2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 6 бабына, 1997 жылғы 16 сәуірдегі «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 97 бабына сәйкес, Ақкөл аудандық мәслихаты ШЕШІМ ЕТТІ:
1. Ақкөл ауданында тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету Ережелері осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. «Тұрғын үй көмегін тағайындау және төлеу Ережелерін бекіту туралы» Ақкөл аудандық мәслихаттың 2009 жылғы 1 маусымдағы № С 19–3 (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1-3-108 тіркелген, 2009 жылғы 26 маусымда аудандық «Ақкөл өмірі» және «Знамя Родины КZ» газеттерінде жарияланған) шешімі күші жойылған деп танылсын.
3. Осы шешім Ақмола облысының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.
Ақкөл аудандық мәслихаты
сессиясының төрайымы А.Мананбаева
Ақкөл аудандық
мәслихат хатшысы Ю.Ужакин
«КЕЛІСІЛДІ»
Ақкөл ауданының әкімі А.Үйсімбаев
Ақкөл аудандық мәслихаттың
2011 жылғы 26 қыркүйектегі
№ С 43-3 шешімімен
БЕКІТІЛДІ
Ақкөл ауданында тұратын аз қамтылған отбасыларға
(азаматтарға) тұрғын үй көмегiн көрсету
ЕРЕЖЕЛЕРІ
Осы тұрғын үй көмегiн көрсету Ережесi (бұдан әрi - Ереже) Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына, «Әлеуметтiк тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерiн көрсеткенi үшiн абоненттiк төлемақы тарифiнiң көтерiлуiне өтемақы төлеудiң кейбiр мәселелерi туралы» 2009 жылғы 14 сәуiрдегi № 512 Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысына, «Тұрғын үй көмегiн көрсету Ережесін бекiту туралы» 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысына сәйкес әзiрлендi және Ақкөл ауданында тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегiн тағайындаудың мөлшерiн және тәртiбiн анықтайды.
1. Жалпы қағидалар
1. Тұрғын үй көмегi – жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен Ақкөл ауданының аумағында тұрақты тұратын аз қамтамасыз етiлген отбасыларға (азаматтарға):
жекешелендірілген тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға арналған шығыстар төлемін;
тұрғын үйдiң меншiк иелерi немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылары) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтердi тұтынуға;
байланыс саласындағы заңнамада белгiленген тәртiппен тұрғын үйдiң меншiк иелерi немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылары) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) телекоммуникация желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк төлемақының ұлғаюы бөлiгiнде байланыс қызметтерiне;
жергiлiктi атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үйдi пайдаланғаны үшiн жалға алу төлемақысына ақы төлеуге берiледi.
Аз қамтамасыз етiлген отбасылардың (азаматтардың) тұрған үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетiлген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретiнде айқындалады.
2. Тұрғын үй көмегi телекоммуникация желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк төлемақының, тұрғын үйдi пайдаланғаны үшiн жалға алу ақысының ұлғаюы бөлiгiнде тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға арналған шығыстар төлемін арналған жарналарға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерiн тұтынуға нормалар шегiнде ақы төлеу сомасы мен отбасының осы мақсаттарға жұмсаған шығыстарының шектi жол берiлетiн деңгейiнiң арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
Телекоммуникация желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк төлемақының, тұрғын үйдi пайдаланғаны үшiн жалға алу ақысының ұлғаюы бөлiгiнде отбасының бiр айда тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға арналған шығыстар төлемін арналған жарналарға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерiн тұтынуға жұмсалған шығыстарының шектi жол берiлетiн деңгейiнiң отбасының орташа айлық жиынтық кiрiсiне 15 пайыз көлемiнде белгiленедi.
Тұрғын үйдi ұстау және коммуналдық қызметтердi тұтыну белгiленген үй көлемiнiң нормасынан артығын жалпыға бiрдей төленедi.
3. Өтемақы шарамен қамтамасыз етiлетiн тұрғын үй аумағы бір адамға 18 шаршы метр, жалғыз тұратын азаматтар үшін 30 шаршы метрден аспайтын мөлшерде қабылданады.
Қатты отынды пайдаланғаны үшін өтемақы жергілікті жылуы бар үйлер үшін айына пайдалы ауданының 1 шаршы м. 83 кг мөлшерінде, бірақ отбасына жылына 5 тоннадан көп емес мөлшерінде бекітілсін. Көмір бағасын өткен тоқсанда жинақталған санақ мәліметтері бойынша орташа бағасымен алынсын.
Тұрғын үй көмегін есептегенде көмірді мерзімдік сатып алуына байланысты, қатты отын шығындарының өтемақы мөлшерлері шегінде жылу беру мерзімі кезеңінде өтініш берген тоқсанның үш айына жылына бір рет ескеріледі.
Тұрғын үй көмегін есептегенде шығын мөлшері мен жергілікті жылу беру үшін қолданылатын басқа отын түрінің бағасын шығынның эквиваленттік мөлшеріне және көмірдің құнына есептелінсін.
4. Тұрғын үй көмегін тағайындауды және төлеуді жүргізетін атқарушы органы болып «Ақкөл аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі бекітілді.
2. Тұрғын үй көмегін тағайындау және төлеу
5. Тұрғын үй көмегі өтініш берген айдан бастап ағымдағы тоқсанға, бірақ құқығы пайда болғанынан бұрын емес тағайындалады.
6. Тұрғын үй көмегін көрсету жөніндегі өтінішті үй иесі, үйді жалға алушы (қосымша жалдаушылардың) мына құжаттарды қоса тапсырады:
1) өтініш берген азаматтың жеке куәлік құжатының көшірмесі;
2) тұрғын үйге құқығы барын растайтын құжаттың көшірмесі;
3) азаматтарды тіркеу кітабының көшірмесі;
4) отбасының алдағы тоқсандағы табысын растайтын құжаттары;
5) телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған келісім шарттың көшірмесі (қалалық телекоммуникация желісінің абонентіне);
6) алдағы тоқсандағы коммуналдық қызметтері үшін төлем шоттары (түбіртектер), ал орталық жылу болған жағдайда жылу беру бойынша қызметтерді ұсыну туралы келісім шарттың көшірмесі;
7) кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн күрделi жөндеуге (кондоминиум объектiнің жалпы мүлкінің күрделі жөндегені үшін өтемақыны алуға құқығы бар отбасыларға) арналған мақсатты жарнаның көлемi туралы шоты;
8) жергiлiктi атқарушы органмен (тұрғын үй инспекциясымен) келiсiлген, пәтерлердiң меншiк иелерi мен жалдаушыларының (қосымша жалдаушылардың) жалпы жиналысында бекiтiлген кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн күрделi жөндеудiң жекелеген түрлерiн жүргiзуге арналған шығыстар сметасы негiзiнде кондоминиум объектiсiн басқару органы ұсынатын және мөрмен, кондоминиум объектiсiн басқару органы басшының қолымен расталған кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн күрделi жөндеуге қаражат жинақтауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшерi туралы шоты;
9) тұрғын үйді қолданғаны үшін жергілікті атқарушы органы ұсынатын жалгерлік төлемақының көлемі туралы шоты.
Құжаттардың түпнұсқалары мен көшірмелері ұсынылады. Жауапты тұлға құжаттарды қабылдаған сәтте ұсынылған көшірмелерді құжаттардың түпнұсқасымен салыстырады және салыстыруды өткізгеннен соң түпнұсқаларды қайтарады.
7. Тұрғын үй көмегін тағайындау ағымдағы тоқсанға тоқсан сайын жүргізіледі, бірақ отбасының кірістері және (жылу беру шығындардан басқа) коммуналдық қызметтері үшін шығындары өткен тоқсанға есептелінеді, ал жылу беру шығындары нақты төлемдер бойынша ендігі есептерімен жоспарланған есептерден алынады.
8. Ұсынылған құжаттарды қарастыру қорытындылары бойынша атқарушы орган құжаттарды тапсырған сәттен бастап күнтізбелік он күннің ішінде тұрғын үйді тағайындалғаны немесе бас тартқандығы туралы шешім қабылдайды да, өтініш берушіге жазбаша түрде хабар береді.
9. Тұрғын үй көмегі жеке меншікте бір бірліктен артық үйі (пәтері, үйі) бар немесе үйін жалға берген отбасыларды (адамдарды), сонымен қатар отбасы құрамындағы еңбекке жарамды адам жұмыс істемесе, оқымаса және жұмыспен қамту мәселелері бойынша уәкілетті органда жұмыссыз ретінде тіркелмесе, мүгедектерді, күтімде қажеттілігі бар деп танылған мүгедектерге, үш жасқа дейінгі балалардың, сексен жастан асқан тұлғалардың күтімін іске асыратын тұлғаларды және 1999 жылғы 10 желтоқсандағы № 1930 «Жер асты және ашық кен жұмыстарындағы, еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстардағы өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің, лауазымдар мен көрсеткіштердің № 1 Тізімін және Еңбек жағдайлары зиянды және ауыр жұмыстардағы өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің, лауазымдар мен көрсеткіштердің № 2 Тізімін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген, № 1 және № 2 тізімдері бойынша арнайы мемлекеттік жәрдемақыны алушыларды есептемегенде, аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тағайындалады.
10. Өтініш беруші толымсыз, сенімсіз мәліметтерді ұсынған жағдайда тұрғын үй көмегі тағайындалмайды, ал заңсыз түрде алынған қаражаттар бюджетке өтелуге жатады. Өзгерістер болған жағдайда (отбасы құрамы, үй меншігі түрінде) өтініш беруші өзгерістер болған күннен бастап өкілетті органды күнтізбелік он күннің ішінде ақпараттандырады.
11. Уәкілетті орган қажет болған жағдайда өтініш берушіден немесе тиісті органдардан оның тұрғын үй көмегін тағайындауға құқығы бар екенін растайтын қосымша мәліметтер сұрайды.
12. Тұрғын үй көмегі алушылардың «Казпошта» акционерлік қоғамы Ақмола облыстық филиалының Ақкөл аудандық пошта байланыс торабындағы есеп шотына есептеу жолымен ақшалай төлем түрінде бекітіледі.
13. Тұрғын үй көмегі қаржыландыру жоспарына сәйкес жүргізіледі.
3. Отбасының жиынтық табысын есептеу тәртібі
14. Тұрғын үй көмегін тағайындау және төлеу бойынша өкілетті орган тұрғын үй көмегін алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсандағы табыстарынан Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі № 237-п бұйрығымен бекітілген мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеу Ережесі негізінде есептейді.