РҚАО-ның ескертпесі!
Бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 3-тармақтан қараңыз.
«Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 229-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған кеден органдарының лауазымды тұлғасы болып табылмайтын сарапшыларды (мамандарды) кедендік сараптама жүргізу үшін тарту туралы ереже бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті (Қ-К.Ж. Кәрбозов) заңнамада белгіленген тәртіпте осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық бірінші ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енеді және 2010 жылғы 1 шілдеден бастап пайда болған қатынастарда қолданылады.
Министр Б. Жәмішев
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2010 жылғы 3 тамыздағы
№ 391 бұйрығымен бекітілді
Кеден органының лауазымды тұлғасы болып табылмайтын сарапшыларды (мамандарды) кедендік сараптама жүргізуге тартудың
Ережесі 1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже кеден органдарының лауазымды тұлғасы болып табылмайтын сарапшыларды (мамандарды) кедендік сараптама жүргізу үшін тартудың тәртібін айқындайды және «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 229-бабына сәйкес әзірленді.
2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар қолданылады:
1) кедендік орган болып табылмайтын кедендік сараптама жүргізуге уәкілетті ұйым – кедендік мақсат үшін тауарларға сараптама жүргізетін ұйым (бұдан әрі – уәкілетті ұйым);
2) кеден органының лауазымды тұлғасы болып табылмайтын сарапшы (маман) – сарапшы қорытындысын (бұдан әрі – сарапшы) беру үшін арнайы және (немесе) ғылыми танымдарға ие уәкілетті ұйымның маманы;
3) сарапшы қорытындысы – жүргізілген зерттеулердің нәтижесі және арнайы және (немесе) ғылыми танымдарды қолдана отырып қойылған сұрақтарға жауап түрінде кедендік сарапшының қорытындысы бар құжат.
3. Тәртіп сараптама қызметін ұйымдастыру үшін кедендік мақсатта тауарларды зерттеу аумағында тәуелсіз, кәсіби пікір алу үшін қолданылады.
4. Уәкілеттік ұйымдарда кедендік сараптама жүргізудің негізгі міндеттері:
кедендік сараптама бойынша кәсіби пікір білдіру мақсатында ұсынылған материалдарға, құжаттарға, сынамаларға және үлгілерге жан–жақты, толық және кешендік талдауды жүзеге асыру;
объективті және тәуелсіз сарапшы қорытындысын ұсыну болып табылады.
5. Кеден органы мұндай сараптаманы кедендік сарапшылар жүргізу мүмкін болмаған жағдайда ғана кедендік сараптаманы уәкілетті ұйымдарда тағайындайды. Кедендік сараптаманы жүргізу мүмкін болмаған жағдайда кедендік сараптама жүргізуге уәкілетті кеден органы кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органын кедендік сараптама жүргізу үшін материалдарды алған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей жазбаша түрде бұл туралы хабардар етеді.
6. Кедендік сараптама тағайындаған кеден органы кедендік сараптама жүргізетін уәкілетті ұйыммен немесе сарапшымен кедендік сараптама жүргізу шарттары белгіленген шарт жасасады.
7. Кедендік сараптаманы жүргізуге арналған шығыстар кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органының бюджет қаражаты есебінен өтеледі.
8. Сарапшы кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органына сарапшы қорытындысын беру үшін арнайы және (немесе) ғылыми танымының бар екендігін растайтын құжаттарын ұсынады.