Техникалық реттеу және метрология саласындағы жеке кәсіпкерлік аясында тәуекел дәрежесін бағалау өлшемдерін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрінің м.а. 2011 жылғы 2 желтоқсандағы № 440 және Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрінің м.а. 2012 жылғы 12 қаңтардағы № 5 Бірлескен Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2012 жылғы 18 ақпандада № 7429 тіркелді

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасында мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы Заңы 13-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫЗ :
      1. Қоса беріліп отырған техникалық реттеу және метрология саласындағы жеке кәсіпкерлік аясында тәуекел дәрежесін бағалау өлшемдері бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті (Р.А.Сәтбаев):
      1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін;
      3) Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің интернет-ресурсында осы бұйрықтың жариялануын қамтамасыз етсін.
      3. "Техникалық реттеу және метрология саласындағы жеке кәсіпкерлік аясында тәуекел дәрежесін бағалау өлшемдерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрінің міндетін атқарушы 2011 жылғы 12 мамырдағы № 140 және Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің міндетін атқарушының 2011 жылғы 30 маусымдағы № 149 (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7036 болып тіркелген, орыс тілінде 2011 жылғы 21 шілдедегі № 225 (26646) "Казахстанская правда" және қазақ тілінде 2011 жылғы 27 шілдедегі № 325-328 (26722) "Егемен Қазақстан" республикалық газеттерінде жарияланған) бірлескен бұйрығының күші жойылды деп танылсын.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Қ.А.Тулеушинге жүктелсін.
      5. Осы бұйрық оның алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Индустрия және жаңа                      Қазақстан Республикасының
технологиялар министрінің міндетін       Экономикалық даму және
атқарушы                                 сауда министрінің міндетін
                                         атқарушы

__________________ А.Рау                 _______________ М. Құсайынов

Қазақстан Республикасы       
Индустрия және жаңа технологиялар 
министрінің міндетін атқарушы    
2011 жылғы 2 желтоқсандағы    
№ 440 және              
Қазақстан Республикасы      
Экономикалық даму және сауда   
министрінің міндетін атқарушы  
2012 жылғы 12 қаңтардағы     
№ 5 бірлескен бұйрығымен     
бекітілген            

Техникалық реттеу және метрология саласындағы жеке кәсіпкерлік аясында тәуекел дәрежесін бағалау өлшемдері

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Техникалық реттеу және метрология саласындағы жеке кәсіпкерлік аясында тәуекел дәрежесін бағалау өлшемдері (бұдан әрі - өлшемдер) "Техникалық реттеу туралы", "Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы" және "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес техникалық реттеу және метрология саласындағы тексерілетін субъектілерді мемлекеттік метрологиялық бақылау саласында қызметті жүзеге асыру және өнімді сату кезінде тәуекел дәрежесіне жатқызу үшін әзірленген.
      2. Осы өлшемдерде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) бөлшек сауда - тауарларды тұтынушыларға олардың жеке пайдалануы үшін сату жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;
      2) көтерме сауда - жеке, отбасылық, үйішілік және осыған ұқсас өзге де пайдаланумен байланысты емес, кейіннен сатуға немесе өзге де мақсаттарға арналған тауарларды өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;
      3) метрология саласындағы тексерілетін субъектілер - Қазақстан Республикасы аумағында өлшем бірлігін қамтамасыз етумен байланысты қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар;
      4) тәуекел - тексерілетін субъектінің қызметі нәтижесінде адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың заңды мүдделеріне, мемлекеттің мүліктік мүдделеріне олардың ауырлық дәрежесін ескере отырып зиян келтіру ықтималдылығы;
      5) техникалық реттеу саласындағы тексерілетін субъектілер - техникалық регламенттің талаптары қолданылатын және/немесе сәйкестігін міндетті растауға жататын өнімді өткізетін жеке және заңды тұлғалар;
      6) ішкі сауда (ішкі сауда қызметі) - Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын сауда қызметі.
      3. Техникалық реттеу және метрология саласындағы тәуекел өлшемдері мыналарға бөлінеді:
      1) объективті:
      өнімді өткізу саласында - өткізілетін өнімнің түрі;
      мемлекеттік метрологиялық бақылау саласында - қызмет түрі.
      2) субъективті - жүргізілген тексерістер нәтижесінде анықталған Қазақстан Республикасы Заңдары, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары және Қазақстан Республикасы Үкіметінің техникалық реттеу және метрология саласындағы қаулылары талаптарының бұзылуы.
      4. Техникалық реттеу және метрология саласындағы тексерілетін субъектілерді тәуекелдердің әртүрлі дәрежелеріне бастапқы жатқызу объективті өлшемдер есебінен жүзеге асырылады.
      5. Техникалық реттеу және метрология саласындағы тексерілетін субъектілерді тәуекелдердің әртүрлі дәрежелеріне кейіннен жатқызу субъективті өлшемдер есебінен жүзеге асырылады.

2. Тәуекел дәрежесін бағалаудың объективті өлшемдері

      6. Өнімді өткізу сатысындағы тәуекел дәрежесі Қазақстан Республикасының аумағында оларды өткізу процесінде өнімнің жекелеген түрлерінің адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіру ықтималдылығына байланысты анықталады.
      7. Тәуекелдің жоғары дәрежесіне Қарағанды облысы, Алматы және Астана қалалары үшін сауда залының алаңы 800 шаршы метр (бұдан әрі - кв.м.) және одан көп, Қазақстан Республикасының қалған өңірлері үшін 500 кв.м, және одан көп бөлшек саудамен айналысатын техникалық реттеу саласындағы тексерілетін субъектілер, сондай-ақ төмендегі өнім түрлерін сатуды жүзеге асыратын сауда залының алып отырған алаңына және/немесе көтерме саудаға қарамастан мұнай өнімдерін сататын субъектілері жатады:
      1) ойыншықтар;
      2) дәрі-дәрмек құралдары және медициналық бұйымдар;
      3) жеңіл өнеркәсіп өнімі;
      4) ауыл шаруашылығы өндірісінің және тамақ өнеркәсібінің өнімдері;
      5) парфюмерлік-косметикалық өнім;
      6) құрылыс материалдары мен бұйымдары;
      7) адамның терісімен, тамақпен және сумен жанасатын халық тұтынатын тауарлар;
      8) тұрмыстық химия тауарлары;
      9) электротехникалық, радиотехникалық және электрондық тауарлар;
      10) мұнай өнімдері.
      8. Тәуекелдің орташа дәрежесіне бөлшек саудамен айналысатын және меншік құқығында немесе жалдау шарты негізінде пайдаланатын сауда залының алаңы 800 шаршы м. және одан астам Қарағанды облысы үшін, Алматы және Астана қалалары үшін және Қазақстан Республикасының қалған өңірлері үшін 500 шаршы м. және одан астам және/немесе көтерме саудамен айналысатын және/немесе мынадай өнім түрлерін өткізуді жүзеге асыратын техникалық реттеу саласындағы тексеру жүргізілетін субъектілер жатады:
      1) автокөлік құралдары және олардың бөлшектері мен детальдары;
      2) ауылшаруашылығы техникасы;
      3) әлеуетті қауіпті өндірістерге арналған жабдық;
      4) өңделген ағаш тауарлары;
      5) қызметтік және азаматтық қару және олардың патрондары;
      6) жылытқыш аппаратура.
      9. Тәуекелдің төмен дәрежесіне бөлшек саудамен айналысатын және меншік құқығында немесе жалдау шарты негізінде пайдаланатын сауда залының алаңы 800 шаршы м. және одан астам Қарағанды облысы үшін, Алматы және Астана қалалары үшін және Қазақстан Республикасының қалған өңірлері үшін 500 шаршы м. және одан астам және/немесе көтерме саудамен айналысатын және/немесе мынадай өнім түрлерін өткізуді жүзеге асыратын техникалық реттеу саласындағы тексеру жүргізілетін субъектілер жатады:
      1) темір жол саласының өнімдері;
      2) байланыс құралдары;
      3) күзеттің арнайы техникалық құралдары;
      4) орап салу ыдыстары;
      5) мемлекеттік құпияларды және қызметтік ақпаратты қамтитын мәліметтерді қорғаудың, өңдеудің, сақтаудың және берудің техникалық құралдары, сондай-ақ арнайы жедел-іздестіру іс-шараларының жүргізілуін қамтамасыз етуге арналған аппараттық және/немесе бағдарламалық құралдарды қамтитын телекоммуникация желілерінің жабдығы.
      Мемлекеттік метрологиялық бақылау саласында қызмет ету кезінде тәуекел дәрежесі өлшемдерінің дұрыс емес нәтижелерінің салдарынан Қазақстан Республикасының жеке тұлғаларына және экономикасына зиян келтіру ықтималына қарай айқындалады.
      11. Тәуекелдің жоғары дәрежесіне өлшемдермен байланысты қызметтер жатады, олардың нәтижелері:
      1) жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету бойынша жұмыстар;
      2) еңбек және көлік қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар;
      3) қоршаған ортаның жай-күйін бақылау;
      4) өлшем құралдарын сынау, метрологиялық аттестаттау, салыстырып тексеру, калибрлеу, лицензияланатын қызмет кезінде пайдаланылады.
      12. Тәуекелдің орташа дәрежесіне өлшемдермен байланысты қызметтер жатады, олардың нәтижелері:
      1) геодезиялық, геологиялық және гидрометеорологиялық қызметті жүзеге асыру;
      2) қару-жарақ, әскери және арнайы техника, арнайы өнімнің басқа да түрлерін өндіру;
      3) энергетикалық ресурстардың барлық түрлерін шығару, өндіру, өңдеу, тасымалдау, сақтау және тұтыну;
      4) мемлекеттік есепке алу операциялары сатып алушы (тұтынушы) және сатушы (өнім беруші, өндіруші, орындаушы) арасындағы, оның ішінде тұрмыстық және коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтері салаларындағы сауда-коммерциялық операциялары;
      5) Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес сәйкестікті бағалау жөніндегі қызметті жүзеге асыру;
      6) мемлекеттік органдардың, соттың және құқық қорғау органдарының тапсырмасы бойынша орындалатын жұмыстар кезінде пайдаланылатын өлшемдерге қолданылады.
      13. Тәуекелдің төмен дәрежесіне өлшемдермен байланысты қызметтер жатады, олардың нәтижелері:
      1) ғылыми зерттеулер жүргізу;
      2) ұлттық және халықаралық спорт рекордтарын тіркеу кезінде пайдаланылады.

3. Тәуекел дәрежесін бағалаудың субъективті өлшемдері

      14. Техникалық реттеу саласында анықталған бұзушылықтарына қарай техникалық реттеу саласындағы тексеру жүргізілетін субъектілерге мынадай балдар беріледі:
      1) техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейтін өнімдерді іске асыру - 20 балл;
      2) орам, таңбалау, затбелгісін жапсыру және оларды дұрыс салмау талаптарына сәйкес келмейтін өнімді қолдануды іске асырса, атап айтқанда:
      таңбалауда мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтін болмаса - 5 балл;
      тұтынушы үшін құрамына, қасиетіне, өнімнің құндылығына (тамақ өнімдері үшін), шығу тегіне, дайындау (өндірісі) және қолдану (пайдалану) тәсіліне қатысты адастырмайтын бірдей түсінікті, толық және дұрыс ақпараттың, сондай-ақ өнімнің (тауардың) сапасы мен қауіпсіздігін тікелей немесе жанама сипаттайтын өзге де мәліметтердің болмауы - 30 балл;
      3) сәйкестік сертификатынсыз (декларациясыз) және немесе жалған сәйкестік сертификаты бар өнімді әкелу және (немесе) іске асыру - 10 балл;
      4) сәйкестік сертификатының (декларацияның) қолданыс мерзімі өткен өнімді әкелу және/немесе іске асыру - 5 балл;
      5) стандарттау бойынша мәлімделген нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келмейтін өнімді іске асыру - 20 балл;
      6) өнімді шығару (оның ішінде жөндеуден), жеткізу (іске асыру) немесе қолдану (пайдалану), тиісті нормативтік құжаттарсыз жұмыстарды және қызметтерді орындау - 5 балл.
      15. Метрология саласында тексеру жүргізілетін субъектілеріне анықталған бұзушылықтарға байланысты мынадай балдар беріледі:
      1) метрологиялық аттестаттаудан өтпеген өлшемдерді орындау әдісін қолдану - 5 балл;
      2) тексерілмеген және/немесе жөнделмеген өлшем құралдарын, шама бірліктерінің эталондарын қолдану (пайдалану) - 20 балл;
      3) үлгіні немесе метрологиялық аттестацияны (өлшем бірлігін қамтамасыз ету мемлекеттік жүйесінің тізіліміне енгізілмеген) бекіту мақсаттары үшін сынақтан өтпеген өндірістен өлшем құралдарын шығару, өлшем құралдарын қолдану, іске асыру және жарнама - 20 балл;
      4) аккредиттеусіз өлшем құралдарын салыстырып тексеру және калибрлеу, өлшемдерді орындау әдістемелерін метрологиялық аттестаттау - 5 балл;
      5) өлшем бірлігін қамтамасыз ету бойынша өзекті емес нормативтік құжаттарды қолдану - 5 балл;
      6) орамда көрсетілген тауар мөлшерінің санына сәйкес келмейтін өнімді іске асыру - 20 балл;
      7) сауда операциялары кезінде бөлінетін тауарлардың санын сипаттайтын, салмағына, көлеміне, шығынына немесе басқа да шамасына сәйкес келмейтін өнімді іске асыру - 10 балл;
      8) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 14 желтоқсандағы № 1529 Қаулысымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасын дайындау жөніндегі лицензияланатын қызметке қойылатын біліктілік талаптарының бұзылуы, атап айтқанда:
      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасын дайындау жөніндегі лицензияны (қайта ресімдеуді) алуға қатысты шарттарды сақтамау - 10 балл;
      стандарттау жөнінде нормативтік құжаттар, сондай-ақ белгіленген тәртіппен келісілген және бекітілген мемлекеттік рәміздерді дайындау үрдісін регламенттейтін техникалық құжаттардың (техникалық тапсырманың, техникалық шарттардың, конструкторлық-технологиялық құжаттаманың) болмауы - 5 балл;
      жеке меншік құқығындағы немесе жалға алынған өндірістік-техникалық базасының (өндірістік үй-жайлар, технологиялық жабдықтар, өлшеу және бақылау құралдары, оның ішінде қолданыстағы стандарттау жөнінде нормативтік құжаттар талаптарына сай дайындалған мемлекеттік рәміздердің сапасын және оларды дайындаудың технологиялық үрдісінің сақталуын қамтамасыз ететін түстер атласы) болмауы - 5 балл;
      пайдаланылатын өлшеу құралдарын және сынау жабдықтарын салыстырып тексеру немесе метрологиялық аттестаттау туралы сертификаттарының болмауы - 20 балл;
      мемлекеттік рәміздерді дайындаудың технологиялық үрдісіне қарай, өндіруші әзірлеген нұсқаулықтарда белгіленген, лицензияланатын қызмет саласында тиісті біліктілігі және білім деңгейі бар персоналдың болмауы - 5 балл;
      мемлекеттік рәміздердің Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттарының талаптарына сәйкес келмеуі - 20 балл.
      16. Тексеру нәтижелері бойынша бұзушылықтар болмаған жағдайда субъектіге 0 балл беріледі, одан кейін субъект мемлекеттік метрологиялық бақылау саласындағы қызметтің түріне және іске асырылатын өнімнің түріне қарамастан тәуекелдің төменгі дәрежесіне ауысады.
      17. Балдар қосылады және техникалық реттеу және өлшемдер бірлігін қамтамасыз ету саласындағы тексеру субъектілерін тәуекел дәрежелері бойынша бөлу үшін пайдаланылады.
      18. Техникалық реттеу және метрология саласындағы тексеру субъектілерін тәуекел дәрежелері бойынша бөлу мынадай үлгіде жүзеге асырылады:
      тәуекелдің жоғары дәрежесі - 30 және одан жоғары;
      тәуекелдің орташа дәрежесі - 15-нан 25 баллға дейін;
      тәуекелдің төмен дәрежесі - 0-ден 10 баллға дейін.

4. Қорытынды ереже

      19. Техникалық реттеу және метрология саласындағы тексеру субъектілерін тексеруді жоспарлау тәуекелдің бір дәрежесінің ішінде мына үлгіде жүзеге асырылады:
      1) өнімді іске асыру саласында:
      өндірілетін өнімнің ең көп көлемі;
      тұтынушылар тарапынан шағымдар бойынша бұзушылықтардың расталған фактілерінің, оның ішінде анықтама ақпараты қызметіне келіп түскен хабарлар, техникалық реттеу саласында анықталған бұзушылықтар туралы бақылаушы мемлекеттік органдардың өтініштерінің болуы;
      тексерілмеген ең көп мерзім.
      2) метрологиялық бақылау саласында:
      қолданылатын өлшем құралдарының ең көп саны;
      тұтынушылар тарапынан шағымдар бойынша бұзушылықтардың расталған фактілерінің, оның ішінде анықтама ақпараты қызметіне келіп түскен хабарлар, метрология саласында анықталған бұзушылықтар туралы бақылаушы мемлекеттік органдардың өтініштерінің болуы;
      тексерілмеген ең көп мерзім.
      20. Мемлекеттік бақылау жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың жоспарлы тексерулерді өткізуі үшін техникалық реттеу және метрология саласындағы субъектілердің тәуекел дәрежесін бағалау өлшемдерін анықтау және тәуекел дәрежелері бойынша бөлу жыл сайын жүзеге асырылады.