Парниктік газдар шығарындыларына квоталармен және көміртегі бірліктерімен сауда жасау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2012 жылғы 11 мамырдағы № 151-ө Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2012 жылы 7 маусымда № 7711 тіркелді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 17-бабының 29) тармақшасын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Парниктік газдар шығарындыларына квоталармен және көміртегі бірліктерімен сауда жасау қағидалары бекітілсін.
      2. Төменкөміртекті даму департаменті осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуге жіберсін және оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін отыз күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                        Н. Қаппаров

Қазақстан Республикасы     
Қоршаған ортаны қорғау министрінің
2012 жылғы 11 мамырдағы    
№ 151-ө бұйрығымен бекітілген

Парниктік газдар шығарындыларына квоталармен және көміртегі
бірліктерімен сауда жасау қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Парниктік газдар шығарындыларына квоталармен және көміртегі бірліктерімен сауда жасау қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) өз әрекетін квоталар бірліктеріне және ішкі азайту бірліктеріне қолданады және келесіні қамтитын парниктік газдар шығарындыларына квоталармен және көміртегі бірліктерімен сауда жасау тәртібін анықтайды:
      1) Меншік және сауда объектісі ретіндегі квоталар бірліктері мен шығарындыларды ішкі азайту бірліктері;
      2) Квоталар бірліктерімен және шығарындыларды ішкі азайту бірліктерімен мәмілелер бойынша сауда жасау мен есептеулерді ұйымдастыру;
      3) Квоталардың бастапқы сатылуын ұйымдастыру;
      4) Шығарындылардың ішкі азайту бірліктерін бастапқы беру.
      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) аукцион - квоталар бірліктерін сату тәсілі, онда олар бойынша сатулар тауар биржасымен алдын ала белгіленген уақытта өткізіледі және ең үздік бағалық ұсыныс жасаған сатып алушыларға сатылады;
      2) аукцион бағыты - арттыру немесе төмендетуге арналған аукцион;
      3) аукционға тапсырыс беруші - осы Қағидаларға сәйкес квоталар бірліктерін сату бойынша акционға бастамашылық ететін қоршаған ортаны қорғау саласындағы өкілетті органға бағынысты ведомстволық ұйым;
      4) арттыруға арналған аукцион - қатысушылар квоталар бірліктерін сатып алуға өтінішті бастапқы бағамен бірдей немесе жоғары баға қоя алатын аукцион;
      5) бастапқы баға - аукционға тапсырыс беруші аукционға шығарылған лот бойынша мәміле жасауға келісетін аукцион бағытына байланысты ең аз немесе ең көп баға;
      6) жаңа және ұлғайтылатын қондырғылар - парниктік газдар шығарындыларының көзі болып табылатын және парниктік газдар шығарындыларын квоталауға жататын, бірақ Экологиялық кодекстің  16-бабы 7) тармағына сәйкес бекітілген Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарына сәйкес (бұдан әрі - Ұлттық жоспар) алғашқы бөлу кезінде парниктік газдар шығарындыларына квоталар алмаған және оның қолданылу кезінде пайдалануға берілген қондырғылар;
      7) жоба инвесторы - парниктік газдары шығарындыларын ішкі азайту жобасын қаржыландыруды жүргізетін заңды тұлға;
      8) квоталар бірліктерінің екінші қайтара айналымы - тауар биржасында бұдан бұрын үлестірілген квоталар бірліктерін саудалау;
      9) квоталарды алғашқы сату - Ұлттық жоспарына сәйкес квоталарды парниктік газдар шығарындыларын квоталауға жататын қондырғылар операторлары арасында оларды аукционнан сату арқылы үлестіру;
      10) лот - сатылатын немесе шарт бойынша жеткізілетін және аукционнан саудаға салынатын квоталар бірліктері немесе шығарындыларды ішкі азайту бірліктері;
      11) операцияларды халықаралық тіркеу журналы - операциялардың дұрыстығын тексеру, оның ішінде белгіленген мөлшер бірліктерін, шығарындыларды азайту бірліктерін, шығарындыларды азайтудың сертификатталған бірліктерін, сіңіру бірліктерін айналымға енгізу, тізілімдер арасында беру және алу, күшін жою және айналымнан шығару үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Климат өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы хатшылығымен белгіленген және басқарылатын көміртегі бірліктерінің ұлттық тізілімдерінде көміртегі бірліктерімен жүргізілген операцияларды тіркеудің халықаралық жүйесі;
      12) опцион (биржалық опцион) - биржалық келісімшарт, оған сәйкес бір тарап (опцион сатушысы) сатуға немесе сатып алуға, ал екінші тарап (опцион сатып алушысы) осы келісімшартта белгіленген баға бойынша берілген шартта қарастырылған квоталар бірліктерінің санын сатып алу немесе сату құқығын алады;
      13) парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі сандық міндеттемелері бар халықаралық шарт - Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы Негіздемелік конвенциясына Киото хаттамасы немесе Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы Негіздемелік конвенциясына Киото хаттамасының күші жойылғаннан кейінгі кезеңге парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша оған қатысатын елдердің сандық міндеттемелерін ұзартатын немесе белгілейтін халықаралық шарт;
      14) спот келісімшарты - тиісінше сатушы және сатып алушы өздеріне сатушыда келісімшарт жасаған сәтте қолда бар көміртегі бірліктерінің белгілі бір мөлшерін төлем жасалғаннан кейін сатып алушыға беру, бірақ келісімшарт жасалған сәттен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей сату немесе төлеу міндетін алатын келісімшарт;
      15) трансакция - бір шоттан Қазақстан Республикасы Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінің басқа шотына аудару арқылы орындалатын, оларды шығару, үлестіру, беру, күшін жою, айналымнан шығару, парниктік газдар шығарындыларын квоталау және саудалаудың келесі кезеңіне тасымалдауды қоса алғандағы квоталар бірліктерімен немесе шығарындыларды ішкі азайту бірліктерімен жасалатын операция;
      16) фьючерсті келісімшарт - стандартты жедел биржалық базалық активті сатып алу-сату келісімшарты, сатушы мен сатып алушы тек баға бағамы мен жеткізу мерзімдері туралы уәделеседі, ал активтің қалған параметрлері алдын ала биржалық келісімшарттың ерекшелігінде келісілген;
      17) халықаралық көміртегі бірліктері - белгіленген мөлшер бірліктері, шығарындыларды азайту бірліктері, шығарындыларды азайтудың сертификатталған бірліктері;
      18) шығарындыларды ішкі азайту бірліктерін бастапқы беру - шығарындыларды ішкі азайту бірліктерін парниктік газдар шығарындыларын ішкі азайту немесе олардың сіңірулерін арттыру жобасын қаржыландыратын инвесторға беру;
      19) ішкі азайту шығарындылары бірліктерінің екінші қайтара айналымы - тауар биржасында парниктік газдар шығарындыларын ішкі азайту жобасының инвесторына (инвесторларына) бергеннен кейін орындалатын ішкі азайту шығарындыларының бірліктерімен сауда жасау;
      20) электрондық сауда жүйесі - электрондық биржалық сауда жүргізу үшін қажетті және биржалық мәмілелер мен клиринг жасасу, сондай-ақ ақпарат жинау, сақтау, өңдеу мен ашу үдерісін автоматтандырылуын қамтамасыз ететін қажетті есептеу құралдарының, бағдарламалық қамтамасыз етудің, деректер қорының, телекоммуникациялық құралдардың және тауарлық биржаның басқа жабдықтар кешені.
      3. Қазақстанда халықаралық көміртегі бірліктерімен сауда жасау Қазақстан Республикасы ратификациялаған парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша климаттың өзгеруі саласындағы халықаралық шарттың сандық міндеттемелеріне сәйкес Қазақстан Республикасымен белгіленген мөлшерді анықтау бойынша халықаралық рәсімдерден өткеннен кейін және операциялардың халықаралық тіркеу журналына ел бойынша тиісті деректер ұсынғаннан кейін ғана жүзеге асырылуы мүмкін.

2. Меншік және сауда объектісі ретіндегі квоталар бірліктері
мен шығарындыларды ішкі азайту бірліктері

      4. Квоталар бірліктері мен шығарындыларды ішкі азайтудың бірліктері Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексімен қарастырылған шарттарда Қазақстан Республикасында айналым үшін рұқсат етілген тауар болып табылады.
      5. Квотаның бір бірлігі мен шығарындыларды ішкі азайтудың бір бірлігі көміртегі қос тотығына эквивалентті бір тоннаға тең келеді.
      6. Квотаның бір бірлігі мен шығарындыларды ішкі азайтудың бір бірлігі азаматтық құқық объектісі ретінде оларды іске қосу және Қазақстан Республикасы Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінің қандай да бір шотында орналастыру сәтінен бастап болады.
      7. Квоталар бірліктерін қолданысқа енгізген кезде олар Қазақстан Республикасы Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде Қазақстан Республикасының квоталар бірліктерінің шотында орналастырылады.
      8. Квоталар бірліктері айналымға Ұлттық жоспары негізінде енгізіледі және оларды қондырғылар операторлары арасында алғашқы орналастыру оларды ақысыз үлестіру немесе квоталар бірліктерін сату арқылы жүзеге асырылады.
      9. Квоталар бірліктерінің қолданыста және айналымда болу мерзімі олар сәйкесінше орналастырылған Ұлттық жоспарының кезеңімен шектеледі.
      10. Іске асыру нәтижесінде парниктік газдар шығарындылары азайтуының тиісті көлемін немесе олардың сіңірулерінің ұлғаюы алынған шығарындыларды ішкі азайту бірліктерін қолданысқа енгізген кезде олар жоба операторының (инвесторының) шотына орналастырылады.
      11. Егер қолдану мерзімі қолданысқа енгізген кезде шектелмесе, шығарындыларды ішкі азайту бірліктері әрекет ету және айналымда болу мерзімі бойынша мерзімсіз болып табылады.
      12. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның шешімімен күші жойылған немесе айналымнан шығарылған квоталар бірліктері мен шығарындыларды ішкі азайту бірліктері сауда объектісі болып табылмайды.

3. Квоталар бірліктерімен және шығарындыларды ішкі азайту
бірліктерімен мәмілелер бойынша сауда жасау мен есептеулерді ұйымдастыру

      13. Квоталар бірліктерімен және шығарындыларды ішкі азайту бірліктерімен сауда жасау электрондық сауда жүйесі арқылы жүзеге асырыла алады.
      14. Тауар биржасы, сондай-ақ базалық активі квоталар бірліктері мен шығарындыларды ішкі азайту бірліктері болып табылатын туынды қаржылық құралдарды базалық активін жеткізу және/немесе жеткізусіз сауда жасауды ұйымдастырады.
      15. Сауда жасауға қызмет көрсету және туынды қаржылық құралдар бойынша клиринг пен есептеулерді қамтамасыз ету үшін тауар биржасы Қазақстан Республикасы Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімімен өзара іс-қимыл және клиринг пен есептеулер үдерісінде электрондық құжат айналымды жүзеге асыру туралы регламенті туралы шартқа отырады.
      16. Квоталар бірліктерін және шығарындыларды ішкі азайту бірліктерін жеткізу сатушының шотынан Қазақстан Республикасы Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміндегі сатып алушының шотына оларды беру бойынша трансакция арқылы жүргізіледі.
      17. Квоталар бірліктері мен шығарындыларды ішкі азайту бірліктерін жеткізуге қатысатын биржалық сауда қатысушылары мен олардың клиенттері Қазақстан Республикасы Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде есеп-шоттар ашады.
      18. Квоталар бірліктерін бастапқы сату және шығарындыларды ішкі азайту бірліктерін жоба инвесторына беру бойынша трансакциялар сәйкесінше Қазақстан Республикасы Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде қондырғылар операторларының және шығарындыларды ішкі азайту жобалары инвесторларының шоттарына жүргізіледі.
      19. Квоталар бірліктері мен шығарындыларды ішкі азайту бірліктерінің екінші қайтара айналымымен байланысты беру жөніндегі трансакцияларды орындау мақсатында олардың қатысушылары Қазақстан Республикасы Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде көміртегі бірліктерімен сауда жасауға қатысушылардың шоттарын ашады.
      20. Қазақстан Республикасы Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде көміртегі бірліктерімен сауда жасауға қатысушының есеп-шоттары заңды тұлғалар үшін ашылады.

4. Квоталардың бастапқы сатылуын ұйымдастыру

      21. Квоталардың бастапқы сатылуы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның шешімімен Ұлттық жоспарының квоталар көлемінің резервін басқару бойынша міндетін іске асыру үшін тағайындалған қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органына ведомстволық бағынысты ұйымымен ұйымдастырылады.
      22. Квоталар бірліктерін бастапқы сату Ұлттық жоспарына енгізілмеген жаңа және ұлғайтылатын қондырғылардың операторлары арасында үлестіру үшін квоталар көлемінің резервінен алынған квоталар бірліктері бойынша жүргізіле алады. Егер квоталарды сату Ұлттық жоспармен тиісті мерзімге қарастырылмаса, Ұлттық жоспарға енгізілген қолданыстағы қондырғылардың операторлары арасында квоталарды бөлу ақысыз негізде жүзеге асырылады.
      23. Квоталар бірліктерін бастапқы сату тауар биржасында аукциондарды ұйымдастыру және өткізу арқылы жүргізіледі.
      24. Квоталар көлемінің резервін басқару функциясын жүзеге асыратын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға ведомстволық бағынысты ұйым парниктік газдар шығарындыларын квоталау талаптарына жатқызылатын жаңа және ұлғайтылатын қондырғылардың операторларымен берілетін өтініштердің негізінде квоталарды сату бойынша аукциондарды ұйымдастыру мен өткізу қажеттілігін бағалайды.
      25. Квоталар бірліктерін сату бойынша бірінші аукционды өткізуге квоталар көлемінің резервін басқару функциясын жүзеге асыратын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға ведомстволық бағынысты ұйым қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органымен Ұлттық жоспарының квоталар көлемінің резервінен квоталар алуға жаңа және ұлғайтылатын қондырғылар операторларынан кемінде 10 өтініш алғаннан кейін бастамашылық етеді. Квоталарды сату бойынша одан кейінгі аукциондарды жоспарлау оларды өткізудің ең аз кезеңділігін ескере отырып, бір жылдан сирек емес уақытта жүзеге асырылады.
      26. Квоталар бірліктерін сату бойынша аукциондарды өткізу саны, кезеңділігі және жоспарланатын кезеңдері туралы ақпарат қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында квоталар бірліктерін сату бойынша бірінші аукцион өткізілген күннен бастап бір айдан кешіктірілмей жарияланады.
      27. Бірінші аукционнан сатуға жататын квоталар көлемі Ұлттық жоспарының квоталар көлемі резервінің отыз пайызынан аса алмайды. Аукциондардан сатуға арналған квоталардың қалған бөлігі Ұлттық жоспарының қолданыстағы қалған кезеңіне квоталарды сату бойынша жоспарланған аукциондар саны бойынша тең бөліктермен бөлінеді.
      28. Квоталарды сату бойынша аукциондарды өткізуге қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымы тауар биржасына мынадай ақпараттарды қамтуы тиіс өтініш беру арқылы бастамашылық етеді:
      1) тапсырыс берушінің толық атауы, деректемелері, оның ішінде Қазақстан Республикасы Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміндегі шотының нөмірі;
      2) аукционнан сатылатын көміртегі бірліктерінің атауы, лоттар саны мен әр лот бойынша сатылатын квоталар көлемі, жеткізу мен төлеудің шарттары мен тәртібі, жеткізу және төлеу бойынша жауапкершілік;
      3) аукционға қатысуға жіберу үшін аукционға қатысушы үміткер (өкілдік ететін клиент) сай келуі қажет біліктілік талаптары;
      4) биржаның квоталарды сату бойынша аукционды өткізуге тапсырыс беруші келісім беретін уақыт кезеңі;
      5) әр лот бойынша бастапқы баға;
      6) кепілдікті қамтамасыз ету түрі мен мөлшері немесе кепілдік қамтамасыз ету талап етілмейтіндігі туралы нұсқау.
      29. Аукцион өткізуге арналған өтінішке уәкілетті лауазымды тұлғамен қол қойылады және тапсырыс берушінің мөрімен расталады.
      30. Аукционнан бір жыл жеткізумен квота бірлігін алғашқы сату жағдайында бір лот жасайды. Аукционнан сатылуға арналған әр лоттың жалпы мөлшерін тапсырыс беруші көміртегі қос тотығының жүз еселі тоннасына эквивалентті көлемде белгілейді.
      31. Квоталарды жеткізу мерзімдерін квоталарды өтеу мерзімін ескере отырып, аукционға тапсырыс беруші белгілейді.
      32. Квоталарды алғашқы сату аясында өткізілетін саудаларға қатысуға ниеттенген саудаға қатысушылар клиенттеріне қойылатын біліктілік талаптарына мынадай талаптар енгізілуі қажет:
      1) Қазақстан Республикасында парниктік газдары шығарындыларын квоталауға жататын жаңа және ұлғайтылатын қондырғы операторы немесе оның мүдделерін білдіретін өкілі болуы тиіс;
      2) Қазақстан Республикасы Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде қондырғы операторының шоты болуы керек немесе осындай шоты бар клиенттің мүдделерін қорғау керек.
      33. Аукцион өткізу сұралатын уақыт кезеңі өзінің интернет-ресурсында жарияланған ақпаратқа сәйкес квоталарды сатуға аукционға тапсырыс берушімен көрсетіледі.
      34. Квоталар бірліктерін сатуға аукционға тапсырыс беруші сұраным беру сәтінде ондай жағдай қалыптасқан жағдайда, аталған тауар биржасында олардың екінші айналымына квоталар бірліктеріне биржаның белгілеген бағаларын ескере отырып, лоттың бастапқы бағасын анықтайды.
      35. Квоталарды сату бойынша аукционға тапсырыс беруші кепілдемелік қамтамасыз ету ретінде тек оның басқаруындағы квоталар бірліктерін ғана пайдаланады.
      36. Тауар биржасы квоталарды сату туралы аукцион өткізу жөнінде хабарландыруды ол келісім берген күні биржаның интернет-ресурсында мынадай ақпаратты қоса отырып, жариялайды:
      1) өтініштің толық мазмұны;
      2) осы Қағидалардың 28-тармағында көрсетілген уақыт кезеңі ішінде аукцион өткізудің күні мен уақыты;
      3) аукцион өткізудің регламенті (аукцион бағытын қоса алғанда);
      4) аукционға қатысуға өтініштерді алу үшін аукционға тапсырыс берушінің байланыс тұлғасының атауы мен байланыс деректері.
      37. Квоталарды сату бойынша аукционға мүдделі тұлғалар аукционға тапсырыс берушінің байланыс тұлғасына қатысуға өтініш жолдайды.
      38. Өтініштерді қабылдау мерзімі аукционды жариялаған күннен бастап саналады және аукцион өткізгенге дейін бес күннен кешіктірмей аяқталады және ол жеті жұмыс күнінен аз болмауы керек.
      39. Осы Қағидалардың 38-тармағында көрсетілген мерзім ішінде аукционға қатысуға берілген өтініш өтініш берушімен кері қайтарылуы мүмкін.
      40. Аукционға қатысу өтініші осы Қағидалардың 32-тармағында көрсетілген біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды бере отырып, еркін үлгі бойынша беріледі.
      41. Аукционға қатысу өтінішіне уәкілетті лауазымды тұлға қол қояды және аукционға қатысуға үміткер ұйымның мөрімен расталады.
      42. Квоталарды сату бойынша аукционға қатысу үшін кіру рұқсаты туралы шешімді аукционға тапсырыс беруші ретіндегі қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымымен жүзеге асырылады.
      43. Қатысуға өтініштер қабылдау мерзімінің аяқталған күнінен бастап, екі жұмыс күні ішінде тапсырыс беруші тауар биржасына аукционға қатысуға жіберілген үміткерлер тізімін жолдайды.
      44. Егер аукционға қатысуға үштен аз өтініш берілсе, онда аукцион өткізілмейді. Аукционды болдырмау туралы ақпаратты тауар биржасы өзінің интернет-ресурсында аукционды болдырмау күні жариялайды.

5. Шығарындылардың ішкі азайту бірліктерін бастапқы беру

      45. Шығарындыларды ішкі азайту бірліктерін бастапқы беру оларды іске қосу және іске асыру нәтижесінде парниктік газдар шығарындыларын азайтудың тиісті көлемі алынған жоба инвесторы немесе операторының шотына беру трансакциясын жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
      46. Шығарындылардың ішкі азайту бірліктерін жоба инвесторының немесе жоба инвесторымен көрсетілген үшінші тұлғаның шотына беру парниктік газдар шығарындыларын ішкі азайту жөніндегі жобаны мақсатты қаржыландыру туралы оның инвесторы (инвесторлары) мен операторы арасында жасалған шарт негізінде жүзеге асырылады.
      47. Жоба инвесторына немесе ол көрсеткен үшінші тұлғаға парниктік газдар шығарындыларын қысқарту бойынша жобаны іске асырудан алынған шығарындыларды ішкі азайту бірліктерінің барлық көлемі немесе көлемінің бөлігі берілуі мүмкін.
      48. Жоба операторы шығарындылардың ішкі азайту бірліктерін Қазақстан Республикасы Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінің операторына беруге өтінішті тек тиісті жобаны іске асыру туралы есепті тәуелсіз акредиттелген ұйым верификациялағаннан кейін және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткеннен кейін ғана береді.
      49. Шығарындылардың ішкі қысқарту бірліктерін беру бойынша трансакция Қазақстан Республикасы Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінің операторымен оларды беруге сұраным жасалып отырған иесінің атауы мен көміртегі бірліктері шоттарын көрсете отырып, тиісті жоба операторынан оны өткізу туралы өтініш алған күннен бастап, бес жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
      50. Тиісті жобаны іске асыру нәтижелері бойынша оның инвесторына немесе инвестормен көрсетілген үшінші тұлғаға берілген шығарындылардың ішкі азайту бірліктерін, олар парниктік газдар шығарындыларын квоталау талаптарына жатқызылған қондырғылар бойынша квоталарды өтеу үшін қолдана алады.
      51. Шығарындылардың ішкі азайту бірліктерін алғашқы беру ұйымдастырылған тауар алаңдарында (биржаларында) жүргізілетін олардың екінші қайтара айналымға түсуіне қатысты Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын қолданбай-ақ жүзеге асырылады.