"Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңының 46-бабын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің аумақтарындағы реттелмелі туризм мен рекреацияның ережесі бекітілсін.
2. Осы бұйрық алғаш рет ресми жариялаған күнінен он күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
Төраға
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрлігі
Орман және аңшылық шаруашылығы
комитеті төрағасының
2007 жылғы 9 ақпандағы N 56
бұйрығымен бекітілген
Мемлекеттік ұлттық табиғи парктер аумағындағы
реттелмелі туризм мен рекреация ережесі 1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" 2004 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді және мемлекеттік ұлттық табиғи парктер (бұдан әрі - ұлттық парк) аумағында реттелмелі туризм мен рекреацияның өткізілуін регламенттейді.
2. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) туристік соқпақ (бұдан әрі - соқпақ) - жаяу немесе атпен (салт атпен) жүруге арналған;
2) туристік маршрут (бұдан әрі - маршрут) - авто-, мото-, су көлігімен (ескек қайықтар, салдар, яхталар және моторсыз катамарандар) немесе ат-арбамен жүруге арналған;
3) рекреация - (лат. recreatio - қалпына келтіру) - дем алудың барлық түрін қамтитын ұғым. Тұрғын үйден тыс жерде, әуесқойлық (спорттық) аң аулау мен балық аулауды қоса алғанда, табиғат аясында дем алу арқылы денсаулық пен еңбекке қабілеттілікті қалпына келтіру.
3. Туроператорлық лицензиясы бар болғанда ұлттық парктердің аумағында реттелмелі туризм мен рекреацияны:
1) тікелей ұлттық парк;
2) реттелмелі туризм мен рекреацияны қамтамасыз ету бойынша қызметті жүзеге асыруға табиғат қорғау мекемесі беретін рұқсатнаманың және шарттардың негізінде заңды тұлғалар жүзеге асырады.
4. Реттелмелі туризм мен рекреация, оның ішінде реакреациялық орталықтарды, қонақүйлер, кемпингтер, мұражайлар және туристерге қызмет көрсетудiң басқа да объектiлерiн орналастыруға және оларды пайдалануға, әуесқойлық (спорттық) балық аулауға, туристiк маршруттар, соқпақтар ұйымдастыруға, дем алу алаңқайлары мен тамашалау алаңдарын құруға рекреациялық жүктемелер нормаларын ескере отырып, туристiк және рекреациялық қызмет, шектеулi шаруашылық қызмет аймақтарында рұқсат етіледі.
5. Арнайы бөлінген учаскелерде әуесқойлық (спорттық) балық аулауды ұйымдастыруға шектеулi шаруашылық қызмет аймағында рұқсат етіледі.
2. Ұлттық парктер аумағында туризм мен
рекреацияға арналған инфрақұрылым
6. Ұлттық парктің инфрақұрылымын дамыту жоспары аумақтың жоспарлау жобасының құрамында (инфрақұрылымды дамытудың бас жоспары) әзірленеді және оны құрудың немесе кеңейтудің техникалық-экономикалық негіздемесінің бөлігі болып табылады.
7. Туризм мен рекреацияға арналған инфрақұрылым туризм мен рекреацияны дамытуды ескере отырып, көлiкке арналған тұрақтарды, кемпингтердi, қонақүйлердi, мотельдердi, туристiк базаларды, дем алу алаңдарын, қоғамдық тамақтандыру, сауда және басқа да мәдени-тұрмыстық мақсаттағы объектiлердi, құбырларды, электр және байланыс желiлерiн, жолдарды қамтиды.
8. Ұлттық парк аумағында инфрақұрылымды дамытудың бас жоспарында туризм мен рекреацияны жүзеге асыруға арналған объектілер салынатын жер учаскелері айқындалады, олар Қазақстан Республикасының Үкіметі 2006 жылғы 7 желтоқсандағы N 1181 қаулысымен бекіткен Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристік және рекреациялық мақсаттағы объектілер салуға конкурстар өткізу ережесіне сәйкес жеке және заңды тұлғаларға ұзақ мерзімді жалға берілуі мүмкін.
9. Туристік және рекреациялық мақсаттар үшін туристiк соқпақтар мен маршруттар, тамашалау алаңдарын, дем алу алаңқайларын, шатырлы лагерьлер, уақытша құрылыстар (сауда нүктелері, дүңгіршектер, жазғы дәмханалар, қайық стансалары мен жалға беру бекеттері, жылжымалы вагон үйлер, трейлерлер) орналастыру үшін ұлттық парктердің учаскелері Қазақстан Республикасының Үкіметі 2006 жылғы 7 қарашадағы N 1063 қаулысымен бекіткен Реттелмелі туризм мен рекреацияны жүзеге асыру үшін мемлекеттік ұлттық парктер аумағындағы жер учаскелерін жалға беру ережесіне сәйкес қысқа мерзімді жалға беріледі.
3. Ұлттық парктер аумағындағы реттелмелі
туризм мен рекреация
10. Ұлттық парктердің аумағындағы туристік соқпақтар мен маршруттарды ұлттық парктің әкімшілігі, ұлттық парктің әкімшілігімен келісім бойынша туроператорлар мен жобалайды және оларды Қазақстан Республикасы мемлекеттік стандарттарының талаптарына сәйкес уәкілетті орган бекітеді.
11. Соқпақтар (маршруттар) мемлекеттік стандарттар айқындаған талаптарға сәйкес былай жіктеледі:
қозғалу түрлері бойынша: жаяу жүріс, велосипедпен, автомобильмен, мотоциклмен, желкенді қайықпен, салт атпен жүру, сондай-ақ олардың үйлесім тапқан нұсқасы - аралас соқпақтар (маршруттар);
қозғалыс бағыты бойынша: желілік, айналма, радиалды және басқалары;
қолданыс уақыты бойынша: жыл бойы, маусымдық;
ұйымдастыру нысаны бойынша: топтық және жеке.
12. Соқпақты (маршрутты) жобалау ол өтетін аумаққа экспедициялық зерттеу жүргізуді көздейді.
Зерттеу экологиялық және санитариялық-гигиеналық нормалар мен талаптарға сай келетін, сондай-ақ туризмнің нақты түрін дамытудың шынайы мүмкіндіктерін ескере отырып, табиғи жағдайлары қолайлы аумақтар бойынша жүзеге асырылады.
13. Жергілікті кедергілер (асулар, шыңдар және басқалар) және туризмнің жекелеген түрлеріне тән өзге де факторлар (ауданы, биік жерлердің жалпы құбылуы, дербестігі) жобалау кезінде соқпақтың (маршруттың) күрделілігін айқындайтын негізгі көрсеткіштер болып табылады. Аралас соқпақтың (маршруттың) күрделілігі кедергілердің мөлшеріне және маршрутқа енгізілген туризмнің әр түрлерінің элементтеріне байланысты анықталады.
14. Соқпақты (маршрутты) жобалау кезінде оны қауіпсіз жүріп-өту үшін қажет нұсқаушылардың біліктілігі, оның ұзақтығы, ауданның климаттық, географиялық көрсеткіштері, таудың еңістігі, өзендер ағысының жылдамдығы және басқа да көрсеткіштер ескеріледі.
15. Соқпақтар (маршруттар) жалғаса беретін күйінде жоспарланады. Соқпақ (маршрут) (өзендер, тау алқаптары) учаскелерін немесе жергілікті кедергілерді байланыстырған жағдайда, егер бұл оның тұтастығын бұзбаса, осы туристік аудан шегінде көлік пайдалануға рұқсат етіледі.
16. Соқпақтар (маршруттар) құру кемпингтердi, мотельдердi, дем алу алаңқайларын, тамашалау алаңдарын, шатырлы лагерьлердi, автокөлік тұрақтарын, суретке түсіру және қоғамдық тамақтандыру орындарын орналастыру рекреациялық жүктеме нормаларын ескере отырып, бір мезгілде жүзеге асырылады.
17. Соқпақпен (маршрутпен) дайындалмаған туристер жүріп өткен кезде аялдау орындарын 2-3 километр қашықтықта орналастырылады.
Аялдау орындары қажетті шағын үй-жайлармен, ағаш отынмен және жабдықтармен, байланыспен және алғашқы медициналық жәрдем құралдарымен, қоғамдық тамақтандыру орындарымен қамтамасыз етіледі.
18. Су бөгеттері мен өтуі қиын учаскелер кешіп өту, төсеме, аспалы және ағаш көпірлермен қамтамасыз етіледі.
19. Бүкіл соқпақтың (маршруттың) өн бойында ерекше назар аударуды, жекелеген режим талаптарын сақтауды талап ететін учаскелер шектеліп, жазу жазылған тақтайшалармен (табличкалармен), көрсеткіштермен және аншлагтармен белгіленеді.
20. Күрделі учаскелерден өту кезінде оларды айналып өтудің сақтық нұсқалары көзделеді.
21. Соқпақты (маршрутты) жобалау мыналарды көздейді:
қыстамалардың, дем алу алаңқайларының, көлiкке арналған тұрақтардың, кемпингтердiң, шатырлы лагерьлердiң, тамашалау алаңдарының, суретке түсіру және қоғамдық тамақтандыру орындарының, туристік әбзелдердің, құрал-саймандардың және көлік құралдарының қажетті мөлшерінің есеп-қисабы;
туризм бойынша нұсқаушылар, басқа да қызмет көрсетушілер жөніндегі қажеттілікті айқындау және оларды даярлауды ұйымдастыру, жорық жолы сипатталған жарнама-ақпараттық материалдар дайындау;
рекреациялық жүктеменің есебі.
22. Соқпақ (маршрут) бойынша жүріп өту кезінде қауіпсіздік жөніндегі шараларды айқындау "Туристік қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген нормаларға сәйкес жүргізіледі.
23. Соқпақ (маршрут) паспортының жобасы осы Ереженің қосымшасына сәйкес паспорт түрінде ресімделеді.
24. Соқпақ (маршрут) паспортының деректері ұлттық парктің паспортына, сондай-ақ осы объектілерді одан әрі пайдалануды жүзеге асыратын туристік операторлар мен туристік агенттердің туристік маршруттарының тізіліміне енгізіледі.
25. Жеке тұлғалардың ұлттық парктерде Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес ақылы негізде дем алу, туристік және рекреациялық іс-шараларға қатысу, өз мұқтаждығы үшін жабайы жемістер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер, дәрі-дәрмектік шикізаттар және өзге де орман ресурстарын жинау мақсатында болуға құқығы бар.
26. Жеке тұлғалардың ұлттық парктің арнайы бөлінген учаскелерінде жабайы жемістер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер, дәрі-дәрмектік шикізат пен өзге де орман ресурстарын жинауы N 3253 Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті төрағасының 2004 жылғы 10 қарашадағы N 238 бұйрығымен орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган бекіткен Мемлекеттік орман қоры аумағында жанама орман пайдалану ережесіне сәйкес жүзеге асырылады.
27. Жеке тұлғалардың туристік және рекреациялық мақсаттарда ұлттық парк аумағында болуы N 4562 Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті төрағасының 2007 жылғы 2 ақпандағы N 44 бұйрығымен орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган бекіткен Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда болу ережесімен регламенттеледі.
4. Ұлттық парктер аумағында әуесқой (спорттық)
аң аулау және балық аулау
28. Ұлттық парктер аумағында әуесқой (спорттық) аң аулау:
1) аумақтың функционалдық аймақталуына, күзет режиміне және осы учаскелер шегінде табиғи ресурстарды шектеулі шаруашылық мақсатта пайдалану шарттарына сәйкес арнайы бөлінген учаскелерде;
2) Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын бекітілетін алып қою лимиттері негізінде Қазақстан Республикасының аумағында аң аулау объектілері болып табылатын жануарларға;
3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 31 желтоқсандағы N 1458 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының аумағында аң аулау ережесінде белгіленген тәртіппен;
4) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы аумақтық уәкілетті органның ұлттық паркке берген рұқсатнамасы бойынша;
5) ұлттық парктің күзет қызметі өкілінің міндетті түрде қатысуымен аңшыға берілетін ұлттық парктің жолдамасы бойынша жүргізіледі.
29. Аң аулауға арналған ұлттық парктің арнайы учаскелерін айқындау оның аумағын аймақтарға бөлу және орман орналастыру мен аңшылық ісін ұйымдастыру материалдарының негізінде жүргізіледі.
30. Жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін ақы төлеу Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
31. Ұлттық парктер аумағында әуесқой (спорттық) балық аулау:
1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген балық аулау лимиттері негізінде рұқсат етілген аулаудың биологиялық тұрғыда негізделген көлемдеріне сәйкес;
2) бір балық аулаушыға 5-тен аспайтын iлмектерi бар барлық жүйелер мен атаулардағы (жылтырауық, қармақ, жерлицтер, спиннингтер) қармақтармен, сондай-ақ азаматтар демалатын аймақтан тысқары жерлерде су асты аңшылығына арналған мылтықтармен жүргiзiледi.
32. Жарылғыш және уландырғыш заттарды пайдаланып балық аулауға, сондай-ақ балық аулау кезiнде атыс қаруын және басқа да тыйым салынған аулау құралдарын қолдануға жол берілмейді.
33. Жеке және заңды тұлғалар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнаманы, өзге де табиғат қорғау заңнамасын және осы Ережені бұзған жағдайда олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жауаптылыққа тартылады.
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрлігі
Орман және аңшылық шаруашылығы
комитеті төрағасының
2007 жылғы 9 ақпандағы
N 56 бұйрығымен
бекітілген Мемлекеттік ұлттық
табиғи парктер аумағындағы
реттелмелі туризм мен рекреация
ережесіне қосымша
ТУРИСТІК СОҚПАҚТЫҢ (МАРШРУТТЫҢ) ПАСПОРТЫ
1. ЕҚТА атауы _____________________________________________
2. Соқпақтың (маршруттың) атауы ____________________________
3. Соқпақтың (маршруттың) жіктемесі:
1) қозғалыс жасау түрі бойынша: жаяу жүріс, су, шаңғы, велосипед, салт атты, автомобиль, мотоцикл, ат-арба, аралас;
2) қолданыс уақыты бойынша: жыл бойы, маусымдық;
3) ұйымдастыру нысаны бойынша: топтық және жеке;
4. _________________________________________________________
(негізгі географиялық пункттердің атауы)
5. Қашықтығы ________км, аялдаманы ескере отырып, уақыт ұзақтығы________ сағат.
6. Соқпақтың (маршруттың) жұмыс істеу мерзімі
7. Топтағы адамдардың ең көп саны; шектеу немен байланысты (тамашалау алаңының үлкендігімен, психикалық жайлы шегімен, рекреациялық жүктеме нормаларымен және т.б.). Бір аптаға немесе бір айға (рекреациялық жүктеме) экскурсиялық топтардың лимиттері.
8. Экскурсия маусымының ішіндегі әртүрлі кезеңдер бойынша жол берілетін рекреациялық жүктемелер (егер маусым ішіндегі қандай да бір кезеңде жүктемені төмендету қажет болса, мысалы, балапандар басу кезінде құстардың мазасын алмау).
9. Соқпақ арқылы экскурсия ұйымдастырушысынсыз жүріп өту мүмкіндігі.
Соқпақ қалай таңбаланған. Өзіңмен бірге киімнен (мысалы, егер соқпақта үңгірде болу жоспарланса, арнайы киім) немесе аяқ киімнен (мысалы, егер аяқты сулап алу, яғни арнайы ағаш төсенішсіз сулап алу қауіпі бар батпақты учаскелер болса, етік) не алу керек.
10. Соқпақта жүріп-тұрудың ерекше ережелері (осы ЕҚТА-да жүріп-тұрудың жалпы ережелеріне қосымша; мысалы, соқпақтан шығып кетпеу, тік жардың шетіне бармау, өзге де сақтық шараларын сақтау).
11. Қауіпсіздік шаралары.
12. Соқпақпен (маршрутпен) жүріп өту жоспары
р/с № |
Соқпақ (маршрут) |
Ұзақтығы, |
Қозғалыс |
Аялдау |
Тамашалау |
|
бастап |
дейін |
|||||
Барлығы: |
13. Соқпақ (маршрут) сызбасы (баспахана шығарған карталарды және соқпақ (маршрут) белгіленген масштабы 1:200000 кем болмайтын сызбаларды желімдеп жапсырып қоюға болады).
14. Шартты белгілер:
соқпақтар (маршруттар) паналайтын орындар
сақтық нұсқалар медициналық жәрдем бекеттері
түнеу орындары байланыс бекеттері (байланыс
паналау орындары түрі көрсетілсін)
15. Соқпақтың (маршруттың) қысқаша сипаттамасы (сипаты).
16. Соқпақ (маршрут) бойындағы және тамашалау (шолу) алаңдарындағы қарап-көру объектілерінің қысқаша сипаттамасы.
17. Соқпақтың (маршруттың) күрделі учаскелерінің қысқаша сипаттамасы.
18. Ықтимал стихиялық құбылыстар мен олар орын алған кезде топтың іс-қимылы.
19. Жолдамаға ақпараттық парақшаның мәтіні үшін ұсынымдар.
Туристік жабдықтарға, киімге, аяқкиімге, жүріс-тұрысқа және т.б. қатысты ұсынымдар енгізіледі __________________________ ________
___________________________________________________________________
20. Соқпақты (маршрутты) абаттандыру
Таңбалау______________________________________________________
Соқпақтың (маршруттың) аялдау, паналау орындары, оны абаттандыру_________________________________________________________
21. Мемлекеттік табиғи қорықтың ғылыми-техникалық кеңесінің шешімі.
Соқпақты әзірлеуге және паспортын ресімдеуге жауапты адам ____________________________________________________________________
22. Паспорт 200___ жылы ________ данада жасалды.
23. 200___ жылы ________ ______беттерге өзгерістер енгізілді.
200___ жылы ________ ______беттерге өзгерістер енгізілді.
24. Паспорт даналары жіберілді.
_____________________________________________
_____________________________________________
_____________________________________________
"Келісілді"
___________________________________________________
(ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы
уәкілетті органның аумақтық органының басшысы)
"____" _______200 ____ж.
___________________________________________________
(аумақтық қоршаған ортаны қорғау органының басшысы)
"____" _______200 ____ж.
_______________________