Қоғамдық тыңдауларды өткізу Ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2007 жылғы 7 мамырдағы N 135-ө Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2007 жылғы 30 мамырдағы Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 4687 болып енгізілді.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексі  17-бабының 30) тармақшасына сәйкес  БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоғамдық тыңдауларды өткізудің қоса берілген ережесі бекітілсін.

      2. Осы бұйрық Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің құрылымдық және аумақтық бөлімшелердің мәліметіне жеткізілсін.

      3. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен он күнтізбелік күн өткеннен соң қолданысқа енгізілсін.

      Министр

Қазақстан Республикасы Қоршаған
ортаны қорғау министрінің  
2007 жылғы » 7 мамырдағы N 135-ө 
бұйрығымен бекітілген     

Қоғамдық тыңдауларды өткізу ережесі 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексіне сәйкес әзірленген және қоршаған ортаға әсерді бағалау (бұдан әрі - ҚОӘБ) материалдарын талқылау мақсатында қоғамдық тыңдауларды өткізу және ұйымдастыру тәртібін белгілейді.

      2. Ереже қоршаған ортаның жай-күйі туралы жеткілікті және толық ақпаратты өз уақытында алуға және жұртшылықтың экологиялық-маңызды шешімдерді қабылдау процесіне қатысуға азаматтардың және қоғамдық ұйымдардың конституциялық құқығын қамтамасыз ету қағидаттарына негізделген.

      3. Осы Ережеде Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінде қарастырылған терминдер және анықтамалар қолданылады, сондай-ақ:
      1) жұртшылық - халықтың мүддесін білдіретін қоғамдық ұйымдарды қоса алғанда жеке немесе заңды тұлғалар;
      2) мүдделі жұртшылық - бұл қоршаған ортаға қатысты мәселелер жөніндегі шешімдерді іске асыруға әсер ететін қоғамдық;
      3) қоғамдық тыңдаулар - бұл қоршаған ортаның жай-күйіне кері әсер ететін мәселелер жөніндегі шешімдерді қабылдау кезінде оны есептеу мақсатында қоғамдық пікірді айқындау рәсімі.

      4. Қоғамдық тыңдаулар олардың іске асырылуы қоршаған ортаға және азаматтардың денсаулығына тікелей әсер ете алатын жобалар бойынша өткізіледі.

      5. Қоғамдық тыңдауларға қоршаған ортаға маңызды әсер ете алатын және адам денсаулығы үштен бір параметрін (немесе жиынтығын) есептеу арқылы, атап айтқанда әсердің мөлшері, кезеңі және қарқынды, көзделген жоба алдындағы және жобалық материалдардың ҚОӘБ нәтижелері ұсынылады.

      6. Қоғамдық тыңдаулар талқыланатын мәселеге қатысы және конфиденциалдық мәліметтері жоқ құжаттық ақпаратты зерттеу негізінде талқыланатын мәселелер бойынша барлық мүдделі тараптар үшін бірдей өзінің дәлелді пікірін айтуға мүмкіндігін болжайды.

      7. Қоғамдық тыңдаулардың қатысушылары болып мыналар табылады:
      1) мүдделі жұртшылық;
      2) қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар және бірлестіктер;
      3) жергілікті атқарушы және өкілетті органдар, олардың құзыретіне талқыланатын шешімдерді қабылдау жататын мемлекеттік органдар;
      4) бұқаралық ақпараттар құралдары.

      8. Қоршаған ортаға әсерді бағалау материалдарын талқылау жөніндегі қоғамдық тыңдауларды көзделген басқарушылық, шаруашылық, инвестициялық және өзге де қызметтің Тапсырыс берушісі (бастамашысы) (бұдан әрі - Тапсырыс беруші) ұйымдастырады.

      9. Тапсырыс беруші жергілікті атқарушы органдармен қоғамдық тыңдауларды өткізу уақыты мен орнын алдын ала келіседі және БАҚ-на қоршаған ортаға көзделген шаруашылық қызметтің қоршаған ортаға әсерін бағалау материалдары жөніндегі қоғамдық тыңдауларды өткізу бойынша жарнама жариялайды. Жарнаманың жариялануы мемлекеттік және орыс тілдерінде қоғамдық тыңдауларды өткізу күніне 20 күн қалғанда жүзеге асырылуы тиіс.
      Тапсырыс беруші қоғамдықты ақпараттаудың қосымша өзге де түрлерін (ақпараттық қағаздар, стендтер және басқалары) пайдалана алады.

      10. Жарнамада сонымен қатар ҚОӘБ материалдарымен жұртшылық өкілдері таныса алатын офистің мекен-жайы көрсетіледі.

      11. ҚОӘБ жобасы жөнінде қоғамдық тыңдаулар ұйымдастыру бойынша ресми жарияланған күнінен бастап Тапсырыс беруші ҚОӘБ жобасына қоғамдық өкілдеріне қолжетімдікті, ескертулер мен ұсыныстардың қабылдануы мен тіркелуін қамтамасыз етеді.

      12. Қоғамдық тыңдаулар күні белгіленген уақытта және белгіленген орында тыңдауларға қатысушыларды тіркеу өткізіледі (тыңдау басталардан 15-30 минут бұрын).

  2. Қоғамдық тыңдаулар жүргізу тәртібі

      13. Қоғамдық тыңдауларды жергілікті атқарушы органының өкілі ашады.

      14. Күн тәртібі, регламент бекітіледі және төраға мен қоғамдық тыңдаудың хаттамасын жүргізетін хатшы сайланады.

      15. Көзделген шаруашылық қызметі және қоршаған ортаға әсердің нәтижесі туралы Тапсырыс беруші өкілдерінің баяндамалары тыңдалады.

      16. Жұртшылықтың мүдделі өкілдері өз пікірлерін білдіреді, сұрақтар қояды. Баяндамашылар жұртшылық өкілдерінің сұрақтарына жауап береді. Тыңдауларда белгіленген регламентке сәйкес сөз сөйлеуге тілек білдіргеннің бәріне сөйлеуге мүмкіндік беріледі.

      17. Тапсырыс беруші баяндамалардың, сұрақтардың, жауаптардың және сөз сөйлеулердің жазылуы мен жиналуын ұйымдастырады. Сондай-ақ дыбыс-және бейне жазулардың орындалуы мүмкін.

      18. Қоғамдық тыңдаулардың нәтижелері қоғамдық тыңдаулардың хаттамасымен ресімделеді, оған төраға және хатшы қол қояды. Хаттаманың бір данасы жергілікті атқарушы органдарға беріледі.

      19. Тапсырыс беруші қоғамдық тыңдаулардың нәтижелеріне талдау жасайды және қоғамдық пікірді ескере отырып, жобаны жетілдіру туралы шешім қабылдайды.

      20. Тапсырыс беруші мемлекеттік экологиялық сараптамаға Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне негізделген, оның білікті негізделу жағдайында, сондай-ақ олар бойынша Тапсырыс беруші жобаға өзгерістер мен толықтыруларды енгізуді негізсіз деп тапқан жұртшылықтың ұсыныстары жөніндегі комментарийді, қоғамдық пікірді ескере отырып, жетілдірілген қоғамдық тыңдаулардың хаттамасын және ҚОӘБ нәтижелерінің жобасын ұсынады.

      21. Қоғамдық тыңдаулар белгіленген уақытта келген қатысушы жұртшылық өкілдерінің, оның ішінде мүдделі жұртшылықтың, санына қарамастан өткізіледі.

      22. Қоршаған ортаға әсерді бағалау материалдарын талқылау жөніндегі қоғамдық тыңдауларды қаржыландыру, материалдық-техникалық және ақпараттық қамтамасыз ету Тапсырыс берушінің есебінен жүзеге асырылады.