«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметін ұйымдастыру, қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2012 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі не оның еншілес ұйымы операторы болатын төлем жүйелерінің жұмыс істеу қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Ұлттық Банк
Төрағасы Г. Марченко
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2012 жылғы 24 тамыздағы
№ 265 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі не оның еншілес ұйымы
операторы болатын төлем жүйелерінің жұмыс істеу қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі не оның еншілес ұйымы операторы болатын төлем жүйелерінің жұмыс істеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – Ұлттық Банк) немесе оның еншілес ұйымы «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы» шаруашылық жүргізу құқығы бар республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі – Орталық) арқылы операторы болатын төлем жүйелерін жұмыс істеу тәртібін белгілейді.
2. Қағидалар Орталықтың банкаралық ақша аудару жүйесі арқылы, сондай-ақ клиринг жүйесі арқылы ақша төлемі мен аударымын жүзеге асыруға байланысты қатынастарға қолданылмайды.
3. Қағидаларда «Ақша төлемi мен аударымы туралы» 1998 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңының 3-бабында көзделген ұғымдар, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) төлем жүйесі – төлем жүйесінің қатысушылары арасында ақша төлемі мен аударымын жүргізуді қамтамасыз ететін рәсімдердің, технологиялардың, инфрақұрылымдардың, құжаттардың және ұйымдастыру-техникалық іс-шаралардың жиынтығы;
2) төлем жүйесінің операторы (бұдан әрі – оператор) – төлем жүйесінің жұмыс істеуін, оның ішінде техникалық қызмет көрсетуді, төлем жүйесінің қатысушыларымен жасалған шарттар негізінде олардың арасындағы ақпараттық және технологиялық өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін Ұлттық Банк немесе оның еншілес ұйымы;
3) төлем жүйесінің қатысушысы – жасалған шарттарға сәйкес белгілі бір төлем жүйесі шеңберінде ақша аударымы мен төлемін жүзеге асыру жөніндегі құқығы немесе міндеттемесі туындайтын жеке немесе заңды тұлға.
4. Төлем жүйелеріндегі төлемдер Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен жүзеге асырылады.
2. Төлем жүйелерінің жұмыс істеуінің тәртібі
5. Төлем жүйелерінің жұмыс істеуінің тәртібі Қағидалармен, төлем жүйесінде төлемдер жүргізу жөніндегі шарттармен және Қазақстан Республикасының төлем жүйелерінің жұмыс істеу мәселелері жөніндегі заңнамасымен қамтамасыз етіледі.
6. Оператор төлем жүйелерінің жұмыс істеу ерекшеліктерін реттейді, төлем құжаттарын қабылдау және өңдеу кестесін, ақша төлемі мен аударымын жүзеге асыру кезінде төлем жүйелеріне қатысушылардың іс-әрекеттерінің жүйелілігін, сондай-ақ төлем жүйелерінің қатысушылары арасында есеп айырысудың жүргізуін белгілейді.
Егер оператор Орталық болып табылса, оның төлем жүйелерінің жұмыс істеу жөніндегі ішкі құжаттары Ұлттық Банкпен келісіледі.
7. Төлем жүйелерінің қатысушыларына төлем жүйесінде төлемдерді жүргізу бойынша қызметті оператор олармен жасалған шарт (бұдан әрі – шарт) негізінде көрсетеді.
8. Оператор шартты Қағидалардың талаптарын ескере отырып жасайды.
9. Төлем жүйелеріндегі электрондық хабарлармен алмасу рәсімдерінің жүйелілігін және форматтарын оператор айқындайды.
10. Оператор электрондық хабарларды бірдейлендіруді, сондай-ақ рұқсат етілмеген төлемдерден қорғаныш іс-әрекеттері рәсімдерінің жүйелілігін айқындайды және бақылайды.
11. Электрондық хабарлар мемлекеттік және/немесе орыс тілінде жасалады. Электрондық хабарларды жасау кезінде өзге тілдерді пайдалануды оператор Ұлттық Банкпен келісім бойынша белгілейді.
12. Оператор төлем жүйелеріне алынған және өңделген барлық төлем құжаттары бойынша өзінің ақпарат жүйелеріндегі аудиторлық іздің болуын, сондай-ақ алынған және жіберілген төлем құжаттарын бес жыл ішінде сақтауды қамтамасыз етеді.
13. Төлем жүйесінде қолданылатын тәуекелдерді басқару әдістері бір немесе төлем жүйесінің бірнеше қатысушысында ақша аударуды жүзеге асыру үшін ақша болмаған немесе жетіспеген жағдайда ақша аударымдарын уақтылы аяқтауды қамтамасыз етеді.
3. Қорытынды ережелер
14. Орталық оператордың функцияларын орындау кезінде Ұлттық Банкке төлем жүйелерінде жүргізілген ақша төлемдері мен аударымдары туралы мәліметтерді ұсынады.
15. Оператор төлем жүйелерінде оның қатысушылары көрсететін қызметтер үшін ақы алады. Оператордың қызметі үшін ақы алу талаптары және тәртібі оператор мен төлем жүйесінің қатысушылары арасындағы шартта айқындалады.