Кәсіби бухгалтерлерге қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2007 жылғы 13 желтоқсандағы N 455 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2007 жылғы 21 желтоқсандағы Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 5050 болып енгізілді.

Жаңартылған

      Қолданушылардың назарына!!!
      Бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 3-тармақтан қараңыз.

      "Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабы 5-тармағының 12) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Кәсіби бухгалтерлерге қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік активтерді басқару әдіснамасы департаменті (Ж.Н.Айтжанова) заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және ресми жариялануын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр



  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2007 жылғы 15 желтоқсандағы
N 455 бұйрығымен бекітілген

Кәсіби бухгалтерлерге қойылатын біліктілік талаптары

      1. Бухгалтерлердi кәсiби сертификаттау жөнiндегi аккредиттелген ұйым берген сертификаттың болуы.

      2. Бухгалтерлерді кәсіби сертификаттау жөніндегі аккредиттелген ұйым жүзеге асыратын кәсіби бухгалтерді сертификаттаудан өтуге жоғары білімі және кемінде соңғы бес жылда бухгалтерлік, экономикалық, қаржылық, аудиторлық, есеп-талдамалық, бақылау-тексеру салаларында немесе жоғары және арнайы орта оқу орындарында бухгалтерлік есеп пен аудит бойынша ғылыми-оқытушылық қызмет саласында жұмыс өтілі бар адамдар жіберіледі, ол нотариалды куәландырылған еңбек кітапшасының және/немесе еңбек шартының көшірмесімен расталуы тиіс

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда жазылды - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010.06.09 № 277 Бұйрығымен.

      3. Кәсіби бухгалтерлерге кандидаттар мынадай:

      халықаралық қаржылық есептілігі стандарттарына сәйкес бухгалтерлік есеп;

      салық және салық салу;

      азаматтық құқық пәндері бойынша бухгалтерлерді кәсiби сертификаттау жөнiндегi аккредиттелген ұйым ұйымдастырған емтихандарды тапсыру арқылы өз білімін растауға тиіс.

      3-1. Аудиторға кандидаттарды аттестаттау жөніндегі біліктілік комиссиясы берген "аудитор" білігін беру туралы біліктілік куәлігі бар тұлғалар жоғарыда көрсетілген емтихандарды тапсырудан босатылады.

      Ескерту. 3-1-тармақпен толықтырылды - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010.09.07 № 446 (ресми жарияланған күнінен кейін 21 күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

      3-2. Diploma in the International Financial Reporting (DipIFR ACCA) дипломы бар тұлғалар халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес бухгалтерлік есеп пәні бойынша емтихан тапсырудан босатылады.

      Ескерту. 3-2-тармақпен толықтырылды - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010.09.07 № 446 (ресми жарияланған күнінен кейін 21 күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      4-тармақты алып тастау көзделген - ҚР Қаржы министрінің 25.06.2014 № 289 бұйрығымен (20.11.2014 бастап қолданысқа енгізіледі).

      4. Кәсіби бухгалтерлер әр 2 жыл сайын бухгалтерлерді кәсiби сертификаттау жөнiндегi аккредиттелген ұйымдарды біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.