Жоғалған немесе бүлінген құқық белгілейтін құжаттың телнұсқасын беру және түпнұсқасының (куәландырылған көшірмесінің) күшін жою ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 2007 жылғы 24 тамыздағы N 244 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2007 жылғы 19 қыркүйекте Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 4939 болып енгізілді.

Қолданыстағы

      "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының  Заңын  іске асыру мақсатында,»"Әділет органдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының  7-бабын  басшылыққа ала отырып,  БҰЙЫРАМЫН :

      1. Қоса беріліп отырған Жоғалған немесе бүлінген құқық белгілейтін құжаттың телнұсқасын беру және түпнұсқасының (куәландырылған көшірмесінің) күшін жою ережесі бекітілсін.

      2. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің м.а.

                                            Қазақстан Республикасы
                                            Әділет министрінің м.а.
                                            2007 жылғы»24 тамыздағы
                                               N 244 бұйрығымен
                                                  бекітілген

Жоғалған немесе бүлінген құқық белгілеуші құжаттың телнұсқасын беру және түпнұсқасының (куәландырылған көшірмесінің) күшін жою ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы ереже Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Әділет департаменттері (басқармалары) (бұдан әрі - Тіркеуші орган) беретін құжаттардың мынадай түрлерінің:
      1) жоғалған немесе бүлінген құқық белгілеуші құжаттың түпнұсқасының (куәландырылған көшірмесі);
      2) меншік құқығы туралы куәліктің (бұдан әрі - Куәлік) телнұсқасын берудің және күшін жоюдың тәртібін белгілейді.

  2. Жоғалған немесе бүлінген құқық белгілеуші құжаттың немесе Куәліктің телнұсқасын беру және түпнұсқасының (куәландырылған көшірмесінің) күшін жою тәртібі

      2. Негізінде құқықтық кадастрда тіркеу жүргізілген жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжатының немесе Куәліктің түпнұсқасы (куәландырылған көшірмесі) жоғалған немесе бүлінген жағдайда құқық белгілейтін құжатты немесе Куәлікті қалпына келтіруді тіркеуші орган тіркеу ісінде сақталған сол құжаттың көшірмесінен телнұсқа беру арқылы жүргізеді.

      3. Құқық белгілейтін құжаттың немесе Куәліктің телнұсқасын берген кезде тіркеуші орган құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне және құқықтық кадастрдың тіркеу ісінің тиісті бағанына құқық белгілеуші құжаттың немесе куәліктің түпнұсқасының күшін жою туралы тиісті жазба енгізеді.

      4. Тіркеуші органның құқық белгілейтін құжаттың немесе Куәліктің телнұсқасын беруі құқық белгілейтін құжаттың немесе Куәліктің түпнұсқасының күшін жойғанын растайды.

      5. Құқық белгілейтін құжаттың телнұсқасын алу үшін өтініш беруші мыналарды ұсынуы тиіс:
      1) Құқық белгілейтін құжаттың немесе куәліктің жоғалуына, бүлінуіне себеп болған жағдайларды көрсете отырып, құқық белгілейтін құжаттың немесе Куәліктің телнұсқасын беру туралы еркін нысандағы өтініш;
      2) құқық белгілейтін құжаттың немесе Куәліктің түпнұсқасын жарамсыз деп тану туралы хабарландыру жарияланған республикалық газеттің данасы.

      6. Құқық белгілеуші құжаттың немесе Куәліктің телнұсқасын беру туралы өтініштен басқа өтініш беруші тіркеуші органға мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) жеке тұлға паспортын немесе өзге оны алмастыратын құжатын (жеке куәлігін, 16 жасқа толмаған азаматтың туу туралы куәлігін, Қазақстан Республикасындағы шетелдіктің ықтияр хаты, азаматтығы жоқ адамның куәлігін) ұсынады;
      2) заңды тұлға заңды тұлғаны тіркеу туралы куәлігін (жарғысының, ережесінің көшірмесін), сауда тізілімінен көшірмесін немесе осы субъект өз елінің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын куәландыратын, қазақ немесе орыс тіліне нотариатты куәландырылған аудармасымен бірге басқа құжатын ұсынады.

      7. Құқық белгілейтін құжаттың немесе Куәліктің телнұсқасында ішкі жағының жоғарғы оң жақ бұрышында телнұсқаны берген күні көрсетілген»"телнұсқа" белгісі қойылған құқық белгілейтін құжаттың немесе Куәліктің түпнұсқасының барлық мәтіндері қамтылуы тиіс.

      8. Тіркеуші орган үш жұмыс күні ішінде құқық белгілеуші құжаттың немесе Куәліктің телнұсқасын береді.

      9. Құқық белгілеуші құжаттың немесе Куәліктің телнұсқасын ұсынуды тіркеуші орган тегін негізде жүзеге асырады.