"Астық қоймаларын (элеваторларды және нан қабылдайтын пункттерді) күтіп-ұстауға және пайдалануға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар" санитарлық-эпидемиологиялық ережесі мен нормаларын бекіту туралы"

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің 2006 жылғы 10 шілдедегі N 293 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2006 жылғы 16 тамызда тіркелді. Тіркеу N 4347. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 30 маусымдағы N 476 бұйрығымен

Күшін жойған

      Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010.06.30 N 476 бұйрығымен.

      "Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 10) тармақшасына, 17-бабының 1-тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған "Астық қоймаларын (элеваторларды және нан қабылдайтын пункттерді) күтіп-ұстауға және пайдалануға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар"  санитарлық-эпидемиологиялық ережесі мен нормалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті(Белоног А.А.) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуге жіберсін.
      3. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің Ұйымдастыру-құқық жұмыс департаменті (Акрачкова Д.В.) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін ресми жариялауға жіберсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.
      5. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің
      міндетін атқарушы

      "Келісілген"
      Қазақстан Республикасының
      Ауылшаруашылығы министрі
      2006 жылғы 27 шілде

Қазақстан Республикасы    
Денсаулық сақтау министрінің м.а.
2006 жылғы 10 шілдедегі   
N 293 бұйрығымен бекітілген 

Дән қоймаларын (элеватор және астық қабылдайтын
пункттерді) күтіп ұстауға және пайдалануға қойылатын
санитарлық-эпидемиологиялық талаптар" туралы
санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалар

1. Жалпы ережелер

      1. "Дән қоймаларын (элеватор және астық қабылдайтын пункттерді) күтіп ұстауға және пайдалануға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар" туралы санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалар (бұдан әрі - санитарлық ережелер) дән сақтауға (элеватор және астық қабылдайтын пункттерді) (бұдан әрі - нысан) арналған дән қоймаларын күтіп ұстауға, аумағына, сумен қамтамасыз етуге, канализацияға, жылытуға, желдетуге, жарықтандыруға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар және олардың меншік түріне қарамастан жеке және заңды тұлғаларға таралады.

      2. Осы санитарлық ережелер мен нормаларда мына терминдер мен анықтамалар қолданылған:
      1) шанақ, сыйымдылық - дәнді уақытша сақтауға арналған, жапқыш және қоректендіргішпен жабдықталған, дәнді төмендегі бөлігі арқылы түсіретін сыйымдылық;
      2) триер - дәннен ұзын және қысқа қоспаларды бөліп алуға арналған қондырғы;
      3) циклон - ауаны тазартуға арналған құрылғы.

2. Аумақты күтіп ұстауға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар

      3. Нысанның аумағы қоршалуы керек. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а.»"Өндірістік нысандарды жобалауға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар" туралы санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді бекіту туралы", нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Реестрінде N 3792 тіркелген 2005 жылғы 8 шілдедегі N 334 бұйрығымен бекітілген санитарлық ережелердің талаптарына сәйкес нысанның санитарлық-қорғау аумағы болуға тиіс.

      4. Нысанның аумағының қатты қабаты, атмосфералық жауын-шашын ағатын еңісі, көлік жүруге арналған жолы, жолаушыларға арналған аяқ жолы болуы керек. Ағынды суды жинағыштары тазартылып, жұмысқа жарамды жағдайда күтіп ұсталынуы керек.

      5. Аумақта техникалық мақсаттарға арналып жасалған шұңқырлар немесе басқа ойықтар жабылуы керек, қоршауы, ескертетін белгісі болып, түңгі уақытта жарықтандырылуға тиіс.

      6. Түсіріп-тиейтін жұмыстар жүргізілетін алаңдардың, көліктік механизмдердің тұрақты жүретін және өтетін орындарының су жинайтын орынға қарай 3 0 С аспайтын еңісі болуы керек. Аумақтың бос  учаскелері көгалдандырылуға тиіс.

      7. Нысанның аумағын таза ұстап, жазғы уақытта су сеуіп қысқы уақытта қардан тазарту керек.

      8. Қоқыстарды жинауға арналған темір контейнерлер асфальт төселген алаңда орнатылып, оның көлемі контейнердің түбінен 3 есе үлкен болуға тиіс, олар өндірістік және қосымша үй-жайлардан 25 метрден (бұдан әрі - м) кем емес қашықтықта орналасуы керек.

      9. Қоқыстар мен қалдықтарды жинақталуына қарай, бірақ контейнер сыйымдылығының 2/3 бөлігі толған кезде шығарылып отыруға  тиіс. Қоқыстарды шығару арнайы автокөлікпен жүргізілуі керек.

      10. Ауладағы дәретханалардың су өткізбейтін шұңқыры болып, ол өндірістік үй-жайлардан 25 м кем емес қашықтықта орналасуға тиіс. Су жиналатын шұңқырлар уақытында тазартылып және зарарсыздандырылуға тиіс.

      11. Аумақта өндірістік қалдықтарды ашық әдіспен сақтауға рұқсат етілмейді. Өндірістік қалдықтарды арнайы автокөлік құралдарымен шығару керек.

      12. Аумақтағы дәннің зиянкестерімен зақымдалған учаскелерге дезинсекция жүргізілуге тиіс.

      13. Өнімдерді және қалдықтарды қорапталмаған күйінде тиеу барысында аумақты шаң басып кетуден ескертетін құрылғысы болуы керек.

3. Өндірістік, қоймалық және қосымша үй-жайларға
қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар

       14. Өндірістік ғимараттар және имараттарда жұмыс істейтін бір адамға келетін алаң 4,5 шаршы метрден (бұдан әрі - м 2 ) кем болмауы керек. Бұл алаңға жабдықтар орналасқан алаң, қызмет көрсететін аумақ, өтетін жол, аралық жүк жинайтын алаңдар және болашақта өндірісті кеңейтуге қарастырылған резервтегі алаңдар кірмейді.

      15. Үй-жайдың көлемі микроклиматтың параметрлерін ескере отырып анықталады, бірақ бір жұмысшыға шаққанда 15 куб метрден (бұдан әрі - м 3 ) кем болмауы керек.

      16. Өндірістік үй-жайлар қабырғасының, төбесінің, негізгі іргелі құрылғыларының, есігінің, еденінің бетінде, сол сияқты шанақтың қабырғалары томпақсыз, ойықсыз, бүдірсіз болып, оларды тез тазартуға мүмкіндік беруі керек.

      17. Ғимараттардың құрылысқа қолданылатын құрылғыларының материалдары, әрлеуге қолданылатын заттар және оның құрамы құрылғыларды шіруден және өртенуден қорғайтын Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат етілген заттардан болуы керек.

      18. Еденнің жабындысы тегіс және төзімді болуға тиіс. Өндірістік шаң-тозаң шығаратын үй-жайларда еденнің беті тегіс болып, тез тазартуды қамтамасыз етуге тиіс. Ылғалды үрдіс жүретін өндірістік үй-жайлардың едені тақтайшалармен қапталуы керек.

      19. Табиғи жолмен желдетілетін үй-жайларда алаңы 1 м 3 кем емес аз дегенде екі терезе мен форточка қарастырылуға тиіс. Терезелер немесе форточкалардың алаңдарының қосындысы үй-жайдың алаңының 0,2 пайызынан (бұдан әрі - %) кем болмау керек, шанақтың үстіндегі қабатта - 0,3% кем емес.

      20. Терезе құрылғыларының қапсырмасы терезенің сыртқы бетін жуып, жөндеуді үй-жайдың ішінен қамтамасыз етуі керек. Еденнен 1 м биіктікте орналасқан терезелерге  кеңдігі бойымен бірдей қоршау орнатылуға тиіс.

      21. Дайын өнімдерді қаптарға және пакеттерге салып қораптау технологиялық үдерістің ағынын ескере отырып, арнайы жабдықталған үй-жайларда жүргізіліп, ол өндірістік үй-жайлардың құрамына енуі керек. Дәнді, жарманы және ұнды қаптауға арналған қаптар жылытылатын, сорып-шығаратын желдету жүйесімен жабдықталған жеке үй-жайларда тазартылып, кептіріліп, зарарсыздандырылуы керек.

      22. Көлік құралдары жұмыстан кейін тазартылып, жуылып, ал зақымдалған дәндермен жұмыс істеген жағдайда зарарсыздандырылуы керек.

      23. Дәндерді дәрілеуге арналған жүзгіндерді дайындауға арналған үй-жайлар басқа үй-жайлардан оқшау болуға тиіс. Тұқымды дәрілеуге Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат етілген заттар қолданылып, жеке оқшауланған үй-жайда сақталуға тиіс.

      24. Өндірістік ғимараттардың ішіндегі және алаңдардағы қоршаулар биіктігі 1 метрге дейін болаттан, тордан жасалып, еденнен 15 сантиметр (бұдан әрі - см) биіктікке дейін біркелкі тегіс болуға тиіс.

      25. Ғимараттың және ғимараттың биіктігі карниздің төбесіне дейін 10 м асқан жағдайда шатырында жанбайтын материалдан жасалған, биіктігі 0,6 м кем емес торланған қоршау жабдықталуы керек. Төбеде жабдықты орнатқан кезде қоршаудың биіктігі 1,0 м кем емес болуы керек.

      26. Дәнді сақтауға арналған қоймалардың едендері томпақсыз, жарықсыз, тегіс асфальтты бетонды жабындысы болуға тиіс. Қабырғалардың беті тегіс, тазартуға және зарарсыздандыруға ыңғайлы болуы керек.

      27. Қапқа қапталған дәндерді сақтауға арналған қоймалар көп қабатты болуы мүмкін. Олардың жүкті түсіретін еңісі, тасымалдауға арналған көлік құралдары болуға тиіс.

      28. Жұмыстары механикаландырылған дән сақтайтын, едені тегіс, оның ішінде аэронауалармен жабдықталған қоймаларда конвейерге жіберетін тесіктердің үстіне центрі бойынша, жұмысшыларды құйғыға тартып кетпес үшін тігінен тіректер орнатылуы керек.

      29. Механикаландырылған дән қоймаларын тігінен қойылған тіреулерсіз немесе пирамидалық торсыз пайдалануға рұқсат етілмейді.

      30. Сыртқа жіберетін құрылғыға дәнді бос күйінде тасымалдау механикаландырылуы керек. Дәннің үйіндісіне жұмысшылардың жақындауына рұқсат етілмейді. Қоймалардың тегіс еденді өтетін галереялары сорып-шығаратын желдетумен жабдықталуы керек.

      31. Еңіс еденді дән қоймаларында жоғарғы конвейерлік галереяның еденнен төбесіне дейін қоршауы болуы керек. Есігін ашқан кезде төменгі конвейердің іске қосқыш электрқозғалтқышы автоматты түрде ажыратылуға тиіс.

      32. Дән өздігінен ағатын, механикаландырылған әрбір қоймада төменгі галереяның конвейерін тоқтатуға арналған екі түйме - басқышы болуы керек. Түйме басқыштар қойманың сыртқы қабырғасында және конвейердің электрқозғалтқышының жанында болуға тиіс.

      33. Сыйымдылықтың және шанақтың орналасқан орнына қарамастан, еденнің деңгейінде тығыз жабылатын, тиейтін, кіріп-шығатын люк орнатылған, ұяшықтарының мөлшері 250 х 75 милиметрден (бұдан әрі - мм) артық емес қорғағыш тормен жабдықталған, біртұтас жабындысы болуға тиіс.

      34. Барлық сыйымдылық пен шанақтар сорғыш құрылғыларымен, шаң-тозаңды жинап және сақтайтын шанақпен бөлек қондырғыда жабдықталуы керек.

      35. Сыйымдылықтар мен шанақта сақталған дәннің температурасын тексеру стационарлық немесе жылжымалы қондырғыларымен жүргізіледі. Жұмысшыларды дән сақтайтын сыйымдылықтар мен шанақтардың ішіне түсіру негізделген қажетілікке байланысты және арнайы шығырдың көмегімен жүргізіледі. Түсірер алдында сыйымдылық немесе шанақ желдетілуге тиіс.

      36. Дән сақтауға арналған сыйымдылықтар және шанақтар дәнді толық төгуді қамтамасыз ететін құрылғылармен жабдықталуы керек.

      37. Ғимараттың жерасты қабаттарының және жерасты галереялардың (тоннел) құрылысы оларға жерасты суларының өтуін болдырмауы керек.

      38. Жерасты қабаттарда орналасқан өндірістік үй-жайлар, көліктік тоннелдер желдеткішпен қамтамасыз етіліп, үй-жайдың немесе тоннелдің басында және аяғында орналасқан кем дегенде екі кіріп-шығатын есігі болуға тиіс.

      39. Тұтас емес жабындыларға, механизмдерге қызмет көрсетуге арналған өткелдер және галереялардың, қоймалардың жоғарғы конвейерлік галереялары, өтетін көпірлердің биіктігі 1,0 м кем емес, төменгі жағынан 0,15 м тұтас тігілген қоршауы болуы керек.

      40. Ұзындығы 20 м артық болатын, жерден немесе үй-жайлардың еденінен 2 м биіктікте орналасқан галерея мен алаңдардың біреуі басында екіншісі аяғында орналасқан кем дегенде екі кіріп-шығатын есігі болуға тиіс.

      41. Өндірістік және қоймалық үй-жайларда жұмыс орындарын және өткелдерді заттармен бөгеп тастауға рұқсат етілмейді.

      42. Жабдықтар мен қоршаудың шаң-тозаңы мен сыпырындысы қоқысқа жіберілгенге дейін өңделуге тиіс. Үй-жайдың ішінде тазалау барысында жанатын сұйықтықтарды қолдануға болмайды.

      43. Дәнді сақтауға арналған үй-жайлар, іргелес жатқын үй-жайлар және баспалдақтық алаңдар тазалықта ұсталынуға тиіс. Әр ауысымнан кейін шаң-тозаңнан, қалдықтардан және төгілген өнімдерден тазарту керек. Тазарту кезінде дәнді таза брезентпен жауып қою керек.

      44. Элеваторға келіп түскен дән астық қорының зиянкестеріне қарсы өңдеуден өткізілуі керек. Өңдеу үшін физикалық және химиялық әдістер қолданылуы мүмкін. Химиялық зарарсыздандыру үшін Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етілген заттар пайдаланылады.

      45. Дәнді кеулеу және тазарту бөлек үй-жайда немесе ашық ауада шаң ұстағышты қолдана отырып жүргізілуге тиіс. Бұл жұмыстарды дәнді сақтайтын қоймада жүргізуге рұқсат етілмейді.

      46. Қойма немесе оның бөлігі әрбір босаған сайын механикалық жолмен тазартылуға, астықтың зиянкестері жұқтырылған жағдайда ылғалды немесе газдау әдісімен дезинсекция жүргізуге жатады.

      47. Қамбалық зиянкестер жұқтырылған қоқыстар, сыпырынды, шаң-тозаң және дән таза дәнді сақтайтын қоймадан 40-50 м қашықтықта оқшауланған үй-жайда сақталуға тиіс. Сыпырындыны, қоқыстарды қойманың ішіне сақтауға рұқсат етілмейді.

4. Сумен қамтамасыз етуге және канализацияға
қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар

       48. Нысан шаруашылық-ауыз су және технологиялық мақсатқа пайдалануға қолданыстағы орталықтандырылған су құбырынан сумен қамтамасыз етілуі керек, ол болмаған жағдайда сумен қамтамасыз ету көзі бар, жеке су құбыры орнатылуға тиіс.

      49. Орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жүйесі жағдайында судың сапасы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау  министрінің м.а. "Шаруашылық-ауыз сумен қамтамасыз етуге және суды мәдени-тұрмыстық қолдану орындарына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларды бекіту туралы", Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Реестрінде N 2999 тіркелген, 2004 жылғы 28 маусымдағы N 506 бұйрығының талаптарына сай болуы керек. Орталықтандырылмаған сумен қамтамасыз ету жағдайындағы судың сапасы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. "Орталықтандырылмаған шаруашылық-ауыз сумен  қамтамасыз етуге қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларды бекіту туралы", Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Реестрінде N 3720 тіркелген, 2005 жылғы 13 мамырдағы N 229 бұйрығының талаптарына сай болуы керек.

      50. Жұмысшыларды ауыз сумен қамтамасыз етілуі керек.

      51. Шаруашылық-ауыз суға және өртке қарсы қажетілікке суды жинау үшін кем дегенде екі су жинайтын резервуар болуы керек. Резервуарлардың қапсырмалары, сатысы және люгі болуға тиіс. Люктері құлпымен жабылып және пломба қойылуы керек.

      52. Резервуарларды тазалау және зарарсыздандыру, соңынан зертханалық бақылау жүргізу әр босаған сайын, апатты жағдайда және жөндеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін жылына бір реттен кем емес жүргізілуге тиіс.

      53. Қырманда тасымалы суды пайдалануға рұқсат етіледі. Суды сақтауды жеке үй-жайда кем дегенде 2 сыйымдылықта жүргізу керек.

      54. Ағызатын шлангілерді сақтау үшін үй-жайдың іші сөрелермен немесе басқа құрылғылармен (патрубкалар, шлангілер), сол сияқты тазалауға қажетті керек жараққа арналған шкафтармен жабдықталып және тазалықта ұсталынуға тиіс.

      55. Сыйымдылықтардың құрылғысында қарастырылуға тиіс:
      1) судың толық ағып кетуі үшін еңістік;
      2) суды сақтауға арналған сыйымдылықтың көлемі суды тұтыну нормасына сәйкес қарастырылып және бір адамға сөткесіне 25 л есебінен белгіленуге тиіс;
      3) люктің құрылғысында диаметрі 0,7 м болатын тығыз жабылатын қақпақ;
      4) көлік құралдарынан суды ағызу үшін құрылғы;
      5) тұтынушыларға су алу үшін арнайы орнатылған құбырлық шүмектер.

      56. Тасымалы суды сақтауға арналған сыйымдылықтарды және оны тасымалдайтын сыйымдылықтарды тазарту, жуу және зарарсыздандыру 10 күнде бір рет жүргізілуі керек, ал темір жол көлігіндегі көлемі 25 м 3 және одан да үлкен резервуарларды жылына кем дегенде 6 рет. Эпидемиологиялық көрсеткіштері бойынша зарарсызданыру жиілігі көбейтіледі.

      57. Нысанда тұрмыстық және өндірістік канализация қарастырылуға тиіс. Тұрмыстық және өндірістік канализация желілерін ғимараттың ішінде біріктіруге, тұрмыстық канализация құбырларын ұн, жарма және құрама жемді өндіретін және сақтайтын үй-жайлардың іші арқылы көлденеңінен жүргізуге рұқсат етілмейді.

      58. Технологиялық сызбаларға байланысты өндірістік ағынды суды тұрмыстық канализацияға қоспастан бұрын оқшаулап тазарту қарастырылуы керек.
      Канализациясы жоқ нысандарда су соратын шұңқырлар жабдықталуға тиіс.

      59. Ашық су қоймаларына, сол сияқты сіңіргіш құдықтарға өндірістік және тұрмыстық қалдық суларды тиісті тазартудан өткізбей ағызуға рұқсат етілмейді.

5. Желдетуге және жарықтандыруға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар

      60. Барлық өндірістік және қосымша үй-жайлардың, олардың ішіндегі ауаның ластану деңгейіне қарамастан табиғи, механикалық немесе аралас сорып-шығаратын желдетуі болуы керек.

      61. Соратын желілерді айына 3 реттен кем емес тексеріп, жылына бір реттен кем емес бақылаулық сынақтан өткізіп, төлқұжаттық мәліметтермен салыстырып отыру керек.

       62. Жұмыс істеу барысында шаң-тозаң тудыратын барлық машиналар мен механизмдер, сол сияқты сыйымдылықтар және шанақтардың жергілікті сорғышы болуы керек.

      63. Шаң-тозаң шығаратын құбырлар ғимараттың шатырынан 2 м биіктікке шығарылып орнатылуға тиіс. Элеватордың жұмысшы ғимараттарындағы сепараторлық үй-жайда сырттан ауаның түсуі қарастырылуы керек.

      64. Өндірістік үй-жайлардың жылытылатын жұмысшы аумағындағы микроклиматтың көрсеткіштері жылдың суық және ауыспалы кезеңдерінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. "Өндірістік үй-жайлардың ауасына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың" санитарлық ережелері мен нормаларын бекіту туралы", нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Реестрінде N 3789 тіркелген 2005 жылғы 14 шілдедегі N 355 бұйрығының талаптарына сай болуы керек.

      65. Жылытылатын өндірістік үй-жайлардың тұрақты емес жұмыс орындарында жылдың суық және ауыспалы кезеңдерінде ауа температурасы 10 градус Цельсия (бұдан әрі - 0 С) төмендеуі және ауа қозғалысының жылдамдығы секундына 0,7 метрге (бұдан әрі - м/с) дейін көтерілуі жағдайында жұмыс істеуге рұқсат етіледі.

      66. Өндірістік үй-жайлардың жарықтандырылуы жақсы көруді, көздің аз шаршауын және еңбектің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс.

      67. Барлық үй-жайлар табиғи жарықтандырумен - жоғарыдан, бүйірден немесе аралас жарықтандырумен қамтамасыз етілуі керек.
      Тұрақты жұмыс орындары бар қосымша үй-жайларда, тұрмыстық үй-жайларда табиғи жарықтандыру қарастырылып, ал басқа өндірістік, қосымша және қоймалық үй-жайларда екінші жарықпен немесе жасанды жарықпен жарықтандыруға рұқсат етіледі.

      68. Жарық түсетін ойықтарды өндірістік жабдықтармен қалқалауға, ғимараттың ішкі және сыртқы жағынан өнімдермен көлеңке түсіруге рұқсат етілмейді.

      69. Жарық түсетін ойықтар шаңнан жылына екі реттен кем емес, шамдар 6 реттен кем емес тазартылуға тиіс.

      70. Істен шыққан сынап толтырылған газоразрядты шамдарды жинау және сақтау үшін арнайы жеке үй-жай бөлінуі керек. Қолданылған шамдар есепке алуға және арнайы жорналда тіркеуге жатады, кейіннен олар өңдеу пункттеріне тапсырылады (демеркуризация).

6. Жабдықтарды күтіп ұстауға және пайдалануға
қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар

      71. Нысандағы дәнді пайдалану мақсатына байланысты технологиялық өңдеу үрдісі бекітілген стандарттық күйге жеткізуді қарастырады. Өңдеу үрдісі дәнмен жүргізетін барлық операцияның механикаландырылған ағынның қамтамасыз ететін технологиялық желілерді қолдану базасында ұйымдастырылуы керек.

      72. Технологиялық желілер ағыны операциялардың төмендегі реттілігін қарастыруға тиіс: келіп түскен дәнді өлшеуді; механикалық жолмен түсіру; алдын ала қопсықтан тазарту; дымқыл дәнді уақытша орналастыру; шикі және ылғалды дәнді кептіру; дәнді сепараторда тазарту; триерлерде және басқа дәнді тазартқыш машианаларда тазарту; тазарған дәнді және қалдықтарын өлшеу; өңделген дәнді дән қоймаларына орналастыру.

      73. Жабдықтар Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат етілген материалдан жасалынуы керек.

      74. Жабдықтарды орналастыру қауіпсіз және жинақтау, жөндеу, қызмет көрсетуге ыңғайлы болуға тиіс. Өздігінен жүретін тасымалдаушы машиналарды орнату сондай есеппен жүргізіледі, олардың және басқа машиналардың арасында, ғимараттың қабырғасы, қақпасы,  басқа да орнатылатын орынмен арасында кеңдігі 1 м жол қалуы керек.

      75. Өндірістік жабдықтардың құрылымының ыстық бөліктерінің жылудан оқшаулаушы қабаты болып, сыртқы бетінің температурасы 45 0 С аспауға тиіс.

      76. Өндірістік жабдықтардың қозғалатын бөлігі қоршалып, тісті бергіштері қаптамамен жабылып, машинаның қозғалмайтын бөлігіне мықтап бекітілуі керек. Машинаның қозғалатын бөлігінің қоршауы төзімді, пайдалануға ыңғайлы және еденге немесе қоршалған жабдықтардың қозғалмайтын бөлігіне нық бекітілуге тиіс. Машинадағы және механизмде қолданылатын қозғалыстағы салмаққа қарсы бөлігі машинаның ішінде орналасуы немесе бекітілген қоршауға орнатылуы керек.

      77. Нысандар металломагнитті қоспаларды шығарып алатын арнайы қондырғылармен қамтамасыз етілуі керек. Магниттік бөгеттер металломагнитік қоспаларды толық ұстайтындай есеппен орнатылуға тиіс.

      78. Електің бүйір жақтарынан кеңдігі 0,8 м кем емес, өздігінен ағатын құбырлардан бос, өтетін жолдар болуға тиіс. Жұмыс уақыты кезінде жинақтаушы шнектерді, електерді қолмен тазартуға, бөлшектерін майлау, жөндеуге, машинаның үстіне шығып тұруға рұқсат етілмейді.

      79. Шешіп алынатын қоршаулардың шешіп алғанда және қайта орнатқанда қауіпсіз және ұстауға ыңғайлы құрылғысы болуы керек. Шешіп алынатын, артқа қайыратын және жылжытатын қоршаулар, ашылатын қақпақтар, бұл қоршаулардағы люктер және қалқандардың олардың өздігінен абайсызда шешіліп немесе ашылып кетуіне мүмкіндік бермейтін тетігі болуы керек.

      80. Анкерлік болттағы жабдықтар аралық жабындыға немесе машинаның бекіткішіне бекітілуге тиіс.

      81. Жетектегі белдіктердің және жазық белдікті берілімдердің ұштарының жалғауы төзімді, тегіс, иілгіш болуы керек. Жетектегі белдіктердің ұштарын темір қосқышпен жалғауға рұқсат етілмейді.

      82. Жабдықтардың сорғыштары қымталған, машиналардың сорғыш камералары шаң-тозаң өткізбеуі керек. Клапандары шаң-тозаң түзбей және ауа сормай, сорындының еркін шығуын қамтамасыз етуі керек.

      83. Барлық сорғыш қондырғылар технологиялық және көліктік жабдықтармен блокталуға тиіс, технологиялық және көліктік жабдықтардан жұмысқа 20 секунд бұрын қосылып, олар тоқтағанда 20-30 секунд кейін ажыратылуы керек. Жабдықтар жұмыс істеп тұрған жағдайда сорғыш қондырғыларды сөндіруге рұқсат етілмейді.

      84. Шу мен діріл туғызатын жабдықтарды орнату барысында  үй-жайдың ішінде, жұмыс орындарында шуды төмендетуге бағытталған архитектуралық-құрылыстық шаралар қарастырылуы керек.

      85. Ауа үрлейтін машиналар және пневматикалық көлікке арналған жоғарғы қысымдағы желдеткіштер дыбысты оқшаулайтын жеке үй-жайларда, дірілді оқшаулайтын төсемдерде орнатылып, ауа үрлейтін машиналар және желдеткіштерден кейін дыбысты бәсендеткіш, жекеленген жағдайда машинаға дейін орнатылуы керек.

      86. Көтеріп тасымалдайтын жабдықтар, өздігінен жүріп тасымалдайтын механизмдер берік орналастырылып, олардың өздігінен жылжуын және аударылып кетуін болдырмауға тиіс.

      87. Өздігінен алып бергіштің (қырғыш қоректендіргіш) жоғарғы бос тармағы қоршалып, шығырларының қырғыш бөлігін қырылдақтың ұстағыш саусақтарын артқа қайырмай түсіруге мүмкіндік беретін қауіпсіз тұтқалары болуға тиіс.

      88. Өздігінен алып бергіштің технологиялық желіде конвейермен немесе басқа машинамен жұмыс істеу барысында оның іске қосқышын, алдында орнатылған машинаның тоқтап қалу жағдайын ескеріп, қозғалтқышымен блоктау керек.

      89. Қорапталған жүкке арналған жылжымалы конвейердің таспасы бүйірлерінен ұзына бойы биіктігі 0,2 м болатын ернеумен бекітілуге тиіс; тасымалдағыш таспадан қаптарды қабылдап алу үшін арнайы қабылдағыш үстел орнатылуы керек.

      90. Дымқылдағыш машинаның сулық және дәндік дөңгелектері, дискілері жақсы теңестіріліп, қалқып айналып, судың шашырап ағуы біркелкі болуы керек, құбырларда, сыйымдылықтарда және арматурада судың ағуы болмай, судың құйылуы еркін болуға тиіс.

      91. Жуғыш машиналар ернеуінің биіктігі 50-75 мм болатын металл немесе бетон астауларда, жылытылатын үй-жайда орнатылып, жуғыш машинаның сығатын бағандарының қаптамасы мықты, тесіксіз болуы керек. Жуғыш машинаның айналасында еден құрғақ болуға тиіс.

      92. Қаптарды сілкіп қағатын машиналар мен аппараттар шаңнан және қамырдың қыртысынан тазарту барысында қаптарды қолмен ұстау қажеттілігін тудырмауы керек. Қаптарды қолмен ұстап тұрып тазартатын машиналарды қолдануға рұқсат етілмейді.
      Астықтың зиянкестерімен зақымдалған қаптарды дән сақтайтын қойманың аумағында ашық ауада тазартуға және сілкілеп қағуға рұқсат етілмейді.

      93. Тиейтін-түсіретін жұмыстарға қолданылатын траптар мына талаптарға сай болуы керек:
      1) жүк алып жүруге арналған траптар металл немесе тақтайдан жасалып, кеңдігі бір бағыттағы қозғалыста 0,8 м кем емес және екі бағыттағы қозғалыста 1,5 м кем емес болуға тиіс;
      2) траптар және көпірлер ұзын (3 метрден артық) болған жағдайда олардың астына ағаш тіреу орнатылуы керек. Тіреуге өнім салған қаптарды қолдануға рұқсат етілмейді;
      3) траптың бір шетінде вагонның есігінің тақтайшасына немесе жүк түсіретін нысанның басқа бір төзімді элементіне іліп қоятын металдан жасалған ілгегі болуы керек.

      94. Жылжымалы көліктік және дән тазалайтын машиналардың орнын ауыстыру және жаңа орынға қолмен итеріп апару электр қозғалтқышын  өшіріп  және шлангалық өткізгішін розеткадан ажыратқан күйде жүргізу керек.

      95. Жылжымалы көліктік және дән тазалайтын машиналарды итеру және қойманың платформасына, көпірге немесе басқадай биік жерге көтеру және орнату шығырдың көмегімен еңісі бар, жақсы бекітілген трап арқылы немесе басқалай осы жұмысты жеңілдететін арнайы бейімделген заттармен жүргізіледі.

7. Жұмысшылардың еңбек жағдайына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар

      96. Нысанның жұмыскерлерінің санитарлық және арнайы киімдері, жеке қорғану құралдары болуы керек.

      97. Арнайы және санитарлық киімді жуу үшін кір жуатын орын қарастырылуға тиіс. Оларды үйде жууға рұқсат етілмейді.

      98. Киім шешетін, себезгі, қол жуатын, киімдерді кептіретін және шаңнан тазалайтын, әйелдердің жеке гигиенасы және дәретхананың қабырғалары және арақабырғалары 2,0 м биіктікке дейін Қазақстан Республикасы аумағында қолдануға рұқсат етілген және жуғыш заттарды қолдана отырып тез жуылатын және тазартылатын материалмен қапталуы керек.

      99. Себезгі, дәретхананың қол жуатын бөлмелерінде трап қарастырылуға тиіс. Едендерінің беті ылғал өткізбейтін, тайғанамайтындай болуы керек.

      100. Себезгілері киім шешетін орынмен жапсарлас орналасып, кабиналармен жабдықталуға тиіс. Себезгі торларының саны өндірістік үрдістер тобын есепке ала отырып қарастырылады.

      101. Ашық ауада және жылытылмайын үй-жайда жұмыс істейтін персонал үшін жылынатын бөлме қарастырылуы керек. Шамалап шаң-тозаң бөлетін өндірістік үдерістер жағдайында ингалятор қарастырылуға тиіс.

      102. Жұмыскерлердің тізімдік саны 50-ден 300-ге дейін болғанда медициналық пункт, 300 асқан жағдайда фельдшерлік сауықтыру пункті қарастырылуы керек.

      103. Барлық цехтарда алғашқы медициналық көмек көрсету үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің»"Тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсететін дәрі-дәрмектік қобдишаның құрамын бекіту туралы", нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Реестрінде N 3358 тіркелген 2004 жылғы 20 желтоқсандағы N 876 бұйрығына сай жинақталған дәрі-дәрмектік жиынтықпен қобдиша болуға тиіс.

      104. Нысанның ең көп адам жұмыс істейтін ауысымында жұмысшылар саны 200 және одан да көп болған жағдайда асхана, ал жұмысшылар саны одан аз болған жағдайда асхана - таратушы (буфет), жұмысшылар саны 30 кем болған жағдайда тамақ қабылдайтын бөлме қарастырылады.

      105. Асхана, буфетті күтіп ұстау және пайдалану Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің "Қоғамдық тамақтандыру  нысандарына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың"  санитарлық-эпидемиологиялық ережелері мен нормаларын бекіту туралы", нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Реестрінде N 2526 тіркелген, 2003 жылғы 25 шілдедегі N 569 бұйрығының талаптарына сай болуы керек.

      106. Тұрмыстық үй-жайларды тазарту ауысымда бір рет жүргізілуге тиіс. Санитарлық тораптарды тазалау және зарарсыздандыру үшін арнайы белгі қойылған керек-жарақ қолданылуы керек.

      107. Нысанның жұмыскерлері жұмысқа кірер алдында және әрі қарай кезеңмен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің "Алдын-ала және кезеңмен міндетті түрде медициналық тексерістен өтуі керек зиянды өндірістік факторлар, кәсіптер Тізбесін бекіту туралы" және "Зиянды, қауіпті және қолайсыз өндірістік факторлардың ықпалында жұмыс істеген жұмыскерлерді алдын-ала және кезеңмен міндетті түрде медициналық тексерістен өткізу бойынша Нұсқауы" туралы, Мемлекеттік нормативтік құқықтық актілерді тіркейтін Реестрде N 2780 тіркелген, 2003 жылғы 12 наурызындағы N 243 бұйрығына сай медициналық тексерістен өтуі керек.

      108. Зарарсыздандыру, дезинсекция, дератизация Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етілген заттармен жүргізілуге тиіс.