Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 17-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Көмiртегі бiрлiктерінiң мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзу қағидалары бекітілсін.
2. Төменкөміртекті даму департаменті осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеу үшін ұсынуды және кейіннен ресми бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін отыз күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр Н. Қаппаров
Қазақстан Республикасы
Қоршаған ортаны қорғау министрінің
2012 жылғы 10 мамырдағы № 147-ө
бұйрығымен бекітілген
РҚАО-ның ескертпесі!
Қағида жаңа редакцияда көзделген - ҚР Энергетика министрінің м.а. 17.11.2016 № 496 (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімін жүргізу
қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы қағидалар Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімін (бұдан әрi – Мемлекеттік тізілім) жүргізу тәртібін белгілейді.
2. Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
1) айналымға енгізу – Мемлекеттік тізілім шоттарының біріне көміртегі бірліктерін бастапқы шығару;
2) айналымнан алып тастау – парниктік газдар шығарындыларына квоталар көлемі бойынша табиғат пайдаланушының міндеттемелерін өтеу үшін қолданылған көміртегі бірліктерін айналымнан шығару;
3) беру – Мемлекеттік тізілімінде көміртегі бірліктерін бір тұлғаның шотынан екінші тұлғаның шотына аудару;
4) күшін жою – көміртегі бірліктерінің қолданыстағы мерзімінің аяқталуымен, Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексімен белгіленген талаптардың бұзылуымен немесе қателесіп шығаруымен байланысты қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның шешімі бойынша, сондай-ақ олардың иесінің бастамасы бойынша ерікті негізде айналымнан шығару;
5) операцияларды халықаралық тіркеу журналы – Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясының хатшылығымен басқарылатын және операциялардың шынайылығын тексеру мақсатында жүзеге асырылатын көміртегі бірліктерінің ұлттық тізілімінде көміртегі бірліктерімен жүргізілген операцияларды тіркеудің халықаралық жүйесі;
6) сатып алу – Мемлекеттік тізілімдегі шотқа көміртегі бірліктерімен жасалынған мәмілелер нәтижесінде көміртегі бірліктерін алу;
7) трансакция – көміртегі бірліктерін айналымға енгізу, беру, сатып алу, айналымнан алып тастау, жою бойынша операциялар.
3. Мемлекеттік тізілімді қоршаған ортаны қорғау саласының уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымы (бұдан әрі – Мемлекеттік тізілім операторы) жүргізеді.
4. Мемлекеттік тізілім операторы көміртегі бірліктерінің нақты есебін қамтамасыз ету мақсатында әрбір көміртегі бірліктеріне оның шығарылу кезіне бірегей сәйкестендіру нөмір береді.
5. Көміртегі бірліктерінің бірегей сәйкестендіру нөмірі мыналарға нұсқаулықтарды енгізеді:
1) көміртегі бірліктерінің түрі (квота бірлігі, шығарындыларды ішкі азайту бірлігі);
2) көміртегі бірліктерін айналымға енгізген жылы;
3) көміртегі бірліктерін шығару жүргізілген мерзімі біткен жылдар.
6. Мемлекеттік тізілім операторы квота бірліктері мен шығарындыларды iшкi азайту бiрлiктерін айналымға енгізу, сақтау, беру, жою, айналымнан шығару бойынша трансакцияларды жүзеге асырады.
7. Мемлекеттік тізілім операторымен белгіленген мөлшер бірліктерімен, шығарындыларды азайту бірліктерімен, шығарындылардың сертификатталған азайту бiрлiктерімен, сіңіру бірліктерімен трансакция Қазақстан Республикасымен осындай трансакцияларды климаттың өзгеруі саласындағы халықаралық шарттарға сәйкес жүргізу құқығына ие болғаннан кейін жүргізіледі.
8. Мемлекеттік тізілім операторы басқа ұлттық тізілімдермен белгіленген мөлшер бірліктері, шығарындыларды азайту бірліктері, шығарындылардың сертификатталған азайту бiрлiктері, сіңіру бірліктері бойынша мәліметтермен алмасуды операцияларды халықаралық тіркеу журналы арқылы жүзеге асырады.
2. Мемлекеттік тізілімді жүргізу тәртібі
9. Мемлекеттік тізілім операторы Мемлекеттік тізілім шоттарының мынадай түрлерін ашады:
1) квота бірліктерін шығару шоты;
2) көміртегі бірліктерінің күшін жою шоты;
3) көміртегі бірліктерін айналымнан шығару шоты;
4) квоталар бірліктерін резервке қою шоты;
5) квоталанатын қондырғы операторларының шоты;
6) парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша ішкі жобалар операторларының (инвесторының) шоты (бұдан әрі – жобалар операторының (инвесторының) шоты);
7) көміртегі бірліктерімен сауда жасау қатысушыларының шоты.
10. Мемлекеттік тізілім операторы квота бірліктерін шығару, квоталарды резервке қою, көміртегі бірліктерінің күшін жою, көміртегі бірліктерін айналымнан шығару шоттарын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органының шешімі негізінде тиісті шешімді алғаннан күннен бастап 10 күн ішінде ашады.
11. Квота бірліктерін айналымға енгізуді Мемлекеттік тізілім операторымен Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 16-бабының 7-тармағымен сәйкес бекітілетін тиісті кезеңге арналған Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарымен анықталған квоталардың жалпы көлеміне тең мөлшерде квота бірліктерін шығару шотында жүзеге асырылады.
12. Квота бірліктерін айналымға Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарының әрекеті таралатын кезеңнің басталған күнінен бастап бір айдан кешіктірмей енгізіледі.
13. Квота бірліктерін айналымға енгізген күннен бастап 10 күн ішінде Мемлекеттік тізілім операторы квота бірліктерін беруді Ұлттық жоспардың квота резерві көлеміне тең мөлшерде ведомстволық бағынысты ұйымның басқаруындағы және есеп беру кезеңі ішінде қондырғылардың сипатындағы немесе қызмет атқаруындағы жоспарланып отырған өзгерістері болған жағдайда парниктік газдар шығарындыларына квота бөлу үшін немесе Қазақстан Республикасы Үкіметімен белгіленген экономиканың басым секторларында жаңа қондырғыларды пайдалануға енгізуге арналған квота бірліктерін шығару шотынан квоталарды резервке қою шотына квота бірліктерін резерв көлеміне тең мөлшерде жүргізеді.
14. Квоталанатын қондырғы операторларының шотын ашу үшiн парниктік газдар шығарындылары жылына көміртегі қос тотығының жиырма мың тонна эквивалентінен асатын экономиканың мұнай-газ, энергетика, тау-кен металлургиялық, химиялық салаларында, көлік және ауылшаруашылығында қызметті жүзеге асыратын табиғат пайдаланушылар Мемлекеттік тізілімінің операторына келесі құжаттарды ұсынады:
1) еркін нысандағы өтініш;
2) салық төлеушінің тіркеу нөмірінің (бұдан әрі - СТН) көшірмесі;
3) заңды тұлғалардың бизнес сәйкестендіру нөмірінің (бұдан әрі - БСН) болуымен мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлігінің көшірмесі;
4) қондырғы операторының тұлғаны растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып, Мемлекеттік тізілім шотын жүргізуге уәкілетті өкілдеріне берілген сенімхат;
5) парниктік газдар шығарындыларына сертификат көшірмесі.
15. Мемлекеттік тізілім операторы квоталанатын қондырғы операторларының шотын ашуды өтініш беруші осы Қағидалардың 14-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынғаннан кейін 10 күн ішінде жүргізеді.
16. Мемлекеттік тізілім операторы квота бірліктерін шығару шотынан квоталанатын қондырғы операторларының шотына бірінші есептік жылға арналған квота бірліктерін беруді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органнан сұраным алған күннен бастап 5 жұмыс күн ішінде жүргізеді.
17. Егер қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органнан осы қондырғы операторының оған тиісті квота бірліктерімен жасалған операцияларды тоқтата тұру немесе күшін жою туралы ақпарат алмаған жағдайда Мемлекеттік тізілім операторы екінші және келесі есептік жылдарға арналған квота бірліктерін беруді тиісті жылдың 15 наурызына дейін жүргізеді.
18. Парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша ішкі жоба операторының (инвесторының) шоты Мемлекеттік тізілімде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен жобаны мақұлдаған сәттен бастап ашылады.
19. Парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша ішкі жоба операторының (инвесторының) шотын ашу үшін заңды тұлғалар Мемлекеттік тізілім операторына келесі құжаттар ұсынады:
1) еркiн нысандағы өтiнiш;
2) СТН көшірмесі;
3) заңды тұлғалардың БСН болуымен мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлігінің көшірмесі;
4) қондырғы операторының тұлғаны растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып, Мемлекеттік тізілім шотын жүргізуге уәкілетті өкілдеріне берілген сенімхат;
5) парниктік газдар шығарындыларын iшкi азайту жобасын мақұлдау туралы құжат.
20. Мемлекеттік тізілім операторы парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша ішкі жоба операторының (инвесторының) шотын ашуды осы Қағидалардың 19-тармағында көрсетілген құжаттарды өтініш беруші ұсынғаннан кейін 10 күн ішінде жүзеге асырады.
21. Шығарындыларды ішкі азайту бірліктерін айналымға енгізу қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органынан сұраным алған күннен бастап 5 жұмыс күн ішінде олардың жоба операторы (инвесторы) шотында шығару арқылы жүргізіледі.
22. Шығарындыларды ішкі азайту бірліктерін шығаруға сұраным қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органымен парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша ішкі жобаны іске асыру туралы есепті бекіту туралы қабылданған шешім негізінде жүзеге асырады.
23. Көміртегі бірліктерімен сауда жасау қатысушыларының шоты Мемлекеттік тізілімде заңды тұлғалар үшін ашылады.
24. Көміртегі бірліктерімен сауда жасау қатысушыларының шотын ашу үшін Мемлекеттік тізілім операторына келесi құжаттар ұсынылады:
1) еркiн нысандағы өтiнiш;
2) СТН көшірмесі;
3) заңды тұлғалардың БСН болуымен мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлігінің көшірмесі.
25. Мемлекеттік тізілім операторы көміртегі бірліктерімен сауда жасау қатысушыларының шотын ашуды осы Қағидалардың 24-тармағында көрсетілген құжаттарды өтініш беруші ұсынғаннан кейін 10 күн ішінде жүзеге асырады.
26. Мемлекеттік тізілім операторымен сатып алынған квота бірліктерін беру, соның ішінде квоталады резервке қою және шығарындыларды ішкі азайту бірліктері шотынан көміртегі бірліктерімен келісім жасауды растайтын құжат негізінде сатып алушының сұранымы бойынша жүргізіледі.
27. Көміртегі бірліктерін айналымнан шығару шотына көміртегі бірліктерін беруді Мемлекеттік тізілім операторымен квоталанатын қондырғы операторы шотының иесі сұранымы бойынша жүргізіледі.
28. Көміртегі бірліктерін күшін жою шотына беру олардың қолданыстағы мерзімінің бітуімен, Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексімен бекітілген талаптарды бұзумен немесе қателесіп шығаруымен байланысты Мемлекеттік тізілім операторының тиісті шешімінің көшірмесін уәкілетті органның сұранымы бойынша жүргізіледі.
29. Көміртегі бірліктерін күшін жою шотына ерікті беру оның иесінің Мемлекеттік тізілім операторына жолданған сұранымы бойынша жүргізіледі.
30. Мемлекеттік тізілім операторы осы Қағидалардың
26-29-тармақтарында көрсетілген көміртегі бірліктерін беру бойынша трансакцияны тиісті сұранымды алған күннен бастап 3 жұмыс күн ішінде жүргізеді.
31. Мемлекеттік тізілім операторы күшін жою және айналымнан алып тастау шоттарына аударылған көміртегі бірліктерімен одан арғы трансакцияны жүргізбейді.