Аумақты аймақтарға бөлу ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2009 жылғы 31 желтоқсандағы N 767 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 1 ақпанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6027 болып енгізілді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» 2002 жылғы 10 шілдедегі Заңы 8-бабының 24) тармақшасын іске асыру мақсатында      БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Аумақты аймақтарға бөлу ережесі бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Мал шаруашылығын дамыту және ветеринариялық қауіпсіздік департаменті (Тоқсеитова Р.Ә.) бекітілген тәртіппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күннен бастап он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Министрдің
      міндетін атқарушы                                 М. Оразаев

Қазақстан Республикасы      
Ауыл шаруашылығы Министрінің м.а.
      2009 жылғы 31 желтоқсандағы   
      № 767 бұйрығымен бекітілген  
     

Аумақты аймақтарға бөлу Ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы аумақты аймақтарға бөлу Ережесі (бұдан әрі - Ереже), Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңына сәйкес дайындалған және аумақты аймақтарға бөлудің бірыңғай тәртібін белгілейді.
      2. Ереженің талаптары тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдарына, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органға, сондай-ақ қызметтерi анықталған аймақтарда жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға қатысты.
      3. Жануарлардың жұқпалы ауруларының таралуына және өткізілетін ветеринариялық іс-шараларға қарай аймақтардың мынадай түрлері анықталады:
      1) қолайлы аймақ;
      2) бақылау аймағы;
      3) буферлік аймақ;
      4) қолайсыз аймақ.
      4. Аумақты аймақтарға бөлу:
      1) жануарлардың жұқпалы ауруларының әкелінуі мен таралуының алдын алу;
      2) ветеринариялық іс-шараларды жоспарлау;
      3) халықаралық сауданы жүзеге асыру мақсатында жүргізіледі.

2. Аумақты аймақтарға бөлу тәртібі

      5. Аумақты аймақтарға бөлу Қазақстан Республикасы Үкіметінің 28 сәуірдегі 2003 жылғы № 407 қаулымен бекітілген Алдын алуы, диагностикасы және жойылуы республикалық бюджет есебiнен жүзеге асырылатын жануарлардың ерекше қауіптi ауруларының тізбесіне енгізілген ауыл шаруашылығы жануарлары және құстардың аса қауіпті аурулары шыққан жағдайда жүргізіледі.
      6. Аумақты аймақтарға бөлу мынадай негізде жүргізіледі:
      1) індет ошағын эпизоотиялық тексеру (ауруға шалдығу деңгейі, инфекция көздерінің, тасымалдау факторларының, бейім жануарлардың болуы, індет ошағының шекарасын тексеру, аурудың таралу дәрежесі және өтуі, инфекция қоздырушысының таралуының қауып-қатері, жануарлардың топтануы немесе ауруға шалдығу дәрежесі әртүрлі табындардың аймақтарға жақындығы);
      2) географиялық ерекшеліктер (ландшафт, өсімдік және басқа ерекшеліктер);
      3) басқа факторлар (елді мекеннің, мал шаруашылығы объектілерінің, жануарлардың тығыз орналасуы, инфрақұрылымның дамушылығы, жергілікті және республикалық маңызы бар трассалар, темір жол, порт, әуежай, сауда жолдары, қайта өңдеу кәсіпорындарының болуы және басқа факторлар).
      7. Аймақтың радиусы инфекция қоздырушысының түріне байланысты белгіленеді, бірақ індет ошағы тіркелген жерден айналасы 3 (үш) шақырымнан кем болмауы тиіс.
      Аймақтың радиусы осы Ереженің 6 тармағында көрсетілген факторларға байланысты өзгереді.
      8. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары аумақты бөлуде шешім қабылдағанда мыналарды негізге алады:
      1) жергілікті атқарушы органның арнайы әкімшілік-аумақтық бірлігінің карантиндік аймақта ветеринариялық режимді карантиндік режиммен және шектеу шараларын енгізуді бекіту бойынша шешімін;
      2) арнайы әкімшілік-аумақтың ветеринариялық-санитарлық инспекторлары анықтаған аса қауіпті инфекциялардың таралу масштабы осы ереженің 6-тармағындағы көрсетілген ерекшеліктерді есепке алу.
      9. Аумақты аймаққа бөлу шешімінде бекітілген аймақтың радиуысы және аймақтағы ауылдық округтер (елді мекен) атауы көрсетіледі.
      10. Екі және одан көп облыстардың аумағында аймақтар белгілеген кезде, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдары бірлескен шешім қабылдайды.
      11. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы аймақты белгілеуге қажетті негізгі параметрлерді көрсете отырып географиялық карта дайындайды.
      12. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы белгілеген аймақтан сыртқары жерде ауру ошағының жаңа шығуы болған кезде, осы Ереженің 9-тармағына сәйкес белгіленген аймақтың шекарасын өзгерту туралы шешім қабылдайды.
      13. Бақылау аймағынан/аймағына барлық ауыл шаруашылығы жануарларының орын ауыстыруы (тасымалдануы) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауына жатады.
      14. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктегі ведомствоның аумақтық бөлімшесі, инфекцияның түріне және аумақты аймаққа бөлу жүргізіліп жатқан аурудың алдын алу, диагностикасы және жойылуы бойынша ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) ережесіне байланысты, әр белгіленген аймақ үшін арнайы ветеринариялық іс-шаралар әзірлейді.
      15. Қолайсыз және буферлік аймақтан жануарлардың орын ауыстырылуына жол бермеу үшін, белгіленген аймақта тұрақты ветеринариялық-санитариялық бақылау жүргізіледі.
      16. Жергілікті атқарушы органдардың (республикалық маңызы бар қала және астананың) аумақты бөлу туралы шешімі арнайы әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдардың (әкімдерінің) шектеу шараларын немесе карантинді алу шешімі негізінде алынады.
      17. Республика аумағын Бүкіләлемдік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымының (Халықаралық эпизоотиялық бюро) міндетті түрде жариялауға жататын аурулар тізіміне енгізілген аурулар бойынша қолайлығын тану Халықаралық эпизоотиялық бюроның белгіленген талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.