Дене шынықтыру-спорт ұйымдарының (спорт клубтары) қызметін ұйымдастыру ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің 2011 жылғы 3 тамыздағы № 02-02-18/153 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2011 жылы 25 тамызда № 7145 тіркелді

Қолданыстағы

      «Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабының 21) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Дене шынықтыру-спорт ұйымдарының (спорт клубтары) қызметін ұйымдастыру ережесі бекітілсін.
      2. Спорт комитеті осы бұйрықты заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге ұсынсын және мемлекеттік тіркелгеннен кейін оны бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялауды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі М.Е.Омаровқа жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    Т. Ермегияев

Қазақстан Республикасы     
Туризм және спорт министрінің 
2011 жылғы 3 тамыздағы    
№ 02-02-18/153 бұйрығымен  
бекітілген             

Дене шынықтыру-спорт ұйымдарының (спорт клубтары)
қызметін ұйымдастыру ережесі 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже Дене шынықтыру-спорт ұйымдарының (бұдан әрі - клубтар) қызметін ұйымдастырудың тәртібі мен шарттарын реттейді және меншік түріне және ведомостволық бағыныстылығына қарамастан, барлық спорт клубтары үшін үлгі болып табылады.
      2. Клубтар өз қызметінде Қазақстан Республикасының «Дене шынықтыру және спорт туралы», «Қоғамдық бірлестіктер туралы», «Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер туралы», «Акционерлік қоғамдар туралы», «Мемлекеттік мүліктер туралы» Заңдары мен Қазақстан Республикасының ЕңбекАзаматтық Кодекстерін және осы Ереже мен клуб Жарғысын басшылыққа алады.
      3. Клуб жарғысы ұйымдастырушылық құрылымды, қызмет бағытын, қызмет түрлері мен нысандарын, клубтардың қызметкерлері мен мүшелерінің құқықтары мен міндеттерін белгілейді.
      4. Клубтар оқу-жаттығу, жарысу, дене шынықтыру-сауықтыру және тәрбие қызметін жүзеге асыратын заңды тұлға болып табылады және әр түрлі ұйымдастырушылық - құқықтық нысандарда құрылады.
      5. Клубтар мемлекеттік органдармен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының және шет елдердің органдарымен, дене шынықтыру-спорт ұйымдарымен, қоғамдық бірлестіктерімен ынтымақтасып, өзара әрекет етеді.
      6. Клубтар республиканың мемлекеттік органдарымен, қоғамдық, коммерциялық ұйымдарымен, қоғамдық бірлестіктердің одақтарымен (қауымдастықтарымен) шарттар бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы», «Мемлекеттік сатып алу туралы», «Қоғамдық бірлестіктер туралы», «Мемлекеттік емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарында көзделген белгілі бір жұмыстарды атқарады.
      7. Клубтар республикалық және халықаралық спорттық ұйымдармен өзара әрекет етеді, әлемдік спорттық қозғалыстағы ел ретінде Қазақстан Республикасының беделіне жан-жақты ықпал етеді.
      8. Клубтар дене шынықтыру және спорт саласында келісімдер жасайды, халықаралық шарттар мен тиісті мемлекеттердің заңнамасының негізінде тиісті келісім-шарттар жасауға, халықаралық коммерциялық емес үкіметтік емес бірлестіктерге ұжымдық мүше ретінде кіреді және халықаралық құқық, халықаралық шарттар мен тиісті мемлекеттер заңнамаларының жалпыға бірдей қағидаттары мен нормаларының негізінде шет мемлекеттерде өзінің құрылымдық бөлімшелерін (филиалдарын) құрады.
      9. Клубтар:
      1) спорт түрлері бойынша кәсіптік;
      2) салалық клубтар, кәсіпорындардың және ұйымдардың клубтары болуы мүмкін.

2. Клубтардың мақсаттары мен міндеттері

      10. Спорт түрлері бойынша кәсіптік клубтар мына мақсаттарда құрылады:
      1) Қазақстан Республикасында спорт түрін дамыту;
      2) спорт резервін және халықаралық дәрежедегі спортшыларды дайындау;
      3) спорттық және олимпиадалық және паралимпиялық қозғалыстарды дамыту.
      11. Кәсіптік клубтардың негізі міндеттері:
      1) спорт резерві мен халықаралық дәрежедегі спортшыларды дайындау үшін жағдай жасау;
      2) күшті спортшыларды анықтау және спорт резервін дайындау;
      3) спорт секцияларында, оқу-жаттығу жиындарында сабақтарды ұйымдастыру және спорттық іс-шаралар өткізу;
      4) материалдық-техникалық базаны нығайту және дамыту;
      5) тәжірибе алмасу және жаңа спорттық жетістіктерді енгізу мақсатында ел ішіндегі және шетелдегі клубтар арасында байланыстарды орнату және дамыту бойынша жұмыстар жүргізу болып табылады.
      12. Салалық клубтар, кәсіпорындардың және ұйымдардың клубтары мына мақсаттарда құрылады:
      1) халықтың түрлі топтарын, оның ішінде ардагерлер мен мүгедектерді (әрбір азаматтың мүддесін ескере отырып) дене шынықтыру және спортпен жиі айналысуға кеңінен тарту;
      2) салауатты өмір салтын насихаттау, белсенді демалыстар ұйымдастыру, дене дайындығының деңгейін арттыру, ерік-жігерлік және азаматтық-отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру;
      3) клуб мүшелерінің дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануы үшін жағдайлар жасау;
      4) бұқаралық спорт қозғалысын қалыптастыру.
      13. Клубтардың негізгі міндеттері:
      1) Қазақстан азаматтарының дене, рухани және азаматтық-отансүйгіштік тәрбиесіне белсенді ықпал ету, олардың күнделікті өміріне дене шынықтыру мен спортты енгізу;
      2) спорт секциялары мен сауықтыру бағытындағы топтарда клубтық сабақтарды ұйымдастыру, бұқаралық дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық іс-шараларды өткізу;
      3) денсаулық жағдайында ауытқушылығы бар және дене дайындығы нашар азаматтардың денсаулығын нығайтуға бағытталған жұмыстар жүргізу;
      4) спартакиадалар, бұқаралық спорттық жарыстар, спорт мерекелерін, жарыстарға қатысу үшін спортшыларды дайындау бойынша оқу-жаттығу жиындарын өткізу;
      5) бұқаралық дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық жұмыстарды ұйымдастыруда кәсіпорындарға, ұйымдар мен мекемелерге, соның ішінде білім мекемелеріне көмек көрсету;
      6) спорт түрлерін үйлесімді әрі тең құқылы дамыту үшін жағдайлар жасау;
      7) дене шынықтыруды, спорт пен салауатты өмір салтын белсенді насихаттау, нашақорлықтың, маскүнемдіктің, шылым шегудің дамыуына қарсы, сондай-ақ құқық бұзушылықтар мен балалардың қаңғыбастылығын болдырмауға бағытталған жұмыстарды жүргізу.

3. Клубтардың қызметін ұйымдастыру

      14. Спорт түрлері бойынша клубтардың қызметі:
      1) жоғары жетістіктер спорты саласындағы өндірістік-шаруашылық қызметті жүргізу, соның ішінде спорт резервін, спорт түрлерінен Қазақстан Республикасы құрама командаларына үміткерлер мен мүшелерді дайындау;
      2) спорт резервін және спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың мүшелерін орталықтандырылған дайындауды ұйымдастыру;
      3) оқу-жаттығу бағдарламаларын және спортшылардың жеке дайындық жоспарларын іске асыру;
      4) спортшыларды даярлауды ғылыми-әдістемелік, медициналық қамтамасыз ету, алдын алу және қалпына келтіру іс-шараларын жүргізу;
      5) спортшылардың жеке дайындық жоспарларына және спорттық-бұқаралық іс-шаралар күнтізбесіне сәйкес олардың республикалық, халықаралық жарыстарға қатысуын қамтамасыз ету;
      6) жаттықтырушы-оқытушы құрамның біліктілігін және тағылымдамасын арттыру бойынша жұмыстар ұйымдастыру;
      7) дене шынықтыру мен спорт саласындағы жетекші мамандарды, жаттықтырушыларды, ғылыми қызметкерлерді, медицина қызметкерлерін шақыру арқылы семинарлар, курстар ұйымдастырып, өткізу;
      8) спортшыларды табельдік спорт киімдерімен, құралдармен және жабдықтармен қамтамасыз ету;
      9) оқу-тәрбие және мәдени қызметтерді;
      10) қалпына келтіру орталықтарының, денсаулық бөлмелерінің, психологиялық демалу бөлмелері мен клубтардың басқа да сауықтыру құрылымдарының қызметтерін ұйымдастыру;
      11) жаттықтырушылар кеңесі, төрешілер алқасының қоғамдық комиссиясын құру және жұмысын ұйымдастыру;
      12) дене шынықтыру мен спортты одан әрі дамытуды жоспарлау;
      13) өз қызметі туралы ақпараттар тарату;
      14) өз мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін соттарда және басқа да мемлекеттік органдарда, өзге де қоғамдық бірлестіктерде білдіру және қорғау;
      15) шарттар мен келісімдер жасау;
      16) халықаралық коммерциялық емес үкіметтік емес спорттық бірлестіктерге кіру;
      17) бұқаралық спорт жарыстарын, халық спартакиадаларын, оқу-жаттығу жиындарын, басқа да бұқаралық дене шынықтыру-сауықтыру іс-шараларын қаржыландыру;
      18) жетекші жаттықтырушылармен және спортшылармен келісім-шарттар жасау арқылы жүзеге асырылады.

4. Клубты басқару

      15. Клубтардың меншік нысанына және ведомстволық тиістілігіне қарай ұйымдастыруға және оның қызметіне жалпы басшылық жасауды, құрылтайшы, басшы (директор), клубтардың жалпы жиналысы (бұдан әрі – клуб басқармасы) жүзеге асырады.
      16. Клубтардың басқармалары:
      1) клубтар қызметінің стратегиялық және басым бағыттарын айқындайды;
      2) клубтар қызметкерлерінің штаттық санын бекітеді;
      3) клубтарға мүшелікке қабылдау мен клубтардан шығаруды жүзеге асырады;
      4) оқу-жаттығу жұмыстарының жоспарын бекітеді;
      5) кіріс және шығыс сметаларын бекітеді;
      6) клубтың штаттық қызметкерлеріне сыйақы беру және еңбек тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылдайды;
      8) келісім-шарттар негізінде клуб қызметкерлеріне жалақы мөлшерін бекітеді;
      9) клубтардың құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізеді;
      10) өз құзыреті шегінде халықаралық шарттар мен келісімдер жасайды;
      11) халықаралық үкіметтік емес бірлестіктерге ұжымдық мүшелікке кіру туралы шешім қабылдайды.
      Клубтар басқармасы кемінде жарты жылда бір рет отырыс өткізіп, онда комиссияның, секциялардың, топтардың, командалардың есептерін талқылайды және өткізілген дене шынықтыру-сауықтыру мен бұқаралық-спорттық іс-шаралардың қорытындыларын шығарады, сондай-ақ клубтардың қызметін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды қарайды.

5. Клубтардың материалдық-техникалық базасы
мен қаржы-шаруашылық қызметі

      17. Клубтардың қаражаттары мыналардың есебінен қалыптасады:
      1) құрылтайшылардың қаражаттарының;
      2) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс;
      3) клубтар мүшелерінің кіру, жылдық және басқа да жарналарының;
      4) ерікті қайтарымсыз жарналардың, қайырымдылық және демеушілік қаражаттың;
      5) банк несиелерінің;
      6) ақылы спорттық іс-шараларды өткізуден түскен кірістердің;
      7) клубтарға тиесілі спорттық ғимараттарды, базаларды, жабдықтарды пайдаланғаны үшін ұйымдар мен азаматтардан алынатын кірістердің;
      8) клубтардың өндірістік, жарнама-баспалық қызметінен түсетін кірістердің;
      9) шетелдік одақтардың (қауымдастықтардың), клубтардың, қоғамдық бірлестіктер мен жекелеген азаматтардың ерікті жарналары мен қайырымдылықтарының;
      18. Жарналар, оның ішінде клуб мүшелерінің және ұйымдардың материалдық салымдары, клуб мүлкі, кәсіпкерлік пен өзге де қызметтен түскен пайдалар клубтардың жеке меншігі болып табылады, бөлінуге жатпайды.
      19. Клубтар филиалдарға олардың қызметіне қажетті мүліктерді, құралдар мен жабдықтарды береді.
      20. Спорттық киімдерді, жеке және ұжымдық пайдалану құралдарын сатып алу спортпен айналысушылардың, құрылтайшылардың, демеушілер мен клуб қаражатының есебінен жүргізіледі.
      21. «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес Клубтар статистикалық есеп жүргізеді және оның дұрыстығына жауап береді.
      22. Клубтарды қайта құру және тарату тәртібі Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен реттеледі.