Аумақты аймақтарға бөлу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2009 жылғы 31 желтоқсандағы N 767 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 1 ақпанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6027 болып енгізілді

Жаңартылған

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 09.02.2017 № 59 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" 2002 жылғы 10 шілдедегі Заңы 8-бабының 24) тармақшасын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Аумақты аймақтарға бөлу қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 09.02.2017 № 59 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Мал шаруашылығын дамыту және ветеринариялық қауіпсіздік департаменті (Тоқсеитова Р.Ә.) бекітілген тәртіппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күннен бастап он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

Министрдің


міндетін атқарушы

М. Оразаев


  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
міндетін атқарушының
2009 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 767 бұйрығымен
бекітілген

Аумақты аймақтарға бөлу қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 12.05.2015 № 7-1/431 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Аумақты аймақтарға бөлу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Ветеринария туралы" 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және аумақты аймақтарға бөлудің тәртібін айқындайды.

      2. Қағидалар облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарына, ветеринария саласындағы уәкілетті органның ведомствосына, сондай-ақ қызметтерi белгіленген аймақтар аумағында жүзеге асырылатын жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.

      2-1. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) компартмент – мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалаудың, профилактика мен биологиялық қауіпсіздіктің күшейтілген шаралары қабылданатын бір немесе бірнеше ауру бойынша жекелеген ветеринариялық-санитариялық мәртебеге ие биологиялық қауіпсіздікті басқарудың бірыңғай жүйесі бар бір немесе бірнеше шаруашылықтың жануарлар тобы;

      2) компартменттеу – мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалауға жататын объектілердің биологиялық қауіпсіздігін басқару жүйесін бағалау үшін жүзеге асырылатын рәсім.

      Ескерту. Қағида 2-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 09.02.2017 № 59 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Аумақты аймақтарға бөлу "Ветеринария саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді тіркеу тізілімінде № 9891 болып тіркелген) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 қазандағы № 7-1/559 бұйрығымен бекітілген Профилактикасы, диагностикасы және жойылуы республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жануарлардың аса қауіпті ауруларының тізбесіне (бұдан әрі – Тізбе) енген аса қауіпті аурулар бойынша жүзеге асырылады.

      4. Аумақты аймақтарға бөлу:

      1) басқа мемлекеттерден жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының әкелінуі мен таралуының алдын алу;

      2) ветеринариялық іс-шараларды жоспарлау;

      3) халықаралық сауданы жүзеге асыру мақсатында жүргізіледі.

      5. Жануарлардың жұқпалы ауруларының таралуына (туындауына) және өткізілетін ветеринариялық іс-шараларға қарай аймақтардың мынадай түрлері анықталады:

      1) қолайлы аймақ;

      2) бақылау аймағы;

      3) буферлік аймақ;

      4) қолайсыз аймақ.

2. Жануарлардың аса қауіптi аурулары таралған (туындаған) кезде
аумақты аймақтарға бөлу тәртібі.

      6. Жануарлардың Тізбеге енген аса қауіптi аурулары таралған (туындаған) кезде аумақты аймақтарға бөлу:

      1) індет ошағын эпизоотиялық зерттеп қарау (ауруға шалдығу деңгейі, инфекция көздерінің, тасымалдау факторларының, бейім жануарлардың болуы, індет ошағының шекарасын зерттеп қарау, аурудың таралу дәрежесі және барысы, инфекция қоздырғышының таралу қауып-қатері, жануарлардың немесе ауруға шалдығу статусы әртүрлі табындардың аймақтар маңында топтануы;

      2) географиялық ерекшеліктер (өсімдіктер, ландшафт және басқа географиялық ерекшеліктер);

      3) басқа факторлар (елді мекеннің, мал шаруашылығы объектілерінің, жануарлардың орналасу тығыздығы, инфрақұрылымның дамығандығы, жергілікті және республикалық маңызы бар трассалардың, темір жолдардың, порттардың, әуежайлардың, сауда жолдарының, өңдеу кәсіпорындарының болуы және басқа факторлар) негізінде жүзеге асырылады.

      7. Аймақтың радиусы инфекция қоздырғышының түріне байланысты белгіленеді, бірақ эпизотиялық ошақ тіркелген жердің айналасынан 3 (үш) километрден кем болмауы тиіс.

      Аймақтың радиусы осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген факторларға байланысты өзгереді.

      8. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы аумақты бөлу туралы шешім шығарғанда:

      1) 2015 жылғы 9 ақпандағы Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің № 7-1/86 бұйрығымен бекітілген Шектеу іс-шараларын және каратинді белгілеу немесе алып тастау қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10414 болып тіркелген) (бұдан әрі - Шектеу іс-шараларын және карантинді белгілеу немесе алып тастау қағидалары) сәйкес қабылданған тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдарының (әкімдердің) шектеу іс-шараларын немесе карантинді белгілеу туралы шешімін;

      2) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің бас ветеринариялық-санитариялық инспекторы осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген ерекшеліктерді есепке ала отырып анықтаған аса қауіпті инфекцияның таралу масштабын негізге алады.

      8-1. Жануарлардың аса қауіпті ауруы тараған (туындаған) жағдайда аумақты аймақтарға бөлуге Дүниежүзілік жануарлар саулығы ұйымы белгілеген ұсынымдарға, талаптарға сәйкес жүзеге асырылатын компартментті ескере отырып жол беріледі.

      Компартменттеуді есепке алу кезінде ақпарат аумақты аймақтарға бөлу туралы шешімде көрсетіледі.

      Ескерту. Қағида 8-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 09.02.2017 № 59 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Аумақты аймақтарға бөлу шешімінде белгіленетін аймақтардың радиусы және аймақтардағы ауылдық округтер (елді мекендер) атаулары көрсетіледі.

      10. Аймақтар екі және одан көп облыстардың аумағын қамти отырып белгіленген кезде, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдары бірлескен шешім қабылдайды.

      11. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлары аймақты белгілеуге қажетті негізгі параметрлерді көрсете отырып географиялық карта жүргізеді.

      12. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы белгіленген аймақтан сыртқары жерде жаңа ауру ошағы пайда болған жағдайда, осы Қағидалардың 9-тармағына сәйкес белгіленген аймақтың шекарасын өзгерту туралы шешім қабылдайды.

      13. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің веетринария саласындағы уәкілетті органы ведомствосының аумақтық бөлімшесі аумақты аймаққа бөлу жүргізіліп жатқан инфекцияның түріне және Заңның 8-бабы 9) тармақшасына сәйкес бекітілетін ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларға байланысты, әр белгіленген аймақ үшін арнайы ветеринариялық іс-шаралар әзірлейді.

      14. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының аумақты аймақтарға бөлу туралы шешімі арнайы әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органының (әкімдерінің) Шектеу іс-шараларын және карантинді белгілеу немесе алып тастау қағидаларына сәйкес қабылдаған шектеу іс-шараларын немесе карантинді алып тастау шешімі негізінде алынады.

      Облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органының аумақты аймақтарға бөлу туралы шешімі Заңның 27-бабы 4-тармағына сәйкес ветеринария саласындағы уәкілетті орган ведомствосы белгілеген шектеу іс-шаралары алып тасталған соң алынады.

      15. Республика аумағының міндетті түрде декларациялауға жататын аурулар тізіміне енгізілген аурулар бойынша қолайлылығын тану Бүкіләлемдік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымы белгілеген ұсынымдарға, талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.

3. Жануарлардың аса қауіпті ауруларынан бос аумақты аймақтарға
бөлу тәртібі

      16. Жануарлардың аса қауіпті ауруларынан бос әкімшілік-аумақтық бірліктерде оларда жүргізілетін ветеринариялық іс-шараларға (жануарларды вакциналау) байланысты, оларда вакцинациялаумен және (немесе) вакцинациялаусыз қолайлы аймақ белгіленеді.

      17. Ветеринария саласындағы уәкілетті органның ведомствосы аумақты вакцинациямен қолайлы аймаққа және (немесе) вакцинациясыз қолайлы аймаққа бөлу үшін:

      1) әкімшілік аумақтық бірлікте жануар ауруларының эпизоотологиясын өткізетін ветеринариялық іс-шараны (жануарларды вакциналау) зерделейді;

      2) жануарлардың аса қауіпті және экзотикалық ауруларының енуінің, туындауының және таралуының әлеуетті және бар қауіпті-қатерлерін талдайды.

      17-1. Аумақты вакциналанатын саламатты аймаққа және (немесе) вакциналанбайтын саламатты аймаққа бөлуге Дүниежүзілік жануарлар саулығы ұйымы белгілеген ұсынымдарға, талаптарға сәйкес жүзеге асырылатын компартментті ескере отырып жол беріледі.

      Компартменттеуді есепке алу кезінде ақпарат аумақты аймақтарға бөлу туралы шешімде көрсетіледі.

      Ескерту. Қағида 17-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 09.02.2017 № 59 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      18. Ветеринария саласындағы уәкілетті органның ведомствасы осы Қағидалардың 17-тармағында көрсетілген іс-шараны өткізгеннен кейін облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарына, аумақты вакцинациямен қолайлы аймаққа және (немесе) вакцинациясыз қолайлы аймаққа бөлу туралы ұсыныс енгізеді.

      Аумақты вакцинациямен қолайлы аймаққа және (немесе) вакцинациясыз қолайлы аймаққа бөлу шешімін облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары қабылдайды.

      19. Вакцинациямен қолайлы аймақта және (немесе) вакцинациясыз қолайлы аймақта ветеринариялық іс-шараларды ветеринария саласындағы уәкілетті орган ведомствосы айқындайды, егер олар мыналарға жанасатын болса:

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасына;

      көлік инфрақұрылымы объектілеріне (жануарларды, жануарлардан алынатын өнімідер және шикізатты тиеу және түсіру жүргізілетін теңіз порттары, аэропорттар, сондай-ақ теміржол станциялары);

      Аумақты вакцинациямен қолайлы аймаққа және (немесе) вакцинациясыз қолайлы аймаққа бөлу жүргізілетін ауру қоздырғыштарымен жұмыс істейтін өзге объектілерге.

      20. Осы Қағидалардың 19-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, вакцинациямен қолайлы аймақта және (немесе) вакцинациясыз қолайлы аймақта ветеринариялық іс-шараларды тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдары айқындайды.

      21. Вакцинациямен қолайлы аймақтағы және (немесе) вакцинациясыз қолайлы аймақтағы ветеринариялық іс-шаралар Бүкіләлемдік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымының, Еуразия экономикалық одағы және Қазақстан Республикасының заңнамалары нормаларымен белгіленген ұсыныстарды және (немесе) талаптарды есепке ала отырып тиісті ауруға қатысты және оның қоздырғышының қасиеттері туралы ғылыми деректер, сондай-ақ қауіп-қатер бағасы арқылы анықталады.