Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға, техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi, жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiмi бар мамандарды даярлауға, сондай-ақ жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдеріне мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын орналастыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының 2012 жылғы 4 мамырдағы № 198 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2012 жылы 2 маусымда № 7690 тіркелді

Қолданыстағы

      «Бiлiм туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 43) тармақшасын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
      1. «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру туралы нұсқаулықты бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 120 бұйрығының күші жойылды деп есептелсін (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6935 тіркелген және «Егемен Қазақстан» газетінде 2011 жылғы 11 маусым № 247-248 (26646) жарияланған).
      2. Қоса беріліп отырған Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға, техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi, жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiмi бар мамандарды даярлауға, сондай-ақ жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдеріне мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын орналастыру қағидалары бекітілсін.
      3. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті (Ф.Н. Жақыпова):
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
      2) мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықты бұқаралық ақпарат құралдарында жарияласын.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау вице-министр М.К.Орынхановқа жүктелсін.
      5. Осы бұйрық ресми түрде жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің міндетін атқарушы               М. Орынханов

Қазақстан Республикасы 
Білім және ғылым министрі
міндетін атқарушының  
2012 жылғы 4 мамырдағы 
№ 198 бұйрығымен бекітілген

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға, техникалық және кәсiптiк,
орта бiлiмнен кейiнгi, жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi
бiлiмi бар мамандарды даярлауға, сондай-ақ жоғары оқу
орындарының дайындық бөлімдеріне мемлекеттiк бiлiм беру
тапсырысын орналастыру қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға, техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi, жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiмi бар мамандарды даярлауға, сондай-ақ жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдеріне мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын орналастыру туралы қағидалар (бұдан әрi – Қағидалар) «Бiлiм туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңына сәйкес әзiрленген.
      Қағидалар мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі оқу орыннан кейінгі білімі бар мамандар даярлауға, сондай-ақ жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдеріне олардың бейініне, кадрлық әлеуетіне, материалдық-техникалық базасына, ақпараттық ресурстарына сәйкес, сондай-ақ олардың ғылыми-білім беру қызметінің ұлттық және халықаралық танылу көрсеткіштерін ескере отырып, республикалық бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру тәртібін реттейді.
      2. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысы меншік нысанына, типтері мен түрлеріне қарамастан білім беру ұйымдарында орналастырылады.
      Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты шеңберінде бір балаға есептегенде тәрбиелеу мен оқыту бойынша мектепке дейінгі ұйымның ағымдағы шығындары мемлекеттік білім беру тапсырысы көлемінде өтеледі.
      3. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы елдің индустриалдық-инновациялық дамуының, кадрларға салалық және өңірлік қажеттілігінің басымдықтарына сәйкес меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында құрылады және орналастырылады.
      4. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы елдің индустриалдық-инновациялық дамуының, кадрларға салалық және өңірлік қажеттілігінің басымдықтарына сәйкес өңірлік жоо мен ғылыми ұйымдардың ғылыми-педагогикалық кадрларға қажеттілігі ескеріле отырып жоғары оқу орындарында (бұдан әрі - ЖОО) құрылады және орналастырылады.
      5. Жоғары білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы меншік нысанына қарамастан жоғары оқу орындарында білім беру саласындағы уәкілетті орган өткізетін конкурс нәтижелері бойынша білім беру гранты түрінде орналастырылады.
      6. Магистрлер мен философия докторларын (PhD)/бейіні бойынша докторларды, оның ішінде өңірлік жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарға мақсатты даярлау үшін мемлекеттік білім беру тапсырысы меншік нысанына қарамастан базалық жоғары оқу орындарында орналастырылады.
      7. Дайындық бөлімдерінің тыңдаушылары үшін мемлекеттік білім беру тапсырысы білім беру саласындағы уәкілетті орган өткізетін конкурс нәтижесі бойынша жоғары оқу орындарында орналастырылады.

2. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру
тапсырысын орналастыру

      8. Мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру үшін қалалық (аудандық) білім бөлімдері балалар құрамын топтастыруды жүргізеді.
      Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша балалар құрамын топтастыруда қалалық (аудандық) білім бөлімдері кезек тізімін басшылыққа алады.
      Мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру үшін облыстық (республикалық маңызды қалалар, астаналық) жергілікті атқарушы органдар (бұдан әрі – ЖАО) конкурс өткізеді.
      9. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары меншік нысанына қарамастан Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 21 желтоқсандағы № 1353 қаулысымен бекітілген Мектепке дейінгі ұйым қызметінің үлгі қағидаларымен бекітілген мектепке дейінгі ұйымдар қызметінің нормалары мен қағидаларын сақтау кезінде мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру үшін мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша қызмет жеткізушілердің тізбесіне енгізіледі.
      10. Жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың тізбесін комиссия жаңадан енгізілетін орындарға конкурстық негізде қалыптастырады.
      Қатысуға өтініш берген мектепке дейінгі ұйымдар конкурсқа қатысуға жіберіледі. Өтініш нысаны ерікті.
      Байқауға қатысу үшін облыстық (республикалық маңызды қалалар, астаналық) білім басқармасына жекеменшік мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдары келесі құжаттардың пакетін ұсынады:
      1) комиссия төрағасының атына өтініш;
      2) заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлігінің, жарғының, статистикалық картаның, СТН, банктен анықтаманың, салық органдарынан қарызының жоқтығы туралы анықтаманың көшірмелері;
      3) жылжымайтын мүлікке құқықты орнатушы құжаттардың көшірмелері (жекеменшік немесе жалға алу);
      4) медициналық кабинетке лицензияның немесе тіркелген жерін ескере отырып емханамен қызметтің көрсетілуіне жасалған шарттың болуының көшірмелері;
      5) білім беру органдарының жолдамасымен мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша балаларды қабылдау туралы жеткізушінің міндеттемесі.
      Растайтын құжаттар:
      1) қызмет көрсетудің қауіпсіздік талаптарына: Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 1684 қаулысымен бекітілген «Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу және білім беру объектілеріне санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» санитарлық ережелеріне» (бұдан әрі – санитарлық ережелер) сәйкестігі;
      2) санитарлық ережелер бойынша материалдармен және құралдармен жабдықтаудың қажетті деңгейіне сәйкестігі;
      3) тәрбиелеу және оқыту бағдарламаларының Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының (13.02.2012 ж. берілген өзгерістер мен толықтырулар) 4-бабы 24-тармағына сәйкес бекітілген мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың Мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының талаптарына сәйкестігі.
      Байқауды ұйымдастырушы (ЖАО) өткізу уақытын белгілейді, комиссия құрады және құрамын бекітеді; комиссияның жұмысын қамтамасыз етеді; комиссияның шешімі негізінде мектепке дейінгі ұйымдар тізбесін бекітеді;
      Комиссия өтініштер салынған конверттерді ашады және конкурсқа қатысушыларды анықтайды, өтініштерді қарастырады, мектепке дейінгі ұйымдар тізбесін анықтайды және оны бекіту үшін 30 күнтізбелік күн ішінде конкурстың ұйымдастырушысына ұсынады.
      11. Жекеменшік мектепке дейінгі ұйым тарапынан мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша орын санына байланысты ұсыныстар саны артқан жағдайда жеткізушілерді Комиссия конкурс негізінде таңдап алады.
      12. Жеткізушіні конкурс арқылы таңдаудың қосымша критерийлері:
      1) тәрбиешілердің жалпы санынан олардың жоғарғы және бірінші санаттағы үлесі — 10%-дан кем емес;
      2) дамудың перспективалық жоспарының болуы;
      3) педагогикалық процесті қосымша көрнекілік-әдістемелік материалмен қамтамасыз ету, қазіргі заманға сай ойын құрал-жабдықтарының, балалар көркем әдебиетінің болуы;
      4) мемлекеттік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын облыстық ЖАО бекітілген ата-аналар төлемінің тарифінен аспайтын мемлекеттік тапсырыс бойынша баланы күтіп-бағуға ата-аналар төлемінің мөлшерін белгілеу.
      13. Комиссия мәжілістен кейін 10 жұмыс күні ішінде мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру үшін мектепке дейінгі ұйымдар тізбесі бойынша қорытынды шығарады.
      Мемлекеттік білім беру тапсырысы бұрын орналастырылған мектепке дейінгі білім беру ұйымдары конкурсқа қатыспай хаттамаға кіргізіледі.
      Мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін орындардың барынша мүмкін саны көрсетілген шешім хаттама түрінде рәсімделеді.
      Комиссия мүшелері дауысының көпшілігімен шешім қабылданды деп есептеледі.
      Хаттаманы хатшы рәсімдейді, комиссия төрағасы қол қояды. Комиссия жылына 2 рет мәжіліс құрады.

3. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімге
мемлекеттік тапсырысты орналастыру

      14. Облыстың, Астана және Алматы қалаларының білім беру саласындағы уәкілетті орган мен жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі – ЖАО) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының арасында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырады.
      Қатысуға өтініш берген техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары конкурсқа қатысуға жіберіледі. Өтініш нысаны ерікті.
      Байқауға қатысу үшін өкілетті органға немесе ЖАО-ға техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары келесі құжаттардың пакетін ұсынады:
      1) еркін нысанда комиссия төрағасының атына өтініш;
      2) заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлігінің, жарғының, статистикалық картаның, СТН, банктен анықтаманың, салық органдарынан қарызының жоқтығы туралы анықтаманың көшірмелері;
      3) жылжымайтын мүлікке құқықты орнатушы құжаттардың көшірмелері (жекеменшік немесе жалға алу);
      4) мемлекеттік тапсырысты орналастыруға ұсыныс;
      5) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламалы бойынша білім беру құқығын анықтайтын мемлекеттік лицензияның (қосымшасымен) көшірмелері.
      Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру үшін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі оқу орындарын анықтау кезінде Комиссия мынадай негізгі өлшемдерді және растайтын ақпаратты басшылыққа алады:
      1) білім беру процесін кадрлық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуі және педагогикалық қызметкерінің біліктілік деңгейі;
      2) оқу, оқу-әдістемелік әдебиеттермен және басқа да ақпараттық ресурстармен қамтамасыз етілуі;
      3) білім алушыларды жатақханамен, қоғамдық тамақтандыру және медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз ету мүмкіндігі;
      4) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар мамандықтар бөлінісінде білім беру қызметін жүргізу құқығына берілетін лицензияның болуы;
      5) бітірушінің жұмыспен қамтылуы және қажеттілігі;
      6) инновациялық білім беру технологияларын енгізуі.
      Комиссия өтініштер салынған конкурстың өтетін мерзімін анықтайды, комиссияны құрады және оның құрамын бекітеді, комиссияның жұмысын қамтамасыз етеді, комиссия шешімінің негізінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін оқу орындарының тізімін бекітеді.
      15. Техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру туралы шешім өкілетті органдар мен ЖАО-ның интернет-ресурстарында жарияланады.
      16. Техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру үшін (бұдан әрі - Комиссия) құрылады. Комиссия өкілетті органның немесе ЖАО-ның, басқа да мүдделі мемлекеттік органдар мен ведомстволардың, қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері қатарынан құрылады.
      17. Комиссия отырысы оның төрағасы бекiткен жоспар бойынша өткiзiледi және егер оның мүшелерінің жалпы санының 2/3-інен астамы қатысса, заңды деп есептеледi.
      18. Комиссия шешiмдерi отырысқа қатысушы Комиссия мүшелерiнiң қарапайым көпшiлiгінің ашық дауыс беруі арқылы қабылданады және ол төраға қол қоятын хаттамамен ресiмделедi. Комиссия құрамының даусы тең болған жағдайда Комиссия төрағасының даусы шешуші болып саналады.

4. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды
даярлауға, сондай-ақ жоғары оқу орындарының дайындық
бөлімдерінде мемлекеттік тапсырысты орналастыру

      19. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру үшін білім беру саласындағы уәкілетті орган жыл сайын жоғары оқу орындарының арасында конкурс жариялайды.
      Конкурс өткiзу туралы шешiм және конкурстық құжаттамалар Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрiнiң немесе оның міндетін атқарушы тұлғаның бұйрығымен ресімделеді.
      20. Конкурс өткiзу туралы хабарландыру білім беру саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурстарында жарияланады.
      21. Конкурс өткiзу үшiн құрамы Министрдiң немесе оның міндетін атқарушы тұлғаның бұйрығымен бекiтiлетін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) құрылады.
      Комиссия төрағасы Министр болып табылады. Комиссия білім беру саласындағы уәкілетті органның, басқа да мүдделі мемлекеттік органдар мен ведомстволардың, қоғамдық ұйымдардың қызметкерлерінен құрылады. Комиссия құрамының саны оның төрағасын қоса алғанда тақ болып табылады.
      22. Комиссия отырысы оның төрағасы бекiткен жоспар бойынша өткiзiледi және егер оның мүшелерінің жалпы санының 2/3-інен астамы қатысса, заңды деп есептеледi.
      23. Комиссия шешiмдерi отырысқа қатысушы Комиссия мүшелерiнiң қарапайым көпшiлiгінің ашық дауыс беруі арқылы қабылданады және ол төраға қол қоятын хаттамамен ресiмделедi. Комиссия құрамының даусы тең болған жағдайда Комиссия төрағасының даусы шешуші болып саналады.
      24. Конкурстық өтінімге енетін құжаттарға ұйымның бірінші басшысының қолы қойылып, елтаңбалы мөрмен расталуы және конкурсты өткiзу туралы хабарландыруда көрсетiлген тәртiпте ұсынылуы қажет.
      25. Конкурстық өтiнiмдi білім беру саласындағы уәкілетті орган конкурс өткiзу туралы хабарландыруда көрсетiлген сағат пен күннен кешiктiрмей қабылдауы тиiс. Конкурстық өтiнiм беру мерзiмi аяқталғаннан кейiн түскен конкурстық өтiнiм кешiгу себептерiне қарамастан қаралмайды. Конкурстық өтінімдерді беру мерзімі аяқталғаннан кейін оларға қандай да бір өзгерістер енгізуге рұқсат етілмейді.
      26. Комиссия конкурстық өтінімдерді өтінім берілген күннен бастап 20 күнтізбелік күн ішінде қарастырады, олардың конкурстық құжаттамалар талаптарына сәйкестігі деңгейін анықтайды және оларды бағалауды жүргізеді.
      27. Жоғары білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру үшін жоғары оқу орындарын анықтау кезінде Комиссия мынадай негізгі өлшемдерді басшылыққа алады:
      1) білім беру процесін кадрлық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуі және педагогикалық қызметкерінің біліктілік деңгейі;
      2) оқу, оқу-әдістемелік әдебиеттермен және басқа да ақпараттық ресурстармен қамтамасыз етілуі;
      3) ғылыми әлеуеті мен жүргізген ғылыми зерттеулерінің деңгейі;
      4) білім алушыларды жатақханамен, қоғамдық тамақтандыру және медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз ету мүмкіндігі;
      5) аттестатталған, аккредиттелген білім беру бағдарламаларының болуы;
      6) бітірушінің жұмыспен қамтылуы және қажеттілігі;
      7) инновациялық білім беру технологияларын енгізуі.
      28. Жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру үшін базалық жоғары оқу орындарын анықтау кезінде Комиссия мынадай негізгі өлшемдерді басшылыққа алады:
      1) ЖОО-ның профессорлық-оқытушылық құрамынан нөлдік емес импакт-факторы бар шетелдік ғылыми басылымдарда ғылыми жарияланымдары, сондай-ақ басқа елдердің ғалымдарымен белсенді халықаралық ынтымақтастық орнатуда тәжірибесі, ғылым докторы/философия докторы (Phd)/бейіні бойынша доктор/ғылым кандидаты ғылыми дәрежелері бар ғылыми жетекшінің болуы;
      2) шетелдік әріптес ЖОО-лармен (ғылыми ұйымдармен) бірлесіп, ғылыми-білім беру жобаларын әзірлеу;
      3) бірлескен ғылыми жобаларды орындау және зерттеу базасын ұсыну туралы аккредиттелген әріптес ғылыми ұйымдармен жасалған шарттардың болуы;
      4) ғылыми-білім беру процесін кадрлық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету;
      5) әлемдік ғылыми және білім беру ресурстарына қол жеткізу;
      6) аттестатталған, аккредиттелген білім беру бағдарламаларының болуы;
      7) инновациялық технологияларды енгізу;
      8) жоғары оқу орындарының халықаралық және ұлттық рейтингілеріне қатысу;
      9) гранттық және бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру негізінде іргелі және қолданбалы зерттеулер бойынша ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларды орындау;
      10) халықаралық білім беру және ғылыми жобаларға қатысу;
      11) білім алушыларды жатақханамен, қоғамдық тамақтандыру және медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз ету мүмкіндігі.
      29. Дайындық бөлімдеріне тыңдаушыларды оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру үшін жоғары оқу орындарын анықтау кезінде Комиссия мынадай негізгі өлшемдерді басшылыққа алады:
      1) білім беру үдерісінің кадрлық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі және педагог қызметкерлердің біліктілік деңгейі;
      2) оқу, оқу-әдістемелік әдебиеттермен және басқа ақпараттық ресурстармен қамтамасыз етілуі;
      3) жоғары оқу орнында білім алушыларға жатақханада орынның, қоғамдық тамақтану орнының және медициналық қызмет көрсету орны мен спорт залы мен жабдықтарының жеткілікті болуы.
      30. Конкурс жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі мамандықтар бойынша бөлек өткізіледі.
      31. Комиссия бағалау негізінде және конкурстық өтінімді салыстыра келе тізбе бойынша шешім қабылдайды:
      1) конкурс шарттары бойынша жоғары білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыратын жоғары оқу орындары;
      2) конкурс шарттары бойынша мамандықтар бөлінісінде көлемі көрсетіле отырып, жоғары білімі бар педагог кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатын педагогикалық жоғары оқу орындары;
      3) конкурс шарттары бойынша мамандықтар бөлінісінде, оның ішінде магистрлерді және философия докторларын (PhD)/бейіні бойынша докторларды мақсатты түрде даярлау үшін көлемін көрсете отырып, жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыратын базалық жоғары оқу орындары.
      32. Конкурстық комиссия жұмысының нәтижелері бойынша Министрдің немесе оның міндетін атқарушы тұлғаның бұйрығымен:
      1) жоғары білімі бар кадрлар даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатын жоғары оқу орындарының тізбелері;
      2) мамандық бөлінісінде, оның ішінде магистрлерді және философия докторларын (PhD)/бейіні бойынша докторларды мақсатты түрде даярлау үшін көлемін көрсете отырып, жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатын базалық жоғары оқу орындарының тізбесі;
      3) жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдеріне тыңдаушыларды оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатын үшін жоғары оқу орындарының тізбесі бекітіледі және білім беру саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурстарында жарияланады.