Ішкі істер органдарының қабылдау-тарату орындарында адамдардың жеке басын анықтау жөніндегі іс-шараларды өткізу ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2011 жылғы 23 мамырдағы № 231 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2011 жылы 22 маусымда № 7029 тіркелді.

Жаңартылған
      "Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде ұстау тәртібі мен шарттары туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 30 наурыздағы Заңының 46-1-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Ішкі істер органдарының қабылдау-тарату орындарында адамдардың жеке басын анықтау жөніндегі іс-шараларды өткізу ережесі бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті (Қ.С. Тыныбеков) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді және оны ресми жариялауды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры А.В. Кулиничке және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетіне (Қ.С. Тыныбеков) жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғаш рет жарияланған күннен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Министр
милиция генерал-майор
Қ. Қасымов

      "КЕЛІСІЛДІ"
      Қазақстан Республикасының
      Бас прокуроры
      __________ А.Қ. Дауылбаев

  Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2011 жылғы 23 мамырдағы
№ 231 бұйрығымен
бекітілген

Ішкі істер органдарының қабылдау-тарату орындарында адамдардың жеке басын анықтау жөніндегі іс-шараларды өткізу ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Ішкі істер органдарының қабылдау-тарату орындарында адамдардың жеке басын анықтау жөніндегі іс-шараларды өткізудің осы ережесі (бұдан әрі - Ереже) қабылдау-тарату орындарында орналастырылған адамдардың жеке басын анықтау жөніндегі іс-шараларды өткізу тәртібін реттейді.
      2. Қабылдау-тарату орындарында адамдардың жеке басын анықтау қабылдау-тарату орнының әкімшілігі мен қызметкерлеріне жүктеледі.

2. Қабылдау-тарату орындарында адамдардың жеке басын анықтау жөніндегі іс-шараларды өткізу

      3. Қабылдау-тарату орнына орналастырылған адамдардың жеке басын анықтау, олардың ішінен қылмыстарға қатысы бар, іздестіруде жүрген және хабарсыз кеткен адамдарды анықтау - ішкі істер органдары жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып табылады.
      4. Адамдардың жеке басын анықтау ішкі істер органдарының есептерін, ғылыми-техникалық, жедел-іздестіру құралдары мен тәсілдерін пайдаланып, сондай-ақ осы мақсаттарда криминалистерді, сарапшыларды, психиатрлар мен басқа да мамандарды тарта отырып жүргізіледі.
      5. Қабылдау-тарату орнына орналастырылған адамнан жауап алу ол қабылдау орнында болған бірінші тәулік ішінде жүргізіледі. Жауап алу нәтижелері хаттамамен (1-қосымша) ресімделеді, оған жауап алынған адам мен жауап алуды жүргізген қызметкер қол қояды.
      Қабылдау-тарату орнына орналастырылған адамның сауалнамалық деректері жеке құжаттарынан, ал олар болмаған жағдайда - тексерілушінің айтуы бойынша тексеру материалдарына жазылады.
      6. Қабылдау-тарату орнына орналастырылған адам туралы мәліметтер 48 сағат ішінде:
      1) мекенжай бюросы;
      2) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Біріктірілген деректер банкінің есептері бойынша тексеріледі.
      7. Жүріп-тұру еркіндігіне бастапқы шектеу қолдану туралы соттың санкциясы алынғаннан кейін адамның жеке басын анықтау бойынша мынадай іс-шаралар жүргізіледі:
      1) бұрынғы тұрғылықты, туған, жеке басын куәландыратын құжатты соңғы алған жері, жұмыс, оқу орны (сұрау салуларға тексерілетін адамның фотосуреттерін қоса бере отырып), сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің "Ақпараттық сервис" автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы "Арнайы есеп" бойынша;
      2) Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының криминалистикалық есептері деректерінің базалары бойынша;
      3) көші-қон полициясы бөліністерінің есептері (тұрғылықты жерін тіркеу, "Бүркіт" Бірыңғай ақпараттық жүйесі) бойынша сұрау салулар жолданады.
      4) жұртшылық пен бұқаралық ақпарат құралдарының көмегі пайдаланылады.
      8. Қабылдау-тарату орнына орналастырылған адамдардың жеке басын анықтау жөніндегі жұмыс процесінде қабылдау-тарату орнының жедел қызметкерлері осы мақсаттарда жедел-іздестіру қызметінің күштерін, құралдары мен әдістерін пайдаланып, құқық қорғау органдарының басқа да қызметтерімен өзара тығыз іс-қимыл жасаса отырып, "Жедел-іздестіру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізеді.
      9. Қабылдау-тарату орнына орналастырылған әрбір адамның жеке басын, жасалған қылмыстарға немесе әкімшілік құқық бұзушылықтарға қатыстылығын анықтау үшін олардан саусақ іздері алынып, суретке түсіріледі.
      10. Қабылдау-тарату орнына орналастырылған адамға "Қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаған, қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адамдардың, қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылған адамдардың арнайы есебін, ұстап алынған, күзетпен ұсталатын және сотталған адамдардың дактилоскопиялық арнайы есебін жүргізу және пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2018 жылғы 27 ақпандағы № 29 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16667 болып тіркелген) бекітілген нысан бойынша дактилоскопиялық карталар толтырылады және оның екі данасы полиция департаменттерінің жедел-криминалистикалық бөліністері мен аумақтылығы бойынша Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің басқармасына жолданады";
      Жедел-криминалистикалық бөліністері Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті басқармасының есептері бойынша жеке басы анықталмаған жағдайда дактилоскопиялық карталар Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ақпараттандыру және байланыс департаменті арқылы Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігінің бас ақпараттандыру-талдау орталығының базасында жұмыс істейтін Мемлекетаралық ақпараттың банкі есептері арқылы тексеру үшін жолданады.
      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 06.02.2020 № 91 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      11. Өзімен бірге жеке басын куәландыратын және Қазақстан Республикасының аумағында болуының заңдылығын растайтын құжаттары жоқ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды орналастырған кезде олардың жеке басын анықтау жөніндегі іс-шаралар осы Ережеде белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

  Ішкі істер органдарының
қабылдау-тарату орындарында
адамдардың жеке басын анықтау
жөніндегі іс-шараларды өткізу
ережесіне 1-қосымша
нысан

Белгілі бір тұрғылықты жері және (немесе) жеке
басын куәландыратын құжаттары жоқ адамнан жауап алу
ХАТТАМАСЫ

      20___ жылғы ____ ____________ ______________ қала(кент)
      Мен, ________________________________________________________________
      (лауазымы, мекеменің атауы, атағы мен тегі)
      _____________________________________________________________________
      жауап алдым.
      1. Тегі, аты, әкесінің аты
      2. Туған жылы
      3. Туған жері
      4. Ұлты
      5. Білімі
      6. Соттылығы_ _______________________________________________________
      (қашан, қандай сот, ҚК-нің қандай бабы бойынша сотталған
      _____________________________________________________________________
      және қандай мерзімге, қашан және неге байланысты босатылды)
      7. Азаматтығы _______________________________________________________
      8. Бұрын тұрған мекенжайы ___________________________________________
      9. Мамандығы ________________________________________________________
      Жалпы еңбек өтілі ___________________________________________________
      Жұмыс орны __________________________________________________________
      (қашан, қандай лауазымда, кәсіпорынның, ұйымның атауы)
      10. Өзімен бірге қандай құжаттары бар _______________________________
      (атауы, сериясы, нөмір, кім және қашан берді)
      11. Әскери міндеттілігі _____________________________________________
      12. Денсаулық жағдайы _______________________________________________
      (қандай аурулары бар)
      Мүгедектігі бар ма __________________________________________________
      (тобын, қандай құжаттарымен растайтынын көрсету керек)
      Зейнетақы мөлшері ___________________________________________________
      қарттар үйі мен мүгедектерге арналған интернатта болды ма ___________
      (қашан, қайда)
      13. Отбасы жағдайы. _________________________________________________
      (отбасы құрамы, тұратын мекенжайы)
      14. Жақын туыстары бар ма ___________________________________________
      (тегі, аты, әкесінің аты, тұрғылықты жері, жұмыс орны)
      15. Бұрын қабылдау-тарату орнына орналастырылды ма __________________
      (қашан, қайда)
      16. Себебі: _________________________________________________________
      (отбасынан кету, жұмыстан шығу, интернат үйінен кету)
      17. Қай уақыттан бастап белгілі бір тұрғылықты жері жоқ және неге
      _____________________________________________________________________
      18. Қандай қаражатқа өмір сүрді _____________________________________
      19. Тұрғылықты жерін қалдырған сол қандай облыстарда, өлкелер мен республикаларда болды _______________________________________________
      (немен айналысты)
      20. Осы елді мекенге келу себебі ____________________________________
      _____________________________________________________________________
      Осы елді мекеннің қай жерінде қонды _________________________________
      _____________________________________________________________________
      Күндіз уақытын қай жерде өткізді ____________________________________
      _____________________________________________________________________
      21. Жұмысқа орналасу және тұрғылықты жерін белгілеу бойынша өзі шаралар қабылдады ма
      _____________________________________________________________________
      қандай, қайда және қашан)
      22. Келешекте қандай шаралар қабылдайтын ниеті бар __________________
      _____________________________________________________________________
      Басқа да мәліметтер _________________________________________________
      _____________________________________________________________________
      Жауап алынған адамның қолы _________
      Жауап алуды жүргізген қызметкердің қолы __________
      20___ жылғы ______ _______________