Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының қатардағы, кіші және орта басшы құрамдағы лауазымдарына бірінші рет қабылданатын үміткерлердің алғашқы арнайы оқудан өту ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2007 жылғы 28 сәуірдегі N 180 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2007 жылғы 14 мамырдағы Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 4673 болып енгізілді.

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының қатардағы және басшы құрамдағы адамдарының қызмет өткеруі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 27 желтоқсандағы N 1644  қаулысының  11-тармағын іске асыру мақсатында  БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының қатардағы, кіші және орта басшы құрамдағы лауазымдарына бірінші рет қабылданатын үміткерлердің алғашқы арнайы оқудан өту ережесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі оқу орындарының бастықтары Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарына бірінші рет қабылданатын үміткерлерді алғашқы арнайы оқуға қабылдау кезінде осы бұйрықты басшылыққа алсын.

      3. Кадр жұмысы департаменті (Ә.А. Ақанов) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркеуден өтуін қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр

      "Келісілді"
      Қазақстан Республикасы
      Білім және ғылым министрінің
      міндетін атқарушы
      2007 жылғы 30 сәуір

Қазақстан Республикасы    
Ішкі істер министрінің    
2007 жылғы 28 сәуірдегі   
N 180 бұйрығымен бекітілген 

Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының қатардағы, кіші және орта басшы құрамдағы лауазымдарына бірінші рет қабылданатын үміткерлердің алғашқы арнайы оқудан өту ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже ішкі істер органдарының қатардағы, кіші және орта басшы құрамдағы лауазымдарына бірінші рет қабылданатын үміткерлердің алғашқы арнайы оқудан өту тәртібі мен шарттарын белгілейді.

      2. Алғашқы арнайы оқу Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің оқу орындарында (бұдан әрі - ІІМ оқу орындары) жүзеге асырылады.

  2. Алғашқы арнайы оқуға қабылдау және өту тәртібі

      3. Алғашқы арнайы оқуға жалпы орта, бастауыш кәсіптік, орта кәсіптік, жоғары кәсіптік білімі бар және Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қойылатын талаптарға сай үміткерлер (бұдан әрі - үміткерлер) қабылданады.

      4. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығымен жыл сайын бекітілетін алғашқы арнайы оқуға қабылдау жоспарына сәйкес ішкі істер органдарының кадр аппараттары ІІМ-нің оқу орнына үміткердің жеке ісін қабылдау басталуынан он күн бұрын ұсынады.

      5. Алғашқы арнайы оқуға жіберілген үміткердің өзімен бірге жеке куәлігі, спорт киімі, жеке гигиена заттары, қажетті жазу құралдары болуы тиіс.

      6. ІІМ оқу орнына бару және қайту жолақысы, қабылдау кезінде тамақтану және тұру шығыстары үміткерлердің өз қаражаты есебінен жүргізіледі.

      7. Алғашқы арнайы оқуға қабылдау бекітілген қабылдау жоспарына сәйкес төрт кезеңде жүзеге асырылады:
      бірінші кезеңде ІІМ оқу орнының қабылдау комиссиясы үміткердің ұсынылған жеке ісінің негізінде Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 1398 болып тіркелген, "Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының қатардағы және басшы құрамдағы адамдарының қызмет өткеруі туралы ережені қолданудың тәртібі туралы нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2001 жылғы 1 қаңтардағы N 1  бұйрығының  талаптарына сәйкес қабылдауға жіберу туралы қорытынды шығарады;
      екінші кезеңде қабылдау комиссиясы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес дене бітімі көрсетімдері бойынша іріктеуді жүзеге асырады;
      үшінші кезеңде қабылдау комиссиясы тестілеу өткізеді;
      төртінші кезеңде қабылдау комиссиясы үміткерлерді алғашқы арнайы оқу курстарының тыңдаушылары қатарына қабылдау туралы шешім қабылдайды.

      8. Тестілеу Қазақстан Республикасының Конституциясын, " Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы ", " Мемлекеттік қызмет туралы ", " Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы " Қазақстан Республикасының Заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 3 мамырдағы N 1567 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс  кодексін  (Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этикасы ережесі) білуі тұрғысынан өткізіледі.

      9. Әрбір нормативтік құқықтық акт бойынша сұрақтар саны - 20. Заңнаманы білу тұрғысынан тест бойынша бастапқы деңгей орта басшы құрам лауазымдарына үміткерлер үшін 70%, қатардағы және кіші басшы құрам лауазымдарына үміткерлер үшін 50% құрайды.

      10. Тестілеуге 1 сағат 40 минут беріледі.

      11. Қабылдауға жіберу туралы шешімді қабылдау комиссиясы шығарады және қабылдау басталардан үш күн бұрын ішкі істер органдарының кадр аппаратына хабарланады.

      12. Қабылдау жүргізу және үміткерлерді алғашқы арнайы оқуға қабылдау кезеңінде ІІМ-нің оқу орнында бастықтың бұйрығымен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, аумақтық ішкі істер департаменттерінің қызметкерлері, оқу орнының оқытушылар құрамының, Ардагерлер кеңесі және жұртшылық өкілдері қатарынан қабылдау комиссиясы құрылады.

      13. ІІМ оқу орнының бастығы қабылдау комиссиясының төрағасы болып табылады.

      14. Бірыңғай талаптарды сақтауды қамтамасыз ету және тест сұрақтарын бағалау, түсушілердің құқықтарын қорғау мақсатында ІІМ оқу орнында апелляциялық комиссия құрылады, оның құрамына қабылдау комиссиясына енбеген адамдар кіреді.
      Аппеляцияға өтініш тестілеу нәтижелері хабарлағаннан кейінгі келесі күні сағат 13-ке дейін беріледі және аппеляциялық комиссия бір тәулік ішінде қарайды.

      15. Алғашқы арнайы оқуға қабылдауды бірыңғай кешенді тестілеу және дене бітімі көрсетімдері бойынша іріктеудің нәтижелерін ескере отырып, жүргізеді.
      Қабылдау комиссиясының қабылдау туралы шешімі ІІМ оқу орны бастығының бұйрығымен ресімделеді.

      16. Алғашқы арнайы оқу курстарындағы оқу процесі үлгі оқу және тақырыптық жоспарларға сәйкес жүргізіледі.

      17. Алғашқы арнайы оқу курстарында оқу мерзімі орта басшы құрамдағы лауазымдарға үміткерлер үшін - 2 ай, қатардағы және кіші басшы құрамдағы лауазымдарға үміткерлер үшін - 3 айды құрайды.

      18. Бітіру емтихандарын табысты тапсырған үміткерлерге алғашқы арнайы оқу курстарын бітіргені туралы куәлік беріледі, ол жеке іске тігіледі.

      19. Оқуды табысты аяқтаған үміткер бір ай ішінде лауазымға тағайындалады және ІІМ кадрына қабылдана отырып, оған арнаулы атақ беріледі.

      20. Алғашқы арнайы оқу курстарында оқу мерзімі қызмет өткерген жылдары үшін пайыздық үстемақы төлеу және зейнетақы есептеу үшін Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарындағы қызмет өтіліне есептеледі.