Қостанай облысы аумағындағы елді мекеннің құрамдас бөліктеріне атау беру және атауын қайта өзгерту тәртібін жүргізу жөніндегі ережелерін, жер телімдеріне, ғимараттарға және құрылыстарға реттік нөмірлер беру талаптарын бекіту туралы

Қостанай облысы әкімдігінің 2010 жылғы 30 қаңтардағы № 54 қаулысы. Қостанай облысының Әділет департаментінде 2010 жылғы 17 ақпанда № 3704 тіркелді

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңы 27-бабының 1-тармағының 21-3) тармақшасына сәйкес Қостанай облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса берілген Қостанай облысы аумағындағы елді мекеннің құрамдас бөліктеріне атау беру және атауын қайта өзгерту тәртібін жүргізу жөніндегі ережелер, жер телімдеріне, ғимараттар және құрылыстарға реттік нөмірлер беру талаптары бекітілсін.
      2. Қостанай облысы әкімдігінің мынадай қаулыларының күші жойылды деп танылсын:
      "Қостанай облысы аумағындағы елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау, жер телімдеріне, ғимараттар және имараттарға реттік нөмірлер беру талаптарын белгілеу тәртібін жүргізу жөніндегі қағиданы бекіту туралы" 2007 жылғы 12 шілдедегі № 331 қаулысы (Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3577 болып тіркелген, 2007 жылғы 28 тамыздағы "Костанайские новости" газетінде жарияланған);
      "Қостанай облысы аумағындағы елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау, жер телімдеріне, ғимараттар және имараттарға реттік нөмірлер беру талаптарын белгілеу тәртібін жүргізу жөніндегі қағиданы бекіту туралы" әкімдіктің 2007 жылғы 12 шілдедегі № 331 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2008 жылғы 26 қыркүйектегі № 458 қаулысы (Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3657 болып тіркелген, 2008 жылғы 19 қарашада "Қостанай таңы" газетінде жарияланған).
      3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қостанай облысының
      әкімі                                      С. Кулагин

Әкімдіктің        
2010 жылғы 30 қаңтардағы 
№ 54 қаулысымен бекітілген

Қостанай облысы аумағындағы елді мекеннің құрамдас бөліктеріне атау беру және атауын қайта өзгерту тәртібін жүргізу жөніндегі ережелер, жер телімдеріне, ғимараттарға
және құрылыстарға реттік нөмірлер беру талаптары

      Осы елді мекеннің құрамдас бөліктеріне атау беру және атауын қайта өзгерту тәртібін жүргізу жөніндегі ережелер, жер телімдеріне, ғимараттарға және құрылыстарға реттік нөмірлер беру талаптары (бұдан әрі - Ереже) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы, "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі, "Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы" 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңдарының талаптарына сәйкес және Қостанай облысы аумағындағы елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру және атауын қайта өзгертудің бірыңғай тәртібін белгілеу, жер телімдеріне, ғимараттарға және құрылыстарға реттік нөмірлер беру талаптарын белгілеу мақсатында әзірленген.

1. Негізгі ережелер

      1. Осы Ережеде мынадай түсініктер пайдаланылады:
      1) ғимарат - салмақ түсетін және қоршалған конструкциясы бар, жер үстіндегі тұйық көлемі міндетті құрылған, функционалдық белгісіне қарай адамдардың тұруына немесе ішінде болуына, өндiрiстiк процестердi орындауға, сонымен қатар материалдық құндылықтарды сақтауға және орналастыруға арналған қолданбалы жасанды құрылыс. Ғимараттың жер асты бөлігі болуы мүмкін;
      2) құрылыс - табиғи немесе жасанды кеңiстiк шекаралары бар және өндiрiстiк процестердi орындауға, материалдық құндылықтарды орналастыруға және сақтауға немесе адамдарды, жүктердi уақытша орналастыруға (орын ауыстыруға), сондай-ақ жабдықтарды немесе коммуникацияларды орналастыруға (төсеуге, жүргiзуге) арналған жасанды жасалған ауқымды, тегiстiктi немесе желiлiк объект (жер үстi, су бетi және (немесе) жер асты, су асты). Құрылыстың көркемдiк-эстетикалық, әшекейлі-қолданбалы немесе мемориалдық мақсатта да болуы мүмкiн;
      3) ономастикалық комиссия – географиялық объектілердің атауына және олардың атауларын өзгертуге бірыңғай көзқарас қалыптастыру, топонимикалық атауларды қолдану мен есепке алуды ретке келтіру, Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасының құрамдас бөлігі ретінде тарихи атауларды қалпына келтіру, сақтау жөніндегі ұсыныстарды әзірлейтін консультативтік-кеңесші орган;
      4) елді мекен – бұл азаматтардың шаруашылық және басқа қоғамдық қызметінің нәтижесінде қалыптасқан, саны 50 адамнан кем емес, жергілікті өкілді және атқарушы органдар басқаратын және заңмен белгіленген тәртіпте тіркелген және есептелген республиканың ықшам орналасқан аумақ бөлігі.

2. Қостанай облысы елді мекендерінің құрамдас
бөліктеріне атаулар беру және атауларын қайта өзгерту тәртібі

      2. Қостанай облысының елді мекендерінің құрамдас бөліктеріне атау беру Қазақстан Республикасындағы әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы заңнамамен белгіленген тәртіптегі кеңістікте оларды бөлу және айырып тануды қамтамасыз ету үшін беріледі.
      3. Қалалық өкiлдi және атқарушы органдар бiрлескен шешiмiмен:
      тиiстi аумақ халқының пiкiрiн ескере отырып, қаладағы аудандарға, алаңдарға, даңғылдарға, бульварларға, көшелерге, орамдарға, парктерге, скверлерге, көпiрлерге және қаланың басқа да құрамдас бөлiктерiне ат қою және олардың атын өзгерту, олардың атауларының транскрипциясын өзгерту туралы мәселелердi шешедi;
      қаладағы аудандардың, алаңдардың, даңғылдардың, бульварлардың, көшелердiң, тұйық көшелердiң, саябақтардың, скверлердiң, көпiрлердiң және қаланың басқа да құрамды бөлiктерiнiң атауы және оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын өзгерту жөнiндегi жұмыстардың орындалуын қамтамасыз етедi.
      4. Аудандық өкілді және атқарушы органдар бірлескен шешімімен аудандық маңызы бар қалалардағы алаңдарға, көшелерге, саябақтарға, скверлерге, көпiрлерге және басқа да құрамдас бөлiктерге ат қою, олардың атын өзгерту туралы және атауларының транскрипциясын өзгерту туралы мәселелердi шешедi.
      5. Кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмi тиiстi аумақ халқының пiкiрiн ескере отырып, осы елдi мекендердiң құрамдас бөлiктерiне ат қою және олардың атын өзгерту мәселелерiн шешедi.
      6. Қалалық ономастикалық комиссияларды облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органдары қаладағы аудандардың, алаңдардың, даңғылдардың, бульварлардың, көшелердiң, тұйық көшелердiң, парктердiң, саябақтардың, көпiрлердiң және қаланың басқа да құрамдас бөлiктерiнiң атауы және олардың атауларын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын өзгерту туралы қорытындылар дайындау және енгiзу мақсатында құрады.
      7. Облыстық маңыздағы қаланың құрамдас бөліктеріне атау беру және атауын қайта өзгерту мәселелері ономастикалық комиссия қорытындысын ескере отырып шешіледі.

3. Жер телімдеріне,
ғимараттар мен құрылыстарға реттік нөмірлер беру

      8. Жер телімдеріне, ғимараттарға және құрылыстарға реттік нөмір беру, көрсеткіштерді орнату және пайдалану елді мекен аумағында көрсетілген объектілердің орналасу орнын (орналасқан жерін) анықтаудың бірыңғай жүйесін қалыптастыруға арналған.
      9. Осы Ережелерге сәйкес реттік нөмір берілетін жылжымайтын мүлік нысандары:
      жер телімдері;
      ғимараттар;
      құрылыстар.
      Бұған жеке тұлғалардың меншігіне жататын және гараждар кооперативіне, саябақ қоғамдарына енбейтін уақытша құрылыс объектілері, шаруашылық-тұрмыстық құрылыстар, гараждар, саябақтар және саяжайлар (бақшалар) телімдері, елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымдық объектілері кірмейді.

4. Реттік нөмірлерді беруге қойылатын талаптар

      10. Ғимараттың (құрылыстың) реттік нөмірі - әріптер қосу мүмкіндігімен цифрлардан тұратын немесе қосымша бүтін цифрлардың бөлшек таңбасы арқылы белгіленетін объект мекенжайының бөлігі.
      11. Бір жер телімінде бірыңғай сәулеттік ансамбль құрайтын немесе бір сәулеттік-құрылыстық кешеннің бөлігі болып табылатын екі және одан да көп ғимараттарды (құрылыстарды) орналастыру кезінде реттік нөмірге әріптер қосылады.
      12. Қолданыста бар екі ғимараттың арасында орналасқан ғимаратқа (құрылысқа) ең кіші реттік нөмір бөлшек қосу арқылы беріледі.
      Ғимарат (құрылыс) орам ішінде орналасқан жағдайда ең жақын тұрған ғимараттың (құрылыс) реттік нөмірі бүтін цифрдың бөлшек таңбасын қосу арқылы беріледі.
      13. Оңтүстіктен солтүстікке қарай (батыстан шығысқа қарай) құрылыстың үздіксіз үдерісін құрайтын ғимараттарға (құрылыстарға) реттік нөмірлер беру көшенің (жолдың) сол жағы бойынша тақ нөмірлер және оң жағы бойынша жұп нөмірлермен жүргізіледі.
      14. Осы қаулы қолданысқа енгізілгенге дейін берілген ғимараттардың реттік нөмірлері және нөмірлеуі өзгеріссіз қалдырылады.
      15. Осы Ереженің 13-тармағын орындау мүмкін болмайтын, яғни елді мекендер аумақтарының жаңа құрылысын табиғи қалыптастырған жағдайда осы аумақтардағы ғимараттарға реттік нөмірлер беру кері тәртіпте, яғни солтүстіктен оңтүстікке (шығыстан батысқа), көшенің оң жағында тақ сандармен және сол жағында жұп сандармен жүргізіледі.
      16. Түрлі санаттағы көшелердің қиылысында орналасқан ғимараттарға ең жоғары санаттағы көше бойынша реттік нөмір беріледі.
      Егер бір ғимараттың алды екі бірдей көшелер қиылысына шықса, онда реттік нөмір елді мекен орталығына бағытталған көше бойынша беріледі.
      17. Алаңның периметрін құрайтын ғимараттарға реттік нөмірлер беру орталық жақтан басты жолдан бастап сағат тілі көрсеткіші бойынша жүргізіледі.

5. Қорытынды ережелер

      18. Ережеде қамтылмаған қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен реттеледі.