Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 141-бабының 23-1) тармақшасына, 145-бабының 4-2-тармағына сәйкес Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Мыналар:
1) Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссиялары туралы үлгі ереже осы нормативтік қаулыға1-қосымшаға сай;
2) Сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының үйлестіру кеңесінің қызметін қалыптастыру және ұйымдастыру ережесі осы нормативтік қаулыға 2-қосымшаға сай бекітілсін.
2. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетiнiң аппарат басшысы Е.Қ.Сыздықов бiр ай мерзiмде Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде осы нормативтік қаулының мемлекеттiк тiркелуiн қамтамасыз етсiн.
3. Осы нормативтік қаулы алғаш ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Төраға О. Өксікбаев
Республикалық бюджеттің
атқарылуын бақылау жөніндегі
есеп комитетінің 2011 жылғы
12 тамыздағы № 1-НП
нормативтік қаулысына
1-қосымша
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың
тексеру комиссиялары туралы үлгі ереже
__________ облысы (қаласы)
мәслихатының 2011 жылғы
«___» ______№ ___ шешімімен
бекітілген
«__________ облысы (қаласы) бойынша тексеру комиссиясы»
мемлекеттік мекемесінің
ережесі
I. Жалпы ережелер
1. «_________облысы (қаласы) бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Тексеру комиссиясы) жергілікті бюджеттердің атқарылуына жергілікті деңгейде сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік орган болып табылады.
2. Тексеру комиссиясы жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті ұсыну арқылы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың (бұдан әрі - қала) мәслихатына тікелей есеп береді.
3. Тексеру комиссиясы өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне, бюджеттің атқарылу мәселелерін реттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Тексеру комиссиясы заңды тұлға болып табылады, оның мемлекеттік тілде өзінің атауы бар елтаңбалық мөрі мен мөртабандары, бланкілері, сондай-ақ бюджет және банк заңнамасына сәйкес банктерде шоттары болады.
5. Тексеру комиссиясы азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
6. Тексеру комиссиясының ережесін _________облысының (қаласының) мәслихаты бекітеді.
7. Тексеру комиссиясының заңды мекенжайы:
(индексі, қаласы, көшесі).
8. Тексеру комиссиясының толық атауы:
мемлекеттік тілде «________ облысы (қаласы) бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесі;
орыс тілінде: государственное учреждение «Ревизионная комиссия по ________ области (городу_____)».
9. Тексеру комиссиясының құрылымын тексеру комиссиясының төрағасы, тексеру комиссиясының төрт мүшесі және тексеру комиссиясының аппараты құрайды.
10. Тексеру комиссиясының аппараты құрылымында бюджеттердің кіріс және шығыс бөліктері, мемлекет активтері бойынша бақылау-талдау жұмысқа жауап беретін бөлімшелер, сондай-ақ ұйымдастырушылық-құқықтық қамтамасыз етуге жауапты бөлімше құрылады. Тексеру комиссиясының ұсынылып отырған құрылымы осы Үлгі ережеге қосымшаға сай бекітіледі.
11. Тексеру комиссиясының төрағасы немесе мүшесі лауазымына жоғары білімі және мемлекеттік басқару, экономика, қаржы саласында кемінде жеті жыл тәжірибесі бар Қазақстан Республикасының азаматы тағайындалады.
12. Тексеру комиссиясының қызметін қаржыландыру _____облыстық (қалалық) бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Тексеру комиссиясының төрағасын, мүшелерін және аппарат қызметкерлерін материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз ету, сондай-ақ оларға көліктік қызмет көрсету Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
13. Тексеру комиссиясының қаржылық қызметін бақылау облыс (қала) мәслихатының келісімімен немесе тапсырмасы бойынша жүзеге асырылады.
2. Тексеру комиссиясының негізгі міндеттері мен өкілеттіктері
14.Тексеру комиссиясының негізгі міндеттері:
1) жергілікті бюджеттердің атқарылуына және мемлекет активтерінің пайдаланылуына жергілікті деңгейде сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асыру;
2) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасының, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының және жергілікті бюджеттердің атқарылуы, бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің пайдаланылуы саласындағы Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің талаптарының сақталуын бақылау;
3) жергілікті бюджеттердің атқарылуын және мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының, аумақтарды дамыту бағдарламаларының және бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын бағалау болып табылады.
15. Тексеру комиссиясының өкілеттіктері:
1) мыналарды:
өз қызметінің бағыттары бойынша тиімділікті;
бақылау объектілерінің есепке алу мен есептілікті жүргізуінің анықтығы мен дұрыстығын;
жергілікті бюджет қаражатын, оның ішінде нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттер, байланысты гранттар, жергілікті атқарушы органдардың қарыздары, мемлекет активтері түрінде жоғары тұрған бюджеттен төмен тұрған бюджетке бөлінген қаражатты пайдаланудың Қазақстан Республикасының бюджет, қаржы заңнамасына сәйкестігін;
жергілікті бюджетке түсетін түсімдердің толықтығы мен уақтылылығының қамтамасыз етілуін, сондай-ақ жергілікті бюджеттен түсетін түсімдер сомаларының қайтарылуын;
Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
2) мыналарды:
жергілікті бюджеттердің, оның ішінде Қазақстан Республикасы бюджет жүйесінің принциптеріне сәйкес атқарылуын;
жергілікті мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының, аумақтарды дамыту бағдарламаларының және бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын бағалауды жүзеге асырады;
3) тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің облыс (қала) және аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихаттарына осы Ереженің 44-тармағында белгіленген мерзімде жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті ұсынады, ол өзінің мазмұны бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің жергілікті атқарушы органының тиісті есебіне қорытынды болып табылады;
4) Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне мемлекеттік бағдарламаларға бірлескен (параллель) бақылауды жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар енгізуге құқылы;
5) бюджет және өзге де қаржы заңнамасын лауазымды адамдардың сақтамауының анықталған фактілері бойынша, сондай-ақ тиімділікті бақылау нәтижелері бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің мәслихаттарына қаулылар (ұсынымдар) енгізеді;
6) мемлекеттік органдардан, мемлекеттік қаржылық бақылау объектілерінен, жеке және заңды тұлғалардан құпиялылық режимінің сақталуын ескере отырып, жергілікті бюджеттің атқарылуына сыртқы бақылауды жүргізуге байланысты мәселелер бойынша бақылауды жоспарлауға және жүргізуге қажетті құжаттарды, анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсініктемелерді сұратады және алады;
7) бақылау объектілері лауазымды адамдарының сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жүргізуге байланысты мәселелер бойынша есептерін тыңдайды;
8) бақылауды жүргізуге мемлекеттік органдардың тиісті мамандарын, сондай-ақ жергілікті бюджеттен олардың көрсеткен қызметтеріне ақы төлей отырып, аудиторлық ұйымдарды, сарапшыларды тартады;
9) бақылау объектісінен құжаттандыру және сақтандыру мәселелерін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтай отырып, бақылау қорытындысын растайтын тиісті материалдарды (дәлелдемелерді) кедергісіз алады;
10) бақылау және талдау іс-шаралары барысында анықталған (анықталатын) бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдайды;
11) жергілікті бюджеттерге нысаналы трансферттер, кредиттер және қарыздар түрінде бөлінген республикалық бюджет қаражатын пайдалану мәселелері бойынша Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің жүргізетін бақылау іс-шараларына қатысуға құқылы;
12) жергілікті атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарға, сондай-ақ бақылау объектілеріне жіберілген ұсынымдар мен тапсырмалардың орындалуына мониторинг пен бақылау жүргізеді;
13) лауазымды адамдардың кінәсінен болған бұзушылықтар анықталған жағдайда, тиісті мемлекеттік органдарға немесе оларды тағайындаған адамдарға осы лауазымды адамдардың атқарып отырған лауазымдарға сәйкестігі туралы ұсыныстар енгізуге құқылы;
14) Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген ішкі бақылау жөніндегі органның жүргізген бақылауының жергілікті бюджеттің атқарылуы бөлігіндегі нәтижелері бойынша қабылданған актілерді сұратуға құқылы;
15) облыстық (қалалық) бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың ішкі бақылау қызметтері ұсынатын жергілікті бюджеттің атқарылуына ішкі бақылау жүргізу актілерін талдайды және жергілікті бюджеттің атқарылуына ішкі бақылау жасаудың тиімділігін арттыру жөнінде ұсынымдар береді;
16) Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсынымдар енгізеді;
17) Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3.Тексеру комиссиясының қызметін ұйымдастыру
16. Тексеру комиссиясына мәслихат хатшысының ұсынысы бойынша облыс (қала) мәслихаты бес жыл мерзімге қызметке тағайындайтын төраға басшылық етеді.
17. Тексеру комиссиясының төрағасы:
1) Тексеру комиссиясына жалпы басшылықты жүзеге асырады және оның жұмысын ұйымдастырады;
2) Тексеру комиссиясына жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз функцияларын жүзеге асыруына, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарының орындалуына және сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жасауда Қазақстан Республикасының Заңдарында көзделген жауаптылықта болады;
3) Тексеру комиссиясының жылдық және тоқсандық жұмыс жоспарларын бекітеді;
4) Тексеру комиссиясының лауазымды адамдарының арасындағы міндеттерді бөледі;
5) өзге мемлекеттік органдарда, Қазақстан Республикасының ұйымдарында және Қазақстан Республикасынан тыс жерде Тексеру комиссиясының атынан өкілдік етеді;
6) бекітілген штат саны және облыстық (қалалық) бюджетте көзделген қаражат шегінде Тексеру комиссиясы аппаратының құрылымы мен штат кестесін бекітеді;
7) «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Тексеру комиссиясы аппаратының қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
8) «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен Тексеру комиссиясы аппаратының қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолданады;
9) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады, нұсқаулар береді, олардың орындалуын тексереді, Тексеру комиссиясының отырыстарында қабылданған қаулыларға және өзге де актілерге қол қояды;
10) Тексеру комиссиясы қызметінің регламентін бекітеді;
11) Тексеру комиссиясының жылдық (тоқсандық) жұмыс жоспары шеңберiнде жүзеге асырылатын бақылау іс-шараларының жоспарларын бекiтедi, бақылаудың кезеңділiгi мен ұзақтығын айқындайды;
12) Тексеру комиссиясының мүшелеріне бақылау жүргізуге тапсырмалар береді;
13) Тексеру комиссиясының құзыреті шегінде бақылау іс-шараларын жүргізуге қатысатын Тексеру комиссиясы аппараты қызметкерлерінің тобын айқындайды;
14) Тексеру комиссиясы аппараты қызметкерлері қызметінің, олар жүргізген бақылаудың, оның ішінде мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарына сәйкес бақылау объектісінде бола отырып жүргізген бақылаудың жекелеген бағыттарының сапасына бақылау жүргізудің қажеттігін айқындайды;
15) жергілікті бюджеттердiң атқарылуын және мемлекет активтерінің пайдаланылуын бақылау мәселелерiне қатысты құжаттамамен құпиялылық режимiнiң, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпиялардың сақталуын ескере отырып, кедергiсiз танысады;
16) бақылау объектілерiнен бақылау iс-шараларын жүргізуге байланысты мәселелер бойынша қажеттi анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсiнiктемелердi талап етедi және өзі белгiлеген мерзiмде алады;
17) тиісті мәслихаттың қарауына Тексеру комиссиясы мүшелерінің кандидатуралары бойынша оларды тағайындау, сондай-ақ қызметінен босату жөнінде ұсыныстар енгізуге құқылы;
18) тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің мәслихатына аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есепті ұсынуды Тексеру комиссиясы мүшелерінің біріне жүктейді;
19) тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің облыс (қала) және аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдігінің отырыстарына қатысуға құқылы;
20) Тексеру комиссиясы төрағасының жанынан консультативтік-кеңесшi және консультативтiк-сараптамалық органдар құрады;
21) өзі болмаған жағдайда Тексеру комиссиясы төрағасының мiндетiн Тексеру комиссиясы мүшелерiнің бiрiне жүктейдi.
18. Тексеру комиссиясының мүшелерi:
1) Тексеру комиссиясы төрағасының ұсынысы бойынша облыстың (қаланың) мәслихаты шешімімен бес жыл мерзімге қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады;
2) Тексеру комиссиясының бақылау, сараптамалық-талдамалық, ақпараттық және өзге де қызметін ұйымдастырады және жүзеге асырады;
3) өз өкілеттiктерiн жүзеге асыру барысында Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтайды, тексерілетiн бақылау объектілерiнiң жұмыс iстеуiне кедергі жасамауы және олардың ағымдағы шаруашылық қызметiне араласпауы қажет;
4) жергілікті бюджеттердiң атқарылуын бақылау мәселелерiне қатысты құжаттамамен құпиялылық режимiнiң, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпиялардың сақталуын ескере отырып, кедергiсiз қол жеткізе алады;
5) бақылау объектілерiнен бақылау iс-шараларын жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша қажеттi анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсiнiктемелердi талап етедi және өздері белгiлеген мерзiмдерде алады;
6) өз құзыретi шегiнде өздерi жетекшiлiк ететiн қызмет бағыттарының мәселелерi бойынша өз бетiнше шешiм қабылдайды;
7) бақылауды тиiмдi ұйымдастыру үшiн қажеттi ресурстардың көлемiн анықтай отырып, өз құзыретi шегiнде бақылау бағдарламаларын бекiтедi;
8) Тексеру комиссиясы аппаратының қызметкерлерiне бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес бақылау іс-шараларын жүргізуге тапсырмалар бередi;
9) тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің облыс (қала) және аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдігінің отырыстарына қатысуға құқылы.
19. Өз өкiлеттiктерiн iске асыру үшiн Тексеру комиссиясының төрағасы және мүшелерi:
1) бақылау нәтижелерi бойынша актiлердi қабылдайды;
2) бақылау актiлерi негiзiнде бақылау нәтижелерi туралы қорытындылар жасайды;
3) Тексеру комиссиясының қаулыларын қабылдайды;
4) мемлекеттiк органдарға, ұйымдарға және лауазымды адамдарға жергілікті бюджеттердің атқарылуы бойынша жұмыстағы анықталған бұзушылықтарды, кемшiлiктердi жою туралы, құқық қорғау органдарына - Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген жауапкершiлiкке тарту мәселелерi бойынша қаулылар мен ұсынымдар жолдайды.
20. Тексеру комиссиясының төрағасы мен мүшелерiне облыс (қала) мәслихатының хатшысы қол қоятын куәлiктер берiледi.
21. Тексеру комиссиясы төрағасының немесе мүшесiнің отставкаға кету туралы өтініші оның себебі көрсетіле отырып, облыстың (қаланың) мәслихатына беріледі.
22. Тексеру комиссиясы мүшесінің отставкаға кету туралы өтініші Тексеру комиссиясының төрағасын алдын ала хабардар ете отырып беріледі.
23. Тексеру комиссиясы төрағасының немесе Тексеру комиссиясы мүшесiнің өкілеттіктерін мынадай жағдайларда:
1) отставкаға шығуы қабылданғанда;
2) оған қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енгенде;
3) заңды күшіне енген сот шешімімен оны әрекетке қабілетсіз деп танығанда;
4) заңды күшіне енген сот шешімімен оны қайтыс болды не хабарсыз кеткен деп танығанда;
5) қайтыс болғанда;
6) лауазымдық міндеттерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді сақтамағанда;
7) лауазымда болудың белгіленген мерзімі аяқталғанда;
8) Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылғанда;
9) Қазақстан Республикасынан тыс жерге тұрақты тұруға кеткенде;
10) оларды тағайындаған тұлғалардың шешімі бойынша өзге де жағдайларда облыстың (қаланың) мәслихаты тоқтатады.
24. Тексеру комиссиясы төрағасының және мүшесінің қызметтен кеткен немесе осы қызметте болу мерзімі аяқталған күннен бастап екі ай ішінде оларды басқа адамдар ауыстырады.
Тексеру комиссиясының төрағасы және мүшесі атқаратын қызметтерінде болу мерзімі аяқталғаннан кейін оларды басқа адамдар ауыстырғанға дейін өз қызметтерін атқарушы ретінде жүзеге асыруды жалғастырады.
25. Тексеру комиссиясының бақылау іс-шараларын жүргізуді, ақпараттық-талдау, құқықтық, консультациялық, ұйымдастырушылық және өзге де қызметін қамтамасыз етуді Тексеру комиссиясының аппараты (бұдан әрі - аппарат) жүзеге асырады, ол мемлекеттік әкімшілік қызметшілерден (бұдан әрі – аппарат қызметкерлері) тұрады.
26. Аппарат қызметкерлерiнiң құқықтары, мiндеттерi мен жауапкершiлiгi, сондай-ақ олардың мемлекеттік қызметтi өткеру жағдайлары мемлекеттiк қызмет туралы заңнамамен, еңбек заңнамасымен, осы Ережемен айқындалады.
27. Тексеру комиссиясы аппаратының қызметкерлері кейіннен сертификаттаудан өте отырып, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті айқындайтын тәртіппен біліктілігін арттырудан өтуге міндетті.
28. Тексеру комиссиясының қызметі тек қана облыстың (қаланың) мәслихаты бекітетін стратегиялық жоспарға, Тексеру комиссиясының төрағасы бекітетін операциялық (жылдық) және тоқсандық жоспарларға сәйкес жүзеге асырылады.
29. Бекітілген жұмыс жоспарлары ақпарат үшін Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне, сондай-ақ оның сұрауы бойынша бекітілген жоспарларға енгізілген өзгерістер туралы мәліметтер жіберіледі.
30. Сапаны бақылауды қоспағанда, Тексеру комиссиясының жылдық және тоқсандық жоспарлары бақылауды жүзеге асыру үшін негіз болып табылады.
31. Бақылау қызметін жоспарлау Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті бекітетін тәуекелдерді басқарудың үлгі жүйесі негізінде жүзеге асырылады.
32. Облыстың (қаланың) тексеру комиссиясының бақылау іс-шараларының жылдық жоспары есепті жылы олардың әкімшілік-аумақтық бөлінісінде сыртқы бақылауды жүзеге асыру үшін облыстық (қалалық) бюджеттен, тиісті облыстың құрамына кіретін аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерінен қаржыландырылатын бақылау объектілерін қамтуы қажет.
33. Мерзімін Тексеру комиссиясының төрағасы белгілейтін тиімділік бақылауын қоспағанда, бақылауды жүзеге асырудың мерзімі алдағы жұмыстардың көлемін және қойылған міндеттерді ескере отырып бақылау объектісінің басшысына тапсырманы табыс еткен кезден бастап отыз күнтізбелік күнге дейін белгіленеді.
34. Тексеру комиссиясы өзінің бақылау қызметін жүзеге асыру кезінде бақылау объектісінен тәуелсіз болады. Тексеру комиссиясының тәуелсіздігі:
1) Тексеру комиссиясының қызметіне мемлекеттік органдардың және өзге ұйымдардың заңсыз араласуына жол бермеу;
2) өз қызметін жүзеге асыру үшін тиісті жағдайлар жасау.
35. Бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар Тексеру комиссиясына оның міндеттерін орындауда жәрдем көрсетеді, құпиялылық режимінің сақталуын ескере отырып, өздері жүргізген тексерулердің нәтижелері туралы ақпаратты заңмен белгіленген тәртіппен оның сұратуы бойынша береді.
36. Тексеру комиссиясының шешімдерін қабылдау алқалы түрде отырыста жүзеге асырылады.
37. Тексеру комиссиясының отырысында Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне және тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің мәслихаттарына ұсынылатын ақпарат пен есептердің құрылымы, мазмұны мақұлданады, бақылау іс-шараларының қорытындылары, жоспарлау, әдіснама мәселелері, алқалы шешімді талап ететін өзге де мәселелер қаралады.
38. Тексеру комиссиясының отырыстары ашық немесе жабық түрде өтеді. Тексеру комиссиясының шешімдері Тексеру комиссиясының отырысқа қатысушы құрамының жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда төрағалық етуші дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
39. Тексеру комиссиясының отырыстарын жүргiзудiң тәртiбi, жұмысты ұйымдастыру мәселелерi және жергілікті бюджеттердiң атқарылуын және мемлекет активтерінің пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз ету жөнiндегi басқа да мәселелер Тексеру комиссиясының регламентiмен айқындалады.
40. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің сұратуы бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың тексеру комиссиялары жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы ақпарат ұсынады.
4. Тексеру комиссиясының есептілігі
41. Тексеру комиссиясы жыл сайын есепті қаржы жылындағы жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы есеп (бұан әрі – жылдық есеп) жасайды.
42. Жылдық есеп:
1) тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің облыстық (қалалық) бюджетінің, аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің негізгі параметрлерінің орындалуын;
2) жергілікті бюджеттердің түсімдері мен шығыстарын;
3) жергілікті мемлекеттік органдардың өздерінің стратегиялық жоспарларында көзделген тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізуін, аумақтарды дамыту, оның ішінде өткен кезеңдердегі бағдарламаларының және жергілікті бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын;
4) жергілікті бюджет қаражатының, оның ішінде нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттердің, байланысты гранттардың, жергілікті атқарушы органдардың қарыздарының, жергілікті бюджеттік инвестициялық жобаларды қоса қаржыландырудың және мемлекет активтерінің пайдаланылуын;
5) бақылау объектілерінің есепке алу және есептілікті жүргізуінің анықтығы мен дұрыстығын бағалауды қамтиды.
43. Жылдық есепте тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің жергілікті атқарушы органының жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есебі жөнінде қорытынды беріледі, сондай-ақ Тексеру кеомиссиясының есепті жылдағы қызметінің негізгі көрсеткіштері, анықталған қаржылық бұзушылықтардың құрылымы, сондай-ақ есепті жылда қаулылар мен ұсынымдардың орындалғаны туралы сандық деректер және олардың атқарылғаны туралы ақпарат көрсетіледі.
44. Тексеру комиссиясы мақұлдаған жылдық есеп ағымдағы жылдың 20 мамырына дейін тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің облыс (қала) мәслихатына, 20 сәуірге дейін аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихатына қарауға және бекітуге жіберіледі. Жылдық есепті мәслихатқа ұсынуды Тексеру комиссиясының төрағасы жүзеге асырады.
Тексеру комиссиясы төрағасының шешімі бойынша облыс (қала) бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есепті қоспағанда, аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есепті мәслихатқа ұсыну Тексеру комиссиясы мүшелерінің біріне жүктелуі мүмкін.
45. Жылдық есеп мәслихат бекіткеннен кейін құпиялылық режимі сақтала отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға жатады.
5. Тексеру комиссиясының мүлкі
46. Тексеру комиссиясының жедел басқару құқығында оқшау мүлкі болады.
47. Тексеру комиссиясының мүлкі оған облыс (қала) әкімдігі берген мүлік есебінен құралады және негізгі қорлар мен айналым қаражатынан, сондай-ақ құны Тексеру комиссиясының балансында көрсетілген өзге де мүліктен тұрады.
48. Тексеру комиссиясына бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
49. Тексеру комиссиясының өзіне бекітілген мүлікті өз бетінше иеліктен шығаруына немесе өзгеше тәсілмен билік етуіне құқығы жоқ. Тексеру комиссиясына азаматтық заңнамада белгіленген жағдайларда және шектерде мүлікке иелік етуге құқық берілуі мүмкін.
50. Тексеру комиссиясы таратылған жағдайда мүлікті пайдаланудың тәртібін қолданыстағы азаматтық заңнамаға сәйкес құрылтайшы айқындайды.
6. Тексеру комиссиясын қайта құру және тарату
51. Тексеру комиссиясын қайта құру және тарату Қазақстан Республикасының қолданыстағы азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Облыстардың, облыстық
маңызы бар қалалардың,
астананың тексеру
комиссиялары туралы үлгі
ережеге қосымша
Тексеру комиссиясы аппаратының ұсынылатын құрылымы
(аппарат басшысының және аппарат басшысы орынбасарының,
сондай-ақ аудандардағы өкілдің лауазымдары көзделмеген)
Аппарат қызметкерлерінің саны 30 адамға дейін қоса алғанда:
1. Талдау бөлімі (жоспарлау, бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің пайдаланылуын талдау, облыстық, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің және аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджеттерінің атқарылуын талдау, тиісті бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау, мемлекеттік органдарға ұсынылатын ақпаратты дайындау, бақылау актілерінің сапасын бақылау, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, ақпараттық базаны қалыптастыру және басқа да бағыттар).
2. Ұйымдастырушылық-құқықтық бөлім (бухгалтерия, талап-арыз жұмысы, кадр қызметі, құпия іс-қағаздарын жүргізу, кеңсе, қорытындыларды, қаулыларды (ұсынымдарды) құқықтық талдау, бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру және қаржыландыруды қамтамасыз ету, мемлекеттік сатып алу, материалдық-техникалық қамтамасыз ету және басқа да бағыттар).
3. Бюджеттерді және активтерді бақылау бөлімі.
Аппарат қызметкерлерінің саны 30 адамнан асқан жағдайда:
1. Талдау бөлімі (жоспарлау, бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің пайдаланылуын талдау, облыстық, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің және аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджеттерінің атқарылуын талдау, тиісті бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау, мемлекеттік органдарға ұсынылатын ақпаратты дайындау, бақылау актілерінің сапасын бақылау, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, ақпараттық базаны қалыптастыру және басқа да бағыттар).
2. Ұйымдастырушылық-құқықтық бөлім (бухгалтерия, талап-арыз жұмысы, кадр қызметі, құпия іс-қағаздарын жүргізу, кеңсе, қорытындыларды, қаулыларды (ұсынымдарды) құқықтық талдау, бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру және қаржыландыруды қамтамасыз ету, мемлекеттік сатып алу, материалдық-техникалық қамтамасыз ету және басқа да бағыттар).
3. Түсімдерді және активтердің пайдаланылуын бақылау бөлімі.
4. Шығыстарды бақылау бөлімі.
Республикалық бюджеттің
атқарылуын бақылау жөніндегі
есеп комитетінің 2011 жылғы
12 тамыздағы № 1-НП
нормативтік қаулысына
2-қосымша
Сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының үйлестіру
кеңесінің қызметін қалыптастыру және ұйымдастыру ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының үйлестіру кеңесі (бұдан әрі – Кеңес) Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің (бұдан әрі – Есеп комитеті) жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
2. Кеңес қызметінің мақсаты ең өзекті проблемаларды алқалы түрде талқылау жолымен жұмысты ұйымдастырудың бірыңғай принциптері мен әдіснамасы негізінде сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау органдарын қалыптастыруға және олардың өзара тиімді іс-қимыл жасауына, сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау саласындағы заңнаманы, олардың жұмыс істеуінің ұйымдастырушылық негіздерін, Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 7 сәуірдегі № 788 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарын (бұдан әрі – Стандарттар) бірыңғай қолдануға жәрдемдесу, бюджетті атқару кезіндегі қаржылық тәртіпті бюджеттің барлық деңгейінде нығайту, Есеп комитеті мен облыстардың, Астана және Алматы қалаларының тексеру комиссияларының қызметін ұйымдастыруда айқындық пен объективтілікті қамтамасыз ету, бақылау жүргізу және оның нәтижелері бойынша объективті шешім қабылдау кезінде мемлекеттік басқару органдарының араласуын және ықпалын болдырмау, сондай-ақ жұртшылықтың мемлекеттік билікке деген сенімін нығайту болып табылады.
3. Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының Бюджет кодексін және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
2. Кеңестің негізгі міндеттері мен өкілеттіктері
4. Кеңестің негізгі міндеттері:
1) мыналар:
мемлекеттік қаржылық бақылау саласындағы заңнаманы жетілдіру;
сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау жүргізудің әдіснамалық негіздерін жетілдіру;
бақылау және талдау іс-шараларын жоспарлау, ұйымдастыру және жүргізу кезінде сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының өзара іс-қимылы тетігінің тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
2) мемлекеттік қаржылық бақылаудың маңызды теориялық және практикалық мәселелері мен проблемалары бойынша қаржылық бақылау органдарының өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;
3) мемлекеттік қаржылық бақылауды жетілдіру саласындағы идеялармен және тәжірибемен өзара алмасуға жүйелі сипат беру;
4) мынаған:
бірлескен және/немесе параллель бақылау және талдау іс-шараларын жүргізуге;
сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жолымен кәсіби дағдыларын сақтауды қамтамасыз етуге;
бақылау объектілері және басқа басқару органдары тарапынан заңсыз ықпалдардан бақылау органдары мен олардың қызметкерлерінің функционалдық және кәсіби қызметі мәселелерінде тәуелсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу болып табылады.
5. Кеңес өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін өз құзыреті шегінде:
1) мемлекеттік органдармен, қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасауға, сондай-ақ жұмыс топтарын құруға;
2) заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдар мен ұйымдардан Кеңестің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ақпарат сұратуға және алуға;
3) бақылаудың сапасын арттыру, мемлекеттік қаржылық бақылау саласындағы заңнаманы бірыңғай қолдану практикасын қалыптастыру үшін сыртқы қаржылық бақылау органдарынан бақылау актілерін, қорытындылар мен есептерді олардың қорытындысы бойынша сұратуға;
4) өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ұсынымдар әзірлеуге және ұсыныстар енгізуге;
5) сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау органдарына, Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің Палаталарына, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының мәслихаттарына сыртқы қаржылық бақылау органдарының тәуелсіздігін бақылау объектілерінің шектеу фактілері туралы ақпарат (ұсыныстар) енгізуге;
6) мемлекеттік қаржылық бақылаудың өзекті теориялық және практикалық проблемалары бойынша ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар, мамандандырылған курстар, бірлескен зерттеулер ұйымдастыруға жәрдем көрсетуге;
7) Кеңестің құрылу мақсатын іске асыруға бағытталған шараларды қабылдауға байланысты өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыруға құқылы.
3. Кеңестің қызметін ұйымдастыру
6. Кеңес облыстардың, Астана және Алматы қалаларының тексеру комиссияларының төрағаларынан, Есеп комитетінің Төрағасы мен екі мүшесінен тұрады.
7. Кеңестің құрамы тиісті жылдың 10 қаңтарынан кешіктірілмей, Есеп комитеті Төрағасының бұйрығымен бекітіледі.
8. Кеңесті төраға – Есеп комитетінің Төрағасы басқарады, ол оның қызметіне басшылық етеді, отырыстарында төрағалық етеді, оның жұмысын жоспарлайды, оның шешімдерінің іске асырылуын жалпы бақылауды жүзеге асырады.
9. Төраға болмаған уақытта оның функцияларын ол тағайындаған Кеңес мүшелерінің бірі орындайды.
10. Кеңестің ағымдағы жылғы бірінші отырысында жұмыс жоспары, отырыстардың кезеңділігі, жауапты орындаушылар, Кеңес мүшелерінің Кеңес төрағасының атына енгізген ұсыныстары қаралады.
11. Есеп комитетінің аппараты (бұдан әрі – Жұмыс органы) Кеңестің жұмыс органы болып табылады. Кеңестің әрбір мүшесі тиісті кезеңнің 15 қаңтарынан кешіктірмей Жұмыс органына жауапты орындаушының кандидатурасын ұсынады, онымен Кеңестің алдына қойылған міндеттерді іске асыру үшін үйлестіру жүзеге асырылатын болады.
12. Жұмыс органы:
1) Кеңес отырысының күн тәртібін қалыптастырады;
2) Кеңестің шешімдерін орындауды қамтамасыз етеді және бақылайды;
3) Кеңес мүшелерінің және оның қызметіне тартылған мамандардың жұмысын үйлестіреді;
4) Кеңестің отырысына шығарылатын мәселелер бойынша алдын ала талдау жүргізеді және олар бойынша қорытынды дайындайды.
13. Жұмысты ұйымдастыруды, Кеңес отырысына тиісті құжаттар мен материалдарды дайындауды және хаттаманы ресімдеуді Кеңес хатшысы жүзеге асырады, оны Кеңес төрағасы жұмыс органы қызметкерлерінің ішінен тағайындайды.
Хатшы Кеңестің мүшесі болып табылмайды.
14. Кеңес отырыстарында қаралатын мәселелердің тізбесі оның мүшелерінің ұсынысы бойынша не жұмыс жоспарына сәйкес жасалады.
15. Кеңес отырыстарының материалдары Кеңес мүшелеріне Кеңестің отырысына дейін он жұмыс күнінен кешіктірілмей жіберіледі.
16. Кеңес отырысы жарты жылда кемінде бір рет өткізіледі және егер оларға оның мүшелерінің жалпы санының кемінде жартысы қатысса, заңды болып саналады. Шұғыл шешім қабылдау қажет болған жағдайда, төрағаның шақыруымен Кеңестің кезектен тыс отырысы өткізілуі мүмкін.
Кезектен тыс отырысты төраға өз бастамасы бойынша, ол болмаған жағдайда оны алмастырушы тұлға шақырады. Кезектен тыс отырысқа бастамашылық жасау Кеңес құрамының 1/2 қолдаған Кеңес мүшелерінің бастамасымен жүзеге асырылуы мүмкін.
17. Кеңес отырыстарының нәтижелері бойынша төраға қол қоятын хаттама жасалады. Кеңестің шешімі ашық дауыс беру жолымен көпшілік дауыспен қабылданады және егер оған Кеңестің отырысына қатысып отырған мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп саналады. Дауыстар тең болған жағдайда төраға дауыс берген шешім қабылданды деп саналады.
18. Кеңестің мүшелері ерекше пікір білдіруге құқығы бар, ол айтылған жағдайда жазбаша түрде баяндалуы және Кеңес отырысының хаттамасына қоса берілуі тиіс.
19. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының тексеру комиссияларының аумағында көшпелі отырыстар өткізуге жол беріледі.
Көшпелі отырыстарды өткізу кезінде Жұмыс органына облыстардың, Астана және Алматы қалаларының тексеру комиссияларының тиісті аппараттарымен бірлесіп оларды ұйымдастыру жүктеледі.