Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеу, оларға сараптама, сынақ өткізу және мониторинг жүргізу, оларды басып шығару жөніндегі жұмысты ұйымдастыру қағидасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 24 шілдедегі № 344 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2012 жылы 28 тамызда № 7876 тіркелді

Қолданыстағы

      «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 5-бабының 27) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеу, оларға сараптама, сынақ өткізу және мониторинг жүргізу, оларды басып шығару жөніндегі жұмысты ұйымдастыру қағидасы бекітілсін.
      2. Мектепке дейінгі және орта білім департаменті (Ж.А. Жонтаева):
      1) осы бұйрықтың белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
      2) мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықты бұқаралық ақпарат құралдарында жарияласын.
      3. Мыналардың:
      1) «Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды әзірлеу, сараптама жасау және басып шығару жөніндегі жұмысты ұйымдастыру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2010 жылғы 17 қарашадағы № 527 бұйрығының (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2010 жылы 24 қарашада № 6653 тіркелген, «Егемен Қазақстан» газетінің 2011 жылғы 11 қаңтардағы № 6-7 (26409) жарияланған);
      2) «Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды әзірлеу, сараптама жасау және басып шығару жөніндегі жұмысты ұйымдастыру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2010 жылғы 17 қарашадағы № 527 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 20 қыркүйектегі № 398 бұйрығының (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2011 жылғы 6 қазанда № 7242 тіркелген, «Егемен Қазақстан» газетінің 2011 жылғы 19 қазандағы № 503-504 (26896) жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау вице-министр М.Н. Сарыбековке жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    Б. Жұмағұлов

Қазақстан Республикасы  
Білім және ғылым министрінің
2012 жылғы 24 шілдедегі 
№ 344 бұйрығымен бекітілген

Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу-әдістемелік
құралдарды әзірлеу, сараптау, сынақтан өткізу және мониторинг
жүргізу, басып шығару жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру
қағидалары

1. Жалпы ереже

      1. Осы оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу-әдістемелік құралдарды дайындау, сараптау, сынақтан өткізу және мониторинг жүргізу, басып шығару жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 27) тармақшасына сәйкес әзірленді және барлық білім деңгейлеріндегі оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік құралдарды дайындау, сараптау, сынақтан өткізу, мониторинг жүргізу және басып шығару тәртібін анықтайды.
      2. Осы Қағидаларда келесі терминдер мен анықтамалар қолданылады:
      1) автор – шығармашылық еңбегімен шығарма, ғылыми зерттеу, өнертабыс, оқу-әдістемелік материалдар жасаған жеке тұлға;
      2) авторлық ұжым – бірлескен авторлар ретінде көрінетін жеке тұлғалар тобы;
      3) әдіскер – нақты оқу пәнін (оқу пәндерін) оқыту әдістемесі саласының маманы;
      4) әзірлеуші – оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдардың мазмұнын жобалаумен, баяндаумен және ресімдеумен айналысатын жеке немесе заңды тұлға;
      5) баспа – баспа өнімін дайындау мен басып шығаруды жүзеге асыратын кәсіпорын;
      6) жұмыс беруші – қызметкер еңбек қатынасында тұрған жеке немесе заңды тұлға;
      7) қосымша әдебиет – Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын (бұдан әрі – ҚР МЖБС), үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламаларын іске асыруға ықпал ететін оқулық пен оқу-әдістемелік кешеннің (бұдан әрі – ОӘК) жиынтығына кірмейтін басылым;
      8) оқулық – ҚР МЖБС-мен, үлгілік оқу жоспарымен және оқу бағдарламасымен айқындалған пән (пәндер) бойынша білім мазмұнын жүйелі баяндаудан тұратын және оқу процесін ұйымдастырудың негізі болып табылатын кітап. Оқулық баспа немесе электронды түрде ұсынылады;
      9) оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік құралдарды сынақтан өткізу – мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының оқу процесінде оқулықтар мен ОӘК пайдалану практикасын кешенді зерделеу;
      10) оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік құралдардың мониторингі – оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік құралдарын білім беру процесіне енгізу нәтижелері жөніндегі ақпаратты жинақтауды, сақтауды, өңдеуді және таратуды ұйымдастыру нысаны;
      11) оқу әдебиеті – үлгілік жоспарлар мен бағдарламаларға сәйкес, білім алушыларға арналған жүйелі мазмұндалған оқу материалдары мен базалық білімді игеру үшін берілген пән бойынша негізгі кітап;
      12) оқу-әдістемелік кешен (бұдан әрі ОӘК) – білім алушының оқу пәні (пәндер) бойынша білім мазмұнын меңгеруін қамтамасыз етуге бағытталған жекелеген оқу және әдістемелік басылымдардың жиынтығы;
      13) оқу-әдістемелік құрал (құралдар) – білім алушылардың техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру оқу бағдарламаларының мазмұнын меңгеруін қамтамасыз ету үшін оқу пәнін, оның бөлігін немесе/және жекелеген тақырыптарын (бөлімдерін) оқыту немесе оқып-үйрету әдістемелері бойынша материалдардан тұратын оқу басылымы;
      14) оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік құралдарды сараптау – оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік құралдар мазмұнының ҚР МЖБС талаптарына, үлгілік оқу жоспары және оқу бағдарламаларына, ғылыми және әдістемелік аппаратына – білім алушыларды оқыту, тәрбиелеу мен дамыту мақсаттарына, психология-педагогика ғылымдарының, санитарлық-гигиеналық нормалар мен ережелердің қазіргі заманғы талаптарына сәйкестігін бағалау;
      15) оқу құралы – оқулықты толықтыратын және/немесе ішінара алмастыратын оқу ақпаратынан тұратын, бағдарламалық материал авторлық түсіндірмеде таңдалып баяндалатын, бірақ пән немесе оқу жұмысының түрлері бойынша үлгілік оқу бағдарламасының мазмұнын көрсететін басылым;
      16) уәкілетті орган – білім беру саласында басшылық пен салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;
      17) педагог-практик – педагогикалық білімі бар, оқу-тәрбие қызметінің технологиясын еркін меңгерген, кәсіби қызметінде бірнеше жыл бойы жоғары нәтижеге қол жеткізген білім беру ұйымындағы лауазымды тұлға;
      18) педагог-экспериментші – педагогикалық білімі бар, оқу-тәрбие қызметінің технологиясын еркін меңгерген, эксперимент жүргізуге қатысушы, білім беру ұйымындағы лауазымды тұлға;
      19) электрондық оқулық, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік құралдар – оқытуды автоматтандыру мен білімді бақылауға арналған және оқу курсына немесе оның жекелеген бөліктеріне сәйкес келетін, сондай-ақ оқыту ауқымын таңдауға мүмкіндік беретін электрондық басылым.
      3. Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік құралдарды қайта сараптамадан өткізу және әзірлеуге байланысты барлық шығыстар (мемлекеттік тапсырыстан басқа) автор, авторлық ұжымға немесе баспа есебінен өтеледі.
      4. Алқалық шешім қабылдау үшін уәкілетті орган оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік құралдарды сараптама және сынақ жүргізу нәтижелерін қарастыру жөнінде консультативтік-кеңесші орган - Республикалық комиссияны (бұдан әрі - Республикалық комиссия) құрады.
      5. Республикалық комиссия:
      1) қор жинау циклі бойынша қайта басылатын бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім деңгейіндегі оқулықтарға, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік құралдарына сараптама жүргізу нәтижесін қарастырады;
      2) қайта әзірленген оқулықтарды білім беру ұйымдарында сынақтан өткізу қорытындысын қарастырады;
      3) мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім деңгейіндегі білім беру ұйымдарына оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды ұсынады;
      4) барлық білім беру деңгейіне арналған оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік құралдарды сараптама жүргізу қорытындысы бойынша апелляцияны қарастырады;
      5) барлық білім беру деңгейіне арналған оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік құралдарды дайындау, сараптау, сынақтан өткізу, мониторинг жүргізу және басып шығару тетіктерін жетілдіру бойынша ұсыныстарды дайындайды;
      6) Республикалық комиссияның құрамына мемлекеттік, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың, педагогикалық және ғылыми қоғамдастықтың өкілдері кіреді.
      Республикалық комиссияның құрамын уәкілетті орган бұйрықпен 4 жылға бекітеді.
      Уәкілетті орган Республикалық комиссияның жұмыс органы болып табылады.
      7) Қаралған сараптамалық шешімдердің негізінде Республикалық комиссия уәкілетті органға оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік құралдарды оқу процесінде пайдалану туралы келесі ұсыныстарды енгізеді:
      «оқу процесінде пайдалануға ұсынылады»;
      «оқу процесінде пайдалануға ұсынылмайды».
      8) Республикалық комиссия білім беру ұйымдарында қайта дайындалған барлық білім беру деңгейіне арналған оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік құралдарды сынақтан өткізу нәтижелерін қарастырады.
      Республикалық комиссия сынақтан өткізу материалдарын қарау негізінде уәкілетті органға оқу басылымдарын оқу процесінде пайдалану туралы ұсыныс жасайды:
      «оқу процесінде пайдалануға ұсынылады»;
      «оқу процесінде пайдалануға ұсынылмайды».
      9) Республикалық комиссия қайта дайындалған оқу басылымдарының сараптама нәтижелерін қарайды.
      Республикалық комиссия сараптамалық шешімдерді қарау негізінде уәкілетті органға оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік құралдарды оқу процесінде пайдалануға келесі ұсыныстарды енгізеді:
      «оқу процесінде пайдалануға ұсынылады»;
      «оқу процесінде пайдалануға ұсынылмайды».
      10) Әзірлеуші сараптамалық шешімнің қорытындысымен келіспейтінін білдіріп өтініш жазған жағдайда, Республикалық комиссия барлық білім беру деңгейіне арналған оқулықтарға, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік құралдарына қосымша сараптама жүргізеді.
      11) Қажет болған жағдайда Республикалық комиссияның отырысы өтеді.
      Республикалық комиссия отырысы қаралған оқу басылымының секторы болып табылатын Республикалық комиссия мүшелерінің тең жартысынан көбі қатысса заңды болып саналады.
      Республикалық комиссия шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады, шешім отырысқа қатысқан Республикалық комиссия мүшелерінің тең жартысынан көбі дауыс берген жағдайда қабылданған болып есептеледі.
      12) Республикалық комиссия шешімі оқулық авторына, авторлық ұжымға, баспаға, Республикалық оқу-әдістемелік бірлестікке немесе Республикалық оқу-әдістемелік кеңеске уәкілетті орган арқылы жеткізіледі.
      13) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 5-бабы 27-тармағының 1-тармақшасына сәйкес уәкілетті орган Республикалық комиссияның ұсыныстарын негізге ала отырып, білім беру ұйымдарында пайдалануға рұқсат етілген оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендердің, оқу құралдарының және басқа да қосымша әдебиеттердің, оның ішінде электрондық жеткізгіштердің тізбесін (бұдан әрі – Тізбе) қалыптастырады және бекітеді.
      14) Тізбеге бір пән бойынша бес балама оқулықтан аспайтын оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік құралдар енгізіледі.
      15) Уәкілетті органмен бекітілген Тізбе уәкілетті органның www.edu.gov.kz сайтында орналастырылады.

2. Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік
құралдарды дайындау тәртібі

      6. Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік құралдарды дайындауды автор, авторлық ұжым өз бетінше немесе авторлық ұжымды қалыптастыратын баспа ұйымдастырады.
      Авторлық ұжымның құрамына оқу басылымының бейіні бойынша ғалымдар, әдіскерлер, педагог-практиктер, педагог-экспериментшілер, жұмыс берушілер кіреді.
      7. Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік құралдарды қолжазба түрінде дайындау ҚР МЖБС-ға, білім беру деңгейінің үлгілік оқу жоспарларына және оқу пәні (пәндері) бойынша үлгілік оқу бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      8. Автор, авторлық ұжым оқу басылымдарын дайындау бойынша өз қызметін келесі талаптарды ескере отырып жүзеге асырады:
      1) оқу пәні (пәндері) бойынша неғұрлым өзекті білімдерді енгізу;
      2) ұсынылған оқу және әдістемелік материалдардың дұрыстығы;
      3) білім алушылардың жас, психологиялық және физиологиялық ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін есепке алу;
      4) оқу материалы мазмұнының кәсіби бағыты.
      9. Баспа оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік құралдардың қолжазбасы негізінде оқу басылымының макетін дайындайды және уәкілетті органға жібереді.
      10. ҚР МЖБС-ға сәйкес автор, авторлық ұжым уәкілетті орган білім беру ұйымдарында пайдалануға рұқсат еткен оқу басылымдарын қажеттілігіне қарай әрбір 4 жылда өңдейді.

3. Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік
құралдарды сараптамадан өткізу тәртібі

      11. Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік құралдарды сараптамадан өткізуге қабылдауды уәкілетті орган ағымдағы жылғы қаңтар-шілде аралығындағы кезеңде ұйымдастырады.
      12. Оқулықтарға, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік құралдарға сараптама жасауды «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы (бұдан әрі – «Оқулық» орталығы) республикалық бюджет есебінен жүргізеді.
      13. Техникалық және кәсіптік білім беру мамандықтары бойынша оқулықтарға, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік құралдарға сараптама жетекші ғалымдармен, әдіскерлер мен білім беру ұйымдарының оқытушы-практиктерімен, өндіріс, кәсіпорын және басқа да ұйым өкілдерімен жүргізіледі.
      14. Автор, авторлық ұжым немесе баспа уәкілетті органға келесі материалдарды жібереді:
      1) оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік құралдарды сараптама жүргізу туралы өтініш (еркін нысанда);
      Өтініште оқу басылымының титул парағына сәйкес автор(лар)дың аты-жөні мен тегі, ҚР МЖББС-дағы (техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің үлгілік оқу жоспарлары) оқу пәнінің (пәндерінің) атына сәйкес атауы, сыныбы (курсы), басылым тілі, шыққан жылы, басылған орны көрсетіледі.
      Қайта әзірленген оқу басылымдары үшін өтінішке әзірлеушілер (авторы, авторлық ұжым) туралы мәліметтер және байланыс телефондары қоса беріледі.
      2) оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік құралдардың 3 данасы немесе соңғы тұтынушыға арналған электрондық оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік құралдар үшін CD (DVD)-диск;
      3) оқулықтарға, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік құралдарға түсіндірме жазба;
      4) 3 пікір: педагог-практиктің, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім пәндері бойынша әдіскердің, ғалымның немесе тиісті (аралас) бейін ғылыми ұйымының, жұмыс берушінің, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім мамандықтар бойынша оқу-әдістемелік бірлестіктің, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім мамандықтары бойынша оқу-әдістемелік секцияның;
      5) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің оқу басылымдары үшін – Республикалық оқу-әдістемелік бірлестік шешімінен үзінді; жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің оқу басылымдары үшін – Ғылыми кеңес шешімінен үзінді;
      6) еркін нысанда электрондық оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік құралдар үшін – пайдаланушыларға арналған орнату және басшылыққа алу нұсқаулығы.
      Оқулықтарға, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік құралдарына түсіндірме жазба қайта дайындалған басылым үшін оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу-әдістемелік құралдардың негізгі тұжырымдамалық ойларынан, өзектілік деңгейін бағалаудан, әзірлеменің жаңашылдығынан, ҚР МЖБС-ны, үлгілік оқу бағдарлама талаптарын іске асырудан, қайта басылған оқу басылымдары үшін – автордың (авторлық ұжымның) енгізген өзгерістері мен толықтыруларынан тұруы тиіс.
      Рецензияда білім беру ұйымдарында білім беру деңгейіне, басылымның мақсатты арналуына байланысты оқу басылымына сынақ өткізу нәтижесі көрсетіледі.
      15. Уәкілетті орган ұсынылған материалдардың толықтығын осы Қағидалардың 14-тармағына сәйкес анықтайды.
      Материалдар толық тапсырылмаған жағдайда уәкілетті орган күнтізбелік 15 күн ішінде авторға, авторлық ұжымға немесе баспаға материалдардың осы Қағидалардың 14-тармағының талаптарына сәйкес келмейтіндігі туралы жазбаша хабарлайды.
      Құжаттарды қайта ұсыну көрсетілген кемшіліктер мен ескертулер жойылғаннан кейін жүргізіледі.
      Өкілетті орган келіп түскен материалдарды сараптама жасау үшін күнтізбелік 15 күн ішінде «Оқулық» орталығына жібереді.
      16. Бір оқулыққа, оқу-әдістемелік кешен мен оқу әдістемелік құралға сараптама өткізу уәкілетті органнан «Оқулық» орталығы материалдарды қабылдаған күннен бастап күнтізбелік 60 күн ішінде ұйымдастырады және жүргізеді.
      17. «Оқулық» орталығы оқулықтарға, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік құралдарға олардың сапасын бағалау өлшемдеріне сәйкес сараптама өткізуді ұйымдастырады және жүргізеді.
      Оқулықтарды сараптама басылым мазмұнының ҚР МЖБС-ға, үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларына, ғылыми және әдістемелік аппараттың – білім алушыларды оқыту, тәрбиелеу мен дамыту мақсаттарына, психология-педагогика ғылымдарының, санитарлық-гигиеналық нормалар мен ережелердің қазіргі заманғы талаптарына сәйкестігін бағалау мақсатында жүргізіледі.
      ОӘК-ге сараптау ОӘК-нің құрамдас бөліктерінің оқулық мазмұнына, ҚР МЖБС-ға, үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағдараламаларына, ОӘК әдістемелік және ғылыми аппаратына қойылатын талаптарына сәйкес толықтығы мен өзара шарттылығын бағалау мақсатында жүргізіледі. ОӘК құрамдас бөліктеріне әдістемелік құрал, әдістемелік ұсынымдамалар, хрестоматия, оқуға арналған кітап, тапсырмалар, жаттығулар мен диктанттар жинағы, сөздіктер, тест материалдары, бейнетаспалар, цифрлы білім беру ресурстары және басқалар жатады.
      Оқу және оқу-әдістемелік құралдарға сараптама басылымның ҚР МЖБС-ға, үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларына, авторлық оқу бағдарламасына, оқу басылымның әдістемелік және ғылыми аппаратына қойылатын талаптарына сәйкестігін бағалау мақсатында жүргізіледі.
      Қосымша әдебиеттерге сараптама басылымның оқулық және ОӘК оқу пәні (пәндері) бойынша мазмұнын іске асырудағы әлеуетін бағалау мақсатында жүргізіледі.
      18. Сарапшы шешімі бойынша «Оқулық» орталығы сараптама қорытындысын дайындайды.
      Сараптамалық қорытындыға «Оқулық» орталығының директоры немесе «Оқулық» орталығы директорының міндеті атқарушы қорытындының дұрыстығын қамтамасыз ететін қол қояды.
      Сараптамалық қорытындыны:
      1) қайта басылған оқу басылымы үшін:
      оң сараптамалық шешім алған жағдайда: «білім беру ұйымдарына пайдалануға ұсынылады»;
      сараптамалық шешімде жоюды қажет ететін ескертулер бар болған жағдайда: «Өңдеуді қажет етеді»;
      теріс сараптамалық шешім алған жағдайда: «білім беру ұйымдарына пайдалануға ұсынылмайды»;
      2) қайта дайындалған оқу басылымдары үшін:
      Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім деңгейлерінің оқулықтары үшін:
      оң сараптамалық шешім алған жағдайда: «Білім беру ұйымдарында сынақтан өткізуге ұсынылады»;
      сараптамалық шешімде жоюды қажет ететін ескертулер болған жағдайда: «Өңдеуді қажет етеді»;
      теріс сараптамалық шешім алған жағдайда: «Білім беру ұйымдарында сынақтан өткізуге ұсынылмайды».
      Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, техникалық және кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім деңгейінің оқулықтары, оқу-әдістемелік кешендері мен оқу әдістемелік құралдары, сондай-ақ бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім деңгейінің оқу басылымдары (оқулықтардан басқа) үшін «білім беру ұйымдарына пайдалануға ұсынылады»;
      сараптамалық шешімде жоюды қажет ететін ескертулер болған жағдайда: «Өңдеуді қажет етеді»;
      теріс сараптамалық шешім алған жағдайда: «білім беру ұйымдарына пайдалануға ұсынылмайды».
      19. Сараптамалық қорытындыны «Оқулық» орталығы уәкілетті органға 3 жұмыс күні ішінде тапсырады.
      Уәкілетті орган 5 жұмыс күні ішінде авторға (авторлық ұжымға) немесе баспаға сараптаманың қорытындысы туралы хабарлайды.
      20. «Оқулық» орталығының сараптама қорытындысына сәйкес автор (авторлық ұжым) немесе баспа өңдеуді талап ететін оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды өңдеуден кейін уәкілетті органға қайта сараптама өткізуге уәкілетті органнан сараптамалық шешімді алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде ұсынуға құқылы.
      Екінші рет қайтарылған оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік құралдар ағымдағы күнтізбелік жыл ішінде сараптама өткізуге қабылданбайды.
      21. Білім беру ұйымдарында пайдалануға ұсынылмаған оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік құралдар автор, авторлық ұжым немесе баспа уәкілетті органға осы Қағидалардың 14-тармағына сәйкес өңдегеннен кейін сараптамалық шешімді алған күннен бастап күнтізбелік 180 күннен кейін қайта сараптамаға ұсынуға құқылы.
      Екінші рет қайтарылған оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік құралдар ағымдағы күнтізбелік жыл ішінде сараптамаға қабылданбайды.
      22. Сараптамаға ұсынылған оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу әдістемелік құралдар әзірлеушіге қайтарылмайды.

4. Оқулықты сынақтан өткізу тәртібі

      23. «Оқулық» орталығының оң сараптамалық шешімін алған, қайта дайындалған бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім деңгейінің оқулықтарын сынақтан өткізуді облыстық, Астана және Алматы қалаларының білім басқармалары бір оқу жылының көлемінде жүргізеді.
      Оқулықтарды сынақтан өткізетін білім беру ұйымдарының тізімі уәкілетті органмен оқулықты әзірлеу тілі мен білім беру деңгейін есепке ала отырып, қалыптастырылады.
      24. Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім деңгейлері оқулықтарын сынақтан өткізу материалдары «Оқулық» орталығына ұсынылады.
      25. «Оқулық» орталығы оқулықтардың сынақтан өткен материалдарына талдау жасайды, оқу басылымдарына сараптама мен сынақ өткізу нәтижелерін қарастыру жөніндегі республикалық комиссияға талдамалық анықтама әзірлейді.
      26. Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдары үшін оқулықтарды сынақтан өткізу әзірлеушінің есебінен жүргізіледі.
      27. Техникалық және кәсіптік білім беру, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру деңгейлерінің оқулықтарын сынақтан өткізу Республикалық оқу-әдістемелік бірлестік және Республикалық оқу-әдістемелік кеңес (сәйкесінше) жүргізіп, нәтижесін осы Қағидалардың 14-тармағының 5) және 6) тармақшаларына сәйкес уәкілетті органға ұсынады.

5. Оқулықтарға мониторинг жүргізу тәртібі

      28. Барлық білім беру деңгейлеріне арналған оқулықтарға мониторингті уәкілетті орган келесі мақсаттарда өткізеді:
      1) білім беру ұйымдарында оқулыққа деген сұранысты бағалау;
      2) оларды оқу процесіне енгізу деңгейін бағалау;
      3) білім беру процесіне сапасыз оқулықтарды жібермеу.
      29. Облыстық, Астана және Алматы қалаларының білім басқармалары ағымдағы жылғы 25 мамырға дейін уәкілетті органға Тізбеге сәйкес алдағы оқу жылында мектепке дейінгі тәрбие және оқыту, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім деңгейлеріне арналған оқулықтарды сатып алу туралы ақпарат береді.
      30. Облыстық, Астана және Алматы қалаларының білім басқармалары уәкілетті органға техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімге арналған оқулықтарға тапсырыс беру туралы ақпаратты ұсынады.
      31. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімге арналған оқулықтарға мониторнингті уәкілетті орган Республикалық оқу-әдістемелік бірлестіктің және Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің ақпаратына сәйкес жүзеге асырады.
      32. Уәкілетті орган ұсынылған ақпарат негізінде оқулықтардың рейтингісінің кестесін дайындайды.
      Оқу басылымдары рейтингісінің кестесі уәкілетті органның сайтында орналастырылады: www.edu.gov.kz.
      33. Уәкілетті орган оқу басылымдарына мониторингі жүргізудің қорытындысы бойынша оқу басылымдарын Тізбеден алып тастау жөнінде шешім қабылдайды.
      Алынып тасталған оқулықтар жөнінде ақпарат Уәкілетті органның сайтында орналастырылады: www.edu.gov.kz.

6. Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды басып
шығару тәртібі

      34. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдары үшін оқулықтар, оқу- әдістемелік кешендер мен құралдарды басып шығару Тізбеге сәйкес жүзеге асырылады.
      35. Тізбеге енген оқулықтар, оқу- әдістемелік кешендер мен құралдар әзірлеушінің қаражаты есебінен басылып шығарылады.
      36. Уәкілетті ұйымның «Білім беру ұйымдарында пайдалануға рұқсат етіледі» грифі келесі 4 оқу жылы аралығында жарамды.
      37. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін ұйымдар үшін оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды басып шығару «Оқулық» орталығының оң сараптамалық шешімі негізінде республикалық бюджеттің, оқу орнының немесе автордың, авторлар ұжымының немесе баспаның қаражаты есебінен жүзеге асырылады.