Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімшелері мемлекеттік қызметшілерінің санаттарын мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға жатқызу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2012 жылғы 24 ақпандағы № 41-ө Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2012 жылы 16 наурызда № 7467 тіркелді

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 116-бабының 1-1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімшелері мемлекеттік қызметшілерінің санаттарын мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға жатқызу қағидалары бекітілсін.
      2. Әкімшілік-кадрлық жұмыс департаменті осы бұйрықты Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің назарына жеткізсін.
      3. Экологиялық реттеу және бақылау комитеті осы бұйрықты аумақтық органдардың назарына жеткізсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    Н. Қаппаров

Қазақстан Республикасы 
Қоршаған ортаны қорғау 
министрінің      
2012 жылғы 24 ақпандағы
№ 41-ө бұйрығымен   
бекітілген      

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 21.12.2015 № 731 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның
мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімшелері мемлекеттік
қызметшілерінің санаттарын мемлекеттік экологиялық
бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға жатқызу
қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімшелері мемлекеттік қызметшілерінің санаттарын мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға жатқызу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 116-бабына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 28 желтоқсандағы № 501 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік әкімшілік қызметшілер лауазымдарының санаттары бойынша тізілімге (бұдан әрі – Тізілім) сәйкес әзірленген және мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімшелері мемлекеттік қызметшілерінің санаттарын Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Мұнай-газ кешеніндегі экологиялық реттеу, бақылау және мемлекеттік инспекция комитетінің (бұдан әрі - Комитет) және оның аумақтық органдарының лауазымды адамдарына жатқызу тәртібін айқындайды.
      2. Комитеттің және оның аумақтық органдарының лауазымды адамдарының санаттарына жатқызу мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адам тағайындалған кезде анықталады.

2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның
мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімшелері мемлекеттік
қызметшілерінің санаттарын жатқызу тәртібі

      3. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға мыналар жатады:
      Комитет төрағасының орынбасары болып табылатын Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік экологиялық инспекторы;
      Комитеттің мемлекеттік экологиялық бақылау басқармасының басшысы болып табылатын Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік экологиялық инспекторының орынбасары;
      Комитеттің мемлекеттік экологиялық бақылау басқармасының бас сарапшылары болып табылатын Қазақстан Республикасының аға мемлекеттік экологиялық инспекторлары;
      Комитеттің мемлекеттік экологиялық бақылау басқармасының сарапшылары болып табылатын Қазақстан Республикасының мемлекеттік экологиялық инспекторлары;
      Комитеттің аумақтық экология департаменттері басшыларының орынбасарлары болып табылатын облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) Бас мемлекеттік экологиялық инспекторлары;
      Комитеттің аумақтық экология департаменттерінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімдерінің басшылары болып табылатын облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аға мемлекеттік экологиялық инспекторлары;
      Комитеттің аумақтық экология департаменттерінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімдерінің бас мамандары болып табылатын облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) мемлекеттік экологиялық инспекторлары;
      Комитеттің аумақтық экология департаменттерінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімдерінің жетекші мамандары болып табылатын облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) мемлекеттік экологиялық инспекторлары.