РҚАО-ның ескертпесі!
Бұйрық 2010.10.25 бастап қолданысқа енгізіледі.
"Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасы 2010 жылғы 2 сәуіріндегі Заңының 167-бабы 2-тармағының 5) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 12 қазандағы № 471 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жанындағы Сот әкiмшiлiгi жөнiндегi комитет туралы ереженің 17-тармағының 7) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН: қараңыз.U101039
1. Қоса беріліп отырған Жеке сот орындаушысы кеңсесінің орналасқан жеріне және жабдықталуына қойылатын талаптар бекітілсін.
2. Атқарушылық іс жүргізуді ұйымдастыру департаменті мен Құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық-құқықтық қатынастар басқармасы белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде тіркелуін қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Төрағаның сот актілерін орындау мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2010 жылдың 25 қазанынан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.
Г. Ким
Қазақстан Республикасының
Жоғарғы Соты жанындағы
Сот әкімшілігі жөніндегі
комитет Төрағасының
2010 жылғы 26 сәуіріндегі
№ 01-01-31/146
бұйрығымен бекітілген
Жеке сот орындаушысы кеңсесінің орналасқан жеріне және жабдықталуына қойылатын талаптар
1. Жеке сот орындаушысы кеңсесінің орналасқан жеріне және жабдықталуына қойылатын талаптар (бұдан әрі - Талаптар) «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» 2010 жылғы 2 сәуіріндегі Қазақстан Республикасы Заңының 167-бабы 2-тармағының 5) тармақшасына сәйкес әзірленді.
2. Кеңсенің жабдықталуы, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі Министрінің 2006 жылғы 8 ақпанындағы № 35 бұйрығымен бекітілген өрт қауіпсіздігі Ережелерін сақтай отырып жүзеге асырылуы қажет (№ 4126 Нормативтік құқықтық актілер реестрінде тіркелген нормалары).
3. Кеңсе жеке тұрған үлгілік ғимараттарда немесе ғимаратқа жапсарлас бейімді үй-жайларда орналасады. Кеңсеге бөлек кіру есігі болған кезде, кеңселердің тұрғын үй ғимараттарында орналасуына рұқсат етіледі. Кеңселердің ғимараттар жертөлелерінде орналасуына жол берілмейді. Кеңсеге кірген кезде мүгедектер үшін пандустарды көздеу қажет.
4. Кеңсе жеке сот орындаушысының қызметі үшін атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның аумақтық органы өңірлік жеке сот орындаушылары алқасымен бірлесіп анықтаған атқарушы округтың аумағында еркін қатынау үшін ашық орында орналасуы және азаматтарды қабылдау үшін жарамды болуы тиіс. Кеңседе азаматтардың күтуі және оларды қабылдау үшін отыратын орындар көзделуі тиіс. Сонымен қатар азаматтардың күту орындары жеке сот орындаушысының кабинетінен бөлек орналасады.
5. Бір атқарушылық округте қызметін жүзеге асыратын жеке сот орындаушыларының аумақтық органның рұқсатымен жалпы кеңсесі болуы мүмкін, осымен бірге әрбір жеке сот орындаушысы өз өкілеттіктерін өз атынан жүзеге асырады.
6. Кеңсенің үй-жай алаңы қажетті кеңсе жиһазы мен жабдығын еркін орналастыруды қамтамасыз етуі қажет және әрбір жеке сот орындаушысына 12м2 кем болмауы тиіс.
7. Жеке сот орындаушысының жұмыс орны негізгі үй-жайда кеңсе үстелін, компьютер не ноутбукты, принтерді қамтуы тиіс. Кеңседе көшіру аппараты және сканер болуы тиіс. Принтер, көшіру аппараты және сканер осы техника функцияларын көздейтін бір жабдыққа жинақталуы мүмкін. Құжаттарды, мөрлер мен мөртабандарды сақтау үшін үй-жайда сейф болуы тиіс.
8. Жеке сот орындаушылардың кеңсесінде және құрал-жабдықтары орналасқан жерде талаптарды сақтамау уәкілетті органның (аумақтық органның) сотқа жеке сот орындаушысының іс әрекетін кемшіліктер жойылғанға дейін тоқтата тұру бойынша талап арыз келтіруіне негіз бола алады.