдастыру, қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2012 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қазақстан Ұлттық Банкі не оның еншілес ұйымы оператор ретінде әрекет ететін төлем жүйелерінің жұмыс iстеу қағидалары бекітілсін.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.01.2016 № 32 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
      Төрағасы                                   Г. Марченко

Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2012 жылғы 24 тамыздағы 
№ 265 қаулысымен    
бекітілген        

Қазақстан Ұлттық Банкі не оның еншілес ұйымы операторы
болатын төлем жүйелерінің жұмыс iстеу қағидалары

      Ескерту. Қағиданың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.01.2016 № 32 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тарау жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.01.2016 № 32 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Осы Қазақстан Ұлттық Банкі не оның еншілес ұйымы оператор ретінде әрекет ететін төлем жүйелерінің жұмыс iстеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – Ұлттық Банк) немесе оның еншілес ұйымы «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі – Орталық) арқылы операторы болатын төлем жүйелерінің жұмыс істеу тәртібін белгілейді.
      2. Қағидалар банкаралық ақша аудару жүйесі, банкаралық клиринг жүйесі арқылы төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыруға байланысты қатынастарға қолданылмайды.
      3. Қағидаларда «Ақша төлемдері мен аударымдары туралы» 1998 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабында көзделген ұғымдар, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) төлем жүйесі – төлем жүйесінің қатысушылары арасында төлемдер және ақша аударымдарын жүргізуді қамтамасыз ететін рәсімдердің, технологиялардың, инфрақұрылымдардың, құжаттамалардың және ұйымдық-техникалық іс-шаралардың жиынтығы;
      2) төлем жүйесінің операторы (бұдан әрі – оператор) – төлем жүйесінің жұмыс істеуін, оның ішінде оған техникалық қызмет көрсетуді, сондай-ақ төлем жүйесінің қатысушыларымен жасалған шарттар негізінде олардың арасындағы ақпараттық және технологиялық өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін Ұлттық Банк немесе оның еншілес ұйымы;
      3) төлем жүйесінің қатысушысы – жасалған шарттарға сәйкес белгілі бір төлем жүйесі шеңберінде төлемдерді және ақша аударымдарын жүзеге асыру жөнідегі құқық немесе міндеттеме туындайтын жеке және заңды тұлға.
      4. Төлем жүйелеріндегі төлемдер Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен жүзеге асырылады.

2. Төлем жүйелерінің жұмыс істеуінің тәртібі

      5. Төлем жүйелерінің жұмыс істеуінің тәртібі Қағидалармен, төлем жүйесінде төлемдер жүргізу жөніндегі шарттармен және Қазақстан Республикасының төлем жүйелерінің жұмыс істеу мәселелері жөніндегі заңнамасымен қамтамасыз етіледі.
      6. Оператор төлем жүйелерінің жұмыс істеу ерекшеліктерін реттейді, төлем құжаттарын қабылдау және өңдеу кестесін, ақша төлемі мен аударымын жүзеге асыру кезінде төлем жүйелеріне қатысушылардың іс-әрекеттерінің жүйелілігін, сондай-ақ төлем жүйелерінің қатысушылары арасында есеп айырысудың жүргізуін белгілейді.
      Егер оператор Орталық болып табылса, оның төлем жүйелерінің жұмыс істеу жөніндегі ішкі құжаттары Ұлттық Банкпен келісіледі.
      7. Төлем жүйелерінің қатысушыларына төлем жүйесінде төлемдерді жүргізу бойынша қызметті оператор олармен жасалған шарт (бұдан әрі – шарт) негізінде көрсетеді.
      8. Оператор шартты Қағидалардың талаптарын ескере отырып жасайды.
      9. Төлем жүйелеріндегі электрондық хабарлармен алмасу рәсімдерінің жүйелілігін және форматтарын оператор айқындайды.
      10. Оператор электрондық хабарларды бірдейлендіруді, сондай-ақ рұқсат етілмеген төлемдерден қорғаныш іс-әрекеттері рәсімдерінің жүйелілігін айқындайды және бақылайды.
      11. Электрондық хабарлар мемлекеттік және/немесе орыс тілінде жасалады. Электрондық хабарларды жасау кезінде өзге тілдерді пайдалануды оператор Ұлттық Банкпен келісім бойынша белгілейді.
      12. Оператор төлем жүйелеріне алынған және өңделген барлық төлем құжаттары бойынша өзінің ақпарат жүйелеріндегі аудиторлық іздің болуын, сондай-ақ алынған және жіберілген төлем құжаттарын бес жыл ішінде сақтауды қамтамасыз етеді.
      13. Төлем жүйесінде қолданылатын тәуекелдерді басқару әдістері бір немесе төлем жүйесінің бірнеше қатысушысында ақша аударуды жүзеге асыру үшін ақша болмаған немесе жетіспеген жағдайда ақша аударымдарын уақтылы аяқтауды қамтамасыз етеді.

3. Қорытынды ережелер

      14. Орталық оператордың функцияларын орындау кезінде Ұлттық Банкке төлем жүйелерінде жүргізілген ақша төлемдері мен аударымдары туралы мәліметтерді ұсынады.
      15. Оператор төлем жүйелерінде оның қатысушылары көрсететін қызметтер үшін ақы алады. Оператордың қызметі үшін ақы алу талаптары және тәртібі оператор мен төлем жүйесінің қатысушылары арасындағы шартта айқындалады.